Cофы Сматаев. Ұл мүддесінен ұлт мүддесі артық болуы керек
Cофы Сматаев, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Cофы Сматаев, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
- Сіздің ойыңызша жазушылық кәсіп қалам ұстаған жанға қандай міндеттер жүктейді? Шығармашылық адамын басқалардан ерекше етіп көрсететін қай қасиеттерді айрықша атар едіңіз?
- Бұл - менің бүйірімді бүлкілдетпеген таңсық түйсік екен. Өйткені қаламгерлік тірлік менің тас маңдайымды қасқалап тіліп бұйырған еншім тәрізді көрінуші еді... Жазушы - меніңше, әрі өткен күндердің, әрі өз заманының шежірешісі, әрі өз уақытының айнасы. Заманының ұңғыл-шұңғылына үңіліп, қоғамының ақ-қарасын пайымдап, уақытпен бірге адымдап отыратын суреткер ғана шынайы шығарманы дүниеге әкелер болар. Сондықтан да әр хас қаламгер ел шетінде, жау бетінде тұрады. Сондықтан да шынайы талант елдің үні боп сөйлейді. Халықтың тілегі боп көптен бұрын көзге түседі. Ұлтының ары мен намысы болып алға шығады.
-Мұның бәрі белгілі жағдай ғой, аға...
- Анығын айтар болсам, ұлы тілекті жазушы ғана ұлтының қамын жейді. Халықтың мүддесін ойлайды. Ел арманын алға сүйрейді. Өйткені ұл мүддесінен ұлт мүддесі артық екені ақиқат. Ер білегімен ел тілегі орындалары шындық. Ендеше әрбір табанды жазушы - елінің әрі перзенті, әрі ұлы, әрі ері. Ол оның бүгінін көркейтіп, өткенін ескеріп, келешегін көксеп отыруға тиіс.
Сонда ұлтымыздың қасиеті өсіп, қадірі артып, құрметі көбейеді. Ұлы халықтың ұрпағы құнды, ұландары сыйлы боларын естен шығармалық.
- Әдетте, қаламгерлер әр шығармасын «перзентім, бөбегім» деп жатады. Осымен келісесіз бе?
- Әр шығарма қаламгерді толғантып, қинап, жүйе-жүйкесін шаршатып, шалдықтырып барып жарық дүниеге өз шама-шарқынша жар салып туатын перзентіндей болатыны рас. Меніңше, әр шығарманың өз өмірбаяны бар. Автордың іштей тебіренуі, толқуы, елігуі, жүрексінуі қат-қабат араласып жатуы әбден ықтимал. Оларсыз шығармашылық «толғағы» мардымсыз. Ал себепсіз салдар жоқ дегенге сайсақ, әр істің, сәтімен аяқталған істің әу баста тілеулес түрткісі болатыны және ақиқат.
- Осындай «толғатуды», естуімше, сіз тым ерте бастапсыз. Кеудеңізге рух дәнегін сепкен қандай әсердің түрткісі болды?
- Менің мамандығым - инженер-металлург. Мәскеудегі қазақ студенттері мерекелердегі бас қосуында «Елім-ай» әнін қосылып айтып ашып, сол әнмен тойтарқарды жасайтын. Сондай сәттерде балаң жігіттің жас жүрегі іңкәр сағынышқа көбірек берілгіш келе ме, көз алдыма туған даламның ақ селеуі жыбырлай толқыған жұпыны бейнесін оралтып, мұңлы ән маған ерекше әсер ететін. Содан ба, мен «Елім-ай» әнінің шығуын тексеріп, тарихын түсіндіруді алдыма мақсат қып қойдым. Мәскеудің кітапханалары мен мұрағаттарынан біраз деректер мен дәйектер жинадым. Кейін ұлан-байтақ даламызды талай аралап шығып, көнекөз қариялардың қарлығыңқы үніне құлақ боп тосылдым.
- Көп ұзамай осы атақты романыңыз өз оқырманына жеткенін білеміз. Сонымен көкіректе піскен дүниенің қиналмай туатыны рас дейсіз ғой.
- Олай деуге болмас. Қиналмастан қиындықты жеңе алмассың. Шындықты іздегеніңде шырылдатар қиындықтар мол кездеседі. Өйткені тарихи шындыққа негізделмесе, көркемдік шындық туралы сөз қозғаудың өзі де артық. Ойдан шығарылатын шындық болмайды. Және тарихты бұрмалау жеке адамның қолынан келмейді. Өйткені тарих - көптің, қоғамдық өмірдің бастан кешкен дәуірі. Сондықтан ұлы мәртебелі тарих алдында әрдайым адал көңіл, таза жүрекпен жүгініп отыру ләзім.
- Кейбір сыншы-әдебиетшілер «бүгінде өткен-кеткенді қопармай-ақ, архивтерге бас сұқпай-ақ том-том тарихи кітап жазғыштар көбейді» - дегенді айтады. Бұған сіз не дейсіз?
- Не айтайын... Кімді не деп жазғырармын. Өз ойымша, Отанға деген ыстық ықыласыңнан шексіз далаңның ойы мен қырына, көлі мен шөліне, туған халқыңа, оның ұлттық дәстүріне, салт-санасына, бай тіліне, құлазыған қорым, үнсіз қорғандарда жатқан ата-баба рухына деген сүйіспеншілігіңнен тарихқа деген шынайы көзқарасың қалыптасуы мүмкін. Егер халқымыздың осыдан үш ғасырдай бұрынғы халіне көз жіберсек, онда сонау ақтабан шұбырынды болған қанды жолмен қыбырлап кеудесін әрең сүйреткен қайғылы елдің азалы тарихын көрер едік. Жан-жағынан анталаған жоңғар, шүршіт, орыс қыспағында қалған халқымыздың алдына тарихтан біржолата өшіп, құрып кету немесе далбасалап елді сақтап қалу дилеммасы жан алқымға тіреле қойылған. Осындай қоғамдық, әлеуметтік, тарихи себептер қазақты Ресейдің қоластына кіріп, тәуелсіздігін құрбандыққа шалуға мәжбүр еткен. Көркемдік шындықты іздегенде мен осынау тарихи шындыққа арқа сүйедім. Тарихи дәйектілік, саяси жағдай мен әлеуметтік мәселелерді көрсетудегі дәлдік, ұлттық әдет-ғұрып пен халықтың характерлерінің өзіндік ерекшеліктерін нақты беру - адастырмас құбылнамама айналған.
- Дұрыс қой. Бірақ кәдімгі кәсіби тарихшылар атқарар міндетті қаламгерлердің арқалап ала жөнелуін лайықты жұмыс дей аламыз ба? Сонда, «әркім өз ісімен айналысқаны жөн» деген қағида қайда қалады?
- Әрине тарихшылардың ел, ұлт тарихымен қоян-қолтық айналысқанын құп көремін ғой. Бірақ кеңестік кезеңде ұлттық республикалардың тарихын Октябрь революциясынан бастатқан мәскеулік тарих ілімінен аттап кете алмай қойған тарихшыларымыздан түңілгенімізді несіне жасырайын. Ал тарихи тақырыпқа қалам сілтеген соң тарихты зерттеу, игеру, тану қажеттігі даусыз мәселе. Әдебиет - халық өмірінің айнасы. Ол кешегі мен бүгінгіні, бүгіні мен болашақты салыстыра, сабақтай отырып ілгері дамиды. Өткенге үңілмей, болашақты болжау қиын. Бағы заманның қытымыр қойнында жатқан талай тылсымды ашып, жайып салып, замандастарымның игілігіне айналдырғанымды айып санасаң, өзің білерсің. Мен үшін ол абыройлы жұмыс. Халқыңның тарихын зерттеп, сол кезең оқиғаларын шығармаң арқылы бүгінгі һәм келешек ұрпаққа таныту - әрі тәрбие, әрі өнеге.
Әлбетте, тарихи шығарманы жазу оңай дүние емес. Ол үшін кейіпкерлеріңмен әрекетіңмен де, идеяларыңмен де бірге өмір сүріп, бірге тыныстауың керек. Кеңістікті шарлаған қиялың: «Кім?» «Қайда? Қалай? Не үшін?» дейтін сұрақтарды жиі түрткілеуі ләзім. Сонда әрі тарихшы, әрі этнограф, әрі археолог, әрі географ, әрі философ, әрі дипломат-саясаткер қызметтерін азды-көпті бойыңа сіңіруге тырысасың. Оларсыз шығарма шындығын жеткізу қиын. Алыс күндер мен бүгінгі тірлікке лайық көпір салып, ақиқат пен аңызды жалғастыру - шебердің еншісі. Қаламгер қиялы.
Шындық - қаңқасы, сүйегі ғана. Қиял - соның еті мен терісі. Киімі мен бұйымы. Өнделмесе, әрлемесе құр сүйек - сүйек қана. Өз басым тарихи туындының құнын өсіретін бір парасы - тіл деп ұғынам. Өйткені тіл - ойдың қызметшісі, ділдің елшісі. Қазақ - сөзбен сайысып, уәжге тоқтаған халық. Даналықтың мөлдір тұнығынан сусындаған ұлт өкілдерін биін бише, батырын батырша, ақынын ақынша сөйлету - қаламгерлік парызымның шыңына айналды десем артық болмас. Сондықтан да бейнелі сөз, образдылық, астарлы диалогтар, шешендік дәстүр «Елім-айдың» көркемдік қасиетін айқындайтын компоненттер болуын армандадым. Әйтеуір ниетім түзу.
-Қалың оқырман жылы қабылдағанымен, осыншама тер төккен еңбегіңіздің кең таралуына кезінде біраз тосқауыл болғанын білеміз. Осы орайда «Елім-айды» еленбей қалды деуге бола ма?
- Кім айтты еленбеді деп? «Елім-айды» кезінде әр кітабына ауыл қазағы бір қойын беріп, айырбастап алатын-ды. «Елім-ай» - менің негізгі өмірлік кітабым. Менің бір ғана кінәратым - алғашқы кітабын отызға да жетпей жазуым. Содан да болар, мені қалың оқырман бірден қабылдағанымен, оған кейбір әріптестерім мен бәтуасыз басшылар үрке қарады. Үрпиісе бөлектеді. Еңбек бағаланбады, баға берілмеді. Құрмет көрсетілмеді. Ол - сол кездегі тоқырау заманындағы бойкүйез әдетіміздің салдары ғой.
Бірінші кітапты баспаға 1970 жылы тапсырғанмын. Араға аттай сегіз жыл салып, ол 1978 жылы әрең жарық көрген. 120 мың данамен шыққан роман бір айға жетпей тарап кетіп еді-ау... Осы кітапты шығармау үшін баспадағылар да, басқалар да «Ойбай, темір-терсектің оқуын бітірген инженер тарихи тақырыпқа не бетімен барады екен, ей!» - деген де алыпқашпа әңгімелерді шиырлап жүрді. Кейбіреулер бұл шығарма жайында «Өткенді көксеп, хандық дәуірді аңсап, бүгінгі өркендеген социалистік тұрмысымызды мансұқ етпек», - десе, тағы біреулері: «Әй, ол әлі жас қой. Отызға да жетпей тарихты қозғап, қалың роман жазып несі бар. Күте тұрсын!» десе үшіншісі: «Әлдебір металлургтың шатпағы түгіл майталман жазушының да сүбелі еңбектерін басып шығаруға қағаз таппай жүрміз. Келімсектер дәндемесін!» деп күпілдесе, саққұлақ қырағылары: ««Елім-ай!» деп күңіренетінін қайтерсің бұл Сматаевтың. Тіпті одан басқа да ел жоқтай-ау. Мына қалпымен Россияға біз өз еркімізбен қосылған жоқпыз деп, бұл шіркін сүттей ұйып, бауырдай қатқан интернационалдық достығымызға іріткі салып, тұтастығымызға сына қағуы мүмкін-ау. Байқаңдар, осының өзі ұлтшыл болмасын. Анау «Жас тұлпар» дейтін бүлікшіл топты құрушылардың бірі емес пе ол! Байтұрсыновтар да баяғыда ұлтшыл ұйым құрудан бастаған бар сұмдықты!» деп небір сөзді гулеткен. Қош... Әйтеуір, кітабымның жарық көргеніне, өзімнің аман-есен жүргеніме тәубе қыламын.
- Расымен де, кезіндегі Кеңес идеологиясынан қаншама қаламгерлеріміз құқай көріп өтті. Әйтсе де бүгінгідей жариялылық заманында қазақ қаламгері шығармашылық еркіндікке қол жеткізді дей аламыз ба?
-Жариялылық деймісің... Сол өзі бізге толық жетті ме екен?! Рас, тарихи тақырыпқа қалам тербеген әр қаламгер қыл үстінде жүреді. Оған ұлтшыл, жершіл, ескішіл дейтін айдар тағылатын. Мен демократиялық принцип дегеніңді бұрында-ақ аңсамап па едім?! Жариялылық - адалдықтың айнасы, ал адалдық - азаматтықтың белгісі деп қалпағымды аспанға атқанымды қайтейін. Әлгі ел таласа оқыған «Елім-айдың» үш кітабын толып жатқан баспалардың ең болмаса біреуі осы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қайталап басуға ниет білдіріп көрді ме екен? Жазғаны жұртқа жетпесе, қаламгердің аты қайдан шығады? Басқасын айтпағанда, азаматтық пен адалдықты біздер - қаламгерлер, үнемі өз бойымыздан таба білдік деп айта алмаймын.
Бізде шын талантты ертерек өлтіртіп алып, жылаған болып, әділет пен шындық іздеген болып жабыла мақтауымыз, жұмыла жоқтауымыз бар. Сөзімді дәлелдеу үшін Қасым Аманжоловтың биылғы 100 жылдық мерейтойын баспасөз бен басқа сөздерде жариялаудың жұтаңдығын көлденең тартар едім. Қазақ үшін Қасым әдебиеттің бір ғасырындай болған алыбы емес пе? Биыл 80 жылдығы атап өтілмек Мұқағали да сол Қасымның жырынан от алмап па еді?! Ендеше екі арысқа, екі ұлы ақынға, елдің екі ұлына бірдей құрмет көрсетсек, біз, шын мәнінде, адалдықтың құлы, әділеттің жоқтаушысы болар едік.
- Сіз туралы кезінде майдангер қаламгер Қалмұхан Исабаев «Шенеуніктер ішіндегі жалғыз жазушы» деген мақала жазғанын білеміз.
Онда сіздің кезінде Колбинге және оның шовинистік рухтағы шенеуніктеріне үнемі қарсылық білдіріп, ұлтыңыздың үстінен бұлт ұшырмауға барыңызды салып, кәдімгідей ерлік көрсеткеніңіз жайлы тәптіштеп баяндалған. Жақында бір сөзіңізде «әлі де әділетсіздікпен күресіп келемін» дедіңіз...
-Менің шығармаларымның негізгі өзегінде шындық тұратыны сөзсіз! Мұны баспасөз беттерінде жарияланып жүрген өрт, дерт, серт, өксік, өкініш... дастандарымды оқығандар жақсы біледі деп ойлаймын. Мен сол өмірлік ұстанымымнан - «әділет керек!» дейтін донкихоттығымнан бір елі де ауытқыған емеспін!
- Әңгімеңізге рақмет! Жетпістің биігіне жеткен шағыңызда, мерейлі жасыңызбен қалың оқырмандарыңыздың атынан құттықтаймыз. Шыншыл шығармаларыңыз ғұмырлы болсын!
Алашқа айтар датым
Жалпы, бізде әдебиетті насихаттау, қаламгерді сәйгүліктей баптау жағы мүлде жетіспей жатыр. Ұлы Пушкинді жалпақ Ресейге жағалай таныстыру үшін ұлы сыншы Белинский қажет болса, бізде тереңге үңілместен ақ пен қараны ғана ажыратар қарапайым сыншының өзі де табылмайтыны құпия емес. Тағы бір қатты ескерер жағдай - біз мәдениет пен әдебиетті пайда көзіне айналдыра алмай отырмыз. Әрине, Әдебиеттің өнегелік, тәрбиелік пайдасы ұшан-теңіз. Әйтсе де ол үлкен табыстың да көзі емес пе? Ал біз қаламақы жүйесін мүлде жойып тастадық. Жоғарыда отырғандар қаламгерлерге, оқырманға тиер моральдық зиянын ойлай ма екен? Әй, білмеймін. Азаматын ардақ тұтқан іргелі елдер болса, ақын-жазушысын алақанында ұстайды. Өнерге деген, ұлттық мәдениетке деген бүкілхалықтық бетбұрыс болмай, идеологиядағы шенеуніктердің бюрократтық көзқарасын, немқұрайдылығын жеңу қиын. Өз басым әзірше олардан түңілумен келемін.
Ал біздерге сілкініс керек-ақ. Халықтың тілі мен үні саналатын ақын, жазушы елдің алдында топ бастап, адымдап бара жатса, сол елдің мерейі үстем, еңсесі әманда жоғары болмас па еді...
· Өмірдерек
Софы Сматаев 1941 жылы 22 маусымда Қарағанды облысындағы Киік стансысында туған. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, бір жылдан кейін Мәскеудің Болат және қорытпалар институтына ауысқан. Негізгі мамандығы - инженер-металлург. Мәскеудің «Орақ пен балға», Туланың, Теміртаудың металлургия зауыттарында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Металлургия және кен байыту институтында қызмет атқарды. Біраз жыл «Жұлдыз» журналы проза бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі болды. 1989 жылдан Қазақ КСР мемлекеттік Кітап палатасының бас директоры болып қызмет істеген.В.Шекспирдің «Юлий Цезарь» драмасын, венгр жазушысы И.Добозидің «Сейсенбіден бейсенбіге дейін» повесін, үйғыр жазушысы Х.Абдуллиннің «Жолдастар», Ю.Мухлисовтың «Садыр палуан» романдарын, Короленконың, В.Солоухиннің, А.Лупанның, Е.Исаевтың, B.Иванов, П.Загребельныйдың әңгіме, өлеңдерін тәржімалаған. «Елім-ай» романы мен бірқатар туындылары көптеген шетел тілдеріне аударылған. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Жезқазған, Балқаш қалалары, Ағадыр, Қарқаралы, Шет аудандарының Құрметті азаматы.
Автор: Алмат Исәділ
http://www.alashainasy.kz/person/24715/