Оқытушылар арасындағы А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау өтеді
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2019 жылғы 12 қыркүйекте оқытушылар арасындағы А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауын өткізеді.
Байқаудың мақсаты – қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларынының сабақтастығын жалғастыру. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны сапалы оқыту мақсатын жүзеге асырып жүрген үздік оқытушылардың жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолданудағы жұмыс тәжірибесімен танысу, қазақ тілінің жас мамандары арасында шығармашылықпен жұмыс жасайтын оқытушыларды анықтау, озық тәжірибелерін тарату, сондай-ақ мемлекеттік тілді оқытып жүрген оқытушылардың кәсіби беделі мен қоғамдағы мәртебесін арттыру.
Республикалық байқау үш кезеңнен тұрады: бірінші кезең – қатысушылардың өздері, оқу материалдары және жетістіктері жайлы алдын ала дайындаған бейнетаныстырылымының көрсетілімі; екінші кезең – қатысушылардың педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмаларды орындауы; үшінші кезең – 20-25 минут көлемінде сабақ үлгісін көрсету.
Аталған шараға еліміздің 16 өңірінің оқытушылары қатысады.
Республикалық байқау жеңімпаздарын әдіскер-ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздар арнайы дипломдар, алғысхаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Өтетін орны: Нұр-Сұлтан қаласы, Достық 1, «ForteBank» мәжіліс залы
Басталуы: сағ: 9.00
Abai.kz