Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Өнер 7188 29 пікір 13 Сәуір, 2019 сағат 09:47

Басты соққының бағыты

Бүгінде әлемдік дәрежедегі алғашқы қазақ әншісі атанып жүрген Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейге көтерілгеніне екі жылдан артық уақыт өтсе де, ол туралы ақын Оңайгүл Тұржанованың кітапшасынан басқа тереңнен қузаған тиянақты дүние, тіпті Қазақстан көлемінде музыкатанушылық мақала жазыла қойған жоқ. Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітап жазып бітірді. Біз оқырман назарына сол кітаптың қазақ тіліне аударылған «Жер әлемді шарлаған қазақ әні» дейтін тарауын ұсынуды жалғастырамыз. 

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: «Бағы бармен таласпа»Теңіз түптен тебіренеді,Димаштың дауысы және әлемнің 47 еліндегі бейтаныс таныстар), Димаштың динамикалық консерватизмі, «Қыр баласы қол созады аспанға», Димаш және қазақ мәдениетінің интегративтік моделі, Таудай талаптан – бармақтай бақ, Орынсыз сөз қан қыздырады, Димаш және ХХІ ғасырдың «жыртқыштары»...

Димаштың атағы аспандай бастаған 2017 жылдың көктемінде Ринат Зайытов бір радиохабарға қатысып отырып, жүргізушінің өтінішімен Димашқа арнап эфирден өлең оқып, көңілінен жыртыс бергендей болып еді. «Аман жүр» деген ыңғайдағы бір шумақ тілек. Талантты мойындау бекзаттықтың белгісі ғой, «Жаңылмайтын жақ жоқ, Ринатқа ой түскен екен» деп қуанып қалды әлгі хабарды «видостан» тыңдаған көпшілік. Алайда араға бірер ай салып, Рекең баяғы «оттаубайына» қайыра басқанда «Оу, бұл жігіттің ілгерідегі кешірім рәуішті ақ тілегі қайда!?» деп, қайта аңтарылды. Аңтарылды да, «Бұл өзі көре алмаушылықтың тума таланты екен» деген тұжырымға келді.

Әдетте кейбір шығармашылық адамдарына тән болып келетін сыншыл, міншіл мінез бен көреалмаушылықтан туатын сыншылдықтың, міншілдіктің арасындағы айырмашылық қандай яки бұл екеуінің ортасында мөр басылған шекара бар ма? Жалпы көреалмаушылық, дарынды моойындамайтын дарынсыздың қара қызғанышы неден туады? Гомердің Зоилі, Моцарттың Сальериі, Пушкиннің Бенкендорфы, Шагалдың Малевичі... болғаны сияқты, Ринатты Димашқа қатысты түрде осы тарихи тандемдердің қатарына не нәрсе апарып қоюы мүмкін?

Көркемөнердің бір ерекшелігі — оған апаратын есіктерді күзетіп, қашанда босағасында қызыл тілін салақтатып, арыстанға еліктеп бір палкандар жатады. Бұл байлаулы төбеттер — жазушы, музыкант, суретші... болғысы кеп алмай қалғандар, сол өздерін есігінен қаратпаған салада ретін тауып, қандай да бір қызметті иеленіп алады да, әлгі саланың ханнан да қатал қақпашыларына айналады, сөйтіп бұрын абыз болып жыраудың, сарай сұрқылтайы болып музыканттың, жандарм жендеті болып ақынның, баспа редакторы болып жазушының... «жаназасын» шығарып, үкім айтқан. Заман өзгерді, қазір солар «қарымды қаламгер» ретінде Фейсбукке иелік етеді, сурет галереяларында көрме кураторы болып, таланттарға қалай сурет салуды үйретеді, эстрада бойынша музыкалық продюсер, музыка сыншысы атанып, конкурстардың жюри мүшесі ретінде қандай әнді қалай айту керек екендігіне мыйландырады. Яғни суретшінің натюрмортқа тауықтың сүбе санын, не бәліш бейнесін салудан бұрын өзінің тәбет-аранын бейнелейтіні сияқты, «шіркін-ай, мен дарынды әнші (вариант: жазушы, суретші,...) болғанымда бар ғой, бүйтер едім, сүйтер едім» деп келетін өзінің ойындағы қошқар мүйізді алға тосады, өзі бас сұға алмаған есікке талант-қабілетінің арқасында еркіндей еніп, өз орнын иеленген дарын иелерін әлгі «қошқар мүйізіне» иліктіріп, көндірмек болады, оған көнбесе бүкіл палкандар болып жабылып талай бастайды, сөйтіп «толмаған толстойлар, шала шекспирлер» бағы мен бабы қатар шапқан таланттардан өздерінің жолы болмаған, орындалмаған армандарының өшін алады. Ринат та дәл осылай, бір кезде өзіне арман болған, бірақ иығына қонбай, басқа жаққа ұшып кеткен шын өнер құсының есесін — жас кезінде әнші, одан соң рэпер бола алмай қалып, енді мәдениеттің өтіп кеткен сатыларын қалпына келтіру жолындағы архаик айтысты, той-әншілерге ортаңқол мәтін жазуды қанағат етуге мәжбүр қазіргі күйінің ызасын Димаш сияқты таланттардан алмақшы. «Неге жүрек бір сәт тынбайды?! / Неге мазалайды бұл қайғы?! / Неге, неге күлкімді ұрлайды?! /Неге адамды үміт алдайды?!. Қол жетпес арман - / ақ құсымсың, алыста қалған...» (Авторы — Ринат Зайытов).

Осылайша Ринат уақыт өте келе бір кезде «Саз әлемінде» айтқан сөздерінен қайтуын қайтқанымен, жанын сары масадай талап кетпей жатқан өзіне көңіл толмаушылық, өмірден үлесті орын ала алмай қалған өкініш себебімен жүректегі қыңырлығын толық жоя алмаған. Бұл амбиция кісінің жұдырықтай бұрқанын үнемі қарайтып тұратындықтан адам әлгі қуып жүрген саласы үшін өзінің ортаңқол біреу екендігі туралы оймен әсте бітіскісі келмейді. Өнерде талантсыздық қиын емес, өнерде шын таланттан өзіне онтологиялық жау жасайтын қарабайыр орта қолдық қиын. Сальери өз кезеңі үшін тәп-тәуір музыкант болған, бірақ ол Моцарт сияқты ғажайып таланттың деңгейіне өлсе де жете алмайтынын сезіп, іштей жаман қорланған, себебі Сальеридің бүкіл арманы моцарттық талант деңгейі еді. Моцарттың қарымды биографтарының бірі, австриялық Альфред Эйнштейн осы орайда Моцарт — Сальери мысалында адамдарға сүрсана деңгейінде тән болып келетін қызғаныш — орташа дарынды өнер иесінің үлкен талантты көре алмауы адамды ең ауыр азапқа салатын қызғаныш екендігін дәлелдеп берді. Әрбердесін Сальери Моцартқа у бермегені кейін эксгумация арқылы дәлелденді ғой, сөйтсе-дағы ұлы композиторды көрге уақытынан бұрын салған бір уытсыз у бар еді, ол удың аты — дегеніне жете алмаған жанның дегеніне жеткен жанды көреалмаушылығы.

Бүгінгі заманның сондай Зоилдары мен Сальерилерінің ғаламтордағы аты — хейтер.

Бұл ньюфаг ағылшын тілінде hater, яғни «жеккөруші, жау, күншіл, жала жабушы, қызғаншақ» ұғымдарын білдіреді. Хейтердің сипатты басты ерекшелікті — сындарсыз біреуді «жаптым жала, жақтым күйемен» негізсіз, эмоциямен ұнатпау. Оған үш нәрсе себеп болуы мүмкін: үнемі жұрт назарында жүру тілегі, - хейтер қабілет-қарымы шектеулі адам болғандықтан ол үшін атын шығарудың басқа амалы жоқ; екіншіден, хейтерлікке шығармашылығының не шеберлігінің зәрулігі төмендеп аты жұрттың есінен шыға бастағандар барады, психологияда мұндай адамдар «ұшағы құлаған ұшқыштар» деп аталады; келесі санат — өмірде өздерінің алға қойған мақсаттарына жете алмай, өмірлік жоспарларын жүзеге асыра алмай қалғандар, -мұндайлар сіз жеткен биік менің шығар биігім болуы керек еді деп санайды және осы орайда бойларындағы агрессия арқылы өз сәтсіздіктерінің орнын толтыруға тырысады, сөйтіп өз бағасын өзі көтереді. Ринаттың іс-әрекетінің түп тереңінен осы айтылғандардың үшеуін де көруге болады, бір ерекшелігі, ол көптеген хейтерлер сияқты ним астына жасырынбайды, айтарын ашық айтады, бұл қалпымен оны анонимді емес хейтер деуге болады немесе жүре-бара хейтерлік сипат алып кеткен антагонист, яғни не нәрсені де терістемесе, жоққа шығармаса тұра алмайтын, өмірге тек қара көзілдірікпен қарайтын адамдардың санатынан. Дегенінен қайтпайтын мұндай тип «хейтерс гонна хейт» деп аталады, яғни Димаш әнді Фредди Меркьюри сияқты, немесе Медет Шотабаев, Ерлан Рысқали сияқты айтса да хейтер өз сөзінен бәрібір қайтпайды, қалай сынады, солай сынай бермек. Оның үстіне Ринат ортасында жүрген қазіргі айтыскерлер, менің аузы дуалы курстасым, белгілі журналист Нәзира Жәрімбетова айтатындай, сөзге тоқтау дегенді білмейді. Сөйтіп хейтерлердің бұл түрі Димаш сияқты бүгіннің трендіне айналып тұрған таланттардың атына интернет арқылы сын айтуды, үнемі мүйіздеп отыруды, «әшкерелеуді» өз алдына бір трендке, яғни хайпқа айналдырады. Хайп жасау — үнемі ұрыс-керіс, жанжалдың ортасынан табылып, оқыс әрекеттерге барып, өзіне жұрттың назарын аудару, осындай құйтырқы «монструоздық» жолдармен, яғни арсыздықпен өз рейтингін көтеруге тырысу. Біздің қоғамымызда сондай лас әдістермен танымалдылыққа жету, онымен бірге ақша жасауға ұмтылу қазір бұрын болмаған сыни шамаға жетіп тұр. Бүгінде біздегі «жұлдыз» қатарындағылардың бейнеарналарына жазылушылардың саны олардың өнеріне тәнті болушылардың санынан әлдеқайда көп. Ал YouTube-те монетизация қаралымдар бойынша жүреді, яғни қаралым мөлшері ТОП деңгейге -миллионға жеткенде, соған сәйкес комментарийлер молайғанда ондай каналға жарнама берушілер назар аудара бастайды, оның сыртында Гугль компаниясының өзі төлейтін сыйақы және бар. Сарапшылық талдауға қарағанда, бізде хайп арқылы жазылушы жинайтындардың қатарын «Юфрейм» вайнерлер командасы бастап тұр (2017 жылғы мәлімет бойынша жазылушылар саны 3,1 млн-ға жеткен), одан кейінгі орынды Баян Алагөзова иеленген (2,9), бұдан соң Қайрат Нұртас пен Аша Матай (бұл екеуінің аккаунтына 2,7 млн адам жазылған). Енді Ринат Зайытовты шашбаулау арқылы хайп жасап отырған бейнеарналардың қаны жерге тамбай тұрған «Димаш» тақырыбы арқылы көрермен жинау динамикасына көз салайық: 2018 жылы 27 желтоқсан — 2019 жылғы 11 қаңтар аралығында, яғни жарты айдың ішінде Ринаттың Аман Тасығанмен сұхбатын Talk Like арнасы арқылы 713 мың 258 адам қараған және соның 7090-ы комментарий жазған, дәл сол интервьюді Ринат Зайытовтың жеке ютуб арнасынан 555 мың 371 адам қараған және соның 3977-сі өз ойларын айтқан және «ЖА» каналы бойынша тиісінше 5300×704 цифры тіркелген. Осылайша он бес күнде барлығы 1 млн 300 мыңдай адам Димаш арқылы Зайытовқа және оның жандайшап арналарына назар салған. Әрі атақ, әрі ақша — тамаша емес пе?!.

Алтын таудың өздеріне шығу нәсіп етілмеген шыңын көздеп найза лақтырушылар қашанда болған — жетсе жеткені, жетпесе сол құлаған жеріне дөкір ұшымен сызат салып үлгереді. Ринат кезекті, желтоқсан сұхбатында Димаштың Қытайға кетуіне жол беріп, қытай саясатының құрбанына айналдырғаны үшін «басы істемейтін министрлікті» айыптай келіп, «Оны өзімізде ұстап, операның паспорты ретінде керісінше қою керек еді» деп қалды. Осындағы орыс тілінен интерференциямен барымталанғандай болып тұрған «керісінше қою» тіркесін қазақша қисындап көрсек, мәселенің қойылысы Димашты қазіргі жүрген эстрада саласына жібермей, опера театрының әншісі ретінде пайдалану төңірегінде болып отырған сияқты. Төркіні түсінікті — олай етсе, яғни Димашты таза классикалық вокалмен байлап қойса, мұның өзі алдымен «фанерашыл» той әншілеріне майдай жағар еді, бір ғана әншінің беделі бұларды басып тұрмас-ты, Димаш сияқты фонограммасыз айтатын және әнді өздерінен асырып салатын кейінгі буын әншілер өсіп шығып, жұрт назары соларға қарай ауып кетпес еді. Осыны, Димаш көрсетіп отырған «нашар үлгіні» тоқтатудың жайын той әншілері жиналып келіп Ринаттың құлағына сыбырлады демейміз, себебі, бұл өзі көптен әуезе болып келе жатқан әңгіме, тіпті Димаш үлкен сахнаға ілкі қадам басқанда оны «Астана Операға» қарай икемдеушілер болған, бірақ әнші өзінің өнер жолын көз алдына эстрадада, соның ішінде классикалық вокал мен эстрадалық вокалдың қосындысы түрінде, яғни popera ретінде елестететінін айтып, «опера паспорты» болу ұсынысынан бас тартқан-ды. Соңыра Димаштың атағы әуелей бастағанда біздің эстрада «жұлдыздарымыздың» бірқатары оған шетте жүре беру ұсынысын да тастаған, бірақ өйтсе әлемдік мегажұлдызға айналып кету қаупі бар екені аныққа шыққаннан кейін мына «операның паспорты» дегенді қылтитты. Өзі де осы той-бизнестің көрнекті өкілі және оның гүлденуіне той әндердің сөзін жазу, тойларда тамада болу арқылы кесек үлес қосып келе жатқан Ринат Димашты көмейге кесе-көлденең тұрған сүйектей көретін өз орталарындағы осы ыңғайды иіні келгенде тамыздық қып тастап отыр. Ендеше Зайытов жай хейтер емес, соның ішінде бірбеткей «хейтерс гонна хейт» қана емес, белгілі бір топтың идеологиясын жүргізетін және осы жолда жемтігіне қарсы шабатын аламан андердог хейтер.

Осы жерде кейіпкеріміздің біз сөз етіп отырған сипаты ұлтшылдықпен қатты шалапталғанын айту жөн. Әлеуметтік желілерде айтысмэннің арғы тегі ұйғыр екендігі, оған татар қаны араласқандығы, т.б. неше түрлі қауесет жазылып жүр. Біздің бұл шетін мәселеде тіпті де шатағымыз жоқ. Ринаттың өзі айтқандай, басқа ұлттан шықса да қазақтың ортасында өсіп-өніп, «жеті атасынан бермен қазақтың тәрбиесімен, қазақ болып өскен адам» біздің тарихымызда аз емес. Басқа халықтарда да ондай мысал көп. Ал солардың қай-қайсысын да алабөтен айрықшалап тұрар бір қасиет сол өздері туып-өскен бөтен орта, басқа ұлттың сойылын соғуға келгенде шектен тыс белсенді болып кететіндігі. Мәселен, арғы тегі фалаш Пушкин орыс әдеби тілін жасады, помор Ломоносов орыс ғылымының негізін салды, түркі тектілерден Карамзин орыс тарихын жазды, Аксаков панславяншылдықтың, Трубецкой славяншыл еуразияшылдықтың көрнекті өкілдеріне айналды, грузин Сталин орыс национал-большевизмі негізінде Ресейді қуатты державаға айналдырды. Грузин Серго Орджоникидзе Кавказға барған кезінде орыс шовинизмін шектен шығарып жібергені сонша, Ленин мұны «ұлыдержавалық держиморда» атап қатты ашуланғаны мәлім. Яғни, басқа ұлттан шыққандар елдің негізін құрап отырған халыққа сіңісу ойымен сол халықтың қамын жеуді олардың өзінен де асырып, қамшыны қаттырақ сілтейтініне тарих турашы. Айталық Димаш жайында әңгіме бола қалса Ринаттың өз жерлестері Ерлан Рысқали мен Медет Шотабаевты бағасын ала алмай жүрген халықаралық таланттар ретінде әңгімесіне тұздық ете беретінін сондай шектен шыққан ұлтшылдықпен байланыстырмасқа лаж жоқ. Өзінің қазаққа кірме емес екендігін, тәрбиесі бойынша «жеті атасынан бермен қазақ» екендігін дәлелдеу үшін де Ринатқа бұл әншілерді айту керек болған шығар, бірақ Димаштың талантын бағалау үшін біздегі басқа әншілерді кемсіту яки сынап-мінеу қаншалықты қажет болмаса, басқа әншілерді ұлықтау үшін де Димашты кемсітіп, сынап-мінеу де соншалықты қажетсіз. Өз басым Арқа әншілік дәстүрін абыроймен жалғастырып келе жатқан тамаша әнші, ізденгіш мультиинструменталшы Ерлан Рысқали да, бай обертонды опералық тенор дауыстың иесі Медет Шотабаев та Ринат Зайытовтың адвокаттығына мұқтаж емес деп ойлаймын. Бәрін айт та бірін айт, Ринаттың Димашқа қарай бағыттап жүрген соққыларының ішіндегі басты соққының бағыты да осы — өзінің сүйегі бөгде болғанымен, еті қазақ екендігін өліп-тіріліп дәлелдеуден туатын жершілдік. Жиіркенішті жершілдік. «Бұл іске кім виноват / Я Семейдің қаласы? / Я қазақтың аласы?» (сұрақтың авторы Абай).

(Жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063