Сенбі, 23 Қараша 2024
3879 0 пікір 10 Сәуір, 2019 сағат 15:57

Еліміздегі партиялардың болашағы қандай болмақ?

Қазақстан мемлекетті тәуелсіздікті алып, бірпартиялық тотолитарлық жүйені ыдыратып, демократиялық принциптер негізінде қызмет істейтін сан алуан партиясы бар елге айналғанына да ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Осы ширек ғасырда елімізде отыздан астам түрлі партиялық ұйымдар құрылды. Алдағы уақытта да, талай саяси ағымдар ел мүддесіне сай партия құра беретіні анық. Осы орайда "Жалпы партия дегеніміз не? Партияның қазақ қоғамына әкелер пайдасы қайсы, зияны қайсы? Қазіргі елімізде бар партиялардың ертеңгі жағдайы не болмақ? Келесі Парламент сайлауында қай партия жоғарғы мінберден дәмелі?" деген секілді сансыз сұрақтардың жұрт көкейінде тұратыны анық. 

Рас. Аталмыш сансыз сұрақтың жауабын екінің бірі сартылдатып айтып бере алмайды. Керісінше кешегі КСРО кезеңіндегі партиялық жүйенің жасаған істерін сарнап, тоталитарлық заманның әлдебір жақсылықтарын тізбелейтін, өткенді аңсап, емешегі үзіліп отыратын аға буын өкілдері аз емес. Олар үшін қазіргі көппартиялы Қазақстаннан өздерінің ескі компартиясы ыстық. Бұл қасаң түсінікті жойып, мемлекеттік идеологияны жүргізуге не кедергі? Біздің ойымызша, бұқара арасында партия жайлы, оның халық алдындағы қызметі жайлы жалпыға ортақ түсінік болмағаннан кейін ескікөздер баяғыны аңсайды, жаңа буын қоғамдық алып ұйымның не үшін қажет екенін білмей келеді. Сонау "Алаш" партиясынан бастап, кеше қайта құрылған "Ақиқатқа" дейінгі бүкіл саяси ұйымдардың әр ісін саралап отырғанда бүгінгі қазақ елі демократиялық құндылықтарды бүгінгіден де тереңірек қастерлейтін мемлекетке айналар еді.

Біз осы орайда жалпылай алғанда партиялық жүйенің не екенін түсіндіре кетейік.

Партиялық жүйе деген ел азаматтарының, яғни әлдебір әлеуметтік топтың мемлекетке, мемлекеттік билікке, саяси институттар мен ұйымдардың көмегімен ықпал етіп, өзіндік саяси көзқарасын жалпыға ортақ етуін айтамыз. Түсінікті тілмен айтсақ, қоғамның экономикалық даму деңгейі, түрлі әлеуметтік күштердің бір-бірімен байланысы, қоғамдағы түрлі топтардың проблемаларының шиеленісуі, халықтың этникалық құрамы, діні мен тілімен ерекшеленуі, салт-дәстүрін сақтау жолындағы күресі партиялық жүйенің құрылуына ықпал етеді. Теория бойынша осылай болуға міндетті. Яғни, "Алаш" партиясы өткен ғасырдың басында қазақтың жоғын жоқтау үшін құрылды. Одан кейінгі саяси ұйымдардың бәрінің де сондай миссиясы болғаны рас. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ше? Бірлі-жарым оппозициялық партияларды айтпағанның өзінде өзге онға таяу партиялардың мақсаты айқын болмағанын уақыт аңғарды. Десе де бұл өтпелі кезеңдегі бүкіл елдің басынан өткен тәжірибе. Одан аса сақтанудың қажеті шамалы.

Әрине, қазақ мемлекеті жас мемлекет. Содан да болар бізде оншақты партия өз әлетінше жұмыс жасап жатыр. Шындығын айтқанда ол партиялардың әрқайсысының өз алар орны бөлек. Мәселен еліміз егемендік алған алғашқы жылдары елде көптеген саяси партиялар шаңырақ көтерді. Шынын айту керек, олардың кейбірі шынайы партиялық жүйені ұстана отырып, ұзақ жылдар бойы мемлекет үшін жұмыстар істеді. Ал кейбірінің құрылуынан құлауы, атқарған жұмыстарынан айтқан сөздері көп болды. Сөйтіп, халық үшін ештеңе істей алмады, сәйкесінше ондай партиялар ел есінде де қалған жоқ. Замана доңғалағы тынымсыз зулаған мына заманда ел үшін еңбек ете алмасаң ешкімге де керек емессің. Сенің бос айқайың мен ұраның, алаулатып-жалаулатқан жиналыс-отырыстарың ештеңе шеше алмайды. Сол үшін партия ретінде құрылады екенсің, партиялық жүйе мен ұстанымда берік тұрып, шынайы жұмыс жасау керек.

Қазір Парламенттен орын алған "Нұр Отаннан" өзге партиялардың халық арасындағы беделінен-ақ қазақ мемлекеті көп партиялы ел болу жолында көптеген кемшіліктер жіберіп жатқанын байқаймыз. Бұл сөзіміздің де дәлелі жоқ емес. Елдегі ең ірі партия "Нұр Отан" халықтың қамы үшін тынбай қызмет етуде. Енді осы бас партияның деңгейіне өзге партияларды жеткізсек, Қазақстан демиократиялық дамудың жаңа жолына түсетін болады.

Мәселен, "Нұр Отан" партиясының әр облыс, әр аудандағы филиалдары халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарып отыр. Мүмкін елдегі бас партия "Нұр Отан" партиясының көлеңкесіннен шыға алмаудан болар, өзге партиялар көп ел көзіне түсе бермейді. Бұған себеп, тағы да сол "Нұр Отан" партиясының елдегі ерекше орны болып отыр. Бәріміз білетіндей, билік партиясының атқарып жатқан жұмыстары халық көңілінен сөзсіз шығады. Сол үшін халық өзге партиялардың бар-жоғына шындап келгенде көп назар аудара бермейтін секілді. Содан барып, көп жағдайда елде бір партия ғана бар секілді әсер етеді. Әйтпесе демократиялы Қазақстан республикасында заңды түрде көп партиялық жүйе, көппартиялық Парламент орныққан.

Десе де, көш жүре түзеледі. Мәселен, тарихтағы ең алғашқы саяси партиялар Ежелгі Грецияда құрылған болатын. Ол партиялардың мүшелері тым аз, ұстанымдары айқын емес, тұрақтылығы жоқ, бір орталықтан жөнді басқарылмайтын, шашыраңқы топтардан құралған еді. Бұл жайлы біз тарихи деректерден жақсы білеміз. Жоғарыда сөз басында айтқанымыздай, біздің елде де егемендіктің алғашқы жылдары партиялардың кемшілігі көп болғаны рас. Ал ол кезбен салыстырғанда қазір елдегі саяси партиялар барынша қалыптасқан, өзінің ұстанымы, мақсаты бар, бағдарламасы толыққанды, ірі саяси додаларға дайын партиялар саналады. Олардың көш басында сөзсіз "Нұр Отан" партиясы тұр. Олардан бөлек, бәріміз білетіндей "Ақ жол" демократиялық партиясы, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы, Ауыл партиясы, "ЖСДП", "бірлік" халықтық партиясы қатарлы бірнеше партия жұмыс істеп жатыр. Бұның ішінде "Нұр Отан", "Ақ жол" және Қазақстан халықтық коммунистік партиясы Парламентте отыр. Осыдан-ақ, елімізде көппартиялық жүйенің нақты орныққанын аңғаруға болады.

Енді адамзаттық партиялар тарихына үңіліп көрейікші. Ежелгі Грекияда партиялардың басты мақсаты құлдар мен құл иеленушілердің арасындағы проблемаларды шешу болды. Бірақ, әкімшіліктің шексіз билігі салтанат құрған ол дәуірде партиялық жүйенің қажеті жоқ еді. Сондықтан да, бүгінгі таңдағы біздің түсінігімізге сай партия ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана әлемдегі өз орнын айқындап, жалпы мемлекеттік құрылымдағы алып күштің иесіне айнала бастады. Партияның, яғни халықтың билікке ықпал етіп, тіпті билікті өз қолына алуына сол кезеңдегі буржуазиялық революциялардың әсері аз болмады.

Соның нәтижесінде қазіргі таңдағы біз үшін өте маңызды демократиялық құндылықтар қалыптасты.

Жекелеп айтсақ, олар мыналар:

Біріншіден, жалпыға бірдей сайлау құқығы берілді.

Екіншіден, мемлекетті басқарудың парламенттік жүйесі һәм парламентаризм дүниеге келді.

Үшіншіден, партиялардың құрылуы арқылы қара халықтың саясатқа қатысу аясы кеңіді.

Төртіншіден, әлеуметтік топтардың ұйымшылдығы артып, әлеуметтік қайшылықтардың шешудің тың жолы ашылды.

Бұл жағдаяттар әлемдегі партиялардың рөлін өсіріп, партиялық жүйесіз ел басқарудың мүмкін емес екенін әйгіледі.

Бұл мысалдарды тізбелеп отыруымыздың себебі неде? Тәуелсіздіктен кейін біздің елде құрылған партиялардың дені тек көшірме үлгіде болғаны рас. Бұл өз кезегінде халықтың партияға деген сенімін мүлдем азайтып жіберетін үрдіс. Партияға деген сенім болмаған елде, "халықтың билігі мемлекетке жүреді" деу бекер. Яғни, бүкіл ғаламшарда "партия саясаттың негізгі субъектісіне" айналып отырған тұста бізге кенжелеп қалуға болмайды. Біздің алдымен айтқымыз келгені осы. Бірақ, қайталап айтуымызға тура келеді, халықтың "Нұр Отан" партиясына деген сенімі жоғары. Кез-келген қазақстандық өзінің кез-келген мәселесін "Нұр Отан" партиясы арқылы шеше алатынына сенімі. Олар билік пен халық арасындағы "Алтын көпір" Елбасы басшылық етіп отырған "Нұр Отан" партиясы екенін анық біледі. Бұл дәрежеге еліміздегі өзге де саяси ұйымдардың жетуі керек.

Қазақстан қазір аяғынан нық тұрған мемлекет. Мәңгілік ел болуды мақсат тұтатын Қазақстан қашан да елдегі саяси жүйенің орныққан, тұрақты жүйеде болғанын назарда ұстайды. Оның үстіне өзіміз айтып отырғандай Қазақстан қазіргі таңда әлемдік аренада орныққан, төрт аяғын тең баса алатын демократиялы ел болып қалыптасқалы аз уақыт болған жоқ. Тіпті әлемдік ірі оқиғаларда алпауыт елдердің өзі Қазақстанмен санасып жатады. Біз бұның бәрін құр мақтан үшін емес, елдегі шынайы саяси жүйенің қалыптасқанының айқын дәлелі ретінде айтып отырмыз.

Себебі, бірпартиялық жүйе билік үшін күресте бәсекелес жоқ дегенді ғана білдірмейді. Бір партияның үстемдігі орнамауы үшін де Елбасымыз көппартиялы ел болуымызды қалады. Парламентте қазірдің өзінде үш партияның отыруы бізге біраз жайттан хабар беруі керек. Бұны біз жоғарыда сөз еттік. Парламентте көп партияның отыруы елдегі демократияның орнығуына, нығайуына берік негіз қалайды. Еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасының өзі осы жолды ұстанып отыр. "Нұр Отан" партиясын Елбасының өзі құрған болса да, өзге де саяси партиялардың ел өміріне, мемлекет билігіне араласып, шынайы көппартиялық жүйенің орнығуына жағдай жасап отыр. Осының бәрі Нұрсұлтан Әбішұлының сонау егемендік алған алғашқы жылдардан бастап қолға алған ұзақты ойлаған көреген шешімдерінің арқасы деп сеніммен айтуға болады. Елбасының бастамасымен, басшылығымен Қазақстан отыз жыл бойы қоғамы тұрақты, экономикасы жыл сайын өркендеген ел болып келеді.

Қазақ тарихына тағы көз жіберсек, 1991 жылы «Қазақ КСР-дегі қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңы қабылданып, саяси қоғамдық бірлестіктердің қызметі сол заңмен реттеле бастады. Осы Заң негізінде 1991 жылдың 30 желтоқсанына дейін республика аумағында барлық қоғамдық бірлестіктер қайта тіркелді. Кейіннен Партия мен қоғамдық қозғалыстардың дамуы мен жұмыс істеу ережесі 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, 1996 жылғы ҚР «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңымен және 2002 жылғы «Саяси партиялар туралы» Заңымен реттелетін болады.

Біздің осы көрсетілген заңдарымыз бойынша «Азаматтардың, әртүрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн мемлекеттiк билiктiң өкiлдi және атқарушы, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында бiлдiру және оларды қалыптастыру iсiне қатысу мақсатында олардың саяси еркiн бiлдiретiн Қазақстан Республикасы азаматтарының ерiктi бiрлестiгi саяси партия деп танылады» делінген.

Ата-Заңда көрсетілгендей Саяси партияның бұқара атынан билiк жүргiзуге құқығы жоқ. Саяси партиялардың бәрі де заң алдында бiрдей. Солай бола тұра партияның билікке ықпалы болашақта күн санап өсе түсетін болады. Өйткені Қазақстан Республикасының азаматтарына көзқарастары мен ұстанымдарына қарай түрлі саяси партияларға топтасу еркіндігі берілген.

Түйін

Президенттік сайлау келе жатыр. Бұл сайлаудан кейін алда парламенттік сайлау болары анық. Сондықтан да, енді елімізде биліктен дәмелі түрлі саяси партиялар бой көрсете бастайды. Сондықтан да біздің азаматтарға жалпы партия дегеннің не екенін, оның маңызының қандай екенін біле жүргеннің айыбы жоқ. Біздің айтпағымыз осы ғана!

Шынәділ Шекербекұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475