Өтепберген Әлімгереев…Зейнолла деген атым қалса жарайды деуші еді
Туған елдің дүр тұлғаларының бірі, айтулы әдебиетші, мемлекеттік және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, республикаға еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Серікқалиевтің бұл дүниеден өткеніне де жеті жылдан астам уақыт болды. Артында мол әдеби мұрасы қалды. Оның қазіргі жай-күйі қандай? Көзі тірісіндегі тірлігі, әдеби орта, үй тұрмысына араласы қалай еді, жұмыс істеу ерекшелігі ше?
Міне, біз осындай сұрақтарды оның жары, белгілі ғалым Майра Сатыбалдиеваға қойған болатынбыз.
- Зекеңнің дүниеден өткеніне де біршама уақыт болыпты. Осы кезеңде ол кісінің әдеби мұрасын жүйелеп, зерделеуде қандай іс-әрекеттер жасалынды?
- Ол ауырарының алдында ғана «Арыс» баспасына сын кітабын тапсырған-ды. Бірақ оның жеке жинақ болып шыққанын көре алмады. Одан соң өзінің соңғы мезгілде қызмет еткен «Раритет» баспасы оның мемлекеттік сыйлық алған «Алтын жамбы» деп аталатын сын кітабын Зи-наида Яковловна Кимнің аудармасымен «Золотая эмблема» деген атпен орыс тілінде жа-риялады.
Туған елдің дүр тұлғаларының бірі, айтулы әдебиетші, мемлекеттік және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, республикаға еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Серікқалиевтің бұл дүниеден өткеніне де жеті жылдан астам уақыт болды. Артында мол әдеби мұрасы қалды. Оның қазіргі жай-күйі қандай? Көзі тірісіндегі тірлігі, әдеби орта, үй тұрмысына араласы қалай еді, жұмыс істеу ерекшелігі ше?
Міне, біз осындай сұрақтарды оның жары, белгілі ғалым Майра Сатыбалдиеваға қойған болатынбыз.
- Зекеңнің дүниеден өткеніне де біршама уақыт болыпты. Осы кезеңде ол кісінің әдеби мұрасын жүйелеп, зерделеуде қандай іс-әрекеттер жасалынды?
- Ол ауырарының алдында ғана «Арыс» баспасына сын кітабын тапсырған-ды. Бірақ оның жеке жинақ болып шыққанын көре алмады. Одан соң өзінің соңғы мезгілде қызмет еткен «Раритет» баспасы оның мемлекеттік сыйлық алған «Алтын жамбы» деп аталатын сын кітабын Зи-наида Яковловна Кимнің аудармасымен «Золотая эмблема» деген атпен орыс тілінде жа-риялады.
«Зейнолланың 70 жылдығына орай әуелі үш томдығын, одан соң сегіз томдығын шығарамыз» деген әңгіме болып, осыған орай досы Зұлқарнай Сахиев біраз тер төкті. Бірақ түрлі себептер болды ма, қайдам, әйтеуір әңгіме соңы «қой, болды»-ға ауысты. Қазірде «Раритет» баспасы үш томдығын шығарамыз деген пиғылда жүрген сияқты. Басқа еш өзгеріс жоқ.
- Зекең мұрағатында бұрын еш жерде жарияланбаған қолжазбалары бар ма еді?
- Шынымды айтсам, мен оның мұрағатына дендеп кірісіп, әр дүниесін парақтаған ештеңем жоқ. Әйтсе де онда жарияланбаған дүниелер аз сияқты. Зекең өз ісіне асқан ұқыпты еді ғой. Әрбір жаңа дүниесін дер кезінде бас-тырып, түрлі басылымдарға жөнелтіп отыратын және әр материалының жарық көруін қадағалайтын. Әйтсе де үйде белін буған қағаздары көп. Дидар Амантай, Әлия Бөпежанова сияқты достары «қағаздарын қарайық, реттейік» деп, қайта-қайта мазалап жүр. Келіп жатса, көреді. Ненің бар, ненің жоғын нақтылайды ғой.
Ал өзіме салса, Зейнекеңнен біраз нәрсе қалған сияқты болады да тұрады. Үйде бума-бума түйіншектер баршылық. Кезінде: «Осылардың бәрін не істейміз, мынау сарғайған газет қиындылары неге керек?» - дегенімде, ол сәл ғана жымиған қалпы: «Аз уақыт шыда, бәріне де кезек келеді», - деуші еді. Енді, міне, арамызда ол жақ. Әлгі қағаздарды ақтару, іріктеудің кезегі бізге де жеткен сияқты. Бірақ арада қанша уақыт өтті, әлі де сол баяғы «қол тимейді» деген дәлел бар.
- Ол кісі тәуліктің қай шағында жұмыс істегенді жақсы көруші еді?
- Алдымен айтарым, Зейнолла шығармашылық демалыс алып, айлап жазу үстеліне байланып көрген жоқ. Ұдайы қызметте жүрді. Ол тәуліктің күндізгі сегіз сағатында еңбек заңына сай жұмыста болады. Содан соң үйге келе сала тамағын ішеді де, бірден ұйқыға кетеді. Түнгі сағат 12-1-лерде тұрып ап, жазу-сызуына көшеді. Сағат таңғы 4-5-терде қайтадан жата қалып, 8-дерде жұмысына кететін.
- Кезекті еңбек демалысын қалай пайдаланатын? Бір жақтарға барушы ма еді?
- Әр түрлі. Кейде Қап тауына жолдама алып, жазушылардың шығармашылық үйлерінде демалатын. Араға 2-3 жыл салып, өзінің туған ауылы Ганюшкинге барып, апа-қарындасы, туыстарына қыдыратын. Онда да ағайынға деген сәлемі 3-4 күннен әрі аспай, қайтадан жазу үстеліне таңылатын. Ол ұзақ жазғанды жақсы көретін, бар өмірі кітап оқу, жазумен өтті ғой.
Жазудан қолы босаса, жаяу жүргенді, тауға көтеріліп, қыдырғанды қалайтын. Абай мен Жамбылдың, Қаныш пен Ғабиттың мерейтойларына орай өткізілген 100-150 шақырымдық жаяу жүрістерге қатысты. Махамбеттің 200 жылдығына орай Атырау - Қараой бағытындағы жүріске осыншалықты қатысқысы келген. Бірақ меңдеген ауру мүмкіндік бермеді.
Ол сол ауырып жүргенінде біраз қаламгер боп Меккеге қажылыққа барды. Әйтсе де өте шаршап, көңілі пәс болып қайтты. Зекең - табиғатында ақтарылып, сыр ашуға жоқ, томаға тұйық жан. Бірақ сол сапардан оралғанда: «Меккеге адам көп барады екен. Дегенмен бәрі бірдей құдайға құлшылық құрып, пайғамбарға деген сеніммен емес, әншейін дақпырт, байлық шашуға құмар сияқты. Шынайы сезім, жүрек тазалығы жоқ. Мен көргеннің көбі құдайсыз, жеке бастың жалған мәртебесін іздегендер. Тегінде олар өте қауіпті», - дегені бар.
- Зейнолла ағаның адам ретіндегі қандай ерекшеліктерін айтар едіңіз?
- Ол пенде болып біреуді жамандамайтын. Жақсы көргенін де, ұнатпағанын да көп сездірмейтін. Бір сөзбен айтқанда, онда жанымен ақтарылып, жүрегін жалаңаштау деген жоқ. Әйтсе де үйге біреу кеп, қонақ болса, құрақ ұшып, аяғының ұшымен жүретін. Кең отырып, әңгімелескенді қалайтын. Онда адамды хан деп, қара деп бөлу жоқ, жүрегі қалай қабылдаса, солай сыйлайтын. Бірақ маған «үйге келген қай қонақты да жайраңдап қабылдап, жақсы дәм ұсын, күлімдеп шығарып сал» деп ескертіп отыратын. Ал екеуара отырғанда, ол ешкімді жамандыққа қимайтын. Өз басым оның барлық көңіл күйін тек көзінен ғана ұғатынмын. Оның көзі ештеңені жасырып көрген жоқ.
- Ол кісі үй ішінде қазан-ошаққа араласып, қолына пышақ, ожау ұстайтын ба еді?
- Жоқ, ондаймен ісі болмайтын. Кейде мен ұзақ іссапарға кетіп бара жатсам, күнделікті жейтін тағамын әзірлеп, тек жылыта қоятындай қалыпта қалдырып кетсем, қайтып оралғанда әлгілердің үстінен аз-мұз шұқығаны болмаса, ешбірінің мұртын бұзбайтынын көретінмін. Керек десеңіз, дүкендердегі нанның, сүттің бағасы, өзіне қажетті көйлектің мөлшерін де білмейтін. Әкелсең - киеді, дайындасаң - ішеді, жейді, қалғаны - жазу ғана. Содан соң күнделікті жұмысын білетін.
Бірде базар аралап жүрсек, біреулердің саудаласып, керілдескенін тұра қап, тыңдап тұр. Мен бұл неге қызығып кетті екен деп: «Немене, әлгі затты сенің де алғың келіп кетті ме?» - десем, «Жоға, үп-үлкен адамдардың түкке тұрмайтын бірдеңе үшін өңеш созып, саудаласқаны қызық та», - деп мәз болады.
Тағы бірде жұмыстан оралсам, «Майра-ау, мен бір керемет бал алып қойдым, дәмі тамаша!» дегені. Мен бір ыңғайсыздықтың болғанын байқадым да: «Оныңды қайдан алдың?» - деп едім, «Үйге әкелді», - дейді.
«Татып көрдің бе?» - деймін мен.
«Неге татам, өзі үйге әкеліп тұр емес пе?»
Мен үндемедім.
Сөйтсе, секер қосып, қоймалжыңданған сироп екен. Осыны айтқанымда ол:
«Жақсы, өзім өз болғалы алған дәмім ғой. Қажет болса, бір жыл жаласам да, тауысармын», - деп, ренжіп қалды. Мен жуып-шайдым. «Дүниенің бәрі сен сияқты тек адалдар ғана емес, арамза, өтірікшілер де бар. Сондықтан бұл жалған алдау мен алданудан да тұрады», - деп едім, ол: «Тірлікте тәтті де бар, ащы да аз емес», - деп қосып қойды.
- Ол өзінің қазақ әдебиетінде тірі Белинский екенін білетін бе еді?
- Білетін. Бірақ оны қызметінде пайдаланбайтын. Ол өмірде (әдебиетте) айтам дегенін айтты. Зейнолланың айтқаны көбіне соңғы сөз болатын. Оның ғылыми ізденістерінің біразы дүниеден өткен классиктер туындыларын талдау, бүгінгінің көзқарасымен баға беру, саралау болып келетін. Әрбір ізденісін аяқтаған сайын, сонысына қуанып, шаттанатын.
Бір қарағанда, оның әдебиеттегі тұстастары ылғи бір тұлғалы, түрлі жанрдың алыптары болатын. Олар өздері жайлы Зейнолланың зерделеп, жазғанын қалайтын. Тіпті кейбірі мұның мойнын бұрмағанына ренжіп: «Сен ылғи да әдебиеттің өлген алыптары туралы жазасың. Сонда сенің бізді жазуың үшін өлуіміз керек пе?» - деп қағытатын.
- Сіз қалай ойлайсыз, ол неге ғылым докторы болмады?
- Кезінде бұл сұрақты көп адам өзіне де қоятын. Сонда ол жауап бермей, берсе де: «Атағы дардай болса да, аты шықпаған, заты жоқ, әділ сөзден ада, жағымпаз докторлар көбейіп кетті. Солардың арасында өзім кетіп қалмайыншы деп қаймығам», - дейтін. Бірақ ол талай қорғаушыларға оппонент болды. Сонда олар көптеген доктордан кандидат Зейнекеңнің түйіндеген ойын дұрыс және әділ деп отыратын.
Әсіресе жастарға қол ұшын көбірек бергенді жақсы көретін және бір ерекшелігі - әдеби өңдеу, реценция беруде тек құтылу үшін емес, барын салып, әр істі ықыласымен істейтін.
Ол өмірде көбіне өзінікі емес, өзгенің шаруасымен әуре болып жүретін. Ал әлгіндей ғылыми атақ жөнінде айта қалсаң: «Менің адамдар арасында академик атағым емес, тек Зейнолла Серікқалиев деген атым қалса жарайды», - дейтін.
Осы арада бір сырды ашсам, мен оның әйелімін ғой, соған сай бүйрегім оған көбірек бұратын да шығар, талай ғылыми кеңес, қорғауларда оның мінберге көтерілуінің өзі үлкен бедел, шынайы баға еді ғой. Онысын ешуақытта бұлдап та көрген жоқ, бұлдамайтын да. Ешқашан сыр ашып, өзіне айтылған небір жылы сөзді үйге айтып келмейтін.
- Әдебиетшілер арасында оны жақсы көрмейтін қаламгер жоққа тән. Бірақ ол кісінің шын достары кімдер еді?
- Ол рас, Зейнолланың жора-жолдасы көп еді. Бәрімен де сәлемі түзу, жақсы қарым-қатынаста болатын. Тәжікелесіп, бет жыртысқан бірі жоқ. Бірақ ол өз құрдастарына асқан құрметпен қарайтын. Тіпті олардың кейбір оғаш қылықтарын да жоққа шығарып отырушы еді. Ағаларына да тілекші. Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Әбу атамыз, оның қызы Райхан апай, Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Сүлейменовтерге деген сүйіспеншілігі жоғары болды. Олардың жұбайлары, ағайын-туыстарымен араласы үзілмейтін. Әсіресе Асқардың анасы Айтолыны өз анасындай сыйлайтын. Асқардың туған, қайтқан күндерінде апайға міндетті түрде әдейілеп сәлем беріп, әңгімесін тыңдайтын, досын еске алатын.
Өзі қайтыс боларының алдында Айтолыға қалайда бір сәлем бергенді қалады. Бірақ меңдеген ауру төсегінен тұрғызбады. Тұра алмайтынын білді. Сосын маған: «Майра, сен Айтолыға бар, сәлем бер! Асқардың туған күнімен (29 желтоқсан) құттықтап, «жүзге жетіңіз!» деп тілеу тіле, «қырықтың бірі - қыдыр, біз жетпесек те, ол жетер», - деді. Мен айтқанын орындадым.
Әлгінде айтқан Райхан апай екеуі қатты дос болатын. Анда-санда ол кісі: «Зейнолла, ас салып қойдым, келіп жеп кетіңдер», - деп телефон шалатын. Сосын екеуі мәз болып, ұзақ-ұзақ әңгімелесуші еді.
Сол сияқты Жұмекен аға үйіндегі Нәсіп жеңгеміз де Зейнолла қайтыс болғанда: «Жұмекенім өлгенмен, оны өлтірмейтін Зейноллам бар деуші едім. Енді кімге үміт артамыз? Менің Жұмекенім шынымен де өлген екен ғой, бұдан былай ол жоқ бізге», - деп еңірегенде, етегі жасқа толған.
- Ол кісі ауруды қалай қабылдады? Қорқақ па еді?
- Зейнолла ұзақ ауырды. Бір жағынан алданып қалды. Дәрігерлер екі жылдай әуреледі, төрт рет терең талдау жасап, сынама алды. Жоқтан өзге дәлелдер айтып, ең соңында келіп бауыр асты безден түскен қатерлі ісік деп тапты.
Шыны керек, оған дейін Зейнолла тіпті де ауырып көрген емес. Соған сай бастапқыда ауруды мойындамады. Оның үстіне дәрігердің әр түрлі сараптары оны ойландырған да жоқ. Әйтсе де ол соңында тәбетінің нашарлап, аз уақытта 16 келі салмақ жоғалтқанына күдіктеніп: «Осы мен рак емес пе екем?» - деп, емдеу орындарынан қашатынды шығарды. Бірақ уайым жеп, шағым айтып көрген жоқ. Еш тапсырма да айтқан емес. Мүмкін ол өзінің бұл өмірде құдай берген өзіне тән міндетті абыроймен орындағанына сенді ме?..
Солай дегенмен де, оның өмірде өкінішті жайлары көп еді. Артында ұрпақ қалмады. Алғашқы жолдасы Эльмираны өте жақсы көретін. Оның суретін өле-өлгенше кітап сөресінен алған жоқ. Мен де оған еш қарсылық білдірген емеспін. Әйтсе де ол бәйбішесі туралы бірде-бір әңгіме айтып көрген емес. Бар-жоғы «Мына суретте жұмысың болмасын» деп бір рет ескертті. Кейіннен бұл мәселені жаңғыртқан емеспіз.
Шындығында, ол әдебиет үшін туған жан еді. Оны Зейнолла (Қабдолов) ағасы айтқандай, «ардың ісі» деп білетін. Соған сай ол әр күнін әдебиетке арнап, оны қызғыштай қорып, үкілейтін, жанына балап өтті. Сондықтан оны қазақ әдебиетінен бөліп қарау мүмкін емес сияқты.
- Отбасында қалай өмір сүрдіңіздер, бәрі де тәтті ме?
- Мен Зекеңмен 18 жасымда таныстым. Онда ол ҚазПИ-дің аспиранты, мен ІІ курс студенті болатынмын. Араға он жыл салып үйлендік, 26 жыл бір шаңырақтың астында өмір сүрдік. Бәрі де керемет дей алмаймын. Өйткені өмір ғой, түрлі жағдайлар болады. Бірақ ол қашан да ұзақ күндік іссапардан да, күні бойғы жұмыстан да үйге жеткенше асығатын және қашан да табалдырықтан аттағанда жүзінде әдемі бір жымиған жылылық болатын. Мен оны ылғи да сағынып, күтіп отыратынмын.
Ол қолы боста домбыра тартып, күй шалғанды ұнататын, менің кей-кейде ән салғанымды қалайтын.
Ол өз ортасында аса беделді ірі тұлға еді. Мен үшін Зейнолла Серікқалиев - ұлы адам. Ал ұлылардың ұлықтар ісі көп болады. Олар ұмытылмайды да. Ла-йымда ол қазақ әдебиеті үшін де сол қалыпта қалса екен деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Біз білетін бірегей сыншы Зейнолла Серікқалиев - әдебиет үшін қайталанбас ірі тұлға. Жастардың жанашыры, жұртшылықтың сүйіктісі еді. Оған осы әңгіме арқылы тағы да бір көз жеткізуге болатын сияқты. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, асыл аға!
Өтепберген Әлімгереев
http://www.aorda.kz/?p=10625