Сол жағалауда көпқабатты үйдің іргетасы қаланды
21 маусым күні Қызылордада Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 40 пәтерлі үйдің іргетасы қаланды, бұл – сол жағалауда салынатын 3 жаңа шағын ауданның алғашқы көпқабатты үйі, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сол жағалауда салынған шағын ауданның 70 пайызға жуық пәтер иесі қоныстанып үлгергенін жеткізді.
– Бүгін біз сол жағалаудағы жаңа үш шағын ауданның алғашқы үйін салуға кірісудеміз. Жыл соңына дейін мұнда 2466 пәтерлік 53 үй салынады. Жалпы, соңғы 6 жылда аймақта 361 көпқабатты үй немесе 7000 пәтер салынды. Оның ішінде 600 астам пәтерді бұрынғы апатты үйлердің тұрғындары алды. Қызылорда облысы – апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесін толық шешкен Қазақстандағы бірден-бір аймақ, - деді аймақ басшысы.
Сыр өңірінде жыл сайын құрылыс жұмыстарының көлемі артып келеді. Айталық, соңғы 5 жылың ішінде бас шаһарда 4 мың пәтерлік 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілген. Алдағы уақытта республикалық бюджет есебінен 320 орындық балабақша мен 600 орындық мектеп және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 орындық емхана салу жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылордада Сырдария өзенінің сол жағалауындағы құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталған болатын. Былтыр жаңа қалада жеке инвесторлар қаражаты есебінен салынған 14 көпқабатты тұрғын үй және "Рухани жаңғыру" орталығы мен 320 орындық балабақша пайдалануға берілді. Ал биыл "Болашақ" университеті кампусы мен Жастар орталығының құрылысы тамамдалды.
Жалпы, соңғы 6 жылда облыста 3 млн шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді. Облыс орталығында 2013-2018 жылдары 15 жаңа шағын аудан салынған.
Abai.kz