Елімізде үш айда 55 миллиард теңге атаулы әлеуметтік көмек ұсынылған
Еліміз егемендік алған жылдардан бері Мемлекет тарапынан ана мен балаға деген қамқорлық толастаған емес. Бұл тұрғыда қоғамдағы ана мен баланың әлеуметтік, құқықты-заңдық тұрғыдан барлық мәселесін зерттеп, оларға көмек көрсетіп келе жатқан Президент жанындағы Отбасы және Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның маңызы зор.
Сонымен қатар, бұл салаға тіккелей жауапты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің де атқарып отырған жұмыстары жетерлік. Мәселен, осы жылдың 1-сәуірінен бастап, үш ай көлемінде елімізде 273 мың отбасына жалпы 55 миллиард теңге атаулы әлеуметтік көмек ұсынылған. Яғни, әр отбасына орташа есеппен 105 мың теңге жәрдемақы төленген.
Бұл мәліметтерді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Нұр-Сұлтан қаласында 15-маусым күні өткен қоғамдық кеңесте берген есебінде келтірді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ақпанның 4 і күні Астанадағы Көктал-1 ықшам ауданындағы Шыңғыстау көшесіндегі жеке үйге тиесілі “времянка” өртеніп, бір жанұяның бес баласы опат болған еді.
Аталған оқиғадан кейін, қоғамда көпбалалы аналар наразылығы күшейді. Мәселен, 6-ақпан күні елордада жүздеген ана жиналып, билікке бірнеше талаптар қойды. Олардың ішінде жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіру, көпбалалы отбасылардың балаларын тегін оқыту, ана мен бала денсаулығына тегін қызмет көрсету, сондайқ-ақ, баспана алуды кейбір қииын талаптарын жеңілдету сынды бірнеше мәселелер көтерілді.
Ал, ақпанның 21 күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “халықтың жағдайын жақсарта алмады” деген сынмен, Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті таратып жіберді. Сөйтіп, Сағынтаевтың орнына Асқар Мамин тағайындалған болатын.
Одан соң, ақпан айының аяғында өткен “НұрОтан” партиясының сьезінде Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге жәрдемақы төленетінін айтты.
Елбасының осы тапсырмасына сәйкес, Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сәуір айынан бастап, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек ақшасын төлей бастағандарын мәлімдеді.
Ал, билік өкілдерінен атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, баспана мәселесін шешіп беруді сұраған. Осы талаппен 3-маусым күні Нұр-Сұлтанда бірнеше ана Ақора мен үкімет Үйіне барып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминмен кездесуді талап етті. Ал, кездесуге келген билік өкілдері аналардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін мемлекет тарапынан бірнеше жобалар жасалып жатқанын айтты.
Abai.kz