Сенбі, 23 Қараша 2024
5389 0 пікір 30 Сәуір, 2019 сағат 10:33

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті

2019 жылы 29 сәуір күні елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVII сессиясы өз жұмысын бастады. Аталған ұйымның кезекті отырысы Ассамблея Төрғасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Қазақстан халықтарының татулығы мен бірлігінің әлемде жоқ теңдессіз ерекше өзіндік моделін жарық дүниеге әкелген Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл кезекті сессиясы да жүзден аса әр түрлі диаспора өкілдерінің басын қосып, талай әңгімелердің ағытылуына себеп болды.  Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVII сессиясына Қазақстанның ­ барлық өңірлерінен келген Ассамблея мүшелері қатысты. Олардың арасында Парламент депутаттары, ЖОО ректорлары, зиялы қауым, ар­дагер, өңірлік һәм республикалық этномәдени бірлес­тік­тердің төрағалары, түрлі діни бірлестіктердің мүшелері, орталық атқа­рушы органдардың, саяси партиялардың өкілдері, үкіметтік емес ұйым­дардың басшылары, т.б бар.

«Бейбітшілік пен келісім формуласы: бірлік және жаңғыру» атты Қазақстан Халқы Ассамблеясының кезекті XXVII сессиясы әдеттегідей әнұранның шырқалуымен басталды. Әнұран айтылып болғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның төрағасы ретінде жиынға қатысушыларды құттықтады.

«Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда әлемде бір ғана құндылық бар. Ол – жалпы қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісімі», – деп жиналысты ресми ашып, алғысөз арнаған Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қатысушыларға Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауда, ұлтаралық ынтымақты нығайту жолында көп жұмыс атқарғанын айтты.

Осы сессияның өзіне 487 өкілдің қатысып отырғанын тілге тиек етіп, Ассамблеяның өткен тарихына да тоқталды.

"Бүгінгі жетістіктеріміз – бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасы" деген Елбасы ингуш, шешен диаспораларының "Вайнах" мәдени орталығы туралы және осы диаспоралардың тарихы жөнінде ой қозғап, тағдыры мен тарихы, талғамы мен танымы бір екі диаспораның береке-бірлігінің мығым болуын тіледі.

Елбасының бастамашылығымен құрылған «Қазақстан халқы Ассамблеясын» Қазақстандағы көп этностардың бірлігін жарастырып, ел халқының ұзақ жылдар бойы берекелі өмір сүруіне ұйтқы болып отырған татулық ордасы деп атап жүрміз. Осы сөзіміздің айқын дәлелі ретінде айтайық, бүгінде конституциялық орган деп мойындалатын Ассамблеяның ел өмірінде алар өз орны өте маңызды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиыналысқа қатысушыларды сессия жұмысының басталуымен құттықтай отырып, бүгінгі мынау тың технологиялармен толығып, жаңарып бара жатқан қоғамның басты құндылығы ел бірлігі мен ұлтаралық татулық екенін түсіндірді. Ол кісінің айтуынша, бүігінгі таңда әлемде технология, экономика және адам өмірі мүлде өзгерді. Сол үшін ғаламдағы осы өзгерісті оң бағытта қабылдап, соған сай үйреніп, үйлесуіміз керек. Бірақ, осындай құбылмалы қоғамда бәрібір мәңгілік құндылығымыз татулық пен береке-бірлікті сақтап қалуымыз керек.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көптеген адамдардың Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастардың келешегіне күмәнмен қарағанын айтты. Алайда бұндай деструктивті болжамдардың бәрін біз жоққа шығарып, ұлтаралық ынтымағы орныққан тұрақты мемлекет құра алдық. Елбасының айтуынша, түрлі тарихи сынақтардың бәрін еңсеріп, бүгінгідей экономикасы қарқынды дамып жатқан озық ел құра аулымыз елдегі береке-бірліктің арқасы. Сонымен қатар елдегі этносаралық қарым-қатынастар алыс-жақын шетелдерге үлгі болып отыр. Қазақстандағыдай уақыт сынағынан әрі тәжірибеден өткен татулық қатынасқа кез-келген ел қызығушылықпен қарайды.

Осылай деген Тұңғыш Президент Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаудың маңызды екенін айтты. Сессия барысында Елбасы елдегі осындай ұйыған тыныштық пен тұрақтылықты сақтау үшін мемлекет барлық салада бүгінгідей тиімді жұмыстарды үздіксіз жалғастыру керек деп атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік органдар жанындағы медиация институты мен қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру қажеттігін де айтты. Сонымен қатар, Елбасы Ассамблея кәсіпкерлерінің қауымдастығы арқылы шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық корпусының әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды.

Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі тұрақтылық пен татулықта сақтаудан бөлек ел экономикасының өсуіне де зор үлес қосатынын айтты. Ассамблея сынды қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың және қоғамдық кеңестердің жұмысын барынша жандандырды тапсырды. Ассамблея кәсіпкерлерінің қауымдастығы арқылы шетелден инвесторлар тартып, елдегі экономикалық ынтымақтастықты бекемдеу үшін де пайдалану керек екенін айтты. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық корпусының да жұмысын жоғары бағалады. Конституциялық орган саналатын Ассамблеядан ел Парламентіне депутаттар сайланып жүргенін бәріміз білеміз. Анықырақ айтқанда, 2016 жылғы Парламент сайлауының нәтижесі бойынша, Ассамблеяға мәжілістен тоғыз мандат берілген болатын.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман қауымын рамазан айымен, ал православ христиан өкілдерін Пасха мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, 9 маусымға белгіленген сайлауға байланысты да пікір білдірді. Кезектен тыс сайлауға «Nur Otan» партиясының атынан түскелі отырған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аса тәжірибелі мемлекет қайраткері. Әрі мемлекетке басшылық етуге әбден лайық тұлға екенін айтты. Әрі барша қазақстандықтардан сайлауға белсене қатысып, ел бірлігін әйгілеуді сұрады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы:

– Бүкіл Қазақстан халқына, сондай-ақ соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бүкіл мүшелеріне бізге қолдау көрсеткені және барлық мәселеде түсіністік танытқаны үшін зор ризашылығымды білдіре кеткім келеді. Алдағы 9 маусым күні елімізде Президент сайлауы болады. Жақында ғана өткен партиямыздың кезектен тыс ХІХ съезінде «Nur Otan» партиясының төрағасы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасы президенттікке ұсындым. Тоқаев ысылған, өте тәжірибелі мемлекет қайраткері. Менің ойымша бүгінде Қазақстанға басшылық етуге әбден лайық бірден бір тұлға. Ол - еліміздің нағыз патриоты. Мен бүкіл қазақстандықтарды, Ассамблеяның мүшелерін алдағы 9 маусымда өтетін сайлауға белсенді қатысып, ауызбіршілгімізді көрсетуге шақырғым келеді. Барша қазақстандық азаматтардың аспандары ашық болсын!

Елбасыдан кейін сөз сөйлеп, ортаға шыққандардың бәрі де Қазақстан саясатының дұрыс жолда дамып келе жатқанын айтты. Өз саласының озық азаматтары атанған олар Қазақстандағы барлық диаспоралар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қарыздар екенін тілге тиек етті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVII сессиясысында сөз сөйлегендердің барлығы да өз саласының "сен тұр, мен атайындары".  Елден оза шауып, еңбек етіп, тәуелсіз қазақ елін дамыту үшін тер төгіп жүрген азаматтар. Мысалы, Джамалайл Элимханов Шешенстанда туған. Шешен елінде дүрбелең басталып, соғыс оты тұтанғанда екі жасар бала болған еді. Сол соғыста ағасы шейіт кетіп, өз жанарынан айрылып қалған.  Джамалайлдың отбасы осыдан кейін туған жерін тастап, босып кетуге мәжбүр болды. Осындай қиын-қыстау заманда қазақ елі оларға пана болды. Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін ескі жараның беті жазылып, олар ел қатарына қосылды. Бүгінде бес тілді еркін меңгерген Джамалайл Элимханов осыларды айта келіп: «Қазақтың жері мені тәрбиеледі, қазақ жерінің қасиетті дертімнен құлан-таза айығуыма септесті. Қазақ жері денсаулығымды жақсартып, өмір сүруге деген құштарлығымды оятты», – деді.

Джамалайл Элимхановтың осындай аянышты һәм жүрекжарды пікірінен кейін түркиялық саясаттанушы Кюршат Зорлуның айтқандары да сессия қатысушыларын серпілтіп тастады.

Түркиялық саясаттанушы Кюршат Зорлу көп жылдан бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолын, ұшан-теңіз еңбектерін зерттеп келеді екен. Ол түркі халқының Елбасыдай айтулы тұлғасын 20 жылдан бері зерттеп келе жатқанын айта келіп: "Бүкіл түркі халықтары Түркия мен Ресей арасындағы түйіткілді мәселені оңтайлы шешкені үшін Елбасыға қарыздар" деді. Осы бір аса маңызды саяси шиеленістің шешілуіне айрықша үлес қосқаны үшін Елбасына өзі де аса риза екенін айтты.

Кюршат Зорлу, түркиялық саясаттанушы:

- Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің президенттік өкілеттігіңізді өз еркіңізбен уақытынан бұрын тоқтату туралы батыл шешіміңізді күллі Түркиядағы миллиондаған халық көрді. Бұл хабарды естіген жұртшылық расын айтқанда өз өкініштерін айтысып жатты. Сіздің өкілеттігіңізді қысқарту туралы мәлімдемеңіз бүкіл әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Ең қызығы сол әлеуметтік желідегі белсенді жастардың көпшілігі Қазақстанға келіп, Сізден өкілеттіктен бас тартпауыңызды сұрамақ та болды. Бұл олардың Сізге деген ықыласы еді. Осы мәлімдемеден бас тартуыңызды өтінгісі келетін жастар Сізге ғана сенеді. Десе де, Сіздің қазақ ұлтының тағдыры үшін дер кезінде президенттік өкілеттіктен бас тартқан салиқалы шешіміңіз әлемдегі көшбасшылардың тарихында алтын әріптермен зерленіп, қашалатыны анық. Дәл Сіз секілді қадамға тек елін ойлаған нағыш көшбасшы ғана бара алады. Бұл нағыз лидердің ғана қолынан келетін үлкен іс. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVII сессиясында Евгений Демиденко атты он жеті жастағы жасөспірім бүкіл қазақ елінен сүйінші сұрады.

Ұлты беларусь Евгений Демиденко Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуде өткен Халықаралық Олимпиадада топ жарып, алтын әкеліпті. Қазақ жерінде туып-өскен жас жігіттің бұл көп жеңісінің бір бөлігі ғана. Евгений Демиденко қазір ұшақ құрастыру ісімен қатар анимация, биология,  сауда логистикасы секілді бірнеше салада еңбек етіп, талай асуларды бағындырып жүргенін тілге тиек етті.

Ол өз сөзінде еңбегін «Боинг» компаниясы сатып алғанын да айтты.

- Рас, менің арнайы білімім жоқ. Соған қарамастан өткен жылы «Боинг 757» ұшағы негізінде жаңа ұшақ жабдықтап шықтым. Бұл жоба бойынша ұшақ дизайнерлік тұрғыда барынша жетілдірілді. Осы еңбегімді «Боинг» компаниясы жоғары бағалап, жобамды сатып алды. Енді осы жасаған жұмысымды Ұлыбританиядағы аэроғарыш университеті өндіріске енгізу үшін жұмыс жасап жатыр. Аталған университет жан-жақты зерттеу жүргізіп, бұл жобаны өндіріске енгізеріне сенімім кәміл. Мен бүгінгі таңда «I Learn» мобильді қосымшасын жасап жатырмын. Яғни, баршаға түсінікті тілмен айтсам, «I Learn» мобильді қосымшасы YouTube желісінің жаңа жетілген баламасы болады. Осы жобам арқылы«Google scinse fair» Олимпиадасында екінші орынды жеңіп алдым. 25 мың талапкер қатысқан осы жарыста екінші орын алу мен үшін аз жетістік емес деп ойлаймын.

Сессия жұмысын жан-жақты қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ассамлеяның жұмысын жоғары бағалады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылып, содан бері елдің ынтымағын артыру бағытында талмай еңбек етіп келе жатқан бұл жұмыс болашақта да өз жалғасын табуға тиіс екенін де айтты. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан осы бір мәдениетті келер ұрпаққа табыстаудың маңызды екенін де баса айтып, "төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деген халық даналығын ел есіне салды.

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVII сессиясы аясында ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарлары тағайындалды. Енді бұл лауазымды қызметті Юсуп Келигов және Шерзод Пулатов атқаратын болады.

Түйін

Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы бірінші наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Жарлығымен құрылған. Содан бері бұл ұйым 24 жыл бойы мемлекетіміздегі ынтымақ пен бірліктің басты ұйытқысы болып келеді. Қазір Қазақстандағы тұрақтылық пен татулықтың басты кепілі болып саналатын осы ұйымның жұмысын алдағы уақытта жаңа төраға орынбасарлары жандандыра түседі деп сенеміз. Әрқашан да ең өзекті елдік істердің бастамашысы болып жүретін Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын Юсуп Келигов пен Шерзод Пулатов өрге сүйресін деп тілейік.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340