Ілияс және "Тілші" газеті
Қазақ баспасөзінің тарихына үңілгенде, оның бастауы «Дала уәлаяты» газетінен тарататынымыз анық. Ал өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанда төте жазумен бірқатар газет-журнал басылып, жұртқа тарапты. Сол қатарға «Қызыл Қазақстан», «Еңбекшіқазақ», «Қызыл таң», «Таң», «Темірқазық», «Ленинизм», «Сана», «Шаншар», «Серке», «Сәуле», «Айқап», «Ақжол», «Ауыл мұғалімі», «Әдебиет майданы», «Әйел теңдігі», «Денсаулық», «Егінші», «Екпін», «Екпінді жол», «Жаңа әдебиет», «Жас қазақ», «Жас қайрат», «Жыл құсы», «Кедей айнасы», «Кооперация», «Қамқор», «Қазақ үгітшісі», «Қазақстан большевик», «Төңкеріс таңы», «Шаруа календарі», «Шолпан», «Жетісу іші халық мұхбірі», «Кедей еркі», «Көмек», «Тілші», тағысын тағы газет-журналдарды жатқызуға болады. Аталған басылымдардың бәрінің жолы баянды бола бермеген. Кейбірі ашыла салып түрлі қиындықтар себебінен жұмысын тоқтатса, кейбірі біраз жыл шығып барып, жабылып отырды.
Бір қызығы, аталған басылымдардың ішінде Ілияс жұмыс істеген немесе белсенді автор ретінде мақалаларын жариялап отырған газет-журналдардың ғұмырлы болғанын бүгінгі өмір дәлелдеп отыр. Бұл нендей де бір сәуегейлік емес, ақиқат.
Ілияс Жансүгіров «Тілші» газетінде 1922 – 1925 жылдар аралығында үш жыл қызмет етті. Басында газетке оқшау сөз жазушы болып келген ол кейіннен басылымның әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1925 жылдары Сара Есова «Әйел теңдігі» журналын шығару ісімен айналысып жүргенде біраз уақыт газеттің редакторы болып жауапкершілік арқалады. 1925 – 1928 жылдары Мәскеу мемлекеттік журналистика факултетіне оқуға түскеннен кейін де «Тілші» газетімен болған қарым-қатынасын үзген жоқ.
Ілияс 1928 жылы өзі туралы жазған «Өмірбаяным» деге қолжазбасында өмір жолы туралы айта келіп: «1923 жылдың басынан «Тілші» газетінің бір жазушысы болдым. Менің қалам қызметіне айналысқаным осы 1923 жылдан, «Тілшіде» мақала, оқшау өлең жаза бастадым... сол «Тілшіде» күні бүгінге шейін жазып тұрам», – деп атап көрсеткен.
Жоғарыда аты аталған «Тілші» газетінің тігіндісі бүгінде Алматыдағы Қазақстан Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбал қорында сақтаулы. Өкінішке орай, «Тілші» төтеше шыққандықтан көп жағдайда жас зерттеушілер мен бүгінгі оқырманның игілігіне аспай келеді. Осы ақтаңдақты аз да болса азайту үшін біз сол газет тігінділерін жалықпай ақтарып, Ілиястың түрлі бүркеншік атпен жариялаған публицистикалық еңбектерін жинақтап, жұртқа жеткізу үшін біраз еңбектендік. Осы барыста 117 оқшау сөз, фельатон, сараптамалық және ақпараттық мақалалар жинақталды. Оның бәрінде Ілиястың журналистік қарым-қабілеті мен қазақ журналистикасына қосқан жаңалықтары сайрап жатыр. Оның бәрін алдағы уақытта әліміз жеткенше жастарға жеткізуге тырысамыз. Сол газет тігінділерінің ішінде біздің назарымызды Жансүгіров әдеби музейінің қорында сақталған, Ілиястың өз мөрі басылған газет қиындысы болды. Ол 1925 жылы 18 тамыз, дүйсенбі күні шыққан «Тілші» газетінің 190 нөмері еді (төмендегі суреттее). Бұл нөмер «Тілші» газетінің 3 жылдығына орай шығарылған арнайы саны болатын. «Жетісу баспасөзі жайында» деген мақала жарық көрген.
Газеттің алғашқа бетінде газеттің 3 жылдығына орай берілген құттықтау мен сол тұстағы «Тілші» газетін шығарушылардың, газет ұжымы және гезетте жұмыс жасайтын белді азаматтардың суреттерін басып, арнаулы таныстырулар жазылған.
Ол сурет мынау:
Суреттің астындағы анықтамалықта былай делінген:
Есқызы Сара:
«Тілші» газетінің үш жыл ұдайымен жауапты шығарушысы болып, ерінбей еңбек сіңірген адам. Қазақ ұлтында әйелдер табынан шыққан ең бірінші жігерлі жұмыскер.
Ілияс Жансүгіров
«Тілші» газеті шыққаннан бері қалам қайраты жағынан зор көмегін тигізген қаламы өткір, сөзі сұлу тілшінің ірі жазушыларынан саналатын азаматымыз.
Қажым Бәсімұлы:
Тілшіге жазу жағынан көмегін көрсеткен кісі.
Рахым Омарұлы:
Алматы қазақ институтында оқытушыларымыздан шыққан тілші. Тілдің дамуына, өсуіне қарай «Тілші» газетінің жауапты хатшысы болып басқармадағы қызметтің бәрін атқарып келе жатқан қаламы шебер, сөзі өткір жас жазушыларымыздан.
Сәрсембай Бейсембай:
«Тілші» газетіне алушы ел ішіне тілші газетінің ең бірінші бәйге алған.
Қ. Шөкенұлы
«Тілші» газетінің бері қарай қалам қайратын аямай келе жатқан жігіт. Қай уақыттарда да жұмыскер болып та істеген, қаламы өлеңге орайлы, осы күні басқармада.
Сәдуақас Оспанұлы (оң жақтағы)
«Тілші» газетінің шығарушысы Һәм осы күндегі жазушылар құрамасының мүшесі.
«Тілші» газеті №190, 18 мамыр, 1925 жыл. 2- бет.
Архив бойынша ИНВ э1206, НВФ – 121.
Бұл нұсқа Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінен алынды. Бұл жайлы Абай.кз порталында Мырза Абайдың «Ілияс және Тілші» газеті деген жазбасында көрсетілді. Мырза Абайдың оны қай деректен алғанын білмеймін. Бірақ музейдегі нұсқада Ілиястың көзі тірісінде қолданған жеке мөрі басылып тұр. Бұның өзі осы газеттің Ілияс үшін ерекше маңызы болғанын айғақтайды. Өкінішке қарай, Бұл тізімде «Тілші» газетінің ашылуы мен онда белсене еңбек еткен басқа да тілшілердің суреті енгізілмеген. Қазірше оның нақты себебін анық айтып, түсіндіре алмаймын. Бірақ түбі шаң басқан архивтерде ашылмай жатқа немесе қолымызға енді-енді ғана тиіп жатқан мұрағаттардың арасынан оның себеп-салдарын тауып алатынымызға сенімдімін. Осы ретте Ілияспен қанаттаса «Тілші» газетінің өркендеуіне еңбегі сіңген тағы бірнеше қаламгердің «Тілші» газеті мен Ілияс шығармашылымен қатысы туралы қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдім. Бұл да Ілиястың «тілшідегі» орны мен қызметін айшықтап, тұлғалық болмысын жандандыра түседі.
Біләл СҮЛЕЕВ – Біләл мен Ілиястің ағайындық жақындығы 1914 жылы басталды. Екеуі де 1899 жылы Қарағашта ашылған « Маман» жадит медресесінде Хасан Уәлиұлынан жаңаша білімді, дін-шариғат, әптиек сүрелерін, мешіт азаншысы, елі керей, кезінде Зайсаннан бір болыстың қыспағынан қашып келген Омар деген мәзіннен үйренді. Ілияс Жансүгіров Сүттігенде Хасен молдадан бір жарым ай ғана уақыт дәріс алған, өйткені тұратын дұрыс үйі болмай және ауырып қалуына байланысты оқуды жалғастыра алмаған. Бірақ, ол осы ортада Біләл Сүлеев сияқты ірі дос, ажырамас әріптес, болашақ тәлімгерді табады. 1919-1921 жылдары Ташкенттен белгілі фольклорист, ғалым-зерттеуші Әбубәкір Диваевтың арнайы тапсырмамен Жетісуға келіп, Жетісу экиспедициясы ұйымдастырылады. Осы экиспедиция құрамына Біләл Сүлеевтің таныстыруымен Ілияс та атсалысып, хатшылық міндет атқарады. Осыдан бастап ел әдебиетін жинайтын ұлы сапарға араласуға мүмкіндік туды. Ә. Диваевтың Ташкенттегі мұрағатында қазіргі күнге дейін Ілияс Жансүгіровтың қолымен жазылған әдеби мұралар сақтаулы тұр. Окінішке қарай, оны ашып оқуға қол жетпей келеді. Біләл Сүлеевтің «Тілшіге» сіңірген еңбегі аз болмады. Өлеңдері, фельатондары жиі жарияланып тұрды. Сондай-ақ, «Кедей еркі» мен «Тілші» газеттерінің ашылуында Біләл Сүлеев пен Шәмей Шынасыловтың үлкен азаматтық танытқаны әлі күнге дейін ел назарына жетпей келеді. Біләл мен Ілиястың «Тілшідегі» журналистік өмірін сабақтастыратын тағы бір себеп – олардың арасында басы ашылмай келе жатқан «Қаптағай», «Матай» бүркеншік есімдері еді. Расында, екі қаламгер осы бүркеншік есімді тең қолданды. Олай болудың да жөні бар екеуі де бір атаның балалары. Алайда, қолда іліккен деректерге сүйенсек, Біләл «Матай» деген бүркеншік есімді 1922 жылға дейін қолданады да осыдан кейін «Қаптағай» есімін өзіне қалдырып, «Матай» есімін бір жола Ілиястың еншісіне берген. Сондықтан 1922 жылдан кейінгі «Матай» бүркеншік есімімен жазылған дүниелер толығымен Ілиясқа тән дүниелер деуге болады. Оған себеп – Шамғали Сарыбаевтің немересі Майра Шорақызының қолындағы Шамғали атамыздан қалған мұрағаттардан табылған деректер осыны дәлелдеуге мүмкіндік берді. Шамғали атымыздың «Шамғали» деп аталатын көк дәптерінің ішінде Біләлдің «Қабанбай мен Сазанбай», «Нақысбек», «Қазақ мұғаліміне» деген сатиралық туындыларының қолжазбасы сақталған. Олардың бәріне «Қаптағай» деп қол қойылған.
Шамғали Сарыбаев мұрағатындағы осы дәлелдер осы күнге дейін басы ашылмай келе жатқан мәселенің мәніне бойлауға үлкен септігі тиді (Бұл дүниелердің аудармасын алдағы уақытта ұсынамыз). Сондықтан бұдан былай 1922 жылдан кейінгі «Матай» бүркеншік есімімен жазылған еңбектер Ілиясқа тән. Қолымызда тағы да нақты анықталмаған біраз дүние бар. Олар «Қазақ» және «Кедей еркі», «Ақжол» газеттерінмен қатысты. Оған сенімім жеткілікті болмағандықтан бұл ретте қоя тұрғанды жөн көрдім.
Шамғали САРЫБАЕВ – қазақ журналистикасында беделді тұлға, шебер жазушы, қазақ баспасөзін қалыптастыру мен қазақ журналистикасының тілін қалыптастыру жолында еселі еңбек еткен баспасөз майталманы (Ғалым-ұстаз емес, журналистика тұрғысынан осылай баға бергенді жөн көрдім). Ілияс пен Шамғалидың қазақ журналистикасына сіңірген үлесін тұрақтандыру үшін олардың өмірін салыстыра зерттеу өте керекті тақырыптың бірі. Өйткені, екі тұлғаның баспасөздегі қарым-қатынасы «Қазақ», «Кедей еркі», «Ақжол», «Тілші» газеттерінде және ел әдебиетін аялап жинап, бүгінге жеткізген фолькулоршы тұрғысынан ерекшеленеді. Бұл жайында арнайы материал дайындап жатырмыз. Қазірше, Ілияс пен Шамғали ортасындағы әріптестік, жолдастық, достық қарым-қатынастың «Тілшімен» байланысы тұрғысынан төмендегі бірнеше дәлелді көрсете кеткенді жөн көрдік.
Бұл «Қазақ» газетінің 1916 жылғы №207, 3-бетте жарық көрген «Жұмысшылар жайынан» деген материалдың көшірмесі. Онда Ілиястың «Сақа», Шамғали Сарыбаевтің «Ш. Сарыбаев» деген бүркеншік есіммен жарық көрген дүниесі басылған. Қысқасы, Ілияс пен Шамғалидың алғашқы қарым-қатынасы міне, осы «Қазақ» газетіндегі тілішілік жолдан басталады. Бұл кезде олар бірі бірінің есімін газет бетінен оқығанмен, жақын таныс емес еді. Бірі Жетісудан, енді бірі Бөкей ордадан болғандықтан ол кездегі қарым-қатынасы тым жақын болды деп айта алмаймыз. Алайда, Ілияс 1920 жылы Тәшкенттегі халық-ағарту институтында мұғалімдер даярлайтын курста оқығанда Шамғали Сарыбаевтен қазақ тілі мен әдебиетінен тәлім алып, бұрынғы таныстық одан ары жақындай түсті деп болжауға болады. Өйткені Шамғали Сарыбаев Ташкендегі халық-ағарту институын алғаш құрушылардың бірі әрі Ілияс оқыған мұғалімдер даярлайтын курска қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бергені анық. Сондай-ақ, «Ақжол» мен «Жас Алаш» газеттерін шығаруға белсене атсалысып, баспасөз саласындағы барымен де бөлісіп тұрды. Бұл таныстық 1920-1921 жылғы А. Диваевтің ел әдебиетін жинайтын экспедициясында әріптестікке айналды. 1921 жылы Түркістан Республикасының Халық ағарту комиссариаты Шамғали Сарыбаевті Алматыға облыстық қазақ-қырғыз халық ағарту институтын ұйымдастыруға жібереді. Бұл туралы Шамғали Харесұлы 1925 жылы «Терме» журналының № 1 санында: «Мен 1921 жылы Ташкенттен Алматыға Қажым Басымовпен бірге қазақ-қырғыз инпросын ұйымдастыруға келдім. Отанымыз басынан кешірген түрлі соғыстардың зардабынан ел шаруасы қатты күйзеліп, ішкі-тысқы соғыста неше түрлі ақбандыларды жеңіп шықсақ та, материалдық жағынан өте нашар болдық. Осындай қиыншылық заманда Жетісу обкомы (Жұбаныш Бәрібаев) мен облисполкомның (Ораз Жандосов) тікелей жәрдемінің арқасында елден азық-түлік жинап, Алматы қаласында Жетісу қазақ-қырғыздары үшін инпрос аштық. Бұл - өз алдына айтылатын ағарту майданындағы елеулі әңгімелердің бірі», - деп жазды. Бұл ақиқатты Ілиястың «Тілші» газеті, 4 қаңтар 1925 жылғы №152 жарияланған «Жетісу институтының өмірі» атты мақаласы анықтай түсті. Онда: «Жетісудың қияңқы отаршылдары ауыздықталып, жуан жұдырық, бай-манаптың мойнына ажырғы артылып, еңбекшілер қолына үстемдік өтісімен облыста саяси ауа өзгеріп, жалпы жұртшылықта талпыну басталды. Міне, осы қарсаңда жолдас Біләл Сүлейұлының талабымен Ташкенттегі Қазақ институтының мұғалімдері Сарыбайұлы Шамғали, Білсімұлы Қажым Жетісуға келіп, үшеуі тізе қосып, қазақ-қырғыздың бастауыш еңбек мектебіне оқытушы даярлау мақсатымен облыстық тәлім-тәрбие мектебін ұйыстырды. Мектеп басқарушысы Шамғали болды», – деп жазады. 1923 жылдың күзінде Түркістан Республикасының Халық ағарту комиссариаты Ш. Сарыбаевты Алматыдан Ташкентке қайта шақырып алып, Орта Азия Коммунистік университетіне қазақ тілі мұғалімі етіп тағайындайды. Бұл туралы жоғарыдағы мақалада тағы да айтылады: «Бұл (1923) жылдың жазында мектептің табан тасын қалап, ұйымдасуына ұлы еңбек сіңірген Шамғали жолдас еліне қайтқысы келіп (Бөкейге) меңгерушіліктен босанады да оның орнына жолдас Деникейұлы меңгеруші (директор) болады. Бұл (1924) жылы жаздың басында институттың меңгерушілігіне Деникейұлы босанып, Жансүгірұлы меңгерушілік міндетін алады», – деп институт тарихы туралы мақаласын жалғастырған Ілияс Жансүгіров оқу орнының осыдан былайғы өмірі жайлы тың деректерді келтіреді.
Сол жылдары Шамғали Харесұлы ағарту жұмысымен қатар «Тілші» газетіндегі журналистік қызметінде қоса атқарады. Ілияс 1922 жылы «Қосшы» ұйымының шақыртуымен Алматыға келіп, «Тілші» газетіне жұмысқа тұрғанда ежелгі достық енді шынай әріптестікке айналады. Ілиястың «Тілші» газетіндегі публицистикалық еңбектерін жинақтап жүргенде Шамғали Сарыбаевтың газет бетіндегі көптеген материалын көзім шалған еді. Сонда бір байқағаным, Ілияс пен Шамғалидың ой ортақ, пікірі бір, ұстанымы ұқыпты болған. Алдағы уақытта оны да жұртқа жеткізуге күш салмақпын.
Бұдан сырт Ілияс «Кедей еркі» және «Тілші» газеттерінде Шәмей Шынасылов, Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, арынды режиссор, драматург Жұмат Шанин, Қалдыбай Абдуллин, Құлмұхамет Қадыров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Аболла Розыбакиев, С. Қожанов, Иманғали Арабайұлы, Жұбаныш Бәрібаев, Қалыбек Сермолдаев, Ыдырыс Көшкінов, Смайыл Тайыров, Мағазы Масанчин, Құсайынбек Әміров, Әбу Құдабаев, Шақпақ Артықбаев, Ғали Орманов, Тайыр Жараков, тағы да басқа қазақ журналистерімен тізе түйістіріп, қол айқастырып қызмет етті. Араларында қызмет бабындағы азын-аулақ түсінбеушілік болған шығар. Бірақ, ол бұлардың болашақ қаламгерге айналуына кері әсерін тигізген жоқ. Қайта жігерін жанып, сенімін бекітіп, шабытын ұштай түсті. Мұның ішінде Ілиястың әйгілі «Құлагер» поэмасын жазуға Жұмат Шаниннің көмегі көпболса, Абай мұрасын әспеттеуде Мұхтар Әуезовпен бағыты бір болды, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы Иманғали Арабаев (қырғыз), қоғам өміріндегі өзгерістерде Ыдырыс Көшкіновпен пікірлес болды. Ғали Орманов пен Тайыр Жараков шәкірттік тұрғыда Ілиястан көп нәрсені үйренді. Шәмей Шынасылов тағдыры қанша ауыр болғанымен, қазақ баспасөзін қалыптастыруға бір кісідей атсалысқан тұлға. Қазірше қолымызда Шәмейдің болмысын ашатын дерек тым аз. Бірақ «Кедей еркі» газетін шығарушы ретінде Ілиястың аталған басылымда еңбек етуіне, журналистік шыңдалуына көп көмек көрсеткені белгілі. Қысқасы, Ілияс бір ғана «Тілші» газетінде осындай ұлы тұлғалармен қанаттаса қызмет етіп, пікірлесе жұмыс жүргізді. Демек, осының өзі Ілиястың тұлғалық болмысын анықтау үшін арқалайтын жүктің тым салмақты, аз болмайтыны анық.
Журналистика саласында әрбір журналистің тырнақалды публциистикалық еңбегінің қалай жарық көріп, оқырманға таныс болғаны жиі талқыланып жатады. Оның да өзіндік себебі бар шығар. Сондықтан біз де Ілиястың журналистік қырын ашу үшін ұлы тұлғаның алғашқы туындысының қайсы басылымда, қашан, қалай жарияланғанын іздестіре бастадық. Осы мақсатпен Ілияс жайлы жазылған еңбектерді парақтап жүріп, қайшылыққа толы пікірлерге кездесіп қалдық.
Соның бірінде академик Мұхаметжан Қаратаев («Даланың дарқан дүлдүлі», 2012 жыл, Астана) атты топтамаға енген «Саңлақ ақын» атты еңбегінде:
«1920 жылы Ілияс Ташкентке барып сондағы мұғалімдер даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына түсіп оқиды. Осы екі жылда жазған дүниелерін «Тілші», «Кедей еркі» газеттеріне жіберіп бастырып тұрады. Соның ішінде айрықша атап айтуды қажет ететін өлең, 1920 жылы «Тілші» газетінде ең алғаш жарияланған «Ортақшыл партия» деген өлеңі», – деп жазады. Расында, «Ортақшыл партия» өлеңі Мұқаметжан Қаратаев айтқандай: «Қазақ поэзиясындағы коммунистік партия тақырыбына жазылған алғашқы өлеңнің бірі». Демек, бұдан Ілияс Коммунистік партия тақырыбын қазақ баспасөзінің бетінде алғашқылардың бірі болып көрсеткен қаламгер деген қорытынды шығаруға болады. Алайда, біз іздестіріп жүріп аталған өлеңнің 1920 жылы емес, «Тілші» газетінің №12, 1923 жыл, 16 январь, сейсенбі күнгі нөмірінде «Матай» деген қаламатпен жарияланған нұсқасын таптық та, академик Қаратаевтің осы тұста қателесіп отырғанын аңғардық. Шын мәнінде, Қаратаевтің қателесуі мүмкін емес, негізінде бұл қателік баспадан кеткен болуы да мүмкін. «1922 жыл» терімшілердің абайсыздығынан баспасөзде 1920 жыл болып тізіліп кетуі әбден мүмкін. Бұндай жағдай баспасөзде жиі ұшырасып жатады. Бір сифрдрдан кеткен қателік енді өз ақиқатына қайтады деген ойдамын. Себебі, «Тілші» газетінің алғашқы нөмірі 1922 жылы тамыз айында басылып шыққан еді. Сондықтан 1920 жылы жарыққа шықпаған «Тілші» газетінде Ілиястың тырнақалды туындысының болуы мүмкін емес деген қорытындыға келдік. Ал 1920 жылы шығып тұрған «Кедей еркі» газетінде Ілиястың осы тақырыптағы өлеңін таба алмадық.
Осыдан кейін Ілиястың журналистік қырын біраз зерттеген Темірбек Қожакеевтің зерттеулеріне ден қойдық. Ғалым «Журналист Жансүгіров» атты еңбегінде: «Ілияс Жансүгіров 1920 жылы Верныйдағы мұғалімдер даярлайтын үш айлық курста 15 күн-ақ оқыған соң, ауыз әдебиетін жинақтайтын экспедицияға қосылып, Жетісу өңірін аралауға шығады. Сол сапарында Ташкентке тап болып, мұнда бір қыс оқиды. Десе де, сол жылдары оқи жүріп, Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетіне корректор болып орналасады. Сонымен қатар, «Жас Алаш» газетін шығаруға белсене араласады. Осы газеттің 1921 жылы 22 наурызда шыққан тұңғыш нөмірінің бас мақаласын «Жас замандастарға» деген тақырппен Ілияс жазады», – деп көрсетеді.
Осы айтылған ойдың ұшығын «Менің өмірім» атты Ілияс Жансүгіровтің Мәскеуде оқып жүргенде өмірбаяны туралы жазған мақаласынан таптық. Онда Ілияс: «Жас замандастарға» менің алғашқы баспасөзге бірінші шыққан мақалам осы» деп жазады. Бұл жайды «Социалистік Қазақстан» газетінің 12.02.1932 жылғы нөмірінде жарық көрген жазушылар басқосуында сөйлеген сөзінде ескертеді. Демек, Ілиястың басылым беттеріндегі тырнақалды публицистикалық еңбегі 1920 жылы емес, 1921 жылғы «Жас Алаш» газетінің бірінші нөміріне жазған бас мақаладан бастау алады. Осыған дейінгі Ілияс туралы зерттеулерімде осы пікірді құптап келіп едім. Кейінгі кездері «Қазақ» газетінің тігінділерін ақтарып отырып, Жалпы, қазақ журналистикасындағы Ілиястың алғашқы публицистикалық еңбегі «Қазақ» газетінде 1915 жылы жарияланғанын тауып алдым. Ол Ілиястың жоғарыда түп нұсқасы көрсетілген «Жұмысшылар жайында» жазған дүниесі.
Осы тұста оқырман: «Неліктен Ілиястың тырнақалды публицистикалық еңбегін тұрақтандыруға барынша ынтығып отыр», – деп ойлайтын да болар. Ендеше, оның мән-жайын түсіндіре кетсек, артық болмас. Халқымызда: «Бұлақ басынан тұниды» деп жақсылықты дәріптейтін, «Балық басынан шіриді» деп кері кеткенді кекететін мақал-мәтелдер жеткілікті. Қайсыбір ақылманның: «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалай бітіргенінен емес» деген нақыл сөзі тағы бар. Демек, әрбір істің табысты, берекелі, өміршең болуы сол істің басталғанынан білінеді деген сөз. Бұл жай айтыла салған ой деп түсінуден аулақ болыңыз. Ол – тарихтар бойы сан сынақтан өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеп үлгерген тұжырым. Ендеше, ең алғашқы бетін «Жас замандастарға» деген мақаламен ашып берген «Жас Алаш» газетінің бүгінгі мұрагері, ел газеті «Жас Алаш», Ілияс белсенді еңбек еткен «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері бүгінгідей биікке өрлеп, беделге ие болуы – Ілияс атамыздың рухының қолдағаны, ойының дұрыстығы, жолының ашықтығы, ниетінің түзулігі, бағытының баянды болғандығы деп түсінсек, артық кетпеспіз. Ақыл таразысына салып көрсек, қазақ баспасөзі тарихында ғұмыры қысқа болған газеттер жетерлік. Оның бәрін санап берудің керегі жоқ. Бірақ, Ілияс Жансүгіров із салған бірде-бір басылым баянсыз болмапты.
Ал Ілиястың «Тілші» газетіндегі ең алғашқы туындысы аталған басылымның №3, 1922 жыл, 3 қыркүйек нөміріндегі «Тана баласы» деген бүркеншік атпен «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген тақырыпта жарық көрген мақаласы. Бұл мақалада 1912 – 1914 жылдардағы орыс деревнялары мен Арқа жерінде болған ашаршылық апаты мен сол қиындыққа жетісулық қазақ-қырғыздардың қалай көмектескені, қолдау танытқаны, өзге жұрттың ашаршылық апатынан құтылуына қолдан келер көмектің бәрін жасағанын айта келіп, ал 1917 – 1918 жылдардағы Жетісу мен Сырдария алқабына төнген ашаршылық апатындағы аянышты жағдайлар сөз болады. Мұнда қазақ жері анталаған ашаршылыққа ұшырағанда орыс мұжықтары мен ішкі Ресейдің, Арқадағы ағайынның үнсіз қалғанын барынша сынға алады. Түйіндеп келгенде, мал басы аман, жағдайы жақсы Арқа мен Шығыстағы қазақ жұртына «Қанына тартпағанның қары сынатынын» ескерте жазады. Елді ынтымаққа, береке бірлікке, татулыққа үндейді. Қиындықтан шығудың жолын былайша нұсқайды:
– «Ағайын бір өледі, бір тіріледі» дегендей, осындай қиындықта отырған ағайындарға жәрдем қолдарыңды созатын уақыт жетті. Тапқан-таянғандарыңды ортаға салатын да уақыт осы. Аш бауырларының қолқасы сендердің мойындарыңа көп, Алашты үлеспеген еншісі үлесетін уақыты да осы уақыт. Аштарды «Қайыршы» деп түсіну қате. Оларға беретіндерің малдарыңның маңдай алды болуға тиіс. Тиын-сыйынмен аштарды қанағаттандыра алмайсыңдар. Елшілік қылу керек, жұртшылық қылу керек. Қарқынды, екпінді ісімізді істеуіміз керек. Байлар малын, әскерлер күшін аштарға жұмсайтын уақыты. Қалам қайраткерлері де тынбай газет-журналдар арқылы қалың жұртқа үгіт-насихат таратуы керек», – деп түйіндейді ойын.
Міне, осылай Ілиястің болаттай берік, сүттей аппақ, судай мөлдір ойларымен қанаттанған «Тілші» – ел тарихында, оның өсіп-өркендеуінде ерекше орны бар газетке айналды. Халқының қасіреті мен қуанышын ешкімнен қорықпай, тартынбай жариялап, не көрсе де елімен көретін халықтық басылым болып келеді. Өйткені бұл басылымға жоғарыда айтқандай, Ілияс Жансүгіров бастаған журналистік дайындығы бар, халық арасында берері зор, елі үшін еміренген перзенттері еңбек етіп, оның шын мәнінде уақыт, заман, қоғам талаптарынан шығуына баса мән беріп отырды. Тіпті, ол ешқашан басқа басылымдар тәрізді әлжуаздық танытып, мазмұнымен жұртты өкіндіріп көрген жоқ. Тіпті, кешегі Желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлері Қайрат Рысқұлбековтерді соттап, өлім жазасына кескенде олардың бұл шешімге «түкіре қараған» қайсар тұрысын бейнелеген суреттерді де кезекті санында «Жетісу» жариялап, «Айды аспанға шығарғаны» бар. Бұл Ілекеңдердің салған жолы емес пе? Қысқасы, Ілияс Жансүгіров бағытын нұсқап, бағын ашқан басылымдар, міне, осылай өзінің өміршеңдігін өткен тарихымен дәлелдеп келеді. Оған талас жоқ шығар.
Тілші газетінде Тана баласы, Ілияс, Матай, Ағын, Шолжық, Ілияс Жансүгірұлы, Жансүгірұлы, Ілияс Жансүгіров, Қара бұқара, Жа-жа, Сақа, Ж. Жетім бала деп қол қойып, көптеген материал жариялады. Онда алуан түрлі келелі мәселелер қозғады. Тіпті, «Қазақ әдебиетінде үлкен құбылыс ретінде мәңгілік орын алған Ілияс Жансүгіровтың «Тілші» газетінде еңбек етуі, жай еңбек етіп қана қоймай, әдебиет бөліміне басшылық етуі сол кездің өзінде үлкен мақтаныш еді. Алғашқы күннен-ақ өрнек салған жалынды жырлары газеттің әрін ашса, ойлы да діттеген жеріне дөп тиер мақалалары оқырмандарды өмірге ұмтылдырды. Қызметке қараша айынан алыныпты. Дүниелерінің бәрі де сол дәуірдің үнімен астасып, жарлы-жақыбайлардың мұң-мұқтажын, елдің тыныс-тіршілігін өне бойына өзек еткен. Сөйлем тіркесінен-ақ автордың шабыттана қалам тартқанын бірден аңғарасыз.
Ілиястың түрлі бүркеншік атпен «Тілші» газетінде жарық көрген публицистикалық еңбектерін зерделей келгенде негізгі фапосын, мазмұн-рухын танытатын бірнеше тақырып бар. Бұл тақырыпты профессор Темірбек Қожакеев толық тұрақтандырды. Біз де сол айтылымдармен келісе отырып, өзімнің қосымша ойларымды көрсете кеткенді жөн санадым. Солардың ең бастысы – Октябрь төңкерісі мен оның қазақ даласына әкелген жақсылығы туралы болды. Ол өзінің сол тұстағы жазған публицистикалық еңбектерінде Октябрьдің жеңісін, оның кедей табына берген жемісінің жалынды жыршысы болумен қатар сол тұстағы қазақ қоғамының өркениеттен алыста қалған, оқу-білімсіз, бірліксіз жағдайын да ашына жазып, жол көрсетіп отырды. Айталық, «Тіршілікті сақтаудың жолы» (Тана баласы. «Тілші» газеті, №4, 1922 жыл, 10 сентябрь) «Октябрь төңкерісі һам Қ.Қ» (Ілияс. «Тілші» газеті №6, 7. ХІ, 1923 жыл), «Ауылшаруашылық құралдары» ( Ілияс. «Тілші» газеті, №12, 1923 жыл, 16 январь, сейсенбі), «Партия тұрмысы» (Ілияс Жансүгіров. «Тілші» газеті, №12, 1923 жыл, 16 январь, сейсенбі), «Жетісудағы коорперация құрылысы» (Матай. «Тілші», №51, 1923 жылы, сәрсенбі, 11 июль), «Әуе кеңістігінің жетісінде» (Матай. «Тілші», №52, 1923 жылы, сейсенбі, 31 июнь), «Астық қарызына жазылыңдар» (Матай. «Тілші», №53, 1923 жылы, сейсенбі), «Дала Қотырбұлақ қосшылары» (Ілияс. «Тілші», №159, бейсенбі, 26 февраль, 1925 жыл), «Қосшы жиналысы» (Ілияс. «Тілші», №160, сейсенбі, 3 март, 1925 жылы), «Шаруа қамы ерте ескерілсін» (Сақа. «Тілші газеті», №288, 1927 жыл, қоян, 27 июнь, жексенбі) сияқты мақалары сол тұстағы қоғам өмірінің шынайы келбетін алдыға тартып, қазақ қоғамын тек қосшылар құрған одақтың ғана құтқарып қалатынына сеніммен қарайды. Бүгінгі күннің көзімен қарағанда, терістеу сезілгенімен сол тұстағы қоғамдық жағдай талабынан туындаған түсінік еді бұл. Осы еңбектері Ілиясты елге тезірек танымал етті.
Екінші бір үлкен тақырып, оқу, оқыту мәселесіне бағытталды. Ол сол тұстағы тіршіліктің негізгі тұтқасы өнер-білімде екенін, жалпы бір ұлтты екінші бірінен биік көрсететін, тұрмысын жақсартатын оқу, оқыту жұмысы екенін жазудан жалықпаған. Бұл туралы «Тілші» газетінде бірнеше материал жариялапты. «Жетісудағы оқу мәселесі» (Матай, «Тілші» газеті. №17-18, 18 ақпан, 1923 жыл) деген мақаласында елдегі ағарту мәселелерін батыл ортаға қойып, жаңа мектептер салу, жарамсыз мұғалімдерді босату, ағарту жұмысы туралы үгіт-насихат жүргізу жүзінде өзінің 10 түрлі жобасын көрсетеді. «Абай кітабы» (Ілияс Жансүгіров. «Тілші», №37, 1923 жылы, 8 май) мақаласында Х. Досмұхамбетовтің құрастыруымен Ташкентте басылған Абай кітабының үшінші басылымына өз пікірін білдірген Ілияс сол тұстағы білімге шөлдеген қазақ-қырғыздарға іздегенін Абай кітабын таныстыру, білдіру арқылы табуға болатынын жеткізеді. «Пән атамалары» (Ілияс. «Тілші», №75, 1923 жылы, 7 декабрь, жұма) мақаласында сол тұстағы мектептерде оқытылатын пән атамаларын жасаудың нақтылы жолдарын түсіндіріп береді. «Халық ағарту қызметкерлер ұйымының бесжылдық һәм уездік оқытушылар конференциясында» мұғалімдерді «Нар атандай жұрт жүгіне, жұрт жұмысына көлік болуға» шақырса, «Жетісу қазақ институтының өмірі» (Ілияс. «Тілші» газеті, №152, 4 январь 1925 жыл) мақаласында институттың ашылуы, дамуы қиындықтарды жеңу тарихы әңгімеленеді де, нақты міндеттері сараланады.
Ағартушы журналистің жоғарыда көрсетілген мақалаларында айтқан үлгілі мектептердің озық тәжірибесін пайдалану, оқу ісін мектеп, мұғалім, жабдық, жобалармен қамтамасыз ету, ел мен ағарту мекемелерінің байланысын жақсарту туралы көп ойлары бүгінгі зияткерлік мектеп реформасының талаптарымен үндесіп жатыр. Сондықтан оның оқу, оқыту тақырыбына жазған материалдары мәнін әлі де жойған жоқ.
Ілияс публицистикасының тағы бір басты тақырыбы – қазақ әйелінің тағдыры. «Тілші» газетінде басылған еңбектерінің дені осы тақырыпқа арналыпты. Айталық, «Шешілмеген жұмбақ» шашау сөзінде Түркістан білім комиссеясының өкілі Төреқұловпен ел аралай шыққан ақынның жол-жөнекей көрген естеліктері жазылған. Онда Төреқұлов пен Рысты қыз және Ханым Намазымбекқызының арасындағы пікірталасы арқылы қазақ қыздарының өр бейнесін, асқақ рухын, сондай-ақ, биязылығын да айшықтап көрсетеді. Ал «Қазақ әйелінің өмірінен» (Ілияс. «Тілші», №94, 1924 жыл, 8 март) мақаласында қазақ қыздарының ұлт тарихында алатын орнын тұрақтандырады. Тіпті, бұл мақаланы қазақ әйелдері туралы жазылған шоқтықты шығарма десе де болғандай. Сондай-ақ, «Қазаншы қатын да жұрт басқарсын» Ілияс. «Тілші газеті», №118, 1924 жыл, 25 июнь, сәрсенбі) мақаласы әйелдер теңдігі тақырыбына арналады. Онда тарихтағы әйел затының орны, рөлі төмен болуы, ел өміріне араласа алмайтын себептері айтыла келіп: «Әйел табының бас еркі күресіне көпшілігін даярлау. Оларды әлеумет ісімен байланыстыру. Жалпы әйелдің білім алып, саналануына көсемдік қылу. Оқу ордаларына жас қыздарды кіргізу, жалпы еңбекшілдер көпшілігінің сауатсыздығымен күресу» сияқты ойын ашық білдіреді.
Әрине, журналист газет бетіндегі әйелдер тақырыбында жазған еңбектерінде қазақ әйелінің төрт құбыласы түгел болды деп айтудан аулақпыз. Олардың жаугершілікте батыр болумен қатар ұрылардың олжасы, құнға тартылған күң болғанын да жасырмайды. Бірақ мұның бәрін қазақ әйелінің сорлылығы емес, заман трагедиясы, әдет-салт, дағды-дәстүр пасықтығынан қарастырады. Сөйте келіп, жаңадан орныққан Кеңес өкіметінен үлкен үміт күтеді.
Ал төртінші көтерген тақырыбы – «Тілші» газеті арқылы қазақ баспасөзіне фельетон мен очеркті енгізіп, сол туралы көптеген құнды еңбекті жазды. Мұны журналистің өзі де мақтан тұтқан. Бірде: «Фельетонның жаңа түрін, үлгісін қазақ баспасөзіне кіргізуге біраз қызмет етіп келемін» десе, енді бірде: «Очерк деген әдебиеттің бүгінгі бір керекті түрі. Қазір өмір қарқыны, құрылыс артына күнбе-күнге сәйкес әдебиет түрі – очерк. Өткір қалам, екпінді стиль, дәл сурет, көпшілікті тез ұйыстырушы пікір осы очеркте, әдебиеттің екпінді түрі осы», – депті. Расында «Тілші» газетінде жарияланған Ілиястың фельетондары мен очерктері тілінің шұрайлылығы, оқиғаның шынайылығы, ой-пікірінің ұнамдылығы, теңеулердің тереңдігі, күлкілі эпизоттары арқылы оқырманын жалықтырмайды. «Дәл айтқанда, Ілияс фельетонның жаңа бір түрін шығарды. Ол фельетонды тіке, бірден бастамай, орағытып, алыстап эпиграфпен бастайтын. («Ілияс Жансүгіров», Бейсембай Кенжебаев, «Даланың дарқан дүлдүлі», 2012 жыл, Астана). Айталық, «Осы күнде қалай қылсаң болыс-екең атанасың» (Матай. «Тілші» газеті, №7, 1922 жыл, 2 декабрь, сәрсенбі) сықақ өлеңінде жалқау жастардың мінез-құлқын аяусыз мысқылдайды. «Бақтың әдісі» (Матай. «Тілші» газеті, №14, 1923 жыл, 24 январь, сәрсенбі) шашау сөзі нағыз өмірдің өзінен алынған тартымды шығарма деуге тұрады. Ондағы бақ іздеген пайдакүнем жастың ақылының алысқа жетпегенін ажуаласа, «Жұмағали – Нөркей» (Матай. «Тілші» газеті, №16, 1923 жыл, 1 февраль, бейсенбі) шашау сөзінде жергілікті жердегі жастар жұмысының жайын білмейтін комсомол жетекшілерін сынады. «Ит-ай» (Матай. «Тілші» газеті, №23, 1923 жыл, 25 февраль, сейсенбі ) шашау сөзінде Туғанбай мен Алтынайдың диалогы арқылы елге тыныштық бермеген лаушылардың қитұрқы қылықтарын күлкілі етіп суреттейді. «Кер шолққаа» (Қара-бұқара, «Тілші» газеті, №34, 1923 жыл, 25 апрель, сәрсенбі) әзіл өлеңінде журналист ат туралы емес, сол тұстағы төңкерісті жекебасының ақымақтығына жаратқан ақылсыздардың қылығын сынауға бағыттайды. Қысқасы, Ілиястың әрбір фельетон, очерктері тілінің шұрайлылығы, ойының тереңдігі, пікірінің дәлдігі арқылы дараланып тұрды. Айтпақшы, Ілиястың фельетон жанрына қосқан үлесі туралы бұған дейін де көп зерттелді. Сондықтан тізгінімізді осы жерден тартқанымыз да жөн шығар.
Журналистика ғылымы да жатқан бір әлем. Қазақ журналистикасы қалыптасқанына аса ұзақ уақыт болмағанымен тез арада жетіліп, қауырт өркендеді. Бүгінгі таңда журналистиканың сан салалы бағыты жарыққа шығып отыр. Соның бірі – арнайы жанрға айналған баспасөздердегі жарнама жұмысы. Журналистиканың бұл саласына біраз нәрсені жатқызуға болады. Соның ішінде қазіргі баспасөздің қаржылық қажеттілігін, шешіп отырған құттықтау және еске алуға арналған жарнама түрі бар. Бір таңғаларлығы, газетке құттықтау беру мәселесін баспасөз бетінде ең алғаш көтерген де, оны өзінің тәсілі арқылы жүзеге асырған да Ілияс Жансүгіров болып шыққанын біреу білсе, біреу білмейді. Біз «Тілші» газетін ақтарып отырып мынандай қызыққа кездестік. Алдымен соны оқып алайық:
ҚҰТТЫҚТАР (ҚҰТТЫҚТАУ)
Губерниялық халық ағарту бөлімі атынан:
Губерниялық халық ағарту бөлімі, Алматыдағы қазақ институтының тұңғыш ұшырғалы тұрған жас балапандарын құттықтайды.
Қазақ институтының берген білімін, еңбекшіл елінің күткен үмітін, екеуін табыстырып шыққан төңкерісшіл, Лениншіл жастар, елге қызмет қылар деп үміт етемін.
Жасасын қазақтың жас жеткіншектері.
Губерниялық халық ағарту бөлімі атынан Жансүгірұлы.
«Тілші», №173, сейсенбі, 5 май, 1925 жыл.
«Тілші» газетінде ең алғаш рет жарық көрген құттықтаудың мәтіні. Оның авторы Ілияс Жансүгіров. Онда Ілияс кереге газеттерінің өзектілігі, икемділігі, әсіресе ауылды жерлердегі өндірісті ұйымдастыруға таптырмайтын көмекші құрал болатындығы айтыла келіп, оны қалай ашу, жұмысын қалай бағыттау мәселелерін егжей-тегжейлі көрсетеді. Тіпті, осы депломдық жұмысын жазу барысында өзі жұмыс істеген «Тілші» газетіндегі бай тәжірибесін ұтымды пайдаланған. Бұл еңбектің құндылығы бүгінгі таңда өз құнын жоғалта қойған жоқ. Бірақ ел біле бермейді?! Бұл тақырыптардың қалай ашылғанын, нендей жол-жоба ұсынғанын, тағы да да жұрт білме бермейтін шындықтарды осы жазылымның келесі бөліміне қалдырдық.
Ілияс Мәскеуде оқып жүрген кезінде де «Тілші» газетінен қол үзген жоқ. Жиі қарым-қатынаста болып, өзіндік ақпалын көрсетіп отырды. Бұл туралы өлкетанушы Жемісбек Толымбеков «Журналист Жансүгіров» атты еңбегінде жақсы деректер келтіреді: «1926 жылы 29 қыркүйекте жазғы практика жұмыстары туралы жазған түсініктемесінде Ілияс Жансүгіров: «Орталық комитеттің шешімімен мені Жетісу губкомының ВКП (б) құзырлығына іссапармен жіберді. Олар мені баспасөз бөлімін басқаруға тағайындады. Жетісуда қазақ газеті «Тілші (Известия)» аптасына үш рет 1200 данамен шығатын еді. Газет шаруаларға (крестьяндарға) арналған. Сексен адам ауылдық корреспонденттері (тілшілері) бар екен. Жолай Қызылордадағы Каз.Крайком баспасөз бөліміне кірдім. Олар маған Жетісудағы баспасөз маңыздылығы туралы мынандай тапсырмаларды:
«а) баспасөз және соған қатысты қызметкерлермен жиын-кеңес өткізуді, б) ауыл корлар конференциясын өткізуді дайындауды, в) газетті іс жүзінде қалай шығаруды үйлестіріп қарастыруды» жүктеді. Бұған қосымша дала қазақтарына газетті қалай шығару керектігі жайында «Жадынама» немесе содан оқып газет шығарылатындай жол көрсету кітапшасын шығаруды тапсырды. Жетісуға келген соң газет жұмысын өркендетіп, маңызын көтеру туралы жергілікті қызметкерлермен бірнеше жиын-кеңестер өткіздім. Осы кезеңде өртеніп кеткен типографияның кесірінен үш газет орыс, қазақ, тараншы тілдерінде шығатын жабылды. Сол салдардан газет қызметкерлері жұмыссыз қалдық. Мені губерния комиссиясы 1916 жылғы ақ патшаның «июнь» жарлығына қарсы көтерілістің 10 жылдығына деректі материалдар жинауға іссапармен қырға жіберді. Ол тапсырманы орындадым. Оған қоса Каз.Крайкомның тапсырмасын қыр қазақтарына газетті қалай шығару керектігіне арналған кітапшаны да жазып, Каз.Крайкомға жібердім. Әзірге, оған пікір алғам жоқ. ГИЖ-ға оқуға түскенге дейін редакция аппаратында бес жыл қызмет жасаған өтелім бар. Соған байланысты жергілікті жерге барғанда мен дайын кадр болдым. ГИЖ—да алған теориялық білімім істеген жұмыстарымды тиянақты дәл атқаруыма септігін мол тигізді», – деп жазыпты.
Ал Ілиястың журналистика саласындағы өз мектебін қалыптастыру барысында ізбасарларын қалай тәрбиелегені, жастарға қандай жолдармен қамқор болғаны жайында көп айтыла бермейді. Оны алдағы мақалалардың еншісіне қалдырайық. Осы дәлелдердің дені Ілияс Жансүгіровтің «Тілші» газетіндегі қызметін толық көрсете алды деп есептеуге болады.
«Тілші» газетінің 1923 жылғы кезекті санында жарияланған «Журналистер сессиясы» атты хабарда: «Осы күні барлық облыста журналистер сессиясы ұйымдастырылған, мұны кіндіктің (орталықтың) мақұлдауымен Жетісуда да ашу керектігі ұйғарылып, 7 маырда «тілші» және «Правда» газеттері жазушыларының (тілшілерінің Қ.А) жиналысы болып, журналистер сессиясы ұйымдастырылды. Сессия бюросының мүшелері Иванов, Есова, Карабин, төбе басшысы Есова», – делінген. Сол жылдары ұйымдастырылған журналистер сессиясы бүгінде еліміздегі беделді ұйым Қазақстан Журналистері одағының ең алғашқы бастау көзі еді.
1925 жылы 1 қыркүйек күні институт атына жазған өтінішінде Ілияс Жансүгіров: «Біздің губернияда 2 % халық қана хат таниды. Өзім 5-6 жыл батрак болдым. 1921 жылдан бастап үзбей кеңес баспасөздерінде қызмет істедім. Партиялық газет «Тілшіде» редактор, орыс тілінде шығатын губерния партиясының «Джетысуская правда» мен «Джетысуская искра» газеттерде корреспондент қызметтерін атқардым. Журналистер секциясының мүшесімін», – деп жазыпты. Демек, осы деректер Ілияс Жансүгіровтың Қазақстан Журналистер одағының алғашқы негізін қалаушы және мүшесі болған деп тұрақтандыруға да болады.
Осы жерде тағы бір айта кетерлігі, біз осыған дейін Ілияс Жансүгіров «Тілші» газетінің әдебиет бөлімін басқарды деп келдік. Негізінде Ілияс бір мезгіл аталмыш газеттің бас редакторы ретінде де жұмыс атқарғаны белгілі. «Тілші» газетінің сарғайған тігіндісін жалықпай ақтарып отырып, басылымның соңғы бетіндегі шығарушы деген жерге Шәмей Шынасылов, Сара Есова, Ілияс Жансүгіровтің кезектесіп қол қойғанын көрдік.
Демек, ол кездегі шығарушы дегеніміз, бүгінгі газеттің бас редакторы дегенді білдіреді.
Осы тұрғыдан келгенде, Ілияс Қазақстан Журналистер одағының алғашқы мүшелерінің бірі және «Тілші» газетіне редакторы болды.
Бұл ақиқатты тұрақтандыратын уақыт келді.
Айту бізден, атқару сізден, ағайын!
Жалғасы бар...
Қажет Андас
Abai.kz