Мөлдір Кенжебай. Алматының кепиетсіз қазақшасы
«Тіл полициясы» тағы да тексеріске шықты. Алып қала Алматының көшелерін кезіп жүріп, көптеген керенау құбылыстардың куәсі болдық. Оқырман! Ә дегеннен Сізді шошытып алғымыз келмейді. Айқыны, жаны қазақ, тәні қазақ, жүрегі «ұлтым» деп соғатын әрбір қандасымыздың мұндай кетеуі кейін кетіп бара жатқан мәселеге келгенде, үрке қарамауы мүмкін емес. Әсіресе, ана тіліміз, мемлекеттік тіліміз - қазақ тілінің хал-жайы күйлі көрініске енбей тұрған уақытта онсыз да шығайын деп тұрған көзге шыбындай үймелейді екен мұндай мылқау картиналар.
«Тіл полициясы» тағы да тексеріске шықты. Алып қала Алматының көшелерін кезіп жүріп, көптеген керенау құбылыстардың куәсі болдық. Оқырман! Ә дегеннен Сізді шошытып алғымыз келмейді. Айқыны, жаны қазақ, тәні қазақ, жүрегі «ұлтым» деп соғатын әрбір қандасымыздың мұндай кетеуі кейін кетіп бара жатқан мәселеге келгенде, үрке қарамауы мүмкін емес. Әсіресе, ана тіліміз, мемлекеттік тіліміз - қазақ тілінің хал-жайы күйлі көрініске енбей тұрған уақытта онсыз да шығайын деп тұрған көзге шыбындай үймелейді екен мұндай мылқау картиналар. Мүйізі қарағайдай қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың есім-сойы берілген көше аттарының (Байтұрсыңұлы көшесі, Рыскулов даңғылы, Жансұгіров көшесі, Зеін Шашкин көшесі, Байзаков көшесі, Бұқар жырау бульвары, Қоңаев көшесі, т.б.) көрінеу көзге көрінерліктей қате жазылуы; аттаған сайын алдыңнан шығатын жарнама билбордтарындағы менмұндалаған қате жазулар ( «Жұмсақ бола аламын - Бываю мягким» (сыраға байланысты жарнама), «Шынайы және сондай балғын - Настоящий и такой свежий» («Буратино» сусынына байланысты жарнама), «Beeline» ұялы байланысының, сонымен қатар өзге де ұялы байланыс түрлерінің жарнамаларының үнемі толық қазақшаланбай берілуі; бланкілер, маңдайшалардың ( «Extra» киім дүкені, «beautymania» дүкені, «Zest» сәнді әйелдер киімі, «GARMONIYA Jewellery» сәнді зергер бұйымдарын сататын дүкен, «LEGO Плюс» ойыншықтар дүкені, «Restaurant «Metro» cafe» рестораны, «Башмачок» аяқ-киім салоны, т.с.с. атаулар) төл тілімізде емес, шетел тілінде жазылуы көңілге кірбің ұялатады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары орыстардан іргемізді аулақ салып үлгермегенімізді сылтаураттық. Ал, енді Тілдерді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған кезде, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында кімге, не үшін мұңымызды шағамыз?! Тіл саласына жыл сайын бөлініп жатқан қаражатты көрген бір шетелдік бұ қазақтар неменеге көз жасын көл қылады дер еді. Сол көз жастың наласы не үшін, обалы кімге? Кешегі қайран да қайран әз ерлердің аманат қиянаты кімнің мойнында? Әсілі, әр қазақ жұмған аузын ашатын кез келді. Ұлт мүддесіне, тілге келгенде әр қазақ шындықты айтуы керек. Шындықты нысанаға алған біздер жоғарыда аталған олқылықтарға нақты жауапты адамды немесе мекемені, әлде ұйымды іздеп жолға шықтық. Жүргеніне жөргесі ілінетін журналист - қоғамдық құбылыстар туындатқан жалпыұлттық аурулардың диагнозын анықтайтын адам. Ендеше, міндік атқа, жібердік тізгінді!
Заңның жоқтығы - өзімізге соққы
Алдымен Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарайтын «Алматыжарнама» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына бағыт түзедік. Өйткені, жарнамалар мен маңдайшалар дәл осы мекемеде жасалып, жер-жерге іледі. Кәсіпорын директоры Найля Ахатқызы Мулюкова біздің қойған сауалдарымызға былай деп үн қатты:
Тіл полициясы: Алматы қаласындағы білдей Байтұрсынұлы көшесінің аталымы бадырайып «Байтұрсыңұлы» деп қате жазылған. Сондай-ақ, Бұқар жырау көшесінің аталымы әлі «бульвар» күйінде тұр. Бұл қаладағы көше аттарының қате жазылуына байланысты бар болғаны екі-ақ мысал. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Сонда біз қашан және қалай толық қазақыланбақпыз?
Найля Ахатқызы: «Алматыжарнама» МКК маршруттық бағдарлау жүйесіне (көше аттарының жол көрсеткіштеріне) қатысы жоқ. Бұл сұрақ бойынша Жол полициясы басқармасына және «СМЭУ г. Алматы» ЖШС хабарласуыңыз қажет.
Тіл полициясы: Қаладағы жарнама билбордтарындағы калька аудармалар әлі күнге көбейе түспесе, азаяр емес. Мәселен, «Буратино» сусынының жарнамасында «Настоящий и такой свежий!» деген тіркестің аудармасы былайша көрініс тапқан: «Шынайы және сондай балғын!» Бір қарағанда-ақ немесе бір-ақ рет естігеннен бұл аударманың дұрыс емес, бұрыстығын өзіңіз де аңғарасыз. Жарымжан жарнамалар: Сыра сусынына байланысты «Бываю мягким» тіркесі «Жұмсақ бола аламын» деп аударылып, билбордта денелі ер адамның суреті қыстырылыпты. Жалпы, бұл жарнаманың орысша нұсқасы әу баста дұрыс жасалмаған сыңайлы. Содан кейін ұялы байланыс жарнамаларында жарымжан аудармалар, тіпті,көп. Мысалы, «Beeline» ұялы байланысының жарнама билбордында «Безлимитный Интернет-серфинг в твоем телефоне» тіркесі «Лимитсіз Интернет-серфинг сенің телефоныңда» деп жарымжан аударылған. Орысшадан тисе терекке, тимесе бұтаққа аударыла беретін мұндай жарнамаларды кім қадағалайды? Әріп және емле қателері өріп жүр. Сонда сіздер құзырлы мекеме ретінде өзіндік нұсқаларыңызды ұсынбайсыздар ма?
Найля Ахатқызы: Сіз мысалға келтірген мәтіндер бойынша айтар болсақ, иә, расында жарнама бастапқыда көбінесе орыс тілінде жасалады, сәлден кейін қазақ тіліне аударылады. ҚР «Жарнама туралы» Заңының 6 бап, 2 тармағына сәйкес «Жарнама мазмұнының бір тілден екінші тілге аудармасы оның негізгі мағынасын бұрмаламауға тиіс». Бұл мысалдарда мағынасы тең аударым жасалған. Кейбір жағдайларда біз жарнамаға өзіміздің мәтіндерімізді ұсынып, түзетулерді енгіземіз.
Тіл полициясы: «Extra» киім дүкені, «beautymania» дүкені, «Zest» сәнді әйелдер киімі, «GARMONIYA Jewellery» сәнді зергер бұйымдарын сататын дүкен, «LEGO Плюс» ойыншықтар дүкені, «Restaurant «Metro» cafe» рестораны, «Башмачок» аяқ-киім салоны, т.с.с. атаулар неге қазақша емес? Бұл атаулар қашан және қалай қазақшаланбақ?
Найля Ахатқызы: ҚР «Жарнама туралы» Заңының 6 бап, 2 тармағына сәйкес «Мерзімді баспасөз басылымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады» делінген. Сондықтан жарнама берушілер қазақ және орыс тілдері мәтіндерімен қатар шетелдік атауларды қалауға құқылы.
Тіл полициясы: Көше аттарының, жарнамалардың, дүкен атауларының қазақшаланбауы мен аударылуындағы қателіктерге кім жауап беруі тиіс? Сіздердің мекемеде осы сала бойынша филолог, лингвист мамандар жұмыс атқарады ма? Атқарса, олардың еңбектері неге жеміссіз?
Найля Ахатқызы: Расында жарнама мәтіндерінде қателер кездеседі. Бірақ, бұл негізінде заңсыз орналастырылған жарнамаға байланысты. Біздің кәсіпорында тіркелетін жарнаманың сұлбасы мен мәтіні тексеріліп, бекітіледі. Кәсіпорында филологиялық білімі бар редактор-аудармашы қызмет атқарады. Біздер көшенің аттарын қадағалаймыз. Көше аттарына Тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөлімі жауап береді. «МегаАлматы», «Армада», «Праймплаза» іспетті қоғамдық орындар өзге тілде жазылған. Себебі, біз Әділет министрлігінен қалай тіркеліп келеді, солай беруге мәжбүрміз. Өйткені, зияткерлік меншік құқығы солай. «Авторлық құқық» деген және бар. Олардың бәрі - әлемдік брендтер. «Кока-кола» компаниясы сияқты ғой. Сондықтан сол қалпы жазылады. Заңда бұл жазуларға ешқандай қарсылық жоқ. Қазақстан азаматтарының көпшілігі ағылшыншаға құмар. Мәселен, сіз нысанаға алған объектілердің басым көпшілігінің иелері - өзіміздің қазақтар.
Иә, қазақ десең, өзіңе тиеді деген осы екен ғой. Жеме-жемге келгенде, өздеріңіз көріп отырғандай, шидің басы сонау Әділет министрлігінде жатыр. Дегенмен, сол құзыреті күшті Әділет министрлігінен қате келген жазбаларды «Алматыжарнамада» отырған редактор-аудармашы неге түзетпейді? Мұндай бірді-екілі көңіл түкпірінде қалып қойған сауалдар сыртқа шықпай қалып қойды. Өйткені, бәрібір өздеріне шаң жуытпайтын кәсіпорын қызметкерлерінің берер жауабы белгілі еді.
Әділет министрлігі әлсіз
Біз бет алған келесі мекеме - Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөлімі. Бөлім бастығы - Оразов Сайлау ағамыз. Ағамызды көрген сәтте қолымызда бар қате жазулар мен қисайған қаріптерді көрсете салып, «Кім кінәлі?» дейміз ғой. Тіл, тіл деп жүріп табанынан тозған бөлім бастығы өзіне тән сабырлылықпен сөзінің басын былай бастады: - Заманның аса қуатты дамуы жарнама саласындағы заңнамаларды жедел жетілдіріп, өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отыруды талап етеді. Бұл мәселе, әсіресе, республикамыздың аса ірі де іргелі шаһары - Алматының күнделікті тұрмыс-тіршілігінен айқын көрініс беріп отырады.
Алматы қаласы көрнекі ақпараттар мен жарнама мәселесін реттеу мен жетілдіру барысында басқаларға үлгі болуы тиіс. Еліміздің тарихи, мәдени, рухани және экономикалық жетістіктерін, отандық өндіріс пен әлеуметтік-саяси тұрақтылығын әсем де көркем тілді жарнамалармен насихаттау ісін жетілдіру мен қалыптастыруды бақылау - біздің басты мақсатымыз.
Кейінгі жылдары қаламыздағы қарқынды экономикалық өзгерістер салдарынан көптеген жекеменшік кәсіпорындар, фирмалар, сауда орталықтары, дүкен жүйелері, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталықтары мен қоғамдық тамақтану орындары, іскер бірлестіктер күн санап көбеюде. Тіркелген коммерциялық нысандардың өзі тек Алматы қаласында 50 мыңға жуық және олардың саны күннен-күнге артып келеді. Олардың әлеуметтік рөлі маңызды екені бәрімізге белгілі.
Жарнамалар мен көрнекі ақпараттардың тілдік нормаға сәйкестігін тексеріп, мемлекеттік тілдегі мәтіндерін заң талаптарына сай жазылуын қадағалау үшін Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы, «Алматыжарнама» мемлекеттік кәсіпорны, Аудан әкімдіктерінің мемлекеттік тілге жауапты қызметкерлерінің қатысуымен бірлескен тексерулер тоқсан сайын ұйымдастырылуда. Дегенмен, бұл шаралар әлі де түбегейлі нәтиже бермей отыр. Себебі «Жарнама туралы», «Заңды тұлғаларды тіркеу туралы», «Зат жапсырмалары туралы», т.б. заңнамаларда «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заң баптарымен сәйкес келе бермейді. Мәселен, шетелдік мекемелер мен олардың сауда белгілерін мемлекеттік тілде рәсімдеудің жолдары көрсетілмеген. Оны Әділет орындары қалай бекітіп берсе, жарнама агенттіктері солай жазады. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер жарнама қатесін ескертпе бойынша түзейді, ал мемлекеттік емес ұйымдармен жұмыс істеу өте қиын. Өйткені, оларға әкімшілік-құқықтық шара қолдану мен айыппұл салудың тетіктері заңда белгіленбеген. Сол сияқты қалада жарнамамен айналысып отырған 130-ға жуық мемлекеттік емес жарнама агенттіктері бар, олар қазақша мәтіннің мазмұнына, орфографиясына көңіл бөле бермейді.
Көрнекі ақпараттар мен жарнамаларда кеткен қателіктерге тоқсан сайын тексеру жүргізіліп, қателер анықталып, қалалық прокуратураның қарауына жіберіледі. Осы жарнамалардың бәріне құқықтық жағынан шара қолдану - сол прокуратураның құзырында. Тілдерді дамыту басқарамасының ескерту жасауға, тиым салуға ешқандай құзыры да, құқы да жоқ. Олар бізді маңына да жуытпайды. Заң солай.
Тіл полициясы: Оған дейін арнайы мамандар жұмыс істемейді ме сонда?
Үлкенді-кішілі дүкендер болсын, компания, фирмалар жарнама орнататын болса, міндетті түрде «Алматыжарнама» мекемесімен келісіледі. Содан соң «Алматыжарнама» оларға куәлік береді. «Алматыжарнаманың» өздерінің аудармашылары бар.
Жаңа тоқталғанымдай, қалада 130-дай жекеменшік жарнама агенттіктері жұмыс істейді. Кішігірім дүкендер сондай агенттіктердің көмегіне жүгінеді. Ал жекеменшіктікі тек қана ақша табу ғой. Біздің оларға ауыз ашуға ешқандай құқымыз жоқ. Мысалы, бір кәсіпкер дүкен ашады. Әуелі ол жарғысын жасайды. Жарғысында дүкеннің атын «Фламинго» деп қояды. Жарғыны Әділет басқармасына тіркетеді. Ал басқармадағылар Жарғыда қалай жазылса, солай тіркейді. Қарпі, тіпті, латынша жазылған болса да.
Бұл жолы да гәп Әділет министрлігінде болып шықты. Десек те, мекеме атын өздері қоятын отандастарымызға жол болсын! Атауын бақырайтып шетелше қойсақ, тұтынушы балға үймелеген арадай үйіле қалады дейді-ау осы.
«Алматыжарнама» бар мәселені Ономастика бөліміне аударса, Тіл басқармасындағылар керісінше сілтейді. Мән-жайға осылай қанық болдық. Алайда, Ономастика бөлімі көшедегі жарымжан жарнамалар мен шетел тілінде жазылған маңдайшаларға Әділет министрлігін кінәлағанымен, көше аттарына келгенде жұп-жуас бола қалатыны қалай?
Биліктің немкеттілігі несі?!
Қазақ тілінің шын мәнісінде көсегесін көгертуге барын салып жүрген «Алматы» телеарнасындағы «Тіл сақшысы» бағдарламасы біршама олқылықтың орнын толтырумен келеді. Ілуде біреу болмаса, бұл бағдарламаның түсіру тобының көзіне түскен объектілердің ешқайсысы да арнайы мамандар тарапынан «5» деген баға алған емес. Үнемі, үштіктер мен төрттіктердің қатары көбеюде. Есесіне, екілік алған оқушының анасын ренжітпес үшін барынша тырысатынындай, аталған кәсіпорындар да ескертпе сөздерге құлақ асып жүр. Әттең, бәрі бірдей емес. Бәрі тегіс құлақ асуы үшін елімізде қолданысы берік ортақ Заң жетіспеуде. Мұндай заң үлгілерінің түр-түрі Әділет министрлігіне жыл сайын жолданып жатыр. Кім жолдайды десеңіз, айтайық. Ономастика бөлімі қадау-қадау ұсыныстарымен Астананы айналшықтап жүр екен. Бірақ, билік әдеттегідей үнсіз. Сөздің тоқетері, біз бұл аурудың диагнозын - «биліктің немкеттілігі» деп анықтадық. Әйтпесе, Әділет министрлігіне еліміз аумағында, туған жерінде теперіш көріп жүрген төл тілді жетімсіретпесе жараспай ма?! «Алматыжарнама» -калька өнімдерімен қаржыны қалтаға басып отырған кәсіпорын. Қаладағы негізгі жауапты мекеме Ономастика бөлімі көшедегі қарапайым түріктің «Doner Kebab»-на ләм деп ауыз аша алмай дал. Неге десек, заңмен қудаланады. Өткен жылы ғана Алмалы ауданындағы бір мейрамхананың атауына қарсы дау айтқаны үшін Нұрмұхан Шаймерденов деген қызметкерінің 14 000 теңге айыппұл төлегені бар. Билікте бекітілген арнайы Заңсыз біздің де басқан қадамымыздың тек екенін ұқтық. Бізге Заң керек, Заң!
Мөлдір Кенжебай
http://mtdi.kz/kz/til-policiaciy/materialdar/545