Лингвистикадағы жаңа леп
Үстіміздегі жылдың 14 маусымындағы санында «International Herald Tribune» газеті Америкадағы Чикаго университетінің баспасынан осыдан 2000 жыл бұрын қолданыстан шығып, өлі тілдерге айналған байырғы Месопотамия тілдерінің 21 томдық сөздігінің жарық көргендігі туралы әлемді елең еткізер ақпарат таратты. Толықтай құрастырып шығаруға тоқсан жыл уақыт жұмсалған байырғы Месопотамия, Вавилон және Ассирия диалектілерінің 21 томдық бұл сөздігі - қыштан жасалған таблицалар мен тас бетіне ойып салған сына жазуларды ғалымдардың соңғы екі ғасыр бойы жан-жақты зерттеп-зерделеуінің нәтижесінде дүниеге келген туынды. Ақпарат көзінің авторы Джон Уилфорд: "Бұл тілдер - б.з. бұрынғы XXYI ғасырда әлемдегі алғашқы империяға билік еткен Аккад патшасы - Ұлы Саргон сөйлеген тілдер. Бұл тілдерді сонымен қатар б.з. 1700 жыл бұрын ойластырылған заң баптарын жария еткен Хаммураби де қолданған. Әлем әдебиетінің ең шоқтығы биік туындысы «Гильгамеш» атты эпикалық шығарма да осы тілдерде жазылған. Туған жерін сағынып, егілген жұбайын жұбатпақ болып, оған Вавилонда аспалы бақтар салдырып беруге уәде қылған Навуходонсор да осы тілдерде сөйлеген" дейді.
Үстіміздегі жылдың 14 маусымындағы санында «International Herald Tribune» газеті Америкадағы Чикаго университетінің баспасынан осыдан 2000 жыл бұрын қолданыстан шығып, өлі тілдерге айналған байырғы Месопотамия тілдерінің 21 томдық сөздігінің жарық көргендігі туралы әлемді елең еткізер ақпарат таратты. Толықтай құрастырып шығаруға тоқсан жыл уақыт жұмсалған байырғы Месопотамия, Вавилон және Ассирия диалектілерінің 21 томдық бұл сөздігі - қыштан жасалған таблицалар мен тас бетіне ойып салған сына жазуларды ғалымдардың соңғы екі ғасыр бойы жан-жақты зерттеп-зерделеуінің нәтижесінде дүниеге келген туынды. Ақпарат көзінің авторы Джон Уилфорд: "Бұл тілдер - б.з. бұрынғы XXYI ғасырда әлемдегі алғашқы империяға билік еткен Аккад патшасы - Ұлы Саргон сөйлеген тілдер. Бұл тілдерді сонымен қатар б.з. 1700 жыл бұрын ойластырылған заң баптарын жария еткен Хаммураби де қолданған. Әлем әдебиетінің ең шоқтығы биік туындысы «Гильгамеш» атты эпикалық шығарма да осы тілдерде жазылған. Туған жерін сағынып, егілген жұбайын жұбатпақ болып, оған Вавилонда аспалы бақтар салдырып беруге уәде қылған Навуходонсор да осы тілдерде сөйлеген" дейді.
Ғылыми тұжырымдарға қарағанда, бұл тілдердің қолданылу аясы өте кең болған. Өндіріс кәсіпкерлері де, ирригациямен шұғылданатын мамандар да, өңделген астық өнімдерін кемемен тасымалдайтын саудагерлер де, тіпті астрологтар да, қала берді, шипалы дәрі-дәрмектердің рецептерін жазып беретін дәрігерлер де осы тілдерді пайдаланған.
Жақында ғана осы тақырыпқа арналған ғылыми конференцияға қатысқан тарихшылар, археологтар және байырғы Семит тілдерінің мамандары аталмыш сөздікке өте жоғары баға беріпті. Мәселен, Чикаго университеті Шығыстану институтының директоры Гил Штайн: "Бұл сөздік Месопотамия өркениетін зерттеумен айналысатын әр ғалым үшін баға жетпес құрал болып табылады"депті. Сондай-ақ тағы бір ғалым, Джонз Хопкинз университеті Семит тілдері кафедрасының Құрметті профессоры әрі өз зерттеулерін 1960 жылдардан бері аталмыш сөздікке негіздей жүргізіп келе жатқан Джеррольд Купер бұл еңбекті таптырмайтын құндылық дей келіп: "Бұл сөздік б.з. 5000 жыл бұрын Месопотамияны мекендеген шумерлердің сына жазуларын зерттеуге үлкен жол ашады" деп баға береді.
Демек, бұл лингвистикалық туынды байырғы замандарда Тигр мен Евфрат өзендерінің қойнауында бой көтерген қала-мемлекеттердің, яғни бүгінгі Ирак және Сирия жерінің біраз аймағын қамтыған ұлы өркениеттің жазу жүйесінің 2000 жылды артқа тастап, қайта түлеуінің басы болмақ. 28000 сөзден тұратын әрі олардың сан қилы мағыналары мен бояуларын толық ашқан аталмыш сөздік б.з. бұрынғы 2500 жылдар мен б.з. 100 жылдар аралығын қамтиды.
Бірақ терең зерттеу жұмысына өзек болған бұл сөздіктің "Чикагода басылған Ассирия тілінің сөздігі" ("Chicago Assyrian Dictionary") деген атауында үлкен жаңсақтық бар. Өйткені бұл жобаны 1921 жылы Чикаго университетінің Шығыстану институтының негізін қалаған Джеймс Генри Брестед (James Henry Breasted) қолға алған кезде жинақталған жазба материалдардың көпшілігі байырғы Ассирия патшаларына тән мұра деген пікір қалыптасқан болатын. Оның үстіне Библияда көрсетілген кейбір сілтемелерде де "Ассириялық" деген термин байырғы Семит тілдерінің синонимі секілді әсер қалдырады. Ал, шындап келгенде, әңгімеге арқау болып отырған ең негізгі тіл - байырғы Аккад тілі.
Бұл ғажайып туындының құрамына кіретін сөздер мен олардың анықтамасын беретін жай ғана глоссари ретінде қарастырғаннан гөрі одан әлдеқайда ауқымы кең энциклопедиялық ғылыми еңбек деп бағалаған лазым. Бұлай деуге толық негіз бар. Өйткені көп мағыналы сөздердің барлығының дерлік семантикалық астары мәдениетпен, тарихпен, әдебиетпен, заңдармен, дінмен, сауда-саттықпен және күнделікті дәстүрлі өмір салтына қатысты нақты деректермен жан-жақты ашылып отырады. Мысалы, "күн" деген ұғымды білдіретін "umu" деген сөзге 17 бет арналыпты.
Немесе басқа мысал, аталмыш ақпаратта "құл" деген ұғымды білдіретін "ardu" деген сөздің мағыналық аясын ашу үшін сол байырғы заманда қалыптасқан өркениетке тән құл иеленушілік үрдісті бүге-шігесіне дейін сипаттайтын өте ауқымды материал келтірілгені байқалады. Сол дәуірдегі қоғам өмірінде ерекше орны болған көп мағыналы сөздердің бірі - "kalu" деген етістік. Бұл сөз әртүрлі контекстерде әртүрлі мәнге ие болып, кейде "бөгет болу" (detain), кейде "кешігу" (delay), кейде "кідіре тұру" (hold back), кейде "тұтқында ұстау" (keep in custody), кейде "сөзді бөлу" (interrupt) немесе өзгеше құбылатыны жан-жақты сипатталған. "Di nu" деген сөз тіркесіне қатысты жоғарыда аты аталған ғалым Купер былай дейді: "Кейде бұл сөз "сотта қаралатын істі" (a leagal case or lawsuit) білдірсе, кейде "вердикт"(a verdict), ал кейде "шешім" (judgement), ал енді бірде жалпы "заң" (law) деген ұғымды білдіреді". Ал Чикаго университетінің Гуманитарлық факультетінің деканы әрі осы жобамен 1979 жылдан бері айналысып, аталған сөздіктің жауапты редакторы ретінде 1996 жылдан бері қызмет істеп келе жатқан профессор Марта Т. Рот (Martha T. Roth): "Әрбір термин немесе әрбір сөз мәдениеттің терезесі іспеттес" дей келіп, "толыққанды сөздік болашақ ғылыми жұмыстарға баспалдақ болады, сондықтан соңғы нүктені мен қойдым деуге болмайды"деген пікір білдірген.
Сөздік жобасы басталған сәтте Чикаго университетінің шығыстану факультетінің негізін қалаған ғалым Джемс Брестед бұл сөздік те сол кезде басылып жатқан ағылшын тілінің Оксфорд сөздігі сияқты алты томға әрі жиырма-отыз жылға жүк болар деп ойласа керек. Алайда нақты жұмыс басталып кеткен кезде сөздіктің негізін құрайтын әрі әрбір сөздің мағыналық аясын ашатын картотекалардың ұзын саны екі миллионнан асып жығылған екен. Сондықтан машақаты ұшан-теңіз бұл жұмысқа тек профессорлар ғана емес, сонымен қатар университеттің соңғы курстарының студенттері де, ғылыми қызметкерлер де, магистранттар мен докторанттар да қоса тартылады. Оның үстіне үздіксіз жүргізіліп келе жатқан археологиялық жұмыстардың нәтижесінде табылған жаңа лингвистикалық деректер мен айғақтар да айналымға бірден енгізіліп отырған. Бір сөзбен айтқанда, бір ғасырға жуық уақытқа созылған бұл алпауыт жұмыстың о баста шегі жоқтай болып көрінгенмен, үстіміздегі жылы ұлы жобаның соңғы нүктесі қойылыпты.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сөздік жобасының жұмысы қайта жанданып, жаңаша ұйымдастырылады. Сөйтіп, энциклопедиялық туындының бірінші томы 1956 жылы жарық көреді. Алғашында әлемге аты әйгілі ғалым А.Л.Опенгеймнің пәрменді басшылығының арқасында, кейін одан кейін басшылық тізгінін ұстаған Эрика Райнер мен жоғарыда аталған профессор Рот жалғастырған ірі жұмыс өте нәтижелі болып, бас-аяғы 55 жыл ішінде, сөздіктің және 20 томы басылып шығады. Ал қазір оқырман қауымның қолына энциклопедиялық туындының 21 томдық толық нұсқасы ұсынылып отыр.
Бірден атап айту керек, бұл туынды Семит тобына жататын, осыдан 2000 жыл бұрын айналымда болған, бірақ содан соң Месопотамия өркениетінің күйреуімен байланысты өлі тілдерге айналып кеткен Ассирия, Аккад және Вавилон тілдерін қайта тірілткендей әсер қалдырады. Бұл сөздіктің жарыққа шығуы лингвистика ғылымының жаңа арнасын ашатыны сөзсіз. Себебі осы уақытқа дейін басы ашылмай келе жатқан: "қай тіл қай тілмен тамырлас немесе туыстас?" деген жауабы әлі табылмай жүрген сұрақтың түйіндерін шешуге бұл туындының көмегі аз болмайтыны дау туғызбайды. Мәселен, бүгінгі таңда Шумер тілі мен түркі тілдеріне тән ондаған параллельдерді кездестіруге болады:
Шумер - Түркі (Қазақ)
gadun - Һatun (қатын)
Gik-Anu - Gok ana (Көк Ана)
tammuzi - temmuz (тамыз)
altun - altin (алтын)
tengiz - deniz (теңіз)
En-gur-ra - Ankara (Анкара)
anu - ana (ана)
tavga - damga (тамға)
me-en - men-ben (мен)
agil - akil (ақыл)
bar - var (бар)
aga - aga (аға)
kes-da - kesmek (кесу)
et - et (ет)
sin - sin(e) (сен)
karra - kara (қара)
bira - bira (сыра) т.с.с. (ғаламтордан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.)
Енді, міне, жоғарыда аталған энциклопедиялық сөздікті мұқият зерттеп, сүзіп шығатын болсақ, бүгінге дейін шешуі табылмай жүрген көптеген лингвистикалық жұмбақтардың сырын ашуға үлкен мүмкіндіктер туатыны талас тудырмаса керек. Ендеше, «талапты ерге нұр жауар» демекші, әртүрлі саланың ғалымдары мен жас талапкерлері мен ізденушілеріне сәттілік тілеудің реті келіп-ақ тұр.
http://anatili.kz/?p=6798#more-6798