Сенбі, 5 Қазан 2024
6485 0 пікір 27 Тамыз, 2019 сағат 12:29

«Мұғалім мәртебесі» туралы Заң қашан қабылданады?

Президент пәрмен беріп, Елбасы екілеп айтқан «Мұғалім мәртебесі» туралы Заң қазір құзырлы органдардың қарауында екен. Ал заңның қашан қабылданатыны туралы министр Асхат Аймағамбетов егжей-тегжейлі айтып беріпті.

«Ең бастысы қазір заң жобасының қабылдануы. Бұл әзірге заң жобасы ғана. Толық Заң емес. Осының басын ашып алайық. Біз әуелі осы заң жобасын биылғы жылдың соңына дейін қабылдатып алуымыз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы солай», дейді Үкімет дәлізінде тілшілермен жолыққан министр Аймағамбетов.

Бұған қоса, министр мұғалімдерге қосымша үстеме ақы мен мен жалақыны көбейту мәселесіне де тоқталған екен. Сонымен Білім министрі былай дейді:

«Егер депутаттар біз ұсынған заң жобасын мақұлдап, ол жыл соңына дейін қабылданатын болса, онда сол заң жобасының аясында Білім және ғылым министрлігінің, Үкіметтің қаулысы негізінде бірнеше нормативтік-құқықтық актілерді енгізуге мүмкіндік болады.

Ал енді келесі оқу жылынан бастап, дәптер тексеруге, сынып жетекшілік жасайтындарға, біліктілігін арттырған мұғалімдерге, магистр дәрежесін алған мұғалімдерге қосымша үстем ақылар тағайындалады. Біздің болжамымызша, келесі оқу жылынан бастап біз толық дайын боламыз. Бұл жоспарлар толықтай жүзеге асырылады. Себебі, ол үшін бюджет қарастырылған. Республикалық бюджет комиссиясының отырысы өтті. Мемлекет басшысы тікелей тапсырма берген соң, тиісті қаржы сомасы есептеліп бөлінетін болды», дейді министр.

Abai.kz

0 пікір