Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 5923 7 пікір 23 Тамыз, 2019 сағат 12:37

Уәдешіл әкімдер адалдықтың хақын жер

Қадірменді Бақытжан Әбдірұлы!

Сыпайы “сізден” бірін бірі анық түсінер сенімді “сенге” көшкенімді айыпқа бұйырмассың.

Өзіңнен бұрыңғы қала әкімі болған Бауыржан Байбек мырзамен біріміз аңдып, біріміз жасырынып күн кешкен тірлігіміздің күнгейі мен көлеңкесін өзіне жайып салғалы отырмын.

Енді әңгімемді төтесінен бастайын.

Осыдан тура төрт жыл бұрын Алматыға әкім болып талдырмаш денесіне бас қаланың ап­ауыр телпегін төңкере киіп, біліктей жуан билік тізгінін білегіне ораған су жаңа бастық осындағы зиялы қауымның қаймағы дейтіндерінің біразын жинап алып, кездесу өткізген-ді.

Әкім жігіт ә дегеннен қаланы түгел дерлік аралап шыққанын, көргенін де, көңліне түйгенін де қала тұрғындарымен ақылдаса отырып, кент тірлігі мен тұрмысының кемістігін толтырып, кемшілігін жойып, әдемісін әспеттеп, көркемдігін көбейтіп, қасиеті мен құдыретін кеңейтуге барын да салып, жанын да аямайтынын айтып, іші-бауырымызға кіріп шыққан-ды.

Әрине төменнен төбеге көз сүзіп, төрдегі төрелерді онша төңіректей қоймайтын жердегілерге анау шіренген шенеуніктердің оқшырая қарайтын тәкаппарлығы көбімізді көбіктей ықтырып жүргенін білудей-ақ білдік қой. Содан ба Еркінбек Жексенбеков, Б.Төлегенова, А.Әшімов,С.Досанов бастаған уәлі ауыздарымыз Бауыржан шырақты аспаннан қарып түскен Айсадай, жерден жарып шыққан Мәдідей етіп мақтау мен мадақтау арқылы ойында болып, көкейінде қалайық дейтін тілемсек тілектің әртүрлі әсем әуендері мен ып-ыстық еміренулерімен байғұс бастықты орнынан тұрғызбастай қып көміп тастап еді.

Шіркін жасты аяп кетсем керек, әлгі ауыз жаппастарды сәл кідірте қойдым да, мақтау,мадақтаулардың қытай қабырғасына айнала бастаған қорғанына сынау да емес, сынауға жатқызуға да тұрарлық суық сөздердің легін ақтарып жіберіп, әкімді мең-зең қалпынан сілкінтіп тұрғызып алғандай болдым-ау деймін.

Бауыржанның әлгіндегі ашылуына өзімнің көмейімде атылуға дайын жүрген ашынуымды ақтара салдым.

Сондағы айтқаным: Алматының “Горный Гигант” “Таудағы Алып” (“Таудағы Қырат” емес. Қырат таудың үстінде болмайды, таудан төменде жатады) мөлтек ауданының көріксіздігі жерінтер, келеңсіздігі өкінтер аса мүшкіл күй-халі еді.

Қаланың ең бір таза да әсем, көрікті де сұлу аймағында орналасқан осынау шағын аудан осы атақты бас қаланың соншама азып-тозған, жүдеп-жадаған, қаусап құлаған, мүжіліп езіліп қираған, сорақылық пен жауапсыздық, құнтсыздық жайлаған қазақы “Гарлеміне” айналғаны еді. Соны көруін өтіндім.

Тағы айтқаным: Осы өңірдің бомба түсіп, үйлерінің үштен бірі үйінді боп талқандалған соғыс өтіндегі деревнядан аумай қалғаны. Сол үңірейген үйлердің бөгде көздерден тасаланып қаңылтыр темірмен қоршап тасталғаны. Ал осы қораланып қоршалған бос аумаққа қаланың орталығынан сапырылысқан “Камаздар” қараала қарды, қоқыс-соқысты шаңдатып,сорғалатып тасиды да жатады. Сөйтіп шын мәніндегі “таулы қырат” көр-жерді үйеді де тастайды. Ал күн көзі жылт етіп, көктемнің лебі есті дегенше әлгі “свалка” болған көшелерден аңқып сала беретін “хош” иістен басы айналып, көзі қарауытқан тұрғындар қиналған жанын, ашыған көмей, кеудесін қайда тығарын білмей, тыпырлайды да қалады.

Және бір мәлімдегенім: “Таулы Алыптың” қараңғылықтың меңіреу құшағына көмілген түнгі көрінісінен, сол түнекті қоршаудың ішіндегі үйінділерді баспана ететін бомжылар мен суық түстілердің алау оттары серпіп қалып... қарсы алдыңнан әлдекімдер сорайып, зорайып шыға-шыға келгенде жан баласының сұп-суық үрей құшағына бөленетінін әкім мырзаға дұрыстап жеткізе алмадым. Жеткізе алмадым да сонау үңірейген,саңырайған қап-қара қуыс үңгірлерден байғыздың бапылдағаны, қарға-құзғынның қарқылдағаны, аламан тышқандар мен мысықтай егеуқұйрықтардың аяқ астынан атқып шығып, балағыңның арасынан зуылдап өткенде, әлгілерді тақымдап қуып келе жатқан иесіз иттердің қоршауынан құтыла алмай талайдың талып түскенін көріп, өзімнің де есімнен танғандай күй кешкенім есіме түсті ме, самайымнан сорғалаған ап-ащы теріме Бауыржан баламның бақырайған көздері байланып қалған-ды.

Тамағымды бір қырнап алдым да: “21 ‒ ғасырдың алғашқы ширегін тауысуға жақындап қалсақ та, кешегі 20 ‒ ғасырдың 30 ‒ жылдарындағыдай көше жарығына жарымаған “Таулы Алыптағыларға” түні бойы соқыртеке ойнатқызған қала басшыларын бірінен соң бірін ұзатып келе жатқанымызды айтып, зарымызды қай Құдайдың құлағына жеткізерміз деп жүргенде, Бауыржан шырақ, Өзіңнің кездесе кеткенін мұндай жақсы  болар ма. Қолың тиіп жатса, бір жұманың, әрі кеткенде он күннің ішінде “Горный Гигантты” мені қасыңа алып, аралап шығуға уақытың табылып, мүмкіндігің бола ма?”‒ дегенім де:

‒ Болады, Софы аға! Аралаймыз. Жөндейміз! ‒ деп уәдесін төге салған-ды.

“Уәде ‒ құдай сөзі” деп дабырайтатынымыз ғаламат-ақ. Ал бірақ сол уәде шіркінді сонау ең биік төрдегінің Өзінен бастап, біраз әкім, министрлердің ауыздарынан үйрек қып ұшырып, доп қып қуалап, әркімді бір ентіктіре өкінтіп, ызаландыра өксітіп ойнайтын ермектеріне айналдырып алғандарын және қу ішімізбен қыжырлана сеземіз.

Бауыржан бауыр да сол уәдесін ұшпаққа шығаруға бір талпынбай, “Таудағы Алыптың” Алматының біл мөлтек ауданы екенін ұмытып кеткендей болса, Сматаев дейтін қаламгердің өмірде бар-жоғына мүлде көңіл бөлмегеніне кәміл сенемін. Өйткені сол үш жылда әкімге де, әкімнің орынбасары Арман Қырықбаевқа да, бөлім меңгерушілеріне де әлденеше мәрте телефон шалып, бір ауыз жөнді жауап ала алмай тауым шағылғанын қай Құдірет иесіне айтып, мұңымды шағармын. Бүгінде сөз тыңдап, құлақ қояр биліктілер жоқ қой, жоқ. Отырған биік орны мен орынтағын тоғыз қабат торғауытпен қоршап тастаған үлкен “Тәңір” мен кіші “құдайлар” адамды пенде етіп еңбектетіп етек сүйгізіп, етік жалатар парықсыздығынан рахат күй кешетіндеріне көзіміз жетсе де, көлеңкемізден де қорқатын көнбістігімізбен сүмеңдей береміз.

Хош. Малағамымның тоқетеріне тірелейтін.

2018 жылдың 17 ‒ желтоқсаны.

Елінің тәуелсіздігін аңсап, ақиқатты алқалап, шындықты шырылдап іздеп, әділетті анасындай аялаған қазақтың жап-жас ұл-қыздары шовинистік Кремльдің бұйрығымен қоңқақ мұрын орыс мұжығының табанында тапталған ұлттық ар-намысты көкке көтеруге ұмтылып, Желтоқсанның аязды ақ қарын қызыл қанымен бояп, көк мұзын жалындаған жанының жастық қызуымен ерітіп жібергенін сол екі күнде дәл қастарында қан жылап жүріп өз көзіммен көрген мен осынау нақақ қанға боялған алаңға ақсаңдап-ақ жетіп едім. Мұздай құрсанған суық сұсты полицайлар мені қақпайлай итермелеп, алаңның шет жағындағы “Желтоқсан құрбандарына” арналған шалажансар ескерткіштің түбіне қуып тықты.

Жиналған қауымның қарасы көп екен. Біразы мені танитындықтан орталарына алып, жай-жағдайымды сұрап, әлгінде ғана полицейлер қоқаңдап көпсіткен көңілімді әжептәуір-ақ көтеріп тастады.

Сол екі ортада нөкерін шұбатып ескерткішке гүл шоғын қоюға келген Байбек мырзаны көзімнің шалып қалғаны ғой. Ай-шайға қарамай әкімге жетіп барып, шаужайына жармасқанымды білем. Оның үстіне әкімнің нөкерлерінен гөрі менің пікірлес, үндес, тілектес төңірегімнің көптігі де әсер етті ме, Бауыржан бірден: “Софы ағалап! Сәкелеп!” ылдилады да қалды.

‒ 22 ‒ желтоқсан күні мынау Арман Қырықбаев пен анау Нұрлан екеуі сізді менің кабинетіме қолтықтап әкеледі. Сол күні асықпай әңгімелесіз, аға! ‒ деп құрақ ұшқан ініге ентіге сөйлеп не дей қояйын. Бас изедім де кете бардым.

Қарлатып, борандатып 22-сі де жетті. Қолтықтап апарар Арманының да, Нұрланының да соққан телефоныма да жауап бермей, үндері өшті де қалды. Көп мазалай бердім бе, бір күні әкімнің қабылдау бөлмесіндегі хатшы келіншек:

‒ Сізді әкім 29-күні қабылдайды! ‒ деп зірк етті де, телефонды үзіп жіберді.

Жаңа жылдың абыр-сабыры көп болады ғой, ескі жылды дуылдатып шығарып салысымен төбегідегі төрелердің әлдебірі мені енді әкімнің 7- қаңтарда қабылдайтынын тойдан сарқыт жегізгендей лепіріп жеткізді. Алайда үнсіздіктің құнсыздығына тағы бір батып 8- ін де су түбіне жібердім.

14- қаңтарда поликлиникаға кетіп бара жатып бір көшенің бұрышында топталғандардың арасынан Б.Байбекті шырамытып жақындап, бас изеген болдым. Ұялды ма, білмеймін, ләм деместен бұрылып кете беріп едім әкімнің:

“Сәке! Аға! Сізбен 18-күні кедесеміз! Күтіңіз!” ‒ дегені маған қуалай ілесті.

Шыдамның да шыдамы бар ғой, төзімім таусылса керек, сол шіркіннің алдында үлкен басымды кішірейтпейін деп тым-тырс қалған 18-нен кейін күдерімді мүлде үзгем-ді.

Алайда 22-қаңтарда екі-үш рет телефон соғылып, әкімнің сол күнгі сағат бесте мені қабылдайтынын салтанатты екпінмен құлағыма кезек-кезек құя берген-ді.

Бардым. Кірдім. Әкімнің айқара ашылған құшағын да, жайната жасалған дастарханын да көрдім. 17- томдық шығармаларымды, кейінде шыққан сегіз кітабымды мен де інімнің алдына жайып салдым.

Дәмнен үлкен емеспіз ғой, ішке түскен бір шынаяқ шайдан кейін әңгімеміз түзелді. Бауыржан азаматқа “Таудағы Алып” мөлтек ауданының жай-жағдайын бажайлап кеттім. Сондағы айтқаным: бұл төңіректе бір де бір үлкен дүкеннің, мәдениет ошағының, спорт ауласының, балалар мүйісінің жоғын, орталыққа қатынас жасаудың шексіз қиындығын,”Барахолка” базарына апаратын екі автобустан басқа көпшілік мінетін көліктің бұл аумаққа жоламайтынын, осыдан 13-жыл бұрын И.Тасмағамбетов салғызған асфальттың жұрындысы да қалмағанын т.т. шұбыртуға кірістім. Әсіресе баса айтқаным: Әл-Фараби даңғылын кесіп өтетін бірнеше көшені бекітіп тастаған соң, еріксіз тұтқын зонаға айналған жабық мекентұрағынан жұрттың жалғыз Жамақаев  көшесімен машиналарын бір-біріне соғыстырып жүріп, әлгі Әл-Фарабиға әрең-әрең шығатынын  жыр қылып создым.

Менің шұбырта жөнелген мұң-зарымнан жалыққан Бауыржан мырза бетіме бақырая қарады.

Сол бақырайған жанарға қарап отырып, өзімнің де, өзгенің де алақтай бадыраятын көздері есіме түсті де:

‒ Баукем-ау, мөлтек ауданымыздың көкжелкесіне қонжиған трамплинде он шақты күн түні бойы музаппараттарын дарылдатып, барылдатып дайындалатын “Алматы әуендері” атты жыл сайын берекесіз гала-концерт өтеді. Он күн бойы иттеріміз абалап, балаларымыз шыңғыра жылап, ересектеріміз санымызды сабалап, жүйкемізді жүндей тоздырып, қайда безіп кетерімізді білмей, түні бойы аласұрып шығамыз. Ал анау заржақ әуенді концертті Астанадан арнайы келіп ұйымдастыратын әнші келіншекке мазасын ұрлатқан мыңдаған тұрғынның қандай “сыбаға сыйлайтынын” Өзің де сезерсің.

Әкім сазара түсіп, бас изеді:

‒ Сәке, мен осының бәрін “Горный Гигантты... “Таудағы Алыпты” сізбен бірге аралап көруге уәде берейін. Ал мен сізді қаламгер ретінде қатты сыйлаймын. Мынау алтынмен апталып, пүлішпен қапталған Шығармалар жинағыңызға қызыға қарап отырмын. Жақсылап шығарыпты. Қай баспадан?

‒ Үкіметтік баспалар, Бауыржан бауыр, мені маңайларына да жолатпайды. Ал мынау жинағымның жарық көруіне демеуші болып, ағасына азаматтық танытқан Имашжан... Иманғали Тасмағамбетов інім.

‒ Иә, Имекең сондай. Бүгінде қанша томға жеткіздіңіз?

‒ 25 томым дайын... Ал шығарту үшін тағы да демеуші іздеумен әлекпін. Уәде берушілер көп-ау,‒ күрсіндім бе, білмеймін, лықсып шыққан демімді көмейіме қайта тыға алмап едім.

‒ Имекең... Иманғали аға он жетісін шығарса, біз сіздің 25 кітабыңыздың кіндігін неге кесіп бермейміз. Сөзсіз кесеміз, аға!

Бетіне жалт қарадым. Шын ниетімен айтып отырғандай көрінді. Үнсіз ғана барынша мейірленіп қолын қыстым. Әкімім ақынын одан әрі көңілдендірейін деді ме, біраз уәдені төгіп тастады.

Үйімнің іргесіндегі бассейнімнің ағашпен жабылған төбесі ‒ “крышасы” қысқы қардың салмағынан майыса сынып қалған-ды. Біраз жеке меншікті құрылысшыларға жөндеп беруін өтініп, көрсеткенімде, “Автокран маңайлай алмайды екен” деп мысымды құртып, тайып тұратын. Соны да естіген бе:

‒ Бізде, әкімдікте құрылыс фирмасы құрылмақ. Жөндетіп береміз, ‒ деп бір жадыратса, ‒ Немерелеріңізге де қызмет табамыз. Керек кезде салып ұрып келіп тұрыңыз. Әкімдіктің есігі сізге әрдайым ашық! ‒ деп төбемді көкке тигізді де қойды.

Не дейін. Риза болғаным сондай, іштей ғана “Мына азамат Иманғали, Нұрлан Ноғаевтардың деңгейіне көтерілген, қаламгерлерін құрметтей білетін тамаша жігіт екен-ау!” деп мағұрлана қоштастым.

Ал содан соң... Сматаевты телефонға  телмірткен, жоғарыға көз тіккізген сергелдеңмен сандалтқан күндер басталды. Қаңтар бітіп, ақпан өтті. Наурыз орталанып, көктем иісі мұрын қытықтады. Әкімдіктен  хабар-ошар болмады. “Есікті теуіп ашып, кіре берерсіз!” деген ақ үй маңайына да жолатпады.

Сілемденіп сәуір басталды. Жүйе-жүйкемді жүн еткен құрғақ уәделердің кесапаты мені аурухана төсегіне алып ұрды.

...Барокамерадан ем алып, дәлізбен палатама келе жатқам... бір топ нөкерімен Байбек мырзаның қарсы ұшырасқаны. Мені көргенде түсі бұзылып, түзелді, қипыжықтап  тұрып қолын әрең созды.

‒ Бармысың, бауырым:.. Тірі екенсің ғой! ‒ деп өте бердім.

‒ Оу, Софы аға! Сіздің айтқандарыңызды орындауды Қырықбаев пен тағы бір орынбасарыма тапсырғам...

‒ Сол Арманың дүниеде бар адам ба? Үш айдан бері телефонмен де бір хабарласпағанына қарағанда, сол орынбасарларыңда жауапкершілік пен адамгершілік атымен жоқ болғаны-ау! ‒ деп жөніме қайқайдым.

Үш күннен кейін қалта телефоныма бір бөлімнің меңгерушісі телефон шалып, бір немеремнің өзіне келіп кетуін сұрады.

Хош! Сол немерем бір жарым ай әкімдіктің мықтыларының жөн-жобасымен салпақтап жүріп, ақыры Республика сарайына 25-30 мың теңге айлықпен жұмысқа орналасатын болды-ау...

Барселона университетінің халықаралық қатынастар факультетін ағылшын тілінде оқып бітіріп келген жоғары дәрежелі экономист маманға лайықтаған қыметі ‒ аулашылық қана. Қалай күйінбессің. Тәлкек етудің түр-түрі бұларда артығымен табыла береді екен-ау.

Бауыржанмен бірге “Таудағы Алыпты” аралап, олпы-солпысын, кем-кетігін, ашық-сасығын түзетерміз деген арманым арман күйінде қалды.

Үйімнің шұрық-тесік төбесі қар мен жаңбырды сорғалатып, түнгі жұлдыздарды сығалатып-ақ тұр.

Апырай десем, төрдегілердің уәде бергіштігі һәм сол уәделерінің бір де біреуін орындамаулары ғаламаттың ғаламаты екен. Әсіресе уәде беруден алдына жан салмайтын біреу болса,ол ‒ Бердібек Сапарбаев бауыр. “Софы аға, Сіз маған ғана емес, қазақ халқына ағасыз. Мен –ініңізбін. Ініңіз ретінде  Сіздің айтқан мәселеңіздің бәрін Алматыдағы жігіттерге тапсырам. Олар ‒ екі күннің ішінде мәселеңізді мампырт етіп шешіп береді. Яғни ол райт етеді! ‒ деп тақылдата жөнелгенінен-ақ “Алдадым,алдадым! Есектің қиын жалдадың!” деп санын шапақтайтын қиқар баланың шәлкем шалыстығын қайталағанын сол сәтте-ақ сезіп ем-ау. Қап-қап уәдесінің оймақтайын да орындамайтын осындай “мықты” шенеуніктер үкімет төрінен қашанға дейін көріне бермек?...

Байбек мырза қайтып келген қыздай болып, өз орнына, Астанасына оралды. Төрт жылдай бас қаламыздың төрінде отырды. Ыстығына күйді, суығына тоңды. Тыңдырғаны да біраз. Мақтауды да естіді. Даттаудан да сау қалмады. Әрине көптің көңілінен табыла беру оңай да емес.

Не дейді жұрт сонда:

“Иманғали азамат қаланың тар көшелерін кеңейтуге барын салып, жұртшылықтың жағдайын жақсартуға әбден ынтық болып еді-ау!”...

“Ал мына Бауыржан мырза тар көшелерді одан сайын тарылтып, жүргізушілерді айыппұлдың астында шөкелетті де қойды. Сірә, өзіне жоғарыдан: “Қайтсең де айыппұл салудың түр-түсін көбейтіп, қыруар қаражат түсірудің көзін тап!” дейтін тапсырма берілген-ау, шамасы!”..

“Әй, мынау орталық көшелердің су жаңа асфальтін жыл сайын кертіп, кеміртіп қайтадан жаңғыртудың біз білмейтін кілтипаны бар-ау. Ол мүмкін оның өзінің, не туысқанының асфальт һәм плитка зауыттары болуына байланысты емес пе екен,ә?..

Шет көшелердің асфальті таусылып, шаңы бұрқырап жатқанын неге көрмейді әйтпесе?”

Осындай күңкіл-күбірден құтылған Бауыржанға “ол жақтағы қызметің абройлы бола берсінді!” бір қайталап тастайын.

Қарасын көрсетпек түгілі соққан телефоныма да тырс етіп тіл қатпаған Арман Қырықбаевқа да, үнсіздіктің суын сығып ішкен әкімдіктің бірнеше бөлім меңгерушілеріне де еш өкпем жоқ. Азаматтықтан күйкі тірлікті пенделікке құлдилаған шіркіндерге ренжігенде не табармын.

Қадірменді Бақытжан мыра!

Сөзімді тұқырта тиянақтарда айтарым!: “Таудағы Алыпты” (“Горный Гигант”) енді Өзің менімен бірге аралап көріп, шаңы бұрқыраған қараңғы да сасық көшелерін ойқы-шойқысы адам аяғын сындырмастай етіп жөндеуден өткізуге күш салар-ау деген ниетпен үміт артып отырмын. Мүмкін кездесіп те, келісіп те қалармыз. Соған сенуге тырысармын-ақ.

Софы Сматаев

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415