Жұма, 22 Қараша 2024
4426 1 пікір 27 Мамыр, 2019 сағат 15:16

Әуезов театрында "Музей Түні" жаңа форматта өтті

24-мамыр күні М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «MÝZEI TÚNI» атты ерекше шара өтті. Халықаралық театр күніне және Әуезов театры мұражайының туған күніне орай ұйымдастырылған кеште көрермен қазақ театр өнерінің бүтіндей бір тарихымен танысып, өткен күннің іздерімен қазақ театрының «Алтын ғасырына» сапар шекті.

«Анна Каренина» спектакліндегі көпшілікті елең еткізіп, есінде қалған  пойызбен сахна үстінен дәлізге қарай жүріп өткен артистер мен көрерменнің ортасында ерекше байланыс орнады. Себебі, бұл кеште барлығы бірдей «Музей түнінің» өтуіне бір адамдай атсалысты. Жанды тербетер, бойды шымырлатар ән айтылды, жүректің сөйлеген үніндей поэзия да оқылды,  би де, спектакль де, бәрі болды. Толығырақ тарқатсақ...

Ресми бөлімнен кейін театр жастары көрерменнің ортасына шығып, Л.Толстойдың әлемдік классикалық туындысы «Анна Каренина» қойылымындағы биін ұсынды. Лезде қараңғылық орнап, артынша театрымыздың актері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері – Болат Әбділманов көрерменнің алдында «АБАЙ», танымал театр және кино актері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері – Еркебұлан Дайыров пен жас актриса Әсел Сайлауова «ҒАСЫРДАН ДА ҰЗАҚ КҮН», Мерей Мұхтарұлы мен Жанель Мақажан «РОМЕН МЕН ДЖУЛЬЕТТА» және жас актер жігіттер «БЕЙБАРЫС СҰЛТАН» спектаклінің үзіндісін ойнап шықты. Сондай-ақ, концерттік бағдарлама бойынша, театр жастары «Сырласу» бұрышында Мұқағали поэзияларынан үзінді оқыса, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Аян Өтепберген гитарамен сүйемелдеп, Ажарлым Бақытжанқызы «Мен саған ғашық емес ем», «Сен мұңыңды бер маған» атты сырлы әндерді шырқап, театрды лирикалық атмосфераға бөледі.

Бұл кеште көрермен музейдің тарихымен танысып қана қойған жоқ, оны көзбен көріп, жүрекпен сезінді деуге толық негіз бар. Себебі. театрымыздың көркемдік жетекшісі, КСРО Халық артисі, КСРО, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Отан», «Құрмет», «Қазақстанның Еңбек Ері» ордендерінің иегері – Асанәлі Әшімов алғысөзді бастап, жиылған қауыммен амандасып, барлық мұражай жанашырларын мерекемен құттықтап қана қоймай, театрымыздың «Музей» бөлімінің жетекшісі – Наргиз Тамабекқызына Қазақстан Театрлар ассоциациясының атынан арнайы диплом табыстап, қаржылай сыйлық жасады. Сондай-ақ, спикерлердің қатарында Қазақстанның халық артисі, профессор  Есмұхан Обаев, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Еңбек қызыл ту», «Парасат», «Отан», 1-дәрежелі «Достық»  ордендерінің, «Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері – Сәбит Оразбаев, театрымыздың директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов болды.

Сәбит Әбдіхалықов, театр директоры:

Қайырлы кеш, қымбатты өнер сүйер қауым, бүгінгі театрымыздың ерекше мәдени шарасы "Музей түні" кешіне қош келдіңіздер!

Біріңіз білсеңіздер, енді біріңіз бейхабарсыздар, М. Әуезов атындағы Қазақ  Мемлекеттік академиялық драма театрының музейі  ресми түрде 1968 жылы 24 мамырда Қазақстанның Орталық музейінің филиалы ретінде ашылған. Ал қазіргі күні театрымыздың музейі еліміздің үлкен, ауқымды мұражайларымен иық тірестіріп, елге қызмет етіп келеді.

Көнелердің көзіндей болған жәдігерлерді сақтап, баптап, насиxаттап отырған Мұражай қызметкерлерін мерекемен құттықтаймын!

Музей – тарих қоймасы, өмір айнасы. Музей қызметкерлері мен Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау, көпшілікке таныту идеяларына бей-жай қарамау тариx мұралары алдындағы парызымыз. МУЗЕЙДІ ерекше мәдени орталық ретінде өзіне қымбат және жақын санайтын қымбатты қауым, руxани мұраларымызбен таныс болыңыздар! Тағы да қош келдіңіздер!

Расында, Театр музейі 51-ге толды. Жарты ғасыр уақыт ішінде өзінің жәдігерлерін толықтырудан бөлек, халықты театрдың өткенімен таныстыратын, актерлердің өмірнамасының ел біле бермейтін беттерін жинақтап, көрерменге жеткізетін айрықша беделге ие бола білді.

Қара шаңырақта 20 жылдай уақыт қызмет етіп келе жатқан Наргиз Тамабекқызы жетекшілік ететін «Музей» бөлімінде жұмыс істейтін мамандар жыл сайын шығатын газет қиындыларына дейін сақтап келеді.

«Музей түнінің» бөлер әсерін  көрерменге ешбір кітап, ешбір ел аузындағы естеліктер де бере алмасы анық.

Айта кетейік, 2018 жылы театр музейіне 50 жыл толуына орай «Музей түні» жоғары деңгейде өткен болатын.

Гүлім Рысқұл

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321