Президент: Білімді адамның шамасы бәріне жетеді
1-маусым балаларды қорғау күні екені. Бұл бізде ғана емес, дүние халқына ортақ әйдік дата. Сонау 1949 жылы Халықаралық демократиялық әйелдер федерацияның арнайы сессиясында қарар қабылданып, балаларды қорғау күні бекітілген. Ал 1950 жылы алғаш рет балаларды қорғау күні аталып өтілді.
Бұл арнаулы күн Қазақстан жұрты үшін де таңсық емес. Жыл сайын түрлі шаралар Үкіметтік, мемлекеттік деңгейде өткізілуде. Биыл да салттан айныған жоқпыз. Әуелі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ дарынды балаларды қабылдап, оларды мерекемен құттықтады.
Мемлекет басшысымен кездесуге ел аумағындағы Халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері, оқу үздіктері мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, көп балалы отбасылардың балалары мен дарынды балалар келді. Олар Қазақстанның әр аумағынан жиналған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде, балаларды арнайы мерекемен құттықтады.
– Қазіргі заманда білімді және кәсіби маман болу өте маңызды. Білімді адамның шамасы бәріне жетеді. Сондықтан, сендердің жасыңда, ең бастысы, жақсы оқып, білім алу. Еліміздің лайықты азаматтары болатындарыңа сенімдімін. Сендерге бақыт тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан президентімен кездесуге ұзын-ырғасы 40-қа жуық бала келген. Оларға Ақорда резиденциясында арнайы экскуция ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында Қазақстан тарихындағы ең маңызды шешімдер қабылданған арнайы орындар таныстырылды. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік тарихындағы еңбегіне ерекше көңіл бөлінді.
Abai.kz