Бейсенбі, 3 Қазан 2024
3193 7 пікір 13 Маусым, 2019 сағат 16:37

Жалпыұлттық коалиция Президент айтқан жаңа бағыттарға қолдау білдірді

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев анықтап берген ел дамуының нақты бағыттары мен алдымызға қойған жаңа міндеттеріне қолдау білдірді.

Коалиция отырысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы атап көрсеткен билік пен қоғамның алдында тұрған ең негізгі мақсаттарға тоқталып өтті.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағдары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалғастыру, жауапты сыртқы саясат, жастарға жан-жақты қолдау көрсету сияқты ел дамуының нақты бағыттарын атап көрсетті. Олардың жүзеге асырылуы халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикалық және саяси жүйеміздің дамуына тың серпін береді, – деді ол.

Мәулен Әшімбаев Коалицияның алғаш құрылған күннен бастап жалпыұлттық диалогқа қатысты бастамаларды қолдап келе жатқанын және аталған алаңның қазірдің өзінде тиімді диалог пен түрлі саяси күштердің өзара қарым-қатынасының моделіне айналып үлгергенін айтты.

– Миллиондаған қазақстандықтардың пікірі мен көзқарасын білдіретін Демократиялық күштердің Жалпыұлттық Коалициясы осындай маңызды кезеңде Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Президентіміздің елдің алдына қойып отырған мақсаттарға қол жеткізуіне өзінің сомды үлесін қосу үшін жұмыс істейді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырысқа елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысып, пікір білдірді.

Іс-шара соңында барша қазақстандықтарды ынтымаққа, бірлікке, қоғамдық-саяси күштерді сайлаудан кейінгі кезеңде еліміздің стратегиялық мақсаттары жолында бірігуге, Қазақстан Президентінің ел дамуының өзекті мәселелеріне қатысты билік пен азаматтық қоғам арасында тұрақты және конструктивті диалог құру бастамасын қолдауға шақырған Үндеу қабылданды.

Abai.kz

7 пікір