Жаңа әліпбидегі әріп саны 28 болуы керек
Кезінде саясаттың қысымымен зорлап алынған қазіргі кирилл әліпбиінде 42 әріп бар. Ал біздің тіл жүйемізде небәрі 28 дыбыс. Мына есепке қараңыз: 42 – 28 = 14. Яғни 14 дыбыс қазақ тілінің жүйесінде жоқ, артық. Жаңа тәуелсіз әліпбиде тұқымдыққа оның төртеуін алып қалдық. 32 – 28 = 4 (Vv, Chch, Ff, Hh). Бұлар тілдің иммунитетін құртатын вирустар. Бөтен таңбаны төл әліпбиімізге кіргізбеген соң, мына төртеуінің де көзін құрту керек еді. Өкінішке орай, саясат ғылымға әлі жол бермей тұр.
Ел-елден сөз ауыспай тұрмайтыны белгілі. Қазіргі заманда бұл үдеріс өте қарқынды. Осындайда өзгенің аранына түсіп кетпей, тіліміздің табиғи қалпын сақтау үшін сырттан келген сөзге не балама табу керек, не өзіміздің дыбыстық қалыбымызға салып алуымыз керек. Өйтпесек тіліміз тұрпаты бөлек жат сөздерге толып кетеді. Кесте-суретке қараңызшы, біздің ертеректе өзге жұрттан алған сөздеріміз. Бірақ ол сөздер түгелдей қазақи шапан киіп, шыққан жерін, қысқасы, әке-шешесін ұмытып, біздің өз сөзімізге айналып кеткен.
Кірме сөздер кез келген тілдің сөздік қорының жартысына жуығын алады. Әуелі кейбір тілдерде төл сөздердің санынан да асып кеткен. Мәселен, орыс тілінде қазір славян түбірлер бүкіл сөздік қордың қырық-ақ пайызын құрайды екен. Бірақ орыс тілі жойылатын тіл емес, өйткені кез келген кірме сөзді өзінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, тілінің табиғатын сақтап отыр. Орыс орфографиясымен жазылып, айтылғаннан кейін кірме сөздер тілдің сөздік құрамын толықтырып, түгелдей орыстың өз сөзіне айналған. Ал біз ана төрт таңбасы бар сөздерді сол күйінде алып, тілімізді әрі қарай да шұбарлай бермекпіз. Иә, төл әліпбиіміздегі осы жат таңбалардан құтылмай, тіліміз тәуелсіз болмайды. БҰЛ – БІР.
ЕКІНШІДЕН, ортақ түркі әліпби жасаймыз дегеніміз далада қалды...
Пернетақтадағы 26 таңбамен ғана жалғанды жалпағынан басамыз дегенімізден де түк шықпады. Мына әліпбимен латын таңбасын қолданатын бар әлемнен алыстап кеттік. Айналып-айналып бар тапқанымыз «Алтын балық» ертегісіндегідей жатақ үй мен жыртық астау болды. Бірде-бір ел қолданбайтын қотыр-қотыр әліпбимен қисық-қисық емле жасап алып, алға ентелеп келеміз. Осы әліпбиді 2020 жылғы оқу жылына енгізіп, өзге елге күлкі болмақпыз. Адасқанның алды жөн деп, ертең кері қайтармыз-ау, бірақ кеткен есіл уақыт пен босқа шашылған ресурсты кім өтейді?!
О баста талап қандай болып еді? Біз бас-аяғы түртілмейтін, құйрық-жалы жоқ әліпби жасау мақсатын қойып едік қой. Сөйтіп парламентте 2017 жылы 11 қыркүйекте латын негізді қазақ әліпбиінің АЛҒАШҚЫ НҰСҚАСЫ таныстырылған.
Жұрттың шуынан кейін бұл қосақталған таңбалардан бірден бас тартып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығымен әліпбидің ЕКІНШІ НҰСҚАСЫ бекітілді.
Жұрт тағы шулады. «Балақтағы үтір басқа шықты. Сөз ішіндегі әріптер бір-бірінен алшақтап кетті» деген уәждер көбейді. Тез арада Президенттің алдыңғы шығарған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлығына 2018 жылдың 19 ақпанында өзгеріс енгізіліп, әліпбидің ҮШІНШІ НҰСҚАСЫ жарияланды. Сөйтіп, айналдырған үш-төрт айда үш нұсқа ұсынылды.
Бірақ бәрі жарамсыз әрі баянсыз болып шықты. Өйткені бұлардың ешқайсысында ғылым жоқ, негіз жоқ. Бірінен-бірі жетіліп, туындап та жатқан жоқ. Бірі айдан, бірі сайдан алынған. Ең сорақысы, осы бекітілген әліпби нұсқасында стандартты латыннан шықпаңдар деген о бастағы Елбасының талабы ескерілмей қалған. Яғни, әлемнің кез келген түкпірінде отырып, қолыңа түскен компьютермен қазақша мәтін жаза бермейтін болдық. IT мамандар ол үшін бұл әліпбиге түріктің, немістің және т.б. әліпбилері сияқты қосымша драйвер жазу керек дейді. Сонда біз айналып-айналып, жыртық астауды қайта тауып отырмыз.
Бижомарт Қапалбек
Abai.kz