Сенбі, 23 Қараша 2024
Ғибырат 7763 0 пікір 12 Қыркүйек, 2019 сағат 11:53

Жұбанов ғұмырнамасының Ақтөбе кезеңі

Қ.Жұбанов – ғылымның бірінші дәрежелі жарық жұлдызы»

                                                                                                     (Ғ.М.Мүсірепов)

ХІХ ғасырдың аяғында дүниеге келіп, ХХ ғасырдың 20-30-жылдары қазақ қоғамындағы түрлі мәдени, қоғамдық, ғылыми ізденістердің басы-қасында болған қазақ зиялыларының қай-қайсысы да өздеріне заман жүктеген міндеттерді азаматтық парыз ретінде абыроймен атқарып, кейінгі ұрпаққа жеткізе білгені анық. Қазақ даласында Ыбырай Алтынсарин негізін салған ағартушылық идеясын ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, С.Көбеев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Қ.Жұбанов, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы сияқты ағартушылар жалғастырды. Бұл туралы  профессор Р.Сыздықова былай дейді: «ХІХ ғасырдың  соңғы ширегінде «Кел, балалар, оқылық!» деп жар салған Ы.Алтынсариннен бастап, «Оян, қазақ!» деп ашық үгітке кеткен М.Дулатовтың, сары маса болып, қазақты оянсын деп сөзбен шаққан А.Байтұрсыновтың шаққан ұрықтары құнарлы топыраққа түсіп, көктей бастағанын көрсетеді. Қ. Жұбанов – осы егіндіктің өркені!»

Шынында да, қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-профессор  Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың Орынбордағы «Хұсаиния» медресесін, Күйікқаладағы (Илецк) екі кластық орыс училищесін аяқтап, туған жері Ақтөбе өңіріне оралу уақыты 1917 жылғы әлеуметтік-саяси өзгерістермен тұспа-тұс келген болатын. 1927 жылға дейін Ақтөбе өңірінде ауыл мұғалімі, уездік, губерниялық ағарту бөлімдерінде әдіскер, педтехникум оқытушысы бола жүріп, ол білім беру және ағарту ісінің ұйымдастырушысы, сауатсыздықты жою қозғалысының басшысы, елдегі мәдени іс-шаралардың ұйытқысы болды. Олай болса, болашақ ғалым ғұмырнамасындағы Ақтөбе кезеңі (1917-1927 жж.) оның ұстаздық, ағартушылық, ұйымдастырушылық қабілеттерін жан-жақты танытқан және ірі ғалым, қоғам қайраткері, танымал әдіскер, көсемсөз шебері болып қалыптасуына ықпал еткен жылдар ғана емес, өзіне дейінгі қазақ зиялылары салып кеткен сара жолды жалғастырып, елге адал қызмет етуді басты мақсат етуден туған заман талабы және қажеттіліқ деуге болады. Ғалымның кейін мектеп бағдарламалары мен оқулықтарын жазумен айналысуы да осы ағартушылықтан басталған іс-тәжірибе болатын.

1922 жылы Темір уездік оқу бөлімінде нұсқаушылық қызметте жүрген кезінде Қ.Жұбанов «Ай» атты қолжазба журнал шығарып, оның беттерінде «Шекті», «Қараша бала» деген бүркеншек аттармен мақала, фельетон, өлең, пьесалар жариялап тұрады. Журналдың эпиграфы ретінде болашақ ғалым өзі шығарған «Ай» деген өлеңді алады. Бұл автордың халқын өнер-білімге жетелеу мақсатында қолжазба журнал мүмкіндігін барынша кең пайдаланғанын көрсетеді.

1925 жылы Қ.Жұбанов Ақтөбедегі губерниялық оқу бөліміне жұмысқа шақырылып, мұнда да білім беру, ағартушылық бағыттағы жұмыстарын жалғастыра түседі. Сол жылдары мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған Қ.Жұбановтың «Сауатсыздықты жоятын нұсқаушы мектеп», «Халық ағарту ағысындағы төңкеріс толқыны», «Мұғалімдер, зер сал. Губатком, жәрдем ет» (1925 ж.), «Коммуна мектебі 7 жылдық болсын», «Мұғалімдер курстары тарады» (1926 ж.), «Оқу жайындағы мұңды осы бастан айту керек» (1926 ж.),  «Жаңа әліппені алу мәселесі туралы», «Жаңа әліппе сабақтары», «Ойыл коммуне мектебі кімге тиіс?» (1925 ж.), «Аулақтан оқыту» (1926 ж.), «Еңбек мектебінің он жылдығы» (1927 ж.) сияқты мақалаларында қырдағы қазақ ауылдарындағы мектептердің жағдайын, мұғалімдердің әл-ауқатын, оларға ғылыми-әдістемелік көмектің қажеттілігін, оқулықтар мен көрнекі құралдардың тапшылығын баяндап, білім беру мен тәрбиелеудің өзекті мәселелері туралы сөз қозғайды. Мысалы, губерниялық «Кедей» газетінің 1925 жылғы 62-санында жарияланған Қ.Жұбановтың «Ойыл коммуне мектебі кімге тиіс?» атты мақаласынан үзінді келтірейік: «Ойыл коммуне мектебі тұрған жер – Ойыл болысы, Адай уезіне кету себепті ондағы коммуне мектебі де Адай уезіне кетпекші. Бүгінде тиісті тізіммен мектепті барлық мүлкімен арнайы комиссия алып та қойыпты, бірақ ол мектеп кеткенімен, оның есебі Темір уезінде қалуға тиіс. Себебі Қазақстан халық комиссариаты Ақтөбе губерниясына 5 коммуна мектебінің тиісті қаржысын бюджет жылының аяғына дейін беріп тұрмақшы. Бұл 5 мектептің бірі - бұрынғы Ойыл коммуне мектебі, ол мектептің құрылысы Адай уезіне кеткенімен, қаржы есебі Ақтөбе губерниясына қалуы керек». Мұнан әрі ғалым бұл мәселені нақты шешу ісімен Қазақстан комиссариаты айналысып жатқанын, жауабы жуырда берілетінін хабарлайды. Бұл арқылы ағартушы-ғалымның ұлт тағдырына байланысты өзекті мәселелерді баспасөз арқылы халық талқысына салып отырғанын көруге болады.

«Кедейдің» 1925 жылғы 5 желтоқсандағы номерінде «Басшылық күшейтілмек» деген айдармен жарияланған «Мұғалімдер, зер сал, губатком, жәрдем ет» деген мақаласында да ГубОНО-ның әдіскер-инспекторы Қ.Жұбанов қазақ мектептері алдында тұрған көкейкесті мәселелерді көтеріп, толғамды ой-пікірлер білдіреді: «Қазақ ұлт мектебі жас бала, қазақ азаматының оқу бөлімінде қызмет істері де жаңа нәрсе, әрбір жаңалықтың жүзеге асуына кедергілер қызметкерлердің балаңдығы болмақшы. Екінші, бюджеттің жарлылығы болса, үшінші жағдай оқу бөлімдерінде қызметкерлердің аздығы». Қ.Жұбанов аталған кемшіліктерді жойғанда ғана қазақ мектептерінің жан-жақты дамып, өркендейтінін атап айтады. Қазақ мектептеріндегі ауыр жағдайларды баяндай отырып, ағартушы Ақтөбе губерниялық ағарту бөлімінің алдында тұрған міндеттерді атап көрсетеді: «Осы ауыр күйді еске алып, қазақ мектептеріне басшылық жұмысын күшейтпесе, маңызы тәуірлемейтінін ойлап, Ақтөбенің губерниялық ағарту бөлімі биылғы оқу жылының ішінде күштің денін басшылық жұмысына салғалы отыр. Қазақ тілінде нұсқаулар, оқыту әдісі жайында хаттар таратылмақ». Мақалада Қ.Жұбанов сондай-ақ келесі оқу жылынан бастап қазақ оқытушыларына бала оқытудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін меңгерту мен жалпы басшылықты күшейту мақсатында «Жаңа мектеп» журналының шығарыла бастайтындығын, мектептерде мемлекеттік бағдарлама енгізілетіндігін хабарлайды. Сонымен қатар ғалым қазақ мектептеріндегі тәрбие жұмыстарын жақсартуға қатысты нұсқауларды нақтылайды. Мұнда ғалым, әсіресе, мектептің өзін-өзі басқаруын жандандыру, балалар ұйымының жұмысына басшылық жасау, мектептегі үйірме жұмыстарын басқару (клуб, театр үйірмелері, т.б.) үлгілерін көрсету қажеттілігіне ерекше назар аударады. Аталмыш құжаттарды дайындаудың айтарлықтай қаржыны қажет ететінін ескеріп, Қ.Жұбанов губерниялық қаржы бөлімінің, жоспарлау комиссиясы мен губаткомның сметаны қайта қарап, қосымша қаржы бөлуін сұрайды: «...бұл көп еріккеннің бірі емес, қазақ мектебінің кемістігі тудырып отырған сұрау. Бұған оң көзін салып, губатком қабылдауы керек». Автор қазақ мектептерінің тағдырына  мұғалімдердің де немқұрайлы қарамай, керек жағдайда белсенділік танытуы қажет екендігін ескертеді: «Қазақ оқытушылары да қарап жатпай, жоғары қызметке көрсетілгендердің керексізі болса, иә керекті жөннен мұнда көрінбей қалғаны болса, губерниялық ағарту бөліміне тез білдіруі керек. Бұл жұмыстың мінсіз болып шығуынан біздің ағарту жұмысының тағдыры шешілмек». Мақала келешекке деген үлкен сеніммен аяқталған: «Қазақ мектептеріне дұрыс басшылық ету жөнінде, қазақ мектептерін ілгері бастыру ретінде бұл бірінші адым. Іске сәт!» Қ.Жұбанов ұсынған нұсқау-үлгілер өз заманында ғана емес, қазір де мектептерде оқу-тәрбие жұмысын жандандыруға септігін тигізері анық.

«Кедейдің» 1926 жылғы 29 шілдедегі номерінде жарияланған Қ.Жұбановтың тағы бір мақаласы «Оқу жайындағы мұңды осы бастан айту керек» деп аталады. Мақалада ағартушы губерниялық оқу бөлімі мұғалімдердің білім сапасына көңіл бөлулері керектігін баса айтады және оқушылар мен мұғалімдердің қағаз-кітаптарына керекті қаржыны көбейту мәселесін шешу қажеттігін ескертеді. Коммуна мектептерін жеті жылдыққа айналдыру, Ақтөбеде жас ісмерлер мектебін ашу, мұғалімдер даярлайтын бір жылдық курстар ашу жоспарланып отырғанын айта келе, мақала соңында автор оқырмандарды пікір білдіруге шақырып, төмендегідей сұрақ қояды: «Бұл пікірдің қандай қателігі бар, не себепті, бұдан басқа нендей жаңа шаралар керек, осыны газет жүзінде әңгіме қылу жөн».

Қ.Жұбанов өз заманының талабы тұрғысынан сол кезде ел өміріндегі жаңалықтарды жіті зерделеп, сауат ашу, халықты өнер-білімге баулу мәселелерімен айналысты. Мәселен, 1927 жылы сәуір айында Шалқар, Темір уездеріне барып қайтқан сапарынан кейін губерния оқу бөлімдеріндегі мәжілісте жасаған мәлімдемесінде ол ауыл мектебі мұғалімдерінің еңбегінің бағаланбай келе жатқанын ашына айтады: «Ауыл мұғалімдерінің еңбегі өте ауыр. Олар күндіз бала оқытса, кешке үлкендерді оқытады. Онымен қоса ауыл-ауылды жаяу аралап, ел арасында кеңес өкіметінің саясаты жайында әңгіме өткізеді, қызыл отауда ойын-сауық ұйымдастырып, халықтың көңіл-күйін көтереді. Соған қарамастан, уездік атқару комитетіндегі бюрократтар кеңес мұғалімдеріне менмендікпен қарайды. Олардың шағымына құлақ аспайды. Кей жерлерде ауыл мектептері байлардың қараңғы ат қорасына орналасқан. Мектепте отын жоқ, мектеп үйі суық. Мұғалімдер кейбір ауылда айлық жалақысын да уақытында алмайды». Бұл жолдардан ағартушының мұғалім еңбегі бағаланбайынша, мектептерді жетілдіру ісінің де жолға қойылмайтындығын қатаң ескерткенін көруге болады.

1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №14 санында Қ.Жұбановтың «Аулақтан оқыту» атты мақаласы жарияланды. Бұл мақаланың, әсіресе, қазіргі оқыту ісінің жаңаша саралануы тұсында маңызы ерекше. Мұнда ол қазақ жерінде білімді ұлт кадрларын даярлау мәселесінің әлі де шешімін таппай келе жатқандығы туралы мәселе көтеріп, сауатты маман дайындаудың бірден-бір жолы аулақтан оқыту екенін түсіндіреді. Соңғы кездері жоғары және орта арнаулы оқу орындарында ақпараттық технологияның дамуына байланысты заман талабына сай оқытудың бұл түрі қашықтан оқыту (дистанционное обучение) деп аталып, ХХІ ғасырдың білікті мамандарын даярлауда жаңа қырынан таныла бастады. Қазір қашықтан (аулақтан) оқыту термині компьютермен тікелей қатысты қолданылса, бұл ұғымның бастапқы мағынасы оқытушы мен студент арасындағы қашықтан (аулақтан, сырттай) оқу әрекеттерінің үйлесімі ретінде қазіргі түсініктен аса алшақ кетпеген. Бұл терминнің алғаш Қ.Жұбанов мұрасында көрініс табуын ғалымның өмірге қажетті білім беру түрлерін алдын-ала болжай білгенінен деуге толық негіз бар.   Болашақ ғалым қаламынан Ақтөбе өңірінде ағарту майданында еңбек еткен жылдары туған бұл мақалалары қазақ мектептерінің өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыда шешуге ден қойған алғашқы құнды жарияланымдар ретінде құнды. Ағарту саласы қызметкерлері мен басшылары алдына проблема қою, есеп беру, зерттеу және талдау мақсаттарын көздеп, пікір білдіруде Қ.Жұбанов жергілікті баспасөз беттерінің (губерниялық «Кедей» – қазіргі «Ақтөбе» газетінің) мүмкіндігін шебер пайдалана білген.

Сонымен, қазақ тіл білімінің ғылыми негізін салушы профессор, даңқты жерлесіміз Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың ғылыми-шығармашылық өсу жылдарындағы Ақтөбе кезеңін оны ғылым-білім көкжиегіне қол созып,  ғалым- азамат ретіндегі ұлы тұлғасының қалыптасу жылдары ретінде атау орынды. Осы ретте ғалымның 90 жылдығына орай 1989 жылы оның есімінің Ақтөбе педагогикалық институтына беріліп, кейін Ақтөбе мемлекеттік университетінің де осы ұлы есімді иеленуі – заңды құбылыс. Бүгінгі күні республикамыздың іргелі оқу орындарының бірегейі қатарында аталатын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Жұбанов тағылымы» атты республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар Қ.Жұбановтың баға жетпес ой-тұжырымдарын насихаттау, терең зерттеу үшін таптырмас  алаң болып табылады. Ғалымның 120 жылдығы қарсаңында да бұл үрдіс өз жалғасын таппақ.

Ғалымдар өркениетті елдердегі білім берудің басты шарты ұлттық мүддеден туындайтынын және ұлттық мақсат-мұраттарға негізделетінін атап көрсетеді. Бұл өз кезегінде Қ.Жұбанов сынды ғұламалар салған білім беру мен тәрбиелеу қағидаларының қазіргі уақытта да маңызын жоймағанын және жаңа қырынан ашылып, кейінгі ұрпаққа ізденіс жолын нұсқап келетінін көрсетеді. Олай болса, профессор Қ.Жұбановтың өткен ғасырдың басында Ақтөбе өңірінен бастау алған ағартушылық, педагогикалық идеяларының қазіргі жаһандану заманының өскелең талаптарына сай бүгінгі оқыту мазмұнын жаңғырту жағдайында өміршеңдік тауып, үйлесуі – заңды құбылыс.

Мақпал Қожағалиқызы Жазықова,

педагогика ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің доценті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5452