Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Талқы 5139 3 пікір 16 Қыркүйек, 2019 сағат 10:35

Елу жылдан кейінгі ел иесі - бүгінгі бірінші сыныптың балалары...

Мектеп табалдырығын аттаған кезде ең алғаш қолға алатын "Әліппе" оқулығы барлығымыз үшін көзге ыстық. "Әліппені" алғаш қолға алып, парақтағанымыз да, алғашқы ұстазымыз да есімізде. 3-4 сағат оқып келіп, екі-үш дәптер мен бір-екі кітап салынған сөмкені атып ұрып, алаңсыз ойынға кететін едік. Бірақ ол кезде біз көретін теледидар кейде түрлі-түсті (ондай теледидарлары барлар өте ауқатты жандар саналатын) немесе ақ-қара экранды болатын. Телеканалды ауыстыратын жері сынып қалса, гараждан әкеміз әкеліп қойған тістеуік темірмен оңды-солды бұрап, көрсетпей қалса, үйдің шатырына шығып, "былай бұра, солға бұра" деп төменнен кеңес беріп тұратын ата-әжелеріміздің айтқанын орындап, кешкі сағат онда көрсетілетін "баю-бай"дан кейін пысылдап ұйқыға кететін едік.

Бұл - кеңес дәуірінде туып, октябрят, пионер, комсомол болған аға буын емес, тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келіп, еркіндік дәуірінде көзін ашқан тәуелсіздік құрдастарының "әліппе дәуірі", балалық шағы еді.

Одан бері ондаған жылдар өтіпті. Тарих толқынымен есептесек, аз уақыт болғанымен, ғарыштық жылдамдықта, технологиялық дәуірде бүгінгі ұрпақтың балалық шағынан біраз артта қалған жайымыз бар екен. Ол кезде бауырларымыз сылдырмақпен уанса, қазіргі сәбилер телефонның әуенімен жылағанын қоятын заман болды. Компьютердің өзі тұрмақ, бағдарламаларының жыл өткен сайын жаңа версиялары, смартфондардың түр-түрі, тіпті роботтардың сан алуан түрлері шығып, қолданысқа еніп жатқан бұл дәуір жаңа дәуір, жаңа уақыт.

Өткен жылдары еврейдің белгілі ғалымы Роя Тцезананың "Болашаққа бағдар" кітабын тапжылмай отырып, ағылшын тілінен қазақ тіліне екі айда аударып шықтым. Аударып біткенше, тыным таппадым. Кибернетика мен ақпарат жаңалықтарынан тұратын бұл кітаптың әр парағын парақтаған сайын бойымда үрей болды. Ол үрей "біздің қазақтың балалары осыдан кейінгі жиырма-елу жылда қалай болар екен, қандай интеллектуалды жетістікке жете алар екен" деген сауал еді. Осы сауал әлі де ойымнан бір сәт кеткен емес...

Бұл - космостық дәуірдегі адамзат баласының өркениетті қоғамдағы орнын анықтайтын бірден бір сауал. Себебі, жаңағы кітапта ақпараттық сауаттылық өз алдына, 3 D принтерден шырын шығару, 7D лазерлік сәулелермен адам бейнесінің көшірмесін жасау сияқты ғылыми жаңалықтар жан-жақты баяндалады. Бұл дәуірдің ерекшелігі: адамның түсінгені, білгені - жеткіліксіз, ең бастысы, түсініп-білгенінен ой қорытып, айта білуі, оқығанынан кез келген салада, өндірісте жаңа идеялар, жаңа технология жасай алу қабілеті міндетті саналады.

Қош. "Көңіл - жүйрік дөнен" дегендей, сөзбен жылжып отырып, осыдан кейінгі елу жылдай алдыға кеттім, білемін. Дегенмен "елу жылда - ел жаңа" деп, оймен алдыға жылжысақ, бұл елу жылдан кейінгі еліміздің болашағы туралы сөз екен. Елу жылдан кейінгі еліміздің иесі, қылшылдаған қырықтағы жігіт ағалары - бүгінгі бірінші сыныптың балалары. Ал, керек болса.

Сөзіміз "Әліппемен " басталды, "Әліппемен", "Сауат ашудың" ерекшелігімен жалғастырайын.

Мен "көзім ашылғаннан бастап" "кітап-қағаз" көріп, "ұстаздар династиясы" аталатын отбасында өстім. Бүгінгі күні осы білім саласының маманы ретінде көзім анық жетіп отырған жайтты ортаға саламын. Демек, мен сияқты қоғам мүшелеріне білім беру саласы етене таныс.

Әр пәнді оқытудың өз ерекшелігі бар. Мұны біз методика дейміз. Әр ұстаз өз пәнінің ғана методисі. Ол өз пәнін қалай оқыту керектігі жөнінде ғана пікір білдіре алуы мүмкін. Басқа пәндерді мазмұны мен оқыту ерекшелігі туралы сөз айту - ілуде біреу саналатын ұстаздың ғана қолынан келеді. Бұл сөзім көпшілікке ой саларына, сол көпшіліктің бұл пікірмен келісеріне бек сенемін. Ал сабақ беріп жүрген мұғалімнің өзі абайлап басатын баспалдақтарды аттап өту - өзге мамандық иелеріне үлкен сын болмақ. Өз басым білім саласынан өзге, қосымша мамандықтарды осы салалар бойынша игеріп, жоғары дипломым болса да, қаржы, экономика, заң сияқты салаларға жақ ашудан аулақпын. Бұл салаларда менің алған қосымша білімім - тек түсінік қана. Жоқ, бұл сын айтпаңыз деген сөз емес. Десек те, байыбына бармай, байбалам шығармақ кімге пайда?.

"Әліппені" қолға алғанда "әліппеге дейінгі кезең", "әліппе кезеңі", "әліппеден кейінгі кезең" деген өзінің оқытылу тәртібі бар болатын.

"Әліппеге дейінгі кезеңде" бала сөйлеуге, қоршаған орта мен мектеппен танысуға т.б. үйренеді, тіл дамыту, сөздік қорларын дамыту жұмыстары жүргізіледі. Жазу машықтары (қол үйрету жаттығулары) үйретіледі.

Ал "әліппе кезеңінде" әріп элементтерін жазумен, сызудан бастайды.

"Әліппеден кейінгі кезеңде " өз бетінше жазу жазады, берілген тапсырмаларды (ертегі, әңгіме т.б) оқи бастайды. Демек бұл кезеңде бала өздері жазады, ертегі, әңгіме, жұмбақ, жаңылтпаш т.б. өзі оқиды

"Сауат ашуда" да дәл осы методика сақталған. Сауат ашуға дейінгі кезең, сауат ашу кезеңі, сауат ашудан кейінгі кезең.

"Әліппе" кезеңінде де, "сауат ашу кезеңінде"де бала Аа, Тт, Пп, Сс әріптері мен дыбыстарымен танысады. Осы дыбыстар арқылы бала буын құрайды, буыннан сөз құрайды. Одан кейін буындап, сөз құрап үйрене бастайды. Ахмет Байтұрсынов методикасынан бастап бұл қағида қалыптасқан. Методикада әріптерді Аа, Әә, Бб деп алфавит ретімен оқыту бұрын-соңды болмаған. Бұлай оқыту оқу методикасы талаптарына сай емес.

Бұрын "Әліппені" оқыған соң, "Әліппемен қоштасу" ертеңгілігі өтетін мектептерде. Одан кейін екінші жарты жылдықта "Ана тілі" пәнін оқу басталатын.

Ал қазіргі "Сауат ашу" пәні мазмұнында "Әліппе" мен "Ана тілі" мазмұны қатар қамтылған: "Сауат ашу -1" бөлімінде "Әліппе" мазмұнын оқиды, "Сауат ашу-2" бөлімінде бұрынғы "Ана тілі" мазмұнын оқиды.

Енді "Әліппе" мен "Сауат ашу"дың бір-бірінен не айырмашылығы бар деген сауалға келсек, оқулықтың көлемі және атауы ғана. Бүгінгі күні талаптарға сай Білім министрлігі бұл мәселемен егжей-тегжейлі жұмыс жүргізіп келеді.

Орта мектептерге енгізіліп отырған бағдарламаның атауы да - жаңа буын бағдарламасы. Жаңа буын дегеніміз - елу жылдан кейінгі елдің иелері. Ертеңгі елдің иелері алатын білімді кейде жарық жоқ, кейде отын жоқ болып, аяғымыздан енді тұрып жатқан тәуелсіздік алған алғашқы кезеңдегі өзіміздің білім беру жүйесінің қалпына салуға тырысу ақылға қонымсыз көрінеді екен. Бұл ақылға қонымсыз болса, кеңестік кезеңдегі жүйенің біріздігін айту тіпті. орынсыз. Бала өзіндік ойын көп жеткізу керек, сөйлеу дағдысын көбірек қалыптастырып, дамытуы керек.

"Әліппенің" атауы да қайта оралар, "Ана тілі" де бірге оралар сол "Әліппемен". Бұл - білім саласындағы мамандардың құзіреттілігінде.

Біздің міндетіміз: балдырғандарымыз бен балауса бөбектерімізге жан-жақты, терең тәрбие беру. Өзімізді заман талабына сай өзгерістерге үйрету. Балалардың бойына "жуса, кетпейтін, шапса, кесілмейтін етіп", ата-баба құндылығын "сіңірудің " жолын ойластыру.

Бүгінгі күні Еуропаның әрбір тұрғынының үйіне дендеп енген үй шаруашылығын атқаратын роботтардың қазақы түрін, "мың өліп, мың тіріліп" қалған елдің рухы мен ділін сақтап қалатын ұрпақ - бүгінгі бірінші сынып оқушылары. Ең біріншіден, бұл оқушыларға сөйлеу дағдысын қалыптастырып, өз ойын еркін айтқызып, идеяларын ортаға салып үйретуіміз керек.

Толқыннан толқын туса - игі, ата жолын қуса - игі.  Бұл ұлттық тәрбие, ең алдымен,  "құтты орын саналатын" мектептің еншісінде емес, ең алдымен, баланы өмірге әкелген ата-ананың негізгі парызы.

Арай Қанапия,

Философия докторы, қауымдастырылған профессор,
Шәкәрім университеті,Шәкәрім университеті, Гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі.

Abai.kz

3 пікір