Сенбі, 23 Қараша 2024
3946 0 пікір 23 Тамыз, 2019 сағат 13:52

Ақтөбеде Сириядан оралған әйел бес жылға сотталды

22 тамыз күні Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы Әлима Әділова Сириядан оралған соң терроризм күдігіне ілінген жергілікті тұрғын Ақмарал Алмағамбетованы бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Сот шешіміне сәйкес, Алмағамбетова жазасын қауіпсіздігі орташа (жалпы режимдегі) колонияда өтейтін болады деп хабарлады Азаттық тілшісіне Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сотталушының адвокаты Назгүл Дүйсенбекованың Азаттыққа айтуынша, үкім шыққан күні сот залында Ақмарал Алмағамбетованың туыстары болмаған. Үкім әлі күшіне енген жоқ.

Қазақстан билігінің "Жусан" арнайы операциясы аясында биыл көктемде Сириядан елге қайтарылған соң 32 жастағы Ақмарал Алмағамбетоваға тергеу орындары "терроризмді насихаттады", "ұлттық алауыздық тудырды" деген айыптар таққан еді. 22 шілдеде өткен алғашқы сот отырысында Алмағамбетова өзіне тағылған айыптарды толық мойындап, процестік келісімге дайын екенін айтқан. Қылмыстың саралануымен келіспеген судья 23 шілдеде Алмағамбетованың ісін жаңа процестік келісім жасау үшін прокуратураға қайтарған болатын.

Тергеу материалдары бойынша, Ақмарал Алмағамбетова заңды некедегі күйеуінен 2013 жылғы мамыр айында шариғат жолымен ажырасқан соң көп ұзамай үш баласын оған қалдырып, шетелге кеткен. 2014 жылғы қаңтарда Ақтөбеде қалған күйеуіне Сириядан хабарласып, қақтығыс аймағында жүргенін айтқан. Кейін бірнеше рет аудио және жазбаша хабарлама жолдап, балаларының әкесіне ДАИШ () экстремистік ұйымының "идеяларын насихаттаған".

Тергеудің дерегінше, Ақмарал Алмағамбетова соңғы алты жылда Сириядағы бірнеше қаланы мекендеген. Соңғы тұрағы осы елдің солтүстігіндегі Кобани қаласынан күрд жасағының көмегімен босқындар лагеріне жетіп, 2019 жылғы 9 мамырда "Жусан" операциясы аясында Қазақстанға Сирияда 2015 және 2017 жылдары дүниеге келген екі баласымен бірге жеткізілген.

Оның екі баласы қазір мемлекет қарауында. Ақтөбеде олар тәрбиеленіп жатқан сәбилер үйінің аты-жөнін атағысы келмеген қызметкері Азаттыққа балалардың денсаулығы жақсы екенін айтты.

Биыл 7-9 мамыр аралығында "Жусан" арнайы операциясымен Сириядан Қазақстанға жеткізілгендердің ішінде Алмағамбетовадан бөлек тағы бірнеше ақтөбеліктің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олардың бірі - 30 жастағы Зарина Ақмалаева "терроризмді насихаттау", "діни алауыздық қоздыру" баптары бойынша айыпты деп танылып, шілденің соңында сот үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылды. Зарина Ақмалаеваның өзімен бірге Қазақстанға Сириядан жеткізілген кәмелетке толмаған екі баласы қазір нағашы әжелерінің тәрбиесінде.

2018 шілде айында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Таяу Шығыста соғыс басталғалы бері Сирия мен Иракқа Қазақстанның 800-ге жуық азаматы кеткені туралы хабарлаған. ҰҚК мәліметінше, Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдар қатарында қазақстандық 120 ер, 250-ден астам әйел және кәмелетке толмаған 500 бала болған.

2019 жылы Қазақстан билігі "Жусан" операциясы барысында Сириядан елге 516 адамды жеткізген, олардың 360-ы - бала. Бұған дейін билік елге жаңадан оралғандардың біраз уақыт оңалту орталығында болатынын хабарлаған.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409