Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2316 0 пікір 18 Маусым, 2009 сағат 08:33

Балалар лагеріндегі былық биыл тағы қайталана ма?

 

 

Балалар демалысы басталды. Дәл қазіргі уақытта мектеп бітіруші түлектеріміз Ұлттық бірыңғай тест тапсырып болып жатса, ал қалған бүлдіршіндеріміз түрлі демалыс лагерьлеріне жолдама алып, кезекті жазғы демалысын өткізбек ниетте. Алайда, биыл лагерьлерде демалудың бағасы қанша, жылда жазғы каникулды демалыс орындарында өткізген оқушылар түрлі тағамдардан уланып қалып жататын фактілер көп, осындай келеңсіздіктер тағы  қайталанбай ма? Бүгінгі әңгімеміз осы негізде болмақ.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда балаларға арналған245 демалыс орны бар екен. Сондай-ақ аймақтардың көптеген мектептерінде бастауыш сыныптарына арналған маусымдық лагерьлер ашылған. Жалпы, биылғы лагерьлерде 1 миллионға жуық бүлдіршін демалатын болыпты. Ал Алматы қаласында оқушыларды күтуге дайындалып отырған қала сыртындағы екі лагерьмен бірге мектептердің жанынан ашылған демалыс орындары дайын-мыс.
Біз бұл жерде тырнақ астынан кір іздеп, лагерлерді сынайық деп отырған жоқпыз. Алайда жазғы демалыс басталмай жатып-ақ жуырда ғана Солтүстік Қазақстандағы «Қарлығаш» балаларды сауықтыру лагерінен өрт шықты. Тілсіз жау лагерьдің 140 шаршы метрді құрайтын асханасын түгел жалмаған.
Бір өкініштісі, аталмыш лагерьді 2006 жылдан бері не облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, не санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы мамандары бірде-бір рет тексермеген. Олар осы үш жыл уақытқа дейін білгенін істеп, тек пайда табуды ғана ойлаған.
Ал лагерьге тынығуға келген балалар демалуға бір күн бұрын келгенде нағыз қайғылы оқиғаға душар болар еді. Құдай сақтап, ешкім зардап шекпеген. Дәл мұндай апатты жағдайда тұрған лагерьге жұмыс істеуге кім рұқсат берді? Бірінші кезекте өрт сөндірушілер тексермеуші ме еді? Дегенмен мұның барлығын облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жауапты қызметкерлері «шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланғаннан осындай келеңсіздіктер орын алуда» деп ақталуда.
Жалпы мұндай келеңсіздіктер бір ғана Солтүстік Қазақстанда орын алып отырған жоқ. Еліміздің көптеген аймақтарында жылда осындай жағдай болады. Мәселен, осыдан біраз бұрын Қарағанды облысының «Каскад» лагерінде демалып жатқан 20 бала тамақтан уланып, ауруханаға жеткізілді. Жергілікті санэпидемиолог мамандар демалыс орнын толығымен зерттегенде, азық-түліктің сапасыздығы анықталған. Одан кейін Қарқаралы аудандық прокуратурасы аталмыш лагерьді жабу жөнінде үкім шығарған.
Санамалай берсек, мұндай келеңсіздіктер көп. Таяуда Қызылорда облысының Шиелі аудандық прокуратурасы «Сыр ұланы» лагеріне тексеру жүргізу барысында көптеген былықтардың бетін ашты. Қысқаша айтсақ, аталған тынығу лагері Көкшоқы елді мекенінде туберкулезбен ауыратын балаларға арналған санаторийдің бір бөлігінде ауласы ортақ, оқшауланбай орналасқан. Лагерь басшылығының тез тарайтын жұқпалы аурулардың жанына сау баланы апарып, ауру қылуға сәл-ақ қалғандығы, тіпті қарапайым нәрсені ескермегендігі олардың әбден ақшаға құныққандығын аңғартады. Ал дәл осындай құқық бұзғаны үшін лагерь директоры да, аудандық санэпидемстансаның жауапты мамандары да тек сөгіс естумен ғана шектелді. Қалай дегенмен де, биыл осындай мәселе қайталанбасын деп тілейік. Ол үшін жергілікті санэпидемстанса мен Төтенше жағдайлар департаменті лагерьлерді мұқият тексеріп, қатаң бақылауға алуы тиіс. Алайда аталған сала мамандары: «Шағын бизнеске жарияланған мораторийдің салдарынан қатаң тексеріп, әкімшілік жауапкершілікке тарта алмай отырмыз», – дейді. Ал олай болмаған жағдайда жекешеленіп кеткен лагерьлердің басшылары тек қаржы табудың ғана көзін ойлап, балалар қауіпсіздігіне көз жұма қарайтыны белгілі. Сонда бүлдіршіндеріміздің биылғы жазғы демалысы қаншалықты қауіпсіз болмақ? Біз бұл жөнінде Алматы қалалық Білім басқармасы тәрбие ісі жөніндегі бөлімінің бастығы Қатипа Молдабековамен сөйлескенімізде, ол «ертең кел, арғы күні кел» деп қарапайым сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Ал қалалық Төтенше жағдайлар департаменті, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы қызметкерлерінің ешқайсысы да лагерьлер туралы теріс пікір айтқан жоқ. «Бәрі жақсы, бәрі керемет» дейді. Олардың сөзіне сенсек, бүлдіріп отырған – сол бір ғана мәселе, шағын бизнесті тексеруге мораторийдің жарияланғаны. Дей тұрсақ та, балалардың бүгінгі демалысы қаншалықты өтетінін уақыт көрсетер. Бірақ біз лагерьлерде болған ақпараттарды жіті бақылап, үнемі назарда ұстап отырамыз. Жазғы демалысың жайлы өтсін, жас бүлдіршін!..
Гүлшат ДӘУРЕНБЕКОВА, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
— Қаланың әрбір аудандарында Төтенше жағдайлар департаментінің өртті бақылау және қадағалау инспекторлары жұмыс істейді. Олар биыл 151 мектеп жанындағы лагерьлерді тексерді. Солардың ішінде қарапайым ережелерді сақтамаған 273 факт анықталды. Сонда әр мектепте екі-үш заңбұзушылық орын алды деген сөз. Негізі, өртке қарсы қызметкерлер әрбір мекемені екі рет тексереді. Бірінші кезде қандай кемшіліктері барын анықтап, оны түзетуге мекеме басшыларына ескерту жасайды. Екінші тексергенде оның орындалуын қадағалайды. Міне, осындай мектеп лагерьлерін екінші рет тексергенде жіберілген 273 кемшіліктің 251-і қалпына келтірілген. Сонымен бірге біз жекеменшік лагерьлерді арнайы қатаң тексере алмаймыз. Себебі шілде айының аяғына дейін шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланған. Сондықтан да  оларға өртке қарсы ақыл-кеңес айтумен ғана шектелеміз.
Гүлнар АЙМАХАНОВА, Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің қызметкері:
— Біз биыл мектеп жанындағы 162 балалар демалыс орнын тексердік. Әзірге мектеп жанындағы лагерьлерде тамақтан уланып қалу деген сияқты келеңсіз жағдайлар тіркелген жоқ. Ал Алматы қаласының сыртындағы лагерьлердің ешқайсысы биыл жұмыс істеп отырған жоқ. Сондықтан біз тек қана мектеп жанындағы лагерьлерді бақылауға алдық.

 

 

Серік ЖҰМАБАЕВ
«Алаш айнасы» газеті 17 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592