Сырбойылық диқандар күзгі жиын-терінге дайын
Қазіргі таңда Қызылорда облысында мал шаруашылығынің өрісі кеңейіп, қарқынды дамуда. Осыған орай биыл өңірде мал азығындық дақылдар егілетін алқаптар көлемі 6 мың гектарға ұлғайып, 62,7 мың гектарға жетті,- деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Облыстағы шаруашылықтар жоңышқа дақылының 1-орымынан барлығы 87,1 мың тонна өнім жинап үлгерген. Сонымен қатар 120 гектар түйежоңышқа алқабы түгел орылып, 156 тонна шөп дайындалған. Орта өнім гектарына 13 центерден айналды. Бүгінгі күні ескі жоңышқаның 2-орымы басталып, 1433 гектардан 4,5 мың тонна өнім жиналды. Аудандарда мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ал 169,5 мың тонна табиғи шөп дайындалды.
Айталық, Жалағаш ауданындағы «Байтабын» ЖШС жоңышқаның алғашқы орымынан үш мың тоннадан астам шөп жинап алған еді. Мал азығының бір бөлігі шаруашылық қажетіне жаратса, қалғанын сатылымға шығарған. Сол секілді осы аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі «Таң ЛТД» ЖШС және «Ерәлі» ШҚ жоңышқаның екінші орымын бастап кетті. Шаруашылық басшылары «биыл шөп түсімі мол» дейді.
Айта кетейік, облыс бойынша егілген 3777 гектар күздік бидайдың 3752 гектары жиналып, 9553 тонна өнім алынды. Орта өнім гектарына 25,5 центнерді (2018 жылы 19,5 ц/га) құраса, егілген 4221 гектардың жарымынан астамы орылып, 2789 тонна өнім алынған. Орта өнім 11 центнерден келуде. Сонымен қатар, 728 гектар сүрлемдік жүгеріге, 531 гектар дәнді жүгеріге үс-теп қоректендіру жұмыстары жүргізілді.
Биыл сырбойылық шаруашылық құрылымдарына «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 3 млрд теңгеге лизингтік жолмен 70 техника алу жоспарланып, қазір 74 дана техника сатып алынды. Айталық, «Байтабын» ЖШС осындай жолмен екі Claas Lexion комбайны мен «Мак Дон» жаткасына қол жеткізді.
Алдағы егін жинау және дала жұмыстарына облыста 1636 трактор, 806 комбайн, 460 жатка, 323 автомашина және 766 трактор қатысады деп жоспарлануда.
Abai.kz