Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4676 6 пікір 2 Шілде, 2019 сағат 11:22

Корейлер қалай дамыды?

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Корей елінің экономикасы адам көргісіз құлдырады. Тіпті әлемдегі ең кедей мем­ле­кеттердің қатарына қосылды. 1962 жыл­­ғы даму көрсеткіші бойынша Оңтүс­тік Корея Азия елдерінің ішінде соңынан са­нағанда Үндістаннан кейін екінші орын­да тұрды.
Халқының қамыс шақай мен шиден тоқылған дөңгелек қалпақтан басқа іліп алар киімі болмады. Осы тұста елді мұндай күйден құтқаратын тек ұлттық идеология екенін түсінген бір зиялылар ел басында отырған тұлғаларға барып, «корей халқы тауықтан жақсы ма, әлде жаман ба?» деген жалғыз сұрақ бойынша бүкілхалықтық сауалнама жүр­гізуге үгіттейді. Сауалнама жүргізіледі. Әри­не, ел тұрғындары түгелдей «Корей адамы тауықтан жақсы» деген жауапқа тоқтайды. Олай болса, дейді жоғарыдағы зия­лылар: «Әрбір корей тауықтан бұрын оянып, іске кіріссін» деп үндеу тастайды. Осы бір қара­пайым ғана сауалнама күллі халықты ерте тұ­рып, еңбекке жұмылдыра алған. Бұл – бір.

Екіншіден, елдің экономикалық әлеуетін көтеріп, өндіріс орындарын ашу үшін аса қо­мақты қаржы керек болады. Оны қайдан таппақ? Ел ағалары ақылдаса келе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қақ жарылған неміс жұртының бір бөлігі Германия Феде­ративтік Республикасынан қарызға қар­жы сұрап елші аттандырды. Ол тұста неміс­тер қанды соғыста қирап қалған өндіріс ошақ­тарын жандандыру үшін жанталасып жатқан. Ауыр жұмыс атқаратын шахталар мен емханаларда тазалықшылар жетіспейтін. Корейлер осы екі жұмысты өздері атқарып, алған қарызды жұмысшылардың еңбек ақысы арқылы төлеуге келісіп, 140 миллион марка несие алады.

Сөйтіп үкімет күллі корей жастарына сауға салады. «Корей халқының болашағы үшін жас жанын пида етіп, шетелге ақысы аз жұмысқа кім барады?». Қолма-қол 46 мың қыз-жігіт білек сыбанып шығады. Көбі орта мектептің жоғары сынып оқушылары. «Елімнің ертеңі үшін – еңбегім садақа». Осылай деп Кэмпу әуежайынан ұшаққа отырған жанкешті жас­тар Германияны бетке алады. Жас қыздар адам аяғы жетпей­тін қиырдағы ауылдық емханаларға жібері­леді. Олардың істейтін жұмысы – өлген адам­дардың мүрдесін тазалап, жуу. Буыны қатып, белі бекімеген бойжеткен үшін таң­нан кешке дейін мәйітпен бірге болу қандай қиын. Бірақ олар төзді. Бірде-бірі кері қайт­қан жоқ.

Ал 1000 метрлік терең шахтаның астына түскендер ше?! Тар қапаста тұншығып кө­мір қазды. Немістер 8 сағат жұмыс істесе, корей­лердің күндік нормасы – 10 сағат. Себебі белгілі. Алғашында даланың жабы жылқысындай тапалторы корейлерге күле қараған жергілікті жігіттер кешікпей олар­дың шыдам-төзіміне бас шайқады.

Сөйтіп 1963 жыл туғанда Федеративтік Германия басшысының шақыртуымен Оңтүс­тік Корея президенті Пак Жон Хи елдің астанасы Боннға келді. Корей елінің басшысы Гер­мания канцлерімен бірге елі­нің ертеңі үшін «құрбандық тоқтысына» ай­налған жастармен жүздесуге барады. Корей басшысын жерлестерімен жүздестіру үшін 500 орындық зал дайындалыпты. Залға кіріп келген Пак Жон Хи қарсы алдында қара­қожалақ күйелеш куртка киген жұмыс­шы жастарды көреді. Барлығының бет-әлпеті қара қойдың үйітілген басындай күрең қош­қыл. Бауырластарының жүзін көрген прези­дент еңіреп қоя беріпті. Тіпті өз елінің әнұраны шырқалған кезде де көз жасын тыя алмапты.

Сондағы жылап тұрып айтқаны: «Уа, менің қырандарым, сендер корей халқының жарқын болашағы үшін мың метрдегі жан баласы шыдамайтын тар қапаста еңбек етіп жатырсыңдар. Уа, бойжеткен арулар, сен­дер артта қалған аш-жалаңаш бауыр­ларыңды тамаққа тойдырып, киімге кенел­ту үшін жат жерде өлген адамның мәй­ітін жуып жүрсіңдер. Сендердің осы бір жан­кешті істеріңді корей халқы мәңгі ұмыт­пайды». Президентінің еңіреген түрін көрген жанкешті жастар да жылап тұрып: «Біз ешқашан алған беттен қайтпаймыз», деген екен.

Қызық болғанда, мұндай оқиғаны көзі көріп, тірідей куә болған Германия канц­лері Людвиг Эдхардтың өзі шыдай алмай, көзінен мон­шақ-моншақ жас үзіпті. Өйткені корей пре­зиденті қонақ үйде де, көлік ішінде отырып та, ресми кездесу кезінде де тек жылаумен болған екен.

Ресми кездесудің үшінші күні жоғары палата депутаттары алдында сөз сөйлеген Пак: «Сіздерден өтінерім, бізге сеніп несие беріңіздер, біз де сіздер сияқты көркейейік. Корей халқы уәдесін орындайды. Қарызды қайтарамыз» дейді. Нәтижесінде, аса көп мөлшерде көмек алады. Осы қаржының арқасында 1965 жылдан бастап Оңтүстік Корея Республикасы әлем нарығына тауар экспорттауға қол жеткізді. Қазіргі қал-ахуалын өздеріңіз көріп отырсыздар.

Бекен Қайратұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371