Алматы облысы Жетіген ауылындағы мал базардағылардың айтуынша, биыл мал құны әжептәуір көтерілді. Екі жасар қойды базарда 50-55 мың теңгеге ($130-$145), ал тоқтыны – 30–33 мың теңгеге ($78-$86) сатып алуға болады. Қозы бағасы 22 мыңға ($60) дейін барады. Ірі қара құны да көтерілген. Қашарды шамамен 200 мың теңгеге ($523) алуға болады.
Өткен жылы көктемнің аяғында қозы 15 мың теңгеге ($40), қой – шамамен 30 мың теңгеге ($80) бағаланған еді.
"Қазір базарда мал аз. Өйткені олар жайлауда. Саудаға әкелінгендерін үйде жемдеген. Сол себепті ет бағасына жем-шөп құны да кіреді", - деп түсіндірді саудагерлердің бірі.
Алматыдағы Көк базарда да ет бағасы қымбаттаған. Мұнда бір келі сиыр етін 1 600–2 000 теңгеге ($4-$5), жылқы етін – 2 200–3 000 теңгеге ($6-$8) сатып алуға болады. Қой еті 1 800-2 000 теңге ($5) тұрады.
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, өткен жылы Қазақстанда миллион тоннадан астам ет өндірілген.
Abai.kz