Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 7238 70 пікір 7 Маусым, 2019 сағат 11:18

Мырзанға жауап: "Аяз би әліңді біл"...

Мырзан Кенжебайдың «Абай жолы» ұлы шығарма емес» дегені үлкен бір талдаудың қорытындысы болар деп ойласам, 341 сөзден тұратын, әркімнің айтқанын (өз ойы жоқтың тірлігі) жинаған есалаңның сандырағы екен. Бұдан кейін Мырзанды әдебиетке қатысы бар адам деп айтудың өзі орынсыз және осындай қызметкері бар «Мәдениет» жорналының соңғы 30 жылда тиражының жүз есеге түсіп кеткеніне таң қалуға болмайды.

Жалпы, оның жеке басында менің ешқандай ісім жоқ, бірақ оған М.Әуезовті түсіну үшін алдымен оның 20 жасында жазған «Философия негіздері» очеркін, «Бүркітші», «Көксерек» әңгіме-повестері мен драмалық туындылары, «Қараш-қараш...» т.б. оқуы керек болар. Себебі, 3-ші сыныптағы ұлым Ғалымбек «Бүркітшіні» оқығаннан кейін көп сөздерді түсінбейтінін айтты. Онда, қайта оқып, түсінбеген сөздердің астын сыз дедім. Ол 200-ден астам сөздің астын сызды. Егер Мырзан, 9 жасар бала сияқты «Абай жолын» түсінбедім деп, шынын айтса, біз оны түсінер едік?!

«Абай жолының» соңғы томындағы қазақтың шаруалары мен орыстың мұжықтары бірігіп байлармен төбелесетін жерлерін Республика Компартиясының бөлім басшысы Әди Шәріповтың, «романда халықтар достығы мен интернационализм жоқ...» дегесін қосқанын барлығы біледі. Бірақ, одан ұлы шығарма құнын жоймайды.

Келесі, бұл роман-эпопея көшпенділер өркениетін әлемге танытқан ұлы шығарма ретінде өз орнын алып, сол Сталин мен Хрущевтердің кезінде ондаған тілдерге аударылып, мемлекеттік және Лениндік сыйлық алды. Бұл сыйлықтарды аларда Қазақстан басшылығының да араласқаны белгілі.

Батыс классиктерінің біреуі (Л.Арагон болар) «егер сіз «Абай жолын» оқымасаңыз, онда ештеңе білмейсіз...» деген еді. Герольд Бельгер осы шығарма туралы, Шекспирдің шығармаларының сөз байлығы 16600, Әуезовтың «Абай жолында» - 18800, Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігінде» - 22400 сөзден тұрады» дейді.

1940-1950 жылдары Леонов, Соболев, Симонов, Фадеев, Чаковский т.б., ҚСРО жазушылар Одағындағы 20-дан астам ең мықты жазушылар мен сыншылар осы роман жазылуы барысында, оған әртүрлі қырынан атсалысты. Мысалы, Алексей Толстой қарсы болды... Басында, «Абай жолын» жазуға бірге атсалысқан Соболев соңынан суып қалды... (осы ұлы шығарманың жазылуы кезіндегі шырғалаң туралы «Литературная Россия» газетінің Бас редакторы Вячеслав Огрызконың «Ақиқат» жорналының 2018ж.№10-11-леріндегі «Әуезев әуезесі» деген мақаладан толық оқуға болады).

Мәселе тек Мырзанда ғана емес, ол қалай болғанда да Гетенің, «ержегейлі алыптың иығына шығып тұрса да, ондай бола алмайды» дегенін түсінетін болар.

Өткен жылы Мұқаң (Шаханов) ауруханада жатыр деп естігесін халін білейін деп қоңырау шалсам, ол аман-саулықтан кейін, «маңызды мәлімдеме жасайын деп жатырмын. Оның ішінде Әуезов т.б. бар» дегенді айтты. Мен, «басқаларды білмеймін, бірақ М. Әуезовті қозғамай-ақ қойыңыз» дедім. Екі-үш күннен кейін Мұқаң қоңырау шалып мәлімдеме туралы өз ойында қалғанын айтты... Сол мәлімдеменің соңы Жазушылар Одағының тарихындағы ең масқара пленумға ұласты.

Жалпы, бұл бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Оған, Мұрат Әуезов ағамыз да «Жас алашта» толыққанды жауап берген. Бірақ, Мұхтар ағамыз (Шаханов), «1980 жылдары Жоғарғы Кеңесте депутат болғанда ҰҚК басшысына барлық архивтерді ашу керек дегенде, ол онда Әуезовтен бастап барлығының абыройы айрандай төгіледі» дегенді негізге алып жүр.

Ұлы жазушының азаматтық ұстанымына байланысты мәселе қайтадан көтеріліп отырғандықтан, оған жауап беруге тура келеді. Мұхтар Әуезов:

* 1920 жылдары Алаш партиясының ең жас мүшелерінің бірі болды және өмірінің соңына дейін сол ұстанымнан айныған жоқ. Ол үшін 1930ж. екі жарым жыл түрмеге отырып, өзі «қателестім...» деп хат жазғаннан кейін босап шықты;

*1933 жылы «Хан Кене» драмалық спекталін жазды (біздің театрлар әлі күнге қойған жоқ);

*1937ж. репрессияның кезінде Мәскеуге кетіп құтылды (Ташкент-Ленинградта аспирантура);

*1938ж. Ахмет Байтұрсынов үшінші рет түрмеге отырып келгеннен кейін Әуезовке, «біз бәріміз кеттік, қазақ әдебиетін саған тапсырдық» деп сеніп, аманат етті;

*1940 жылға дейін оның атын атауға үнсіз тиым салынды;

*1940 жылы «Абай» пьесасы Әуезов пен Соболеваның атынан «Литературная газетада» жарық көріп, сол жылы оны А.Тоқпанов сахналады;

*Соғыс басталғанда Әуезов Қазақстанға оралды;

*1946-47жж Ахматова мен Зощенконы қудалаудан кейін, Алматы атқамінерлері Әуезовтің артына түсті. 1947ж. Қазақстан КП ОК қарар қабылдап, онда, «М.Әуезовтың бурзуазиялық-ұлтшылдық идеологияны насихаттаған антикеңестік әдеби қызметіне тікелей мақсатты түрде сипаттама берілмеді» деп атап өтілді;

*Бұл негізсіз жалаларынан құтылу үшін Әуезов И.Сталинге хат жазды;

*1948ж. «Правда» газетінде көлемді мақала жазып «Манас» эпосын жойылып кетуден құтқарды;

*1948-1950жж. оның алдында тарихшы Бекмахановтың түбіне жеткен Х.Айдарова т.б. Қазақстан Компартиясының қолдауымен М.Әуезовті «Кенесарыны жақтаушы» деп айыптады;

*1952ж. Қаныш Сәтбаев т.б. бір топ зиялылармен бірге Семей атом полигонының ашылуына наразылық білдіргені үшін қуғындалып, Мәскеуге қашып құтылды;

*1957ж. Қазақстан билігінің ықпалымен Жазушылар Одағында М.Әуезовке қарсы ұйымдастырылған шара. Онда Сәбит Мұқанов, Мәлік Габдуллин (Кеңес Одағының батыры) т.б. сөйледі (З.Қабдолов, «Менің Әуезовым» естелік-роман).

Адамзат тарихының ең қиын да қайғылы, адамға қарсы репрессиялық саясат ұстанған қоғамда өмір сүрген Ұлы жазушының өліміне байланысты әлі жауабы табылмаған сұрақтар көп?! Шәкірті Қайым Мұхаметжанов, оның бір себебі «Шымкент қорғасын зауытындағы кездесуден кейін болды» дегенді айтады. Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде зауытқа кездесуге барған Мұхтар Омарханұлы жиналыстағы басшылардың ішінен бір қазақты көрмегесін, басшылыққа ескерту жасайды. Содан кейін көп ұзамай Мәскеуде пышаққа түседі. Оған дейін 1926 жылдан бері Фрунзе, Дзержинскийден бастап мыңдаған тұлғаны «О дүниеге» осылай кетірген болатын. Сонымен бірге 50-ші жылдардағы К.Бәйсейтова мен 1972ж. Ш.Аймановтың Мәскеудегі құпия өлімдері ашылған жоқ (ашылмайтын да болар).

Тағы бір болжам, ол Нобель сыйлығын алған Михаил Шолохов (1957 ж.), Борис Пастернактармен (1963ж.) қатар, сол сыйлықты алатындардың ішінде Мұхтар Әуезовтың тұруы?! Орыстар, өз жазушыларының сол сыйлықты алуына қарсы болмағанымен, қазақтар бар болмысымен және ресми Мәскеу басқа ұлттың бұл сыйлықты алуына қарсы екені белгілі.

Қалай болғанда да, өмірі сергелдеңмен өткен Мұхтар Әуезов ел мен ұлтының болашағы үшін соңғы деміне дейін күресіп өткен ұлы тұлға.

Ал, «Абай жолы» - ол түркі халықтарының әлем өркениеті алдындағы мандаты, әлем классикасындағы ұлы туынды.

Әркімнің өз заманы, өз мақсат-мұраты, өз жолы, өз тағдыры мен бақыты, өзінің шыққан шыңы болады... Сондықтан, аруақпен алыспай, «Аяз би әлін, Құмырсқа (би) жолын білгені» дұрыс болады.

«Біз Әуезовтің шәкіртіміз немесе мен «абайтанушымен» деп бүкіл елге жар салатындардың осындайда көртышқанға айналуы, ол бишара болған қазақ әдебиеті мен әдеби сынының трагедиясы.

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

 

 

 

70 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402