Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 4363 2 пікір 21 Маусым, 2019 сағат 16:59

Президенттің сайлауалды тұғырнамасы дұрыс жүзеге асатынына күмәнім жоқ

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды тұғырнамасын орындау туралы жоспарды бекітті. Біз аталған жоспар туралы сарапшы Әнуар Шотбай мырзаның ойын білген едік...

- Президент Қ.Жомарт Тоқаев кеше сайлауалды уәделерін орындау туралы жоспарды бекітті. Сіз бұл қадамнан не күтесіз?

- Ең алдымен, президент Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру жоспарын азаматтардан келіп түскен ұсыныстармен біріктіріп, үйлестіре отыра, елді алаңдатқан мәселелермен өзінің жүргізетін саясатын барынша қамтамасыз етуге тырысқаның атап өту қажет. Әр облыстан келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жүйелеп, сараптау да біршама уақыт алғанын көріп тұрмыз. Соның негізінде нақты іс-қимыл жоспарын бекіту туралы жарлық шықты. Жоспарды жүзеге асырудың нақты мерзімі мен жауаптылар көрсетілген. Бұл жарлық - бағдарламалы мазмұнды жоспар, нақты әрекет құжаты. Сондықтан, оның орындалуын бақылауда ұстайтын президент әкімшілігімен бірге азаматтық қоғам өкілдері де оны жүзеге асыруды қадағалау керек деп ойлаймын. Бізде біраз жақсы-жақсы жоспарлар, бағдарламалар бекітіліп, жарияланып, бірақ орындалмай қалғаны белгілі. Оны жүзеге асырушылардың өздері де мойындап жатты. Десек те, бұл жарлықтың орны бөлек. Бұл жаңа президенттің сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру жоспары. Оны белгіленген мерзімде және нәтижелі орындалуы жаңа әкімшіліктің потенциалының да көрсеткіші болмақ.

Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлының президент қызметіне кіріскенінен бастап сараласақ,  президенттің табандылығы мен нақты жұмысқа деген ұмтылысы айқын көрінеді. Сондықтан, бұл жоспар мейлінше дұрыс жүзеге асатынына күдіктен гөрі үміт басым.

- Аталған жоспарда сот жүйесін жетілдіру, полиция қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту секілді бірқатар шаралар қолға алынатынын айтты. Бұл біздегі құқық қорғау органдарының жұмысына серпін бере ала ма?

- Әрине, бірақ Сіз атап өткен «сот жүйесін жетілдіруде, полиция қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту» бұл жерде басты фактор. Сот жүйесін жетілдірмеу керек, оны түбегейлі өзгерту керек. Бірақ, басқа елдердегі тәжірибе көрсеткендей, сот жүйесін реформалау көптеген реформаторлардың қолынан келе алмаған. Бұл қиын, ұзақ уақытты талап ететін жүйелі жұмыс. Президент бекіткен жоспар бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қойылатын жаңа талаптар, полициядағы жаппай кадрлық өзгерістерге алып келуі мүмкін. Жас, жемқорлыққа батпаған жаңа адамдарды конкурс арқылы, кепілденген әлеуметтік пакетпен, жоғары айлықпен полицияға алып келу арқылы ғана полицияда принциптік өзгерістер басталады деген тұжырымды қолдаймын. Осы бағыттағы өзгерістер қоғам белсенділігінің артуымен бірге келе жатқан сынайлы. Сондықтан құқық қорғау органдарын реформалауға билік пен қоғам мүдделі, бастысы бірлесіп жұмыс істеу қажет.

- Сіздің ойыңызша, Тоқаев мырзаның жоспары еліміздегі әлеуметтік мәселелердің шешімін таба ала ма?

- Президент елімізде болған соңғы наразылық акцияларын әлеуметтік мәселемен байланыстырды. Онымен келісуге болады. Өйткені бізде шешілмей жатқан әлеуметтік проблеманың бірін көпбалалы аналардың наразылығы арқылы көре аламыз. Оны Президент жақында euronews ке берген сұхбатында да айтты.

Екіншіден, қазіргі бүкіл дамыған, өркениетті елдердің барлығы конституцияда өздерін әлеуметтік мемлекет деп көрсетеді. Қазақстан да солай. Бірақ, конституцияда жазылу бар да, оны орындау бар. Бізде сол жағынан өкінішке қарай мәселелер бар. Сондықтан президенттің жарлығындағы жоспар нақты жүзеге асуы тиіс. Оған менің күмәнім жоқ. Себебі, бізде соңғы кезде әлеуметтік наразылықтар көбейіп жатыр. Сондықтан бұл жерде қоғамнан талап бар, билік жағынан сол талаптарға ұсынылған шешімдер бар.

Сондай-ақ, “Бірге” жалпыұлттық акциясын - жалпыұлттық сауалнама деп атаған дұрыс деп ойлаймын. Ол президенттің сайлауалды тұғырнамасымен де ұштасып тұр. Олар әуелі әлеуметтік сауалнама жүргізіп, соның нәтижесінде осындай проблемаларды анықтады.  Әрине, мұның орындалуын Президент әкімішілігі қадағалайды. Сонымен бірге мұны азаматтық қоғам өкілдері де қадағалау керек деп ойлаймын.

Жалпы, мен айтып өткен сауалнама нәтижесінде билік пен қоғамның арасындағы жаңа әлеуметтік келісім шарт  пайда болуы мүмкін.

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371