Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2611 0 пікір 17 Маусым, 2009 сағат 14:49

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсететін не бар?

 

 

Қазіргі кезде қаржы дағдарысы туралы жиі айтамыз, ал рухани дағдарыс жайында жақ ашпаймыз. Мәдени мұрамыздың шынайы жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков кезінде мұражайлар жайлы зерттеп, елімізде небары 60-70-ке толмайтын мұражай барын анықтап, олардың жағдайына аса көңіл бөлген. Ірі қалалар былай тұрсын,  шағын аудандарға дейін мұражай ашқанын жұрт осы күнге дейін айтады. Терең тарихтың қойнауына сүңгітіп, сол арқылы жан дүниеңді байытатын орын – мұражайлардың қазіргі халі нешік?
Бұрын егемендігімізді алғанға дейін біздің елімізде «Қазақ мұражайын жаңғырту» атты мұражайларды бір орталықтан басқаратын мекеме болатын. Содан соң ҚР Мемлекеттік мұражайында арнайы республикалық мұражайлардың методикалық орталығы жұмыс істеп, сонда бүкіл Қазақстандағы мұражайлардың тізімі, ондағы экспонаттар жайлы мағлұматтар сақталатын. 90-жылдары ол таратылды да, бұрынғы мұражай жасайтын суретші-экспозиционерлердің біразы жұмыссыз, біразы жеке фирмалардан нәпақа іздеп кетті. Мұражайлардан осылайша құт қаша бастады. Әйтеуір абырой болғанда, ҚР Ұлттық мұражайы мен Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы сақталып қалды.   Бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Ал жоғарыда айтылған орталық жұмыс істеп тұрған кезде республиканың қай түкпірінде қандай мұражай ашылатын болса да, осы орталықтан өзінің тақырыптық-экспозициялық жоспарын бекітетін. Қазір қалай? Мұндай бірізділік, бір орталыққа бағыну деген жоқ. Соның кесірінен кім қай жерден, қандай мұражай ашам десе де, өз еркі өзінде. Тіпті қазір көрме мен мұражайды айыра алмайтын дәрежеге жетіппіз. Мәселен, бір белгілі оқу орнының 70-80 жылдығына орай мұражай жасақталады дейді де, барсаң,  ол көрме болып шығады. Мұражай болу үшін онда заттай құнды экспонаттар болуы шарт. Сонан кейін құжаттар мен фотолардың түпнұсқалары болуы керек. Қазір көптеген мұражайларды неге көрме деңгейінде дейтініміз, олардың дені көшірмелерден тұратындығында.
Тағы бір атап айтарлық мәселе – мұражай қызметкерлерінің жалақысы  өте аз – 30 мың теңгеге жетер-жетпес шамада ғана. Сондықтан бұл салаға қазір келіп жатқан жас мамандар жоқтың қасы. Тек өз мамандығына берілгендер ғана оның қаңқасын болса да сақтап отыр деуге болады. Бірақ бір өкініштісі – олардың дені зейнеткерлік жасқа жетіп қалғандар екен.
Репрессияға ұшыраған арыстарымыздың мұражайы да репрессияланды!..
Алаш қайраткерлері соңғы демі шыққанша жатқан Алматыдағы Қарасай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы бұрынғы НКВД-нің ғимаратында 2003 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай ашылғанда барлығымыз бір қуанып едік. Бірақ өкініштісі – ол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Әлгі ғимаратқа қалталы біреудің көзі түсіп, сатып алуына байланысты, оны бір-ақ күнде тартып алды. Қазір ол Алматы қалалық мұражайының қоластында, ешқандай экспозициясы жоқ. Ғимаратты сатып алған жаңа қожайындар арыстарымыз жатқан, олардың жан қиналысына куә болған камералар мен карцерлерді шемендеп, жаңа заманға лайықтап, жөндеуден өткізіп те жіберді.
Бұл жөнінде кезінде Алматыдағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының бұрынғы басшысы болған Нәзира Жақауова былай дейді:
– Ең қиыны осы 1937 жылғы репрессияның кезіндегі экспонаттарды жинау болып еді. Себебі олар өздері жазықсыз атылып қана қоймай, бүкіл отбасы, әулеті қуғындалып, бар мал-мүлкі тәркіленді және құжаттары мен туындылары өртелді емес пе? Сондай қырғыннан тығып алып қала алған  дүниелерді кезінде балаларынан зорға сұрап, там-тұмдап құрастырып едік… Енді бүгін біз ол мұражайды жоқтаған арыстарымыздың ұрпақтарына не бетімізбен қарарымызды да білмей отырмыз?»
Алматы қаласының мұражайында да арнайы ғимарат жоқ!
Иә, рас. Басында  баспанасы жоқ адам мүлкін түгендегісі келе ме? Сол секілді мұражайдың да ашылғанына он шақты жылдың жүзі болса да, тіпті толыққанды экспозициясы жоқ. Ал бұған бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Міне, біздің  өткен тарихымызға деген көзқарасымыз қандай? Мәселен, 2007 жылы саяси репрессияның 70 жылдығы қарсаңында АЛЖИР-де жаңадан мұражай ғимараты ашылды. Бас-аяғы екі-ақ айдың ішінде іргетасынан бастап, соңына дейін жасалған ғимараттың сапасы қандай болуы мүмкін? Бір-екі жыл болмай жатып, экспонаттардың төбесінен су сорғалап, бояуы оңып, сыры көшіп кетпесіне кім кепіл?
Еуропаның мұражайларымен көз тартатын елдерін айтпағанда, АҚШ-тың өзінде Ақ үйдің маңындағы  тұтас бір көше осы елдің тарихынан сыр шертетін мұражайлар көшесіне арналыпты. Неге біз осы мәселеге осыншалықты бей-жай қараймыз? Бізге не жетіспейді? Осындай сұрақтарға жауап іздер болсақ, ең бірінші мемлекет тарапынан тарихымызға деген жанашырлықтың жоқтығына көз жеткіземіз. Және осындай шақта Өзбекәлі Жәнібековтей нағыз, шынайы ұлт жанашырының орны ойсырай білінеді. Бар болғанымен, олардың қолы қысқа, ал құзіретті орындарда отырғандар бұл кемшілікті көрсе де, көрмегендей сыңай танытып отыр. Шындық – осы!
Бұл саланы дамытпай, тамырына балта шауып отырған тағы бір жайт – тендер! Бірнеше жылдың жүзі болды біздің елімізде  мұражай жасақтау ісі осы тендер жариялау арқылы жүзеге асырылып келеді. Осының салдарынан мұражай исі мұрнына бармайтын әлдебіреулер жоғарғы жақта отырған таныстарының тамырын басып, тендерді ұтып алады. Содан кейін біраз уақыт мана айтқандай көрме жасап, сонысымен мұражай жасадым деп,  жұртты бір алдайды, қаржыны да сіңіріп жайына кетеді.
Айтпақшы…
Кезінде Тайқазанды Ленинградтағы Эрмитаждан алып келіп, тұғырына қондыру арқылы, рухымызды бір тіктеп алдық. Өкінішке қарай, Ресей секілді көптеген елдердегі этнографиялық бұйымдарымызға әлі күнге қол  жеткізе алмай отырмыз. Олар – бір адамның мүлкі емес, тұтас ұлттың байлығы. Кешегі Есік маңынан табылған, біздің тарихымыздың сонау сақтардан бері келе жатқанын айғақтап берген «Алтын Адам» қайда? Қай мұражайға барсақ та, көретініміз тек көшірмелер!
Мұражайға кімдер барады?
Айтуға ұят, мұражайға баратындар өзіміз емес, шетелдік туристер! Содан кейінгі орында оқушылар мен жоғары оқу орнына енді ғана түскен студенттер. Ал одан өзгелер  ең болмағанда жылына бір рет мұражайға бас сұқпайды. Неге? Біріншіден, біз өткенімізге селқос қараймыз. Оның түп-тамыры отбасынан бастау алады. Баласын мұражайға жетектеп бара жатқан ата-ананы кездестірдіңіз бе? Сирек, әрине. Бұлардан гөрі компьютер әперіп, соның алдына баласын байлап қойғанды артық көретін ата-аналар саны әлдеқайда көп. Оның бер жағында оқушыларын мұражайға алып барып, әрбір заттың тарихын түсіндіретін мұғалім атаулы да азайып барады.
Түйін
Нағыз тарихтың, өнердің орталығы – мұражай. Ол – науқаншылдық құбылыстың құралы емес, мәңгілік құндылықтардың қайнар көзі, рухани баю орталығы. Шетелдерде мұражайға халық күні-түні ағылып барып жатады. Себебі олар өздерінің жылт еткен дүниелерін керемет етіп көрсете біледі. Еңбектеген сәбидің санасына ұлтының тарихын солай егеді. Ал бізде Кеңес өкіметінен қалып қойған бір қалып бойынша алдымен ел байлығын, табиғат байлығын, еңбек озаттарын көрсететін жүйе әлі бар. Бізге,  керісінше,  ұлттық мұражайлар  жасақтау қажет!


Мәриям ӘБСАТТАР
«Алаш айнасы» газеті 16 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5608