Сенбі, 23 Қараша 2024
3624 2 пікір 2 Тамыз, 2019 сағат 11:15

Ғасыр үні – Түркістан

Қазақ даласы ғасырдан үн шертетін қойнауы қазынаға толы құтты мекен. Өткенмен бүгінді сабақтастырып, бір сарында үндестіре білу тек біздің даламызға тән қасиет. Алтай мен Каспийге дейінгі ұланғайыр кең атырапты алып жатқан Ұлы даланың арасында шоқтығы биік мекен – киелі Түркістан өңірі жатыр. Бүгінде рухани ордамыз облыс орталығы болып, Түркістан облысы атанғанына да 1 жыл толып отыр. Аз ғана уақыт ішінде орасан істер атқарылып, батыл бастамалар көтерілуде. Өткерген кезеңді бағамдап, ой таразысынан өткізу мақсатында елгілі белгілі тұлғалардың пікірлерін топтастырғанды жөн көрдік.

Ғаділбек Шалахметов, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Тұңғыш баспасөз хатшысы: «Түркістан бүтін бір дәуірдің алтын мұрасы»

Түркі дүниесі көне заман тарихынан сыр шертетін ежелден келе жатқан Ұлы халық. Әлемді тізе бүктіріп, Еуразияны шошындырған небір хандар мен сардарлар туған бұл жұрттың бас ордасы, рухани астанасы – Түркістан қаласы болып табылады. Қойнауы қазынаға толы, Қазақ хандары мен билері жерленген, әр төбесі бөлек бір тарих саналатын бұл өңір тарихи феномен, ерекше құбылыс. Болмысы да, қалыптасу тарихы да ерекше шаһар рухани-мәдени дүниетанымымыздың көкжиегін біраз ұзартары сөзсіз.

2018 жылы еліміз үшін тарихи дата болды. Дәл сол жылы 19 маусымда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіру және облысты Түркістан деп атау туралы Жарлыққа қол қойды. Рухымызда қайта жаңғыртып, санамызға жаңа серпініс берер уақытта мұндай батыл қадамға бару сөзсіз үлкен ерлік. Тек қазақ хандығы тұсында ғана емес, Алаш үкіметі тұсында да қазақ қоғамы үшін айрықша маңызға ие Түркістан бүтін бір дәуірдің алтын мұрасы. Түркі жұртының рухани ордасы жарты әлемді тізе бүктірген, Темір династиясының негізін қалап, Ақсақ Темір атанған Әмір Темірге де өз қасиетін мойындатқызып, қадірін ұқтырған. Әлемнің екінші ұстазы атанып, жер бетін мойындатқан керемет ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби де осы өңірдің тумасы. Көне Отырардың өз уақытындағы озық сәулет өнері менен архитектуралық артықшылықтарының болуы – сол заман жұртының бүгінгі Еуропадан әлде-қайда алда болғандығын дәлелдейді. Бір ғана Фараб қаласынан шыққан 33 ғұлама ойшылдар түркі жұртына ілім үйретіп, дамуың жаңа сатысына жетуге ерекше әсер етті.

Бұл күнгі Түркістан – облыс орталығы ғана емес, өткен мен бүгіннің үндескен құтты мекені. Болашақта жаңашыл болмысқа ие болып, ұлтымыздың айшықты аймағына айналып, жаңа бір серпіліс жасарына кәміл сенімдімін.

Тұрсын Сыдықов, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері: «»

Түркістан туралы сөз қозғағанда көне түркі дүниесінің қалыптасу кезеңінен бастағанымыз абзал. Себебі сол уақыттардан бері түркі жұрты ерекше ұлықтайтын ордалы мекен Түркістан тарих сахнасында түрлі атауларменен пайда болып, бүгінгі күнге дейін жетті. Ауыз әдебиеті менен жазба әдебиеттің, жалпы қазақ әдебиетінің дамуында бұл өңірдің еңбегі орасан зор. Майлықожа Сұлтанқожаұлы секілді от ауыз ақындардан бұл күнгі жыраулар менен күйшілер сабақтастырған үлкен мектеп қаланған еді. Тек өнер саласы емес, ғылыммен де ерекшеленген аймақ жұрты өз дарынын ұлықтап, сый-құрмет танытуда да алдына жан салмайды. Облыс халқы өздерінің жерлестері ҚССР Ғылым Академиясының академигі, түрколог С. Кеңесбаевты, мүше-корреспонденті М. Балақаевты, геология ғылымдарының докторы П. Тәжібаеваны, филология ғылымының докторы Қ. Бектаевты филология ғылымының докторы Ә. Байтанаевты ерекше мақтаныш тұтады.

Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауилардың өмір тарихы бітпес бір дастан болса, әлем мойындап, жер жүзінде екінші ұстаз атанған Әбу Насыр Әл-Фараби осы өңірдегі көне Фараб қаласында дүниеге келіп, алғашқы ілімін осында алған. Хандардың алтын тағы болған ордалы өңірдің бір ғана Отырар аңызы ғасырға бергісіз мол мұра. Бүгінде облыс орталығы атанып, өзінің алғашқы жылын өткерген Түркістан күн санап түрленуде. Қайнаған құрылыстың жаңа ғимараттары шаһардың көн қалпын жоғалтпай, ұлттық бейнеде бой түзеуінің үзі биліктің әуелі тарихқа, кейін халыққа көрсеткен құрметі.

Бүгінгі Рим әлем туристері қызығатын қала болса, болашақ Түркістан әлем халқының аузынан түспейтін, саяхатшылар толассыз қозғалыста болып, қазақ халқының ғана емес, жер жүзінің таң қақтырар мекеніне айналуына тілектеспін. Түркістан – түркі әдемінің тамыры болуы тегін емес. Тәңірдің өзі демейді әлі!

Оспан Али, танымал фотосуретші, маркетолог, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, «Үркер» премиясының лауреаты "OSPAN ALI productions" креативті агенттігінің жетекшісі: «Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барғаныңда өзіңді орта ғасырдағыдай сезінесің»

Баршымызға мәлім Түркістан қаласы – түркі жұртының тарихи қаласы болып табылады. Бала кезде әр бір жазда Түркістанға арнайы сапармен баратынмын. Сол кездерде бір күнге толар толмас уақыт қана болып, кейін қайтатынбыз. Әуелде оның себебін түсінбей, біраз әбігер болатынмын. Кейін 2015 жылғы іс-сапарым барысында көкейімді тескен бар сауалға жауап таптым. Ең алғашқы көңіл құлазытар дүние – қала басшылығының төмен менеджменті болды. Туризмің ордасына айналуға лайықты қала мен үшін тек фотодағы кадр арқылы әсер етті. Іштей «неге?» деген сұрақтар көбейіп, «әттеген-айлар» басты. 2018 жылы Францияның астанасы Париж қаласының атақты Лувр мұражайы алаңында жеке көрмемді өткіздім. Көрмедегі кадрлардың бірінде Түркістан қаласы да болған еді. Талғампаз француз жұрты сол фотоға кызығушылығын танытып жатты. Алайда бір кадр аздық етті. Сол кезде қасиетті Түркістан хақында жеке бір көрме жасасада жеткіліксіз деген ойға келдім. Дегенмен, қаланың қаптаған туристі күтуге әлеуеті жете ме деген сауал қайта мазалады. Елге оралғанымда жағымды жаңалықты есітіп, бір қуандым. Елбасымыз Оңтүстік Қазақстанның орталығын Түркістанға ауыстырып, Түркістан облысы деп қайта атапты. Шет ел азаматтарының ерекше қызығушылықтарын көрген мен, алғашқы қадам жасалғандығына ерекше толқыдым.

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барғаныңда өзіңді орта ғасырдағыдай сезінесің. Бұл сөзбен айтып жеткізуге келмейтін сезім. Ұлы Жібек жолының сауда орындарын, атақты Шығыс моншасын халыққа қолданысқа ыңғайлы қылып жөндеу жұмыстарын жасаса, өңірдің қонақжайлылығын, менталитетін, архитектуралық ерекшеліктерін қолдана отырып, Түркістан облысын этно-туризм бағытында көшбасшы қалаға айналдыруға болады. Елбасы Қаулысынан кейін жоғарыда атап өткендей туризм бағытында дамуына мүмкіндігі зор деп білемін.

Қала ерекшелігі – оның архитектурасында. Сол себепті жаңа заманауи ғимараттар салынғанда да бұл факторға аса қатты мән берілуі тиіс. Соңғы жаңалықтарға қарағанда қала Шығыс сәулет бағытында бой түзеп, ұлттық нақышта салынбақ екен. Бұл да жағымды жаңалықтардың бірі.

Жоғарыда атап өткен Париждегі көрмеде көптеген ТМД елдерінен келген көрме қатысушылары Түркістанды Өзбекстандағы Самарқантпен шатастырып жатты. Бұл қала маркетінгінің дұрыс дамымауының себебін болатын. Облыс брендын қалыптастырыуда жұмыс істеп, әлемдік деңгейге шығуға мүмкіндігіміз бар кезде жаңашыл технологияларды пайдаланып, қала маркетингіне аса көңіл бөліп, тыңғылықты жұмыс жасасақ болашақта толағай табыстарға жететіндігімізге еш күмәнім жоқ.

Ирина Тен, журналист, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты: «Түркістан қазақ руханиятының алтын қазығы ғана емес, түркі дүниесінің байлығы, тарихи мұрасы»

2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіріп, облыс атауын Түркістан деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Мұндай батыл шешім баршамызды бір қуантып, рухымызды қайта жандандырды. Себебі Түркістан қазақ руханиятының алтын қазығы ғана емес, түркі дүниесінің байлығы, тарихи мұрасы. Бала кезімізде жырын жаттаған «Отырар» қаласының, ілімімен танысқан Әбу Насыр Әл-Фарабидің кіндік қаны тамған құтты мекен.

Әр дәуірдің өз алтын тұғыры болады. Ол сол дәуірдегі барлық бастаулардың басында болып, қоғамды жаңа бір сатыға көтереді. Түркістан өңірі өз дәуірінің сондай алтын тұғыры атанды десек, артық болмас. Біріншіден, Отырар қаласынан табылған алғашқы Шығыс моншасының орны, Исфиджаб қалаларының сәулеттік артықшылықтары дәлел. Екіншіден, Ұлы Жібек жолының бойындағы стратегиялық маңызды қалалардың басым бөлігі дәл осы өңірде топтастырылған. Үшіншіден, түркі жұрты үшін софылық ілімді дамытуда ерекше үлес қосқан Қожа Ахмет Яссауи бабамыз бенен жоғарыда атап өткен әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келген жер. Мұнан бөлек, қазақ хандары менен билерінің, сұлтандары менен батырларының зиярат еткен мекені. Осы секілді ондаған мысалдар Түркістанынң өз заманындағы өркениет көшінің бастауы болғандығын дәлелдейді.

Бүгінгі Түркістан жаңашыл бейнеде қайта жаңғыруда деп нық сеніммен айта аламыз. Үкіметтің Қаулысына сәйкес әзірленген шаһардың жаңа жобасы таңдай қақтырады. Барлығы 30-ға жуық әлеуметтік және кәсіпкерлік нысан бой көтерсе, «Астана» алаңы, «Әзірет Сұлтан» қорығындағы мәдени-демалыс нысандары, амфитеатр, тарихи-киелі орындары орталығы секілді орталықтар қалаға ерекше көрік бермек. Барлық ғимараттардың ұлттық нақышта салынатындығын да атап өткен абзал. Әлемдік талаптарға сай салынатын Халықаралық Әуежай, су жаңа теміржол бекеті менен сапаржай, қонақ үйлер менен дәмханалар болашақта келетін туристердің барынша жайлы тынығуларына жағдай жасамақ.

Қорыта келе, алдағы он жылдықта рухани астанамыз озық облыс орталығы ғана емес, туризмнің қайнаған қазанына айналып, ел дамуына жаңа бір серпін береді деп сенемін.

Дидар Хамза, дзюдодан Азия ойындарының және Әлемдік Гран При турнирінің жеңімпазы, дзюдодан ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі, дзюдодан ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

Түркістан облысы бөлек қалыптасқаннан кейін, әрине, біріншіден өзіміз жеке облыс болып Түркістан облысы атынан күресетін болдық. Осыған дейін барлығымыз түрлі додаларда Оңтүстік Қазақстан облысы атынан күреске шығатынбыз. Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы көз алдымызда күн сайын көркейіп жатыр. Облыс орталығында спорт мектептерімен қатар, көптен күткен спорт сарайы да салынады деп жоспарланған екен. Бұл әрине, қуанышты жаңалық. Облысымыз бір емес, бірнеше салада жан-жақты дамып жатқаны қуантады.

Тарихы терең Түркістанымыздың танылуына спортшылар да өз кезегінде орасан зор үлесін қосып отыр деп ойлаймын. Мұның бәрі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қолдауының арқасында екені сөзсіз. Өмірзақ Естайұлының көрегендігі менен біліктілігің арқасында облыс тарапынан спортқа өте жақсы көңіл бөлініп отыр. Кез келген оқу-жаттығу жиындары мен республикалық, халықараалық және де әлемдік жарыстарда жергілікті басшылардың моральдық және материалдық жағынан қолдауын ерекше атап өткім келеді. Бұл, өмірін спортпен жалғаған біз секілді спортшыларға деген үлкен құрмет деп білеміз.

Бүгінде облыс орталығы ретінде бір жылдығын тойлап жатқан туған жерім Түркістанды айтулы мерекесімен құттықтаймын! Қаламыз әрдайым көркейіп, қала тұрғындары бейбіт күн кешсін деп тілек білдіремін.

Қарап тұрсаңыз Түркістан – тарихи бастау сияқты. Бір шеті батырлар мен хандар, билер мен шешендердің жатқан жері. Бір шеті мыңдаған жылдарды, дәуірлерді қамтыған рухани мекен. Бұл жерде бала туса батыр боламын деп туады, ару туса ана боламын деп туады.

Кезіндегі Бекзаттың бар жоғы жиырма жасында Олимпиада чемпионы болуы – соның айғағы. Спортта жеңіске жету үшін тәннің саулығы мен күштілігі аздық етеді. Мұнда бастысы рух! Ал Түркістанның ауасы мен суы да рухқа толы.

 

Бекарыстан Аманжолов

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395