Сенбі, 23 Қараша 2024
Әңгіме 3994 2 пікір 6 Қыркүйек, 2019 сағат 11:36

Нұрмахан Елтай. Жетектескен екеу

(Әзіл әңгіме)

«Адамның басы - Алланың добы» деген тап рас. Қақпақылдап ойнай ма, қақырата қақпаға қарай тебе ме, жаратушы өзі біледі де.

...Иегін сары қылшықтары иректеп тастаған сары шалдың аздап еңкіш тартқаны болмаса, жүрісі ширақ. Әдеті шығар, оң қолы жез түстес мұртын баса сипап, әлгі иектегі қыл-қыбырды да бір уыстап өтеді. Бірақ мұнда да көп кідірмей, азан шақыратын адамша құлағының ен салар жерін қалқалайды. Тап осы күйі жанындағы домаланған қара қарияға қарап ауыз ашты:

–Сонымен не болды-ей, әлгі әңгіменің соңғы жағын қағыс жіберіп

алғандаймын,  жолға деген қаржыны әлгі әкім қақшып кеткен дей ме?!

–Кім білсін, тоқалы күшті болса, бәйбіше байдан безер, -–дегендей

соның ізіне түсіп жүргендердің өзі де бытырап, аяқсыз қалды деп жатыр ғой... Баяғы барымтаның қарымтасы болады дейтін еді, көптің нәпақасын жейтіндердің сыбайласы болса, анадайдан қорғап жүретін ыңғайласы да жер астынан жік шыққандай, екі құлағы тік шықты дегенді құлағым шалды.

Қара шалың да қаражаяу емес екен, екпінін бәсеңдетпестен сыдыртып өтті.  Өзінің көзі үлкен бе, әлде, көзілдірігінің шынысы томпақ па, оның тасасындағы қарайғанның қара- құрасы мол секілді. Кірпігін қаққаны болар, бағжаң ете қалғанда, қара қазан аунап түскендей...

–Әлгінде, қазыдан турап-турап менің алдыма жақындатып қойсаң қайтеді, «Бисмилла» деп қолды салып жіберсем, ылғи бауырсақ ілінеді. Бір мәрте саусағымды сары майға матырып алдым...

–Дық сақтама. «Соқырдың көзі көңілінде» деп қайдағы қазы-қартаның басын ауыртып отырсың, біздің дастарханда ондай жылы-жұмсақ болмады ғой. Сен де, баяғы бас бухгалтер кезіңді аңсайсың да тұрасың.., деген сары шал жорға жүрісінен жаңылыспай, жанындағысын апыл-тапыл сүйреп кете берді.

–Одан да, бар тапқан-таянғанын сомолетке тиеп, шетелге тартып кеткен тотияйынның жайын айт. Бәрін, жалап-жұқтап, жөнеп берді-ау, шіркін! Әпитетіңнен айналайын. Саудалаған ғимараттары да екі-үш қабаттан кем емес дейді ғой... Иегі қыл-қыбырын селкілдетіп сөйлегенмен, құлағы қара шалдың аузына киілетіндей кептеліп-ақ барады.

–Аспанға көз салдың-ау, көзің сау болған соң... «әуедегі құсты ұятқа қалдырған жердегі жем» деп ол шырағым да шырғалаңға түсерін білмей қалған шығар-ау. Өзгенің үйінің қабатын санайсың, баяғы ПМК басқарғаның есіңе түсіп...Тым апырақтап кеттің ғой, байқа, арыққа түсіп кетпейік, - деп қара шал қауіп айтты.

–Мен тұрғанда қорықпа! Тек естігендеріңді шашау шығармай баяндап тұрсаң болғаны. Сенде - көз, менде - құлақ жоқ. Бұл күндері екеуміз бірігіп бір адамның қаңқасындаймыз ғой...

...Бағзы заманда алдарыңыздағы екі кісіңіз бітіспес жау секілді еді. Сәлемдерінің сарқыты да қиыспас қияңқы болатын. Екі мекемені екі жақтап жұлмалап жатқан соң, бәсекелестігі де дендеп кеткен-ау, сірә. Енді ше.., соңғы төрт-бес жылдың көлемінде құдай айдап қоңсы қонғандарын қарасаңшы! Баяғы беттің арын, қалтадағы барын салып, орысша оқытқан балалары «бел асып, беліне белбеу жарасып» қарашаңырақтан қара үзіп кеткелі қаш-шан. Кейде екі шал, екі кемпір шүңкілдесіп көрші ақысымен шәй ішіскен болады. Бірі-саңырау, бірі-басыр екі қарт кейде осылай жетектесіп, айналадағы той-құдайыға бірге барысады. Бірі көргенін айтады, бірі естігенін еске салады. Әйтеуір, екі жартыдан бір бүтін шығару деген әрекеттері әжептеуір.

Әне, көшеде екі ғаріп келеді жетектесіп. Қайқайғанды иілдірген, қисайғанды түзеген Алла шебер десеңші... Астамшылықтың беті аулақ.

Нұрмахан Елтай,

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364