Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 6930 10 пікір 30 Шілде, 2019 сағат 10:34

Нарынқол Шыңжаң емес

Он күн ауылда демалып қайттық. Құдайға шүкір, елдің еңсесі көтерілген. Әжептәуір оң өзгерістер байқалады. Жақсылықты жырлар азамат аз емес. Сондықтан да біз сол ескі әдетімізше бірді-екілі олқылықты айтсақ, айып ете қоймассыздар. 

Аудан бөлінгелі жыл жарым уақыт өтті. Бөлініп шыққан Кеген ауданынан жаңа ауданның халық саны екі есеге көп. Сөйте тұра ауданымыз әлі интернетпен қамтылмай отыр.  Интернетің не, жарық өшсе, билаин мен активтің өзі істен шығып, байланыссыз қалады екенсіз.

ХХІ ғасыр. Аудан орталығы Нарынқолда жарты тәулік жарық болмай ел сабылып жүргенін көрдім. Одан бір күн бұрын бір жарым сөтке біздің ауылда да жарық болмады. Дәп бір тоқсаныншы жылдарға кіріп кеткендей болдым.
Сол жарық сөнген күні Жолан (Жолан Омаров, аудан әкімі) ағаға жолығуға аудандық әкімшілікке соқтым. Ағамыз денсаулығына байланысты емделіп жатыр екен. Өзім танитын әкім орынбасарлары да орнында жоқ. Мемқызметкерлер жарық жоқтығынан ба, әйтеуір босып кетіпті.

Жұмыстарым болып аудандық ауруханаға бардым. Онда да қарақұрым халық. Әр ауылдан келген жұртшылық жарықтың жанғанын зарыға күтіп жүрді.  Басқаны былай қойып аудан орталығында түнгі төрттен күндізгі бір жарымға дейін жарықтың болмауы қаншама адамның өміріне қауіп төндіретінін ешкім ойламай ма? Қапелімде бір адам соқырішек болып, онысы жарылып кетсе, оған жарық жоқ деп операция жасалмай ма? Ойлаудың өзі қорқынышты.

Қош! Енді интернетке келейік. Интернет жоқтықтан Нарынқолға кіре сала менің теле-2-ім "Қытайға қош келіпсіз" деп қарсы алады. Телефондағы сағатым әп-сәтте Бейжің уақытына ілгерілеп оза қояды. Бабаларым жүрген тұмса табиғатқа суретке түскен сайын "суретке түскен жерің Қытай" деп тағы жүректі ауыртады.  Мұның бәрі идеологиялық тұрғыда біздің елдің қандай әлсіз мемлекет екенінің көрінісі.

Бүкіл Алматы облысына жеткен интернет Нарынқолға келгенде неге кенжелеп қалды? Баяғы қиын заманның өзінде Ақкердің шыңына теле-мұнара орнатып, бүкіл аудан жұртшылығын теледидар көрсеткен Әшімбаевтің ерлігін қайталайтын бір ұл тумағаны ма? Той-тойлауға құмар Нарынқол сол тойдың шығынына бүкіл ауданды интернетпен қамтуына болмас па еді?

Әрине, осы жазбаның астына "2020 жылғы жоспар бойынша ауданға интернет келеді" деген секілді пікірлер жазылар. Сол себепті оған бірден жауап қатайық. "Нарынқол бұрын шалғайдағы бір ауыл болатын. Ауылдың интернетпен қамтылмауы соншалық үлкен проблема емес. Ал, қазір аудан орталығы. Бүкіл үкімет электронды жүйеге көшіп жатқанда ауданның байланыс жүйесі кенжелеп жатуы, соның салдарынан митинг (ҰБТ кезі) болып кете жаздауы (мазақы) атқа мінген әкімдерді түсінен шошып оятар кез жеткен жоқ па? Аудандық, ауылдық мекемелерде интернет бар. Бірақ, мемлекеттік мекемеде бар байланыс қара халықта неге жоқ? Мұны бір мәрте сұрау бізге парыз.

Он күн бойы түскен әр рәсімдегі "сіз бұл суретке Қытайда түстіңіз" деген жүрекке шаншу болып қадалған сөз үшін, бұл жерді интернет әлемінде қазақтікі ету үшін аз сөз шығындадық.

Мен енді Нарынқол шекарасынан шыққаннан кейін "Ыстық ұяңызға оралуыңызбен" деген смс-ті оқығым келмейді.

"Айшылық алыс жерлерден, Жылдам хабар алғызған" заманның ғажайыбы менің ауылымды хәм ауданымды айналып өтпеуі тиіс. Сондықтан да игі мақсатпен айтқан бұл сөзді дабырайтып, ештеңемен хабары жоқ әкейді мазалап, "балаң өстіп жатыр" деп "өтініш" айтуды әкім-қаралар қысқартса екен. Менің ыстық ұям - Нарынқол.  Ол Нарынқол Шыңжаң емес. Қазақ жерінің бір бөлшегі.

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347