Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 7472 9 пікір 19 Шілде, 2019 сағат 15:08

Қазағы көп «Қайрат» пен ақшасы көп «Астана»

Бауыржан Исламхан

Қазақстандық командалар футболдан еуромаусымға жаңа жорығын бастады. Жылдағыдай биыл да төрт командамыз еурододада бақ сынайды. Ел чемпионы «Астана» чемпиондар лигасының, ал «Қайрат», «Ордабасы» және «Тобыл» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде өнер көрсетті.

Еуропаға жорықтың жаңа сериясын 9 шілде күні «Астана» бастап берді. Елордадағы «Астана Арена» алаңында румыниялық «ЧФР Клуж» командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Алайда, украиналық маман Роман Григорчук баптайтын «Астана» Клуж қаласында өткен қарымта кездесуде 3:1 есебімен жеңіліп, чемпиондар лигасынан шығып қалды. Олар енді Еуропа лигасының екінші турында Андорраның «Санта-Колома» командасымен кездеседі.

ЧФР  – «Астана» - 3:1. Жалпы есеп - 3:2.

Ел чемпиондары соңғы бірнеше жыл бойы еурокубоктардың топтық кезеңінде өнер көрсетіп жүр. Кәрі құрлықтың кәнігі бәсекесінде жыл сайын бақ сынау оңай шаруа емес. Алайда «Астанаға» ел бюджетінен бөлінетін қаржы өте мол. Сондықтан, «Самұрық-қазынаның» сан миллионын сарып етіп отырған командаға қойылар талап та үлкен болмақ.

Бірақ, биыл жолы болмады. Чемпиондар лигасымен бірінші турдың өзінде қош айтысып отыр. Қарсыласы қатты әлсіз команда емес. Тransfermarkt сайтының мәліметінше, командадағы ойыншылардың трансфер нарығындағы жалпы бағасы 23,4 млн еуро. Ал «Астана» ойыншыларының құны 25,23 млн. Демек, қағаз жүзінде қазақстандық команда мықтырақ деген сөз. Бірақ іс жүзінде Румыния елінің өкілі үздік шықты.

Бұдан да маңыздысы - «Астана» тек нәтижеге көңіл бөліп, ел футболының дамуын ұмыт қалдырған секілді. Қанша жылдан бері Еуропада сәтті өнер көрсетіп жүргенімен, бірде-бір жергілікті ойыншыны жетілдіріп шығара алмады. Демек, «Астананың» нәтижесі тікелей легионерлерге байланысты.

«ЧФР Клуж» командасына қарсы қос ойында «Астана» сапында бар болғаны бес қазақстандық ойыншы ғана алаңға шықты. Оның екеуі "жаңа қазақ" - сербиялық Ненад Эрич пен ресейлік Евгений Постников. Сонда таза қазақстандық үшеу, қазақ футболшысы біреу ғана.

Бірінші ойын:  Ненад Эрич (К,Қ), Абзал Бейсебеков, Евгений Постников, Лука Шимунович, Антонио Рукавина, Юрий Логвиненко, Иван Маевский, Рунар Мар Сигурьонссон, Марин Томасов (Рангело Янга), Роман Мұртазев (Фирмин Мубеле), Дорин Ротариу.

Екінші ойын:  Ненад Эрич (К,Қ), Абзал Бейсебеков (Марин Аничич), Евгений Постников, Лука Шимунович, Антонио Рукавина, Юрий Логвиненко, Иван Маевский, Рунар Мар Сигурьонссон (Рангело Янга), Марин Томасов (Фирмин Мубеле), Роман Мұртазев, Дорин Ротариу.

«Тобыл»

18 маусым күні жеребе тартылғанда қазақстандық командалардың ішінде «Тобылға» ең қолайлы қарсылас түскен болатын. Қостанайлық команда Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің алғашқы турында Люксембургтың «Женесс» командасымен жолы түйіскен. «Женесс» жартылай әуесқой команда. Ойыншыларының көбі өзге кәсіппен айналысады. Осыған қарап, қостанайлықтардың жолы болды дескенбіз.

Алайда бәрі басқаша болды. «Тобыл» сырт алаңда 0:0 есебімен тең тарқасты. Ал 18 шілде «Астана Аренада» өткен ойын 1:1 есебімен аяқталды. Сөйтіп, сырт алаңда соққан голдың арқасында «Женесс» келесі кезеңге өтті.

«Тобыл» - «Женесс Эш» (1:1). Жалпы есеп - 1:1.

Сөздің ашығын айтқанда, «Тобылдың» сәтсіздігін масқара деп бағалау керек. Қостанайлық команда мемлекеттік бюджеттің май шелпегіне тойып отыр деуге болады. Барлық жағдайы жасалған. Миллиондардың бетіне қарамай 9 бірдей шетелдік ойыншыға жалақы төлеп отыр. Футбол сүйер әкім Архимед Мұхамбетовтың арқасында су жаңа жабық манеж де салынған.

Жоғарда біз айтқан Тransfermarkt сайтының мәліметінше, «Тобыл» ойыншыларының трансфер нарығындағы бағасы 14,95 млн. Ал қарсыласы «Женесстің» жалпы құны 1,45 млн еуро. Демек, «Тобыл» ойыншылары қарсыласынан тура 10 есе қымбат. Салыстыру үшін айтсақ, «Тобылдың» грузиялық ойыншысы Ника Квеквескиридің бір өзі «Женесстің» жалпы ойыншысынан қымбат. Квеквескири 1,5 млн еуро тұрады.

Ойыннан кейін «Женесс» бапкері Николья Хайсманның қазақстандық журналист Ермұхамед Мәуленге берген сұхбаты:

  - Сіздің командаңыздың бір жылдық бюджеті қандай?

- Біздің бюджетіміз «Тобылдан» 6 есе кем деп ойлаймын. Себебі біздің жылдық бюджетіміз 500 мың еуро.

- Командаңыздағы ойыншылар футболдан өзге де мамандықтардың иесі шығар. Олар басқа жұмыс істей ме?

- Иә, оныңызбен келісемін. Біздің команда осыдан 13 күн бұрын жиналып жаттығу жұмыстарын бастады. Олардың көбісі күндіз өз жұмыстарында жүреді де, кешке жаттығуға келеді. Сондықтан да бізде «Тобылға» қарсы дайындалуғы көп мүмкіндік болмады.

Енді екінші мәселе, «Астана» секілді «Тобыл» да легионерлер легіне сенім артады. 9 таза шетелдік ойыншыға екі "жаңа қазақ" - Виктор Дмитренко мен Дмитрий Мирошниченконы (екеуі де Ресей) қоссақ, бұл командада жалпы 11 шетелдік ойыншы доп тебеді («Астанада» да 11 шетелдік бар).

«Женесске» қарсы екі ойында алаңға шықан ойыншылар тізімі:

Бірінші ойын: Эмиль Балаев (Қ) - Никита Бочаров, Виктор Дмитренко, Фернандер Кассай, Джаба Канкава, Руслан Валиуллин - Артурас Жулпа, Ника Квеквескири - Азат Нұрғалиев (К), Михаил Гордейчук (Бауыржан Тұрысбек), Сенин Себаи (Максим Федин);

Екінші ойын: Эмиль Балаев (Қ) - Никита Бочаров, Виктор Дмитренко, Фернандер Кассай, Джаба Канкава, Дмитрий Мирошниченко (Руслан Валиуллин) - Артурас Жулпа, Ника Квеквескири, Азат Нұрғалиев (К) (Михаил Гордейчук), Бауыржан Тұрысбек (Максим Федин) - Сенин Себаи;

«Тобыл» бұл екі ойында жоғарда жазған екі "жаңа қазақты" қоспағанда 4 қазақстандық ойыншыны алаңға шығарды. Оның екеуі ғана қазақ футболшысы.

«Қайрат»

Алматылық «Қайрат» біздің елдегі бірден-бір жеке қожайыны бар команда. Мемлекеттік бюджеттің масылы емес. Кемелденген академиясы бар. Жастарды тәрбиелеп, өзінің базасынан футболшы шығаруды көздейді. Шетелдік ойыншыларды да шақырады, оған қаржысы да жетеді. Бірақ, өзгелерден артықшылығы қазақстандық ойыншыларға көп мүмкіндік береді.

«Қайраттың» жолы алғашқы турда босниялық «Широки Бриекпен» түйісті. Бұл команда бізге біраздан бері таныс. Бір кездері павлодарлық «Ертіс» пен шымкенттік «Ордабасыны» жарыс жолынан шығарған. Тағы да Тransfermarkt дерегіне жүгінсек, ойыншыларының бағасы 5,5 млн еуро. Ал «Қайрат» ойыншыларының трансфер нарығындағы бағасы 20,35 млн. Демек, қағаз жүзінде «Қайрат» фаворит.

Алматылықтар мықтылығын іс жүзінде де дәлелдеді. Екі ойынды да 2:1 есебімен аяқтап, келесі кезеңге өтті. Енді екінші айналымда «Хапоэль» (Беэр-Шева, Израиль) командасымен күш сынасады.

«Қайрат» – «Широки Бриег» 2:1 (0:0)

Алғашқы матч – 2:1. Жалпы есеп - 4:2.

Гол: Багарич 90 (пенальтиден), Оразов 90+1, Қуат 90+3 

«Қайраттың» қазақстандық ойыншыларға көп сенім артатынын айттық. Сол сөзімізге дәлел ретінде босниялық командамен өткен екі ойында алаңға шыққан ойыншыларды жазайық.

Бірінші ойын: Покатилов, Ахметов, Сүйімбаев, Жуков, Исламхан (Кейлер), Эсеола, Әбікен (Қуат), Вжесиньски, Дугалич, Миканович, Оразов (Косович)

Екінші ойын: Покатилов (Қ), Ахметов, Сүйімбаев, Қуат, Жуков, Исламхан, (К), Сейдахмет (Вжесиньски), Эсеола (Эппель),  Әбікен (Оразов), Дугалич, Миканович.

«Қайрат» бірінші ойында 7, екінші ойында 8 қазақстандықты негізгі құрамда алаңға шығарды. Екі ойында өнер көрсеткен 10 қазақстандықтың жетеуі қазақ футболшысы. Оның үстіне, Еркебұлан Сейдахмет 2000 жылы, Рамазан Оразов 1998 жылы, Айбол Әбікен 1996 жылы дүниеге келген жас ойыншылар.

«Ордабасы»

Шымкенттіктерің де жеребеде жолы болды деуге болады. Грузиялық «Торпедо» биыл қаржылық қиындыққа ұшырап, төрт аяғын тең баса алмай жүрген команда. Ал «Ордабасының» жағдайы жаман емес. Биыл чемпионаттағы нәтижелері де жақсы. Ойыншыларының трансфер нарығындағы бағасы «Торпедодан» 5 есе қымбат. «Ордабасы» ойыншылары 15,93 млн еуро болса, «Торпедо» 3,35 млн еуро.

«Ордабасы» қарсыласын сенімід жеңді деуге болады. Алдымен өз алаңында 1:0 есебімен басым түскен шымкенттіктер Грузия жерінде 0:2 есебімен жеңіске жетті. Қос ойынның қорытындысы 3:0. Енді келесі кезеңде Чехияның «Младо Болеслав» командасымен кездеседі.

«Торпедо» К – «Ордабасы» 0:2 (0:0)

Алғашқы ойын – 0:1. Жалпы есеп - 3:0.

Бір өкініштісі, «Ордабасы» сапында да отандық ойыншылар аз. 7 таза легионер және 4 "жаңа қазақ" бар. «Торпедоға» қарсы екі ойында да шетелдік ойыншыларға басымдылық берілді.

Бірінші ойын: Непогодов, Малангу, Ерланов, Механович (Щеткин), Төлебек (Бадибанга), Жанғылышбай (Быстров), Диакате, Малый, Досмағамбетов, Фонтанельо, Жоао Пауло

Екінші ойын: Непогодов (Қ), Малый, Фонтанелло (К), Ерланов, Быстров, Диакате, Махлангу, Ковальчук (Механович), Досмағамбетов, Пауло (Шәмші), Щеткин (Бадибанга).

Алғашқы ойында 6 қазақстандық алаңға шықты дегенімізбен, оның екеуі (Непогодов пен Малый) Қазақстан азаматтығын алған украиналықтар. Ал екінші ойында алаңға шыққан таза қазақстандықтар үшеу ғана - Темірлан Ерланов, Тимур Досмағамбетов және Алексей Щеткин.

Сонымен, төрт командамыздың біреуі жарыс жолынан шығып қалды. Ал «Астана» деңгейі бір саты төмен чемпионат Еуропа лигасына "құлады". Демек, биылғы еуромаусым біз үшін сәтті басталған жоқ. Шынын айтқанда, біздің елде футбол өз құнын ақтайтын спорт емес. Мемлекеттік бюджеттен аладопқа бөлінетін қаржы аса мол. Халқы қоңырқалта күн кешетін Қазақстанда футболшылар миллиондап жалақы алады.

Шетелдік сарапшылардың зерттеуінше, Қазақстан Премьер лигасы футболшыларға жалақы төлеуден әлем бойынша 25-шы орында тұр. Елімізде доп тебетін футболшылар орта есеппен жылына 148 513 доллар (айына 12 376 доллар) табыс табады. Бұл орташа есеп. Бұлардың арасында айна 50-100 мың, жылына 1 млн долларға дейін жалақы алатындар бар. Бұндай жоғары жалақы әрине легионерлерге төленеді. Құрамында 11 шетелдік ойыншыдан бар «Астана» мен «Тобыл» мемлекеттің қаржысын келімсектерге санап беріп отыр.

Қарапайым халық ауызынан жырып берген ақшаға семірген футболшыларымыз өзге елдің әуесқой командасынан жеңілгенін намыс көрмейді. Болмаса өздерін «Тобыл» дегенге тілі келмей «Тобол» деп атап жүрген қостанайлықтар «Женесстен» жеңілген соң халық алдында есеп беруі керек еді.

Футбол – өзге елдерде мемлекет қазынасына миллиондаған қаржы құйып отырған табыс көзі. Ал бізде ел бюжетінің майлы жілігін мүжіген масыл спорт. Футбол клубтарына мемлекет қаржысын аямай санап беру бар да, сол қаржыға сай нәтиже талап ету жоқ. Әйтпесе экономикалық қуаты орта деңгейлі Қазақстан футболшыларға жалақы төлеуден әлем бойынша 25-ші орында тұрмас еді.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402