Елсерік. Тіл мен сөй
Тіліміздің тілегін қолға алғалы оңды-солымызды байқауға мұршамыз келместен, жүйесіз әрекетпен мәселенің мұхитында малтып келе жатқандаймыз. Қай мәселені де шешу үшін оның қатпарын сараптап бажайламайынша, қыймылымыз қарабайырланып, әрекетіміз әлемтапырық күй кешпек, ал нәтижесі мандымастан бір орында таяқ қамшылаған баладай, өзімізді өзіміз алдаусыратып уақыттан жұрдай боларымыз хақ. Кез келген іске қажетті ғылыми кірісімнен ада боламыз. Кәзіргі тіл майданындағы халымыз да сондай.
Тіл мен речь
Тіл мәселесіне бойлап, мәселеге мән беру үшін «тіл» ұғымының өзіне үңіліп, «тілге» берілген танымал анықтамаларға назар аударайық:
тіл - барлық сөздер мен грамматикалық формалардың және айтылым ерекшеліктерінің жыйынтығы;
тіл - виртуәлдік (абстракция ретінде болатын), әлеуеттік қауқар (потенция);
тіл - халықтың қатынас құралы, бұл - әлеуметтік құбылыс («Русский язык и культура речи», В.Я.Гольдин, О.Б.Сиропотина, М.А.Ягубова, 2003г);
Тіліміздің тілегін қолға алғалы оңды-солымызды байқауға мұршамыз келместен, жүйесіз әрекетпен мәселенің мұхитында малтып келе жатқандаймыз. Қай мәселені де шешу үшін оның қатпарын сараптап бажайламайынша, қыймылымыз қарабайырланып, әрекетіміз әлемтапырық күй кешпек, ал нәтижесі мандымастан бір орында таяқ қамшылаған баладай, өзімізді өзіміз алдаусыратып уақыттан жұрдай боларымыз хақ. Кез келген іске қажетті ғылыми кірісімнен ада боламыз. Кәзіргі тіл майданындағы халымыз да сондай.
Тіл мен речь
Тіл мәселесіне бойлап, мәселеге мән беру үшін «тіл» ұғымының өзіне үңіліп, «тілге» берілген танымал анықтамаларға назар аударайық:
тіл - барлық сөздер мен грамматикалық формалардың және айтылым ерекшеліктерінің жыйынтығы;
тіл - виртуәлдік (абстракция ретінде болатын), әлеуеттік қауқар (потенция);
тіл - халықтың қатынас құралы, бұл - әлеуметтік құбылыс («Русский язык и культура речи», В.Я.Гольдин, О.Б.Сиропотина, М.А.Ягубова, 2003г);
тіл - адам қауымында стихиялы түрде туындаған, қатынас мақсаттарына арналған және адамның әлем туралы білімдері мен ұғымдарының барлық жиынтығын бейнелеп жеткізуге қабылетті дискретті (жіктелмелі) дыбыстық таңбалардың дамымалы жүйесі (Үлкен кеңес енсиклопедиясы - (орыс тіліндегі шетелдік терминді қазақ тіліне икемдегеніміз - тілді қорлатудан қорғау мен оқырманды сыйлағанымыз).
Бізге керегі де және бұл ұғымға тиісті тиянақты тоқтам да анықтамалардың соңғы нұсқасы деп ойлаймыз. Қысқасы, тіл - адамаралық қатынастың белгілі бір жүйесі. Бұл жағынан қарағанда, жүйе ретінде тіл өлуі де, қайта тірілуі де, тіпті, жасалуы да әбден мүмкін. Мұның мысалдары жеткілікті. Мысалы, қайта тірілген ебрит тілі шын мәнінде тілдік жүйе ретінде өлген емес, оның заңдылықтары мен жүйелік сыйпаттары сақтаулы болатын. Алайда, сол «өлген» тілдің қолданысқа түсуі шын мәнінде тілдің қайта туылуы емес, лингвистикалық ғылым саласында «речке» айналуы болатын. Қарапайым ұғымдағы тілдің «өлуі» дегеніміз - ғылымша айтқанда, тілдің қолданыстан шығуы ғана. Егер де әлгі тілдік жүйеге қажетті жағдай жасалса, ол қолданысқа түсіп, «речке» айналады, яғни тіл «тіріледі».
Өкінішке орай, әлі күнге тілдік қолданымның термині болып саналатын «речь» ұғымының қазақша баламасы болмағандықтан, бұл термин біздің ұғымымызда қолданыста болмай келе жатқаны өз алдына, тілдік ғылымның тұтас бір пәнінің дамуына кедергі келтіріп келеді. Өйткені, терминнің өзі ғылыми бірлік екені рас.Бірліктің өзі болмаса, нысанның дамуы да мүмкін емес. Кәзіргі күні «культура речи» пәні қазақша «тіл мәдениеті», «сөз мәдениеті» деген тиянақсыз сөздермен берілгенімен, пәннің мәні түсініксіз қалуда. Ғылымда «языковая культура», «речевая культура» деген салалар бар, ал бұлар қазақ тілінде «тіл мәдениеті» ретінде бір ғана саланы қамтый ұғынылып отыр. Оның үстіне қазақ тілінде «жазбаша речь» (письменная речь), «ауызша речь» (устная речь) мәселелері де өз деңгейінде ашылмай келеді.
Жоғарыда «тіл» ұғымына тоқталдық, ал «сөздің» лексикалық бірлік екенін ескерсек, оны бүтін бір ғылыми пәннің жүгін көтеретіндей термин ретінде қолдану ғылымды да, ұғымды да тұйыққа тірейді. Речь дегеніміз - тілдің қолданым сыйпаты, ал біз оны сөз, сөйлеу, тіл секілді сөздерді жамыратып, біреуіне тоқтай алмай, қалай атауды білмей жүрміз.
Тілімізде «речке» балама болатындай лексикалық бірлік бар, ол - «сөй» сөзі. Бұл, тіпті, архаистік сөз де емес, кәдімгі кәзіргі қолданыстағы, соншалық мән берілмей келе жатқан бірегей лексикалық материал. «Сөй» сөзі қазақ тілінде тілдік қолданыс сыйпатын білдіретін бірден бір ұғым, сол сыйпатты беретін көптеген сөздердің түбірі және ежелгі бірбуынды әмбебап ұғымның нұсқасы: сөйлеу, сөй деу, сөйлем т.т. Мұның ағылшын тіліндегі нұсқасы «сәй» (say - бұған қарап қазақ-ағылшын тілдерінің ежелгі байланысын да аңғарамыз) түрінде сақталған. «Сөй» сөзі термин болуға әбден лайық және «жазбаша сөй» мен «ауызша сөй» түрінде тілдің алуан қолданыстық сыйпатын бере алады.
Белгілі бір тілдің қолданысы, яғни «тірлігі» дегеніміздің өзі - оның жазбаша және ауызша қолданым сыйпатымен айқындалатын үдеріс. Ендеше, тіл мәселесінің ұлы майданға айналу себебінің өзі, оның жоғарыда аталған салалардың тиянақты қолға алынбау көрінісінен туындайтын жайт. Демек, неғұрлым тіл майданы өршіген сайын, соғұрлым тіл мәселесінің тиянақты да нәтижелі көрінісі мардымсыз деген сөз. Нақты әрекеттің орнын желбуаз да шайпау сөзуарлықтың басқаны. Ендеше, тілдің сөйге айналуы дегеніміздің өзі - тілдің өмірдегі нақты қолданысы. Ендеше, мемлекеттік тілді дамыту мәселесін қолға алғанда, тілдің қолданысын жазбаша да, ауызша да сөйге айналу үдерісі деп түсінетін уақыт жетті.
Ісжүргізім және сүйінші
Жазбаша сөй (письменная речь) - тілдің жазымдық қолданысы. Мұның өзі сан алуан саладағы жүзеге асуына қарай сәйкес түрде сан салалы болып келеді. Соның бірі - ісжүргізім (делопроизводство). Елдегі мемлекеттік тілді дамыту көрінісі ретінде істеліп жатқан басты шара болып мойындалған Ісжүргізім шын мәнінде жазбаша сөй мәселесінің бір қыры ғана. Алайда, біздің оны тілді дамытудың басты көрінісі деп көрсетуге тырысқанымызбен, бұл мәселенің көктей қояр түрі жоқ. Себебі, жазбаша сөйді ауызша сөйсіз елестету де, дамыту да, қолға алу да мүмкін емес. Әрі беріден соң жазбаша сөй дегеніміз - ауызша сөйдің жазбашалық нұсқасы екені рас. Осы заңдылық орындалмағандықтан да, біздің ісжүргізім айналасындағы атқарған әрекеттеріміздің бәрі де аудармалық алданыштан әріге аспауда.
Қысқасы, тілдің сөйге айналу құбылысы бір біріне өзара тығыз байланысты, оның жазбаша және ауызша нұсқаларының қолданысқа түсуінен туындайтын үдеріс қана. Ал, үдеріс үшін желбуаз идеология да, фестибәлдер де керек емес, жағдай мен ұйымдастыру шаралары және тиісті талап қана болса жеткілікті. Бір қызығы, мемлекеттік дәліздердегі мемлекеттік тілді дамыту мәселесі сөз болғанда, неге екені белгісіз, сол органдардағы тіл білетін әлеует қарастырылмай, сол орган жайғасқан мекендердегі этностық есеп-қыйсаптың тілге тиек болатыны түсініксіз. Мұнымыз, әбзелдің әдемілігі мен жайлылығын аттың бар-жоқтығына байланыстыра қарастырғандай, қыйсынсыз шаруа екені айан.
Кәзірде белгілі бір облыстың не қаланың ісжүргізімі мемлекеттік тілге көшірілгенін айтып, жұрттан сүйінші сұрағандай ахуал орнап жүргені жасырын емес. Керек болса, сол міндетті атқарып отырған қызметшінің шаруасы әрі ол түстік ас секілді ешбір шешімсіз күнделікті табиғи түрде атқарылатын қажеттілік емес пе?! Тіпті, мемтілге көшетіндей шешім шығаруға ешбір заңдық негіз жоқ, конституциялық құзыр ғана бар, соны ешбір бұлтақсыз атқару - әрбір мемлекеттік қызметшінің де, лауазымдының да парызы мен міндеті. Мұндай шешім шығару - ауа жұту үшін бұйрық шығарғанмен бірдей жайт, мәселенің абсурдтығы да сонда!
Бұқараның мемлекеттік кеңседегі қағаз тілінде қандай шаруасы бар? Ұлықтардың мемлекеттік тілді меңгерген-меңгермегені қарапайым жұртқа қаншалықты керек екені түсініксіз, бұл баланың тілі ата-анасының тілінде шыққандығына мәз болған көршінің қылығы секілді қыйсынсыз жайт. Оның үстіне, неғұрлым әлгі «сүйінші сұрау» көбейген сайын, нәтиже аз. Өйткені, аталмыш іс қарсы идеологияға тап болып, басқа біреулер мемлекеттік тілден зардап шегіп жатқандай қарсылық туындап жататыны аз емес. Сондықтан бұл үдерісті жалған насихаттан құтқаратын кез келді.
Белгілі бір облыстың не қаланың ісжүргізімі деген ұғым болуы, кешіріңіз, тіптен мүмкін емес, нақты ұйымның не мекеменің ісжүргізімі болады және ол солардағы қызметшілердің тілді игеру әлеуетіне тәуелді. Ал, бізде әлі күнге тілді игеру критериі анықталмаған және ісжүргізім қай мекемеде қай ұлықтың қандай талаппен жүзеге асыратыны белгісіз, жағалай абстракция мен қыйал, шынайы мониторингтік сыйпат керек! Мониторинг дегеніміз - әлгі мемтілге көшкен өңірдің ұйымдары мен мекемелеріндегі ұлықтар мен қызметшілердің қаншасы қандай дәрежеде жазбаша-ауызша сөйді меңгергенін тексеріп, жариялау. Сонда әлгі «сүйіншілер» кімнен не үшін «сұралатыны» әбден түсінікті болар еді.
Сөйлік орта
Кез келген тілдің сөйге айналуын Қазақстандағыдай маңдай тіреп отырған жаппай оқыту жүйесі емес, сөйлік (тілдік) ортаның қамтыйтыны белгілі. Бұған талай мысал да, дәйек те келтіруге болады. Ал, тілді оқыту құрылымдары бар болғаны қолдау құралы мен тіл білімін тиянақтау тетігі бола алатыны рас. Алайда, оның тиімділігі алдын ала қарастырылмаса, миллиардтаған қаржының жай ғана желбуаз шығынға айналатынын көз көріп отыр.
Тілдік орта дегеніміз - сөйлік әлеует. Сондықтан да негізін жеті жүз мыңдық ебреймен құрған кәзіргі Изрәйл мемлекеті әлгі жеті жүз мыңның әрқайсысын ебрит тілінің сөйлік ортасының бөлшегіне айналдыра білді. Ал, Қазақстандағы кемінде бес миллиондық қазақтілді қазақтардың мұндай сөйлік орта ретінде айналысқа жаратылмауы тілдік саясаттың қаншалықты түзу екені турасында жүректі қақ айырардай, күрсінте ойландырады.
Іс жүзінде қазақ тілі үшін сөйлік ортаны қалай жасақтауға болар еді? Әрбір мемлекетті, коммерциялық және басқа да ұжымды қазақтілді адамсыз елестету қыйын, қазақ тілін білетін азамат жеткілікті. Бірақ, мәселе әлгі қазақтілдінің азаматтық құқығы аяққа тапталып, оның өз тілін мемлекет ісіне жарату мәселесінің туындап отырғаны өз алдына, аталған әлеуетті мемлекеттік тілді дамытуға толық жарату мүмкіндігі қарастырылмай келе жатқандығы жалған ба? Мысалы, әрбір қазақтілді маманның өз ойын мемлекеттік тілде білдіруіне мүдде білдіріліп, тіпті міндеттелсе, онда әрбір ұжымда толық түрдегі қостілділік ахуал қалыптасар еді: қазақтілді адам қазақ тілінде, орыстілді азамат сол тілде ресми қатынас жасай алмақ; алайда, елімізде орыс тілін түсінбейтін адам жоғын ескерсек, ал орыстілді азаматтар мемлекеттік тілді меңгермесе де, ауызекі қарапайым нұсқасын (6 деңгейлік тіл меңгерудің ең төменгі базалық деңгейін) ұғуға міндетті емес пе?! Ұқпаған күннің өзінде оларға сол талап міндеттелуі шарт. Қостілділік дегеніміз де, мемлекеттік тілдің дамуына алғышарт дегеніміз де, қоғамдық және этностық келісім де - осы! Әйтпесе, бізге кәзіргі салтанат құрған монотілдік (орыс тілдік) жағдайдан құтылу мүмкін бе?!
Әрбір мемлекеттік ұжымның сөйлік ортасы бақылауға түсуі шарт, мониторингтік нысанға айналуы керек, қысқасы жабағыдай тұтасқан өңкей біртілді (орыстілді) ұжым болмауы керектігін, ескерген жөн. Сөйтіп, осы көзқарас барынша мемлекеттік тіл пайдасына үдетілген сайын, оның қоғамнан да, сөйлік ортадан да алатын орны ойыла түседі. Алайда, біздің елде әзірге нақты істен гөрі жалпылама жадағай сөзуарлықпен «тіл асырау» орын алып отырғанын жасыра алмаймыз. Бұл саладағы пәрменсіздік пен құзырсыздық, тасырлық пен қасаңдық, құлдық пен ұрлық тіл тақырыбын әбден жауыр қылып, масқараға (дискредитацияға) ұшыратты.
Қысқасы, сөйлік орта мемлекеттік тілді дамытудағы басты саяси тетік ретінде қолға алынса ғана, ондаған тіл үйрету орталықтарының тиімділігі артады. Олар бюджеттің миллиондаған қаржысын нәтижесіз өткізу орталығы болудан қалады. Әйтпесе, кәзір сөйлік орта өрт шалған тоғайдың кейпінде, барған сайын қуырылып барады, тілдік кеңіс күн сайын тарылуда, тілдің сөлі кетіп, қуара түсуде. Тіл мәдениеті де, сөй мәдениеті де, мәселе болудан абсурдқа айнала бастады.
Бір қызығы, орта білім бағдарламасына енгізілген «Қазақ тілі» пәнінің қандай мақсаты бар екені белгісіз, бүкіл қазақты филолог, лингивист етуден туындап отыр ма? Тілдің теориясымен баланың басын қатырғаннан не ұтудамыз, әлде, орыс ағайындардың «Русский язык» пәнінің орнына «Русская речьті» кіргізуі бізді ойлантпай ма? Біз сабақта амалсыз қазақша сөйлеп, үзілісте өгей тілге бет бұратын баланың жігерін осылайша құм қылып жүргенімізге неге мән бермейміз? Әрі беріден соң қазақ әдебиетін зорлап оқытқандай тықпалағанша, әлгі «Қазақы сөй» аталатын тіліміздің нағыз қолданысын пән етсек, шешендік те, айтыс та дамып, оқушыларымыз үзілісте айтысып жүрмес пе еді?! Бұл орайда ойланарлық жайт жеткілікті. Әсіресе, мемлекеттік істі қазақ тілінде жүргізбек түгілі, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қазақша БАҚ арқылы халықпен қатынасатын адам қалмауда, ісжүргізімді былай қойғанда, мемлекетті халық алдында сөйлететін қызметшіні табу мәселесі туындап отыр.
Сөйлік ортаның аталмыш саладағы басты инфрақұрылым екендігінде сөз жоқ, мәселе мемлекеттік саясатты соның пайдасына бұруда, тілді қыруар шығынның көзі болудан құтқаруда, саясатты тіл майданынан арылтуда, саяси ерікті даудан арашалап, іске жұмылдыруда. Мәселе, парадоксқа айналған «мемлекеттік қызметшінің тілін шығару үшін» ақы төлеуде емес, оған мемлекеттің құзыры негізінде қызметші ретінде толық мемлекеттік талап қойуда.
«Абай-ақпарат»