Сейсенбі, 26 Қараша 2024
3383 0 пікір 27 Маусым, 2019 сағат 10:32

ІІМ Арыстың "350 тұрғыны жоғалғаны" жайлы хабарды терістеді

Қазақстан ішкі істер министрлігі 26 маусымда таратқан мәлімдемесінде дүйсенбі күні әскери қоймадағы өрт пен жарылыстан соң "Арыс қаласының 350 тұрғыны хабар-ошарсыз кеткен" деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Қаланың (Арыс – ред.) барлық тұрғындары эвакуацияланды және із-түссіз жоғалғандар жоқ" делінген ресми хабарламада. ІІМ тұрғындарды әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджері арқылы таралатын "жалған ақпаратқа сенбеуге" шақырып, ондай хабар таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерткен.

Бұған дейін жергілікті кей басылымдар Шымкенттегі төтенше жағдай қызметіне сілтеме жасап, Арыстағы жарылыстардан кейін "350-ден астам адамның табылмай жатқаны" туралы хабар таратқан еді. ІІМ оны теріске шығарғаннан кейін, сәрсенбі күні осы хабарды көшіріп басқан он шақты басылымның өз сайтынан ол ақпаратты алып тастағаны жайлы ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

Дүйсенбі күні таңертең әскери қоймада жарылыстар басталғаннан кейін 43 мыңнан астам адам тұратын Арыс қаласынан ондаған мың тұрғын Шымкент пен басқа да елдімекендерге кетуге мәжбүр болған. Биліктің дерегінше, 39 мың адам өз бетімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Үш мыңнан астам адам Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен. Олардың көпшілігі туған-туысын сағалап кеткен.

26 маусым күні Қазақстан қорғаныс министрлігі Арыстағы жарылыс кезінде жараланған тағы бір әскери қызметкердің сейсенбіде ауруханада қайтыс болғанын хабарлады. Бұған дейін билік Арыстағы жарылыстар салдарынан бір әскери мен көлігіне снаряд түскен бір тұрғынның қаза болғаны туралы ақпарат таратқан еді.

25 маусымда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі жарылыстан соң он бес адамның (төртеуі - бала) жан сақтау бөліміне жатқызылғанын, тоғыз адамның халі ауыр екенін хабарлаған. Ресми мәлімет бойынша, барлығы 165 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Оның 89-ы ауруханада жатыр.

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Түркістан облысы әкімдігі аймақта төтенше жағдай жариялады. Қазір Арыс қаласына кіруге тыйым салынған. Билік "қауіптің әлі сейілмегенін, қалада саперлер командасы жұмыс істеп жатқанын" хабарлаған.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6020