Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2403 0 пікір 15 Шілде, 2011 сағат 05:54

Айбын АҚПАТША. Бүлікшілер ме, бұзақылар ма?

Шұбаршиде шыққан шу елді қалай тез дүрліктірсе, тиісті органдар оны солай жым-жылас жауып тастады. Алақандай ауылдың төңірегіндегі 10 күнге созылған атыс-шабыстың дауысы жер жарған-ды. Енді ше, құқық қорғаушылар мен қылмыскерлерді қоса алғанда 14 адам оққа ұшып, тағы біразы жараланды. Бұл ресми дерек, бейресми деректер тиісті органдарға ғана мәлім.

Шұбаршиде шыққан шу елді қалай тез дүрліктірсе, тиісті органдар оны солай жым-жылас жауып тастады. Алақандай ауылдың төңірегіндегі 10 күнге созылған атыс-шабыстың дауысы жер жарған-ды. Енді ше, құқық қорғаушылар мен қылмыскерлерді қоса алғанда 14 адам оққа ұшып, тағы біразы жараланды. Бұл ресми дерек, бейресми деректер тиісті органдарға ғана мәлім.

Жалпы, құқық қорғаушылар таратқан ақпардың күмән-күдікке толы тұстары жетіп-артылады. Алдымен, қаза тапқандар мен іздеуде жүрген жандарға қатысты нақты мәліметтер құйрығын ұстатпай, қайта-қайта құбылумен болды.
Атыс-шабыс сейілгеннен кейін іле-шала журналистермен жүздескен Ішкі істер вице-министрі Марат Демеуов:
- Жылдар бойы Ақтөбе облысы Темір ауданының аумағында ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткен. Олар діни идеяларды жамылып, Шұбарши мен Кеңқияқ ауылына жақын жердегі құбыр жолдарынан мұнай ұрлаумен шұғылданған,- деді.
Яғни, оқиғаны лаңкестік әрекетпен байланыстырудың, діни экстремизммен байланыстырудың қажеті жоқ көрінеді. Қақтығыстың түп-төркіні әлеуметтік ахуалдың шиеленісуімен байланысты.
Күні кеше ғана қызметке тағайындалған Демеуов өзіне дайын күйінде ұсынылған деректі жұртқа жеткізуші ғана екендігі түсінікті. Алайда, Шұбаршиден «ши» шығарғандарды «мұнай ұрлағыш қылмыстық топ» деп бағалап, оқиғаны жылы жауып қоя салуға көңіл шіркін сеніңкіремейді.
Біріншіден, діни бүлікшілерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, мұнай ұрлаумен жан бағып жүрген шағын топ болса, онда оларды ноқталауға облыстық құқық қорғаушылардың шамасы жетпегені қалай? «Сұңқар», «Бүркіт», «СОБР» сынды арнайы күштер қауымдасқанның өзінде аңдысу апта бойы созылды емес пе?! Тісіне дейін қаруланған арнайы әскери күштердің бірнеше қызметкері он шақты адамды тұзақтаймыз деп жүріп, оққа ұшқаны тағы бар.
Екіншіден, мұнай ұрлығымен жан бағып жүрген ауылдың қаймана қазақтары екені рас болса, бағасы жүздеген мың теңге тұратын автомат пен оқ-дәріні қайдан алған? Жарылғыштар, соғыс гранаталары ше? Құқық қорғаушылар айтқандай, «әлеуметтік жағдайдың күрделенуімен» байланысты қарулы қақтығыстың кейіпкерлері миллиондаған ақшаны қайдан алған?
Үшіншіден, атағы жер жаратын арнайы күштер ат төбеліндей топпен апта бойы соғысты. Яғни, қылмыскерлердің бес қаруы сай болғанын айтпағанда, соғыс жүргізу тәсілін шебер меңгеріп алыпты.
Жалпы, бізде діни ағымдарға қатысы бар жандардың қатысуымен болған ірі қылмыстар бір ғана сценарий бойынша аяқталады. Олар өздерін-өздері жарып жібереді, не болмаса полицейлер оларды оққа байлайды. Егер діни фанатиктер болмаса, бірді-екілі емес, бақандай он адамды өз-өздерін ажалға итермелейтін қандай күш?!
Тағы бір таңғаларлығы, қаза тапқан қылмыскерлердің қандай ағымның ықпалында жүргені, бұл оқиғаның артында қандай ықпалды жандардың тұрғаны туралы құқық қорғаушылар ләм-мим деп аузын ашпайды. «Діни бүлікшілер» деген анықтамадан ат-тондарын ала қашады. Жалғыз жауап: ұйымдасқан қылмыстық топ, бұзақылар... Лаңкестікпен, діни экстремизммен байланыстырып, елдің есін шығарудың қажеті жоқ...
Жуырда Ақтөбедегі ҰҚД ғимаратының кіреберісінде Р.Мақатов есімді азамат өзін-өзі жарып жібергенін жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Екі адам жараланып, ауруханаға түсті. Бастапқыда Р.Мақатовтың діни ағымға қатысы бар екендігі айтылғанымен, бұл деректі тиісті органдар жоққа шығарды. Ол құқық қорғаушылардан бас сауғалап жүрген қылмыстық топтың мүшесі-мыс. Ұсақ қылмыстық топтың мүшесі қолдан жарылғыш жасауды қайдан үйренген, оған кім үйреткен?!
Былтыр жазда Ақтау түрмесінен қашқандардың тағдыры да өздерін жарып жіберумен аяқталды. Оларға түрмеден қашуға көмектескендер кімдер? Қандай ағымның мүшелері? Бұл сауалдарға ресми жауап берілмеді. Бейресми жауаптар ғана.
Шұбаршидегі шудан ел есін жинамай жатып, Балқаш түрмесінде «ЧП» шықты. Абақтыдағы 16 адам түрмеден қашпақшы болды. Аталған оқиға да үйреншікті сценариймен аяқталды, бүлікшілер бұл жолы да өздерін жарып үлгерді.
Өкінішке қарай, ақыр соңы трагедиямен тынған мұндай оқиғаларды тізбелей беруге болады. Бірақ тиісті органдар таратқандай, бірде-бірінің лаңкестікке, діни бүлікке қатысы жоқ. Әрі кетсе әлеуметтік-тұрмыстық ахуалдың қиындығынан туындауы мүмкін. Тек лаңкестік туралы атай көрмеңіз.
«Жауырды жаба тоқығаннан» ұтарымыз шамалы. «Ауруын жасырған өлетінін» естен шығармасақ екен. Тізбектеліп бір-біріне ұласқан оқиғаларға сараптама жасап, нақты бағасын беретін уақыт әлдеқашан жетті. Өрімдей жастарды арбап, өз қатарына тартып жатқан қандай діни ағым? Салафиттер дегеніміз кімдер? Олар кімдердің көмегіне сүйенеді? Кімдер қаржыландырады? Ақтаудан, Ақтөбеден, Темір ауданынан, Балқаштан шыққан дүмпу тағы қай жақтан шығады деген үрей бар халық арасында.
Құқық қорғау органдары айтқандай, егер оқиғаларға жай бұзақылар кінәлі болса, оларды ауыздықтауға мемлекеттің әлеуеті неге жетпей жатыр? Тәуелсіздік алған 20 жыл бойы «татулық мекеніне айналған елді» «бұзақылардың» бұзып-жарып жібермеуін құдайдан күні-түні тілейміз бе енді?! Қысқасы, сұрақ көп, жауап мардымсыз. Елді дүрліктірген оқиғалардың нақты диагнозын анықтамайынша, бұл сауалдарға жауап табу да қиындай беретіні анық!

Айбын АҚПАТША

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Аппарат жетекшісі:
- Ақтөбе облысында орын алып отырған бұл оқиғаның ешқандай да қасиетті соғысқа жатпайтындығын ескертеміз. Қасиетті соғысты тек мемлекет жариялай алады. Бұл - ауыр қылмыс. Қалай болғанда да, ҚМДБ Исламда қан төгіске жол жоқ екендігін, билікке қарулы қақтығыс жасаудың ауыр күнә екендігін тағы да ескертеді. Исламда бейкүнә бір адамды өлтіру - күллі адамзатты өлтіргенмен бірдей ауыр күнә. Адам өлтіру былай тұрсын, қалжыңдап болса да адам баласына қару кезенудің өзі дұрыс емес. Дініміздің Ислам деген атауының өзі «бейбітшілік, аман-есендік» деген мағынаға саяды.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
- Қылмыскердің көбіне ашықтан ашық өз бастарын қатерге тіге бермейтіні белгілі. Сондықтан Ақтөбедегі Ішкі істер органдарына қарсы шыққан адамдарды діни экстремизм тобына жатқызуға толық негіз бар. Терроршылардың көздеген мақсаты - халықтың арасына іріткі салу, үрейлендіру ғой. Сондай іріткілер біздің елімізде орын алып жатыр. Осындай келеңсіз жайттарды жасырған сайын, бүлікшілерді соғұрлым күшейтіп аламыз. Кез келген ауруды емдеу үшін алдымен оны мойындауымыз керек. Қазіргі біздің мемлекетіміздің басты міндеті сол ауруға сай ем-дом қабылдап, ең бастысы қорғанысымызды күшейтуіміз керек.

http://nurastana.kz/?p=1804

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5525