Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3028 0 пікір 18 Мамыр, 2009 сағат 05:37

Бигелдиновке берілмеген қаһармандық атақтың қадірі бар ма?

 

 

Мен Ұлы Отан соғысы жеңісінің 40 жылдығы қарсаңында «Жиырма сегіз батыр» телефильмін жасағанда, арнайы тапсырмамен сол кезде көзі тірі болған жиырма сегіздің бірі, Кеңестер Одағының Батыры ШАДРИНмен сұбхаттасқаным бар-ды. Сол бір тарихи кездесуді осы күнге дейін өзіме зор мәртебе санаймын. Содан бері ширек ғасыр уақыт өтіпті.
Өткен жылдың соңында тағы да осындай бір қаһарман азаматпен ұшырасып, сұхбат алуға тура келді. Бұл жолғы кейіпкерім қазақтың қаһарман ұлы, авиация генарал-майоры, үш мәрте КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болған, екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры, соғыста көрсеткен ерлігі үшін бұған қосымша Қызыл Ту, 1-ші және 2- ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Александр Невский, 3-ші дәрежелі Даңқ ордендері және бірнеше медальдармен марапатталған, Ұлы Отан соғысында 305 жауынгерлік ұшуды орындап, 7 неміс ұшағын атып құлатып, 500 сағат өмірін аспанда өлім мен өмір арасында өткізген, ерлігі көзі тірі кезінде-ақ аңызға айналған Талғат Якубекұлы БИГЕЛДИНОВ болды. Соғыстан соң 62 жыл өткенде «Отан» орденімен марапатталғанын естіп, құттықтай барып, сұбхат алдым.
Содан бері бір шама уақыт өтті.
Сол кездесуде менің батыр азаматқа батылым барып; 
- Берілген «Отан» орденін қомсынып отырған жоқсыз ба? -  деген cауалыма:
- Мына жайға құлақ сал, қалқам. Біз Отанымыздың басына қауіп төнгенде Батыр болайық немесе Халық Қаһарманы болайық деп соғысқа барғанымыз жоқ. Отанымызды шамамыз келгенше, қасық қанымыз қалғанша, ерлікпен қорғайық деп бардық. Сол аласапыран соғыста қаншама азаматтың қаны төгіліп, жаны қиылды. Сол қыршын кеткендерден менің жаным артық емес. Алланың дегеніне шүкіршілік ету керек...
Сол соғыс кезінде Сталиннің «әр 80 жауынгерлік ұшуды орындаған ұшқышқа бір рет Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы» тапсырмасы болды. Мен 305 рет жауынгерлік ұшуды атқарған адаммын. 80 емес, 100-ден жауынгерлік ұшуды орындағанның өзінде мен үш мәрте Батыр атануым керек қой. Шүкіршілік, өзге қоғамдық құрылыстың, өзге елдің атағы демесең, қазақ азаматтарының арасында осындай ұлық та абройлы атаққа екі мәрте менен басқа кімнің қолы жетті? Сен қаһармандықты айтасың, мен биыл 85 жасқа келдім. Сол жасымды елеп, не қалалық әкімшілік, не министрлік, не үкімет құттықтау хатын да жолдаған жоқ. Сол үшін өкпелеуім керек пе, кімге, неге? Өкпелемек түгілі, «бұларың қалай?» деп телефон да шалғаным жоқ... - деген жауап алған едім. 
Батырдың аузынан шығып, басылым бетінде жарияланған осы бір салмақты жауап мені әлі күнге ойландырып келеді. Ия, қаһармандық атақты ешкім сұрап алмайды, қаһармандық атақ ерлік жасаған адамды өзі іздеп табады.
Менің айтпағым, Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін бұл батырлық атақ Талғат Бигелдиновты бір емес екі рет іздеп тапқан, екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры атанған. Кезінде КСРО мойындаған осы қаһармандық өз егемендігін алған елімізде әлі күнге дейін мойындалмауда. Қазіргі кезде  сәбилерді кездесоқ оттан сақтап қалғандар мен қарапайым еңбек адамдарына да беріліп жатқан Халық қаһармандығы, Отаны үшін, ажал себелеп тұрған оқтан тайсалмай, 305 рет өлімге басын тігіп жауынгерлік ұшуды ерлікпен атқарған көзі тірі Халық Батыры Талғат Бигелдиновке осы күнге дейін берілмеуі ұят-ақ. Талғат ағамызға берілмеген «Халық қаһарманы» атағының қандай қасиеті қалды? Әлде, арнайы  Жарлықпен берілетін бұл атақты беруде де трайбализм вирусы жаулап алған ба?..

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,
жазушы
«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №17 (257), 7.05.2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394