Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақтану» жобасын іске асырды
Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясы бүгінде еліміздегі көп этностардың басын біріктірген татулық ордасы болып отыр. Ассамблея әр өңірде түрлі мәдени шаралар өткізу арқылы Елбасы саясатын қолдайтынын білдіріп келеді. Солардың бірі кеше Қарағанды облысында өткен шара.
«Халық дәстүрлерінің ұлы құндылығы» деп аталған облыстық шараға Ассамблея жастары арасындағы қазақ мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын білу бойынша зияткерлік ойыны өткен. Бұл шараның
мақсаты - Елбасының Болашаққа бағдар: рухани жағыру бағдарламалық мақаласында атап көрсеткен ұлттық салт дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз бір сөзбен айтқанда ұлттық кодымызды дәріптеу. Сондай ақ, мемлекетімізде ұлттық саясатты іске асыру бойынша, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және этносаралық қатынастар саласында ынтымақтастықты арттыру.
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған бұл шара «Қазақтану» жобасы аясында өткенін атап өту керек. Жоба идеясы алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында көтерілген болатын. Негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту. Сондай-ақ аталмыш жоба Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған.
Бұл күні Достық үйінің фойесінде қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, қазақы мәнермен тоқылған, киізден жасалған неше түрлі бұйымдар, қыш ыдыстар қойылды.
Байқауға қатысқан этномәдени бірлестіктер мен жастар қанатының өкілдері өздерінің қазақы салт-дәстүрлерді, тарихты қаншалықты деңгейде білетіндіктерін көрсетті. Қазылық еткен алқа да тарих, филология, мәдениет саласындағы өңіріміздің белгілі азаматтарынан құралған.Сондай ақ, «Рідне слово» серіктестігінің төрайымы Зеновья Красивская да осы жауапты қазылар арасында болды. Ойын барысында Қазақстан тарихы және қазақтың салт-дәстүрі жайлы танымдық сұрақтар қарастырылды. 6 топ қатысқан ойынның алғашқы айналымында командалар Шілдехана дәстүріне байланысты сұрақтарға жауап берді. Әр тур 5 баллдық жүйемен бағаланды.
Екінші турда топтар Келін түсіру салты бойынша өз білгендерін ортаға салды. Қазылар алқасының төрайымы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университеті «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.к., доценті Нұрсахан Бейсенбекова: «Жас буын өкілдері, елімізде тұрып жатқан этностар қазақ халқыныңың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай шаралардың маңыздылығы зор. Бұл жерде Ассамблеяның жасап жатқан жұмысын атап өту керек. "Қазақтану" жобасының қолға алынғанына сәуір айында бір жыл болады. Осы уақыт ішінде қаншама танымдық, тағылымдық шаралар өтуде»,-дейді.
Ойынның үшінші туры «Қазақтану» деп аталды. Бұл бөлімде қатысушылар сахнада үй тапсырмасы ретінде дайындап келген салт дәстүрлерінен қойылымдар көрсетті. Қазылар шешімін шығарғанша жүргізушілер қонақтармен лоторея ойынын өткізіп, бағалы сыйлықтарды өзара кіл мықтылар бөлісті. Шара соңында үздік деп танылған Қарағанды банк колледжінің «Сүйінші» тобы бас жүлдеге ие болды.
Бірінші орынды «Тұлпар» тобына бұйырса, қалған жүлделі орындарды «Сұңқар», «Вольница» және «Сияние» топтары еншіледі. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталып, ақшалай сертификаттар иеленді.
Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталу керек. Мұндағы басты идея болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Озығын алып, тозығын тастау»,- деген болатын.
Abai.kz