Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Көршінің көлеңкесі 4473 10 пікір 18 Қыркүйек, 2019 сағат 11:50

Аралас некені уағыздаушылардың көздегені не?

Белгілі қаламгер Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: «Тілі мен қыздарының етегі ашылған елміз» деген қанатты сөзді өмірге әкелген болатын. Осы етектің ашылуы орыс тілді ақпараттық шабуылға өзек бола бастады. РФ медиасайттары қазақтың белгілі бір бөлігін діл мен салта-дәстүрден қол үзгендер санатына жатқызып, өзге ұлттан қалыңдық іздеген орыс жігіттеріне қазақ қыздарына үйленуге кеңес бере бастады.

Иә, әлемдік неке нарығында орыс күйеулердің бәсі мәз болмас да, оларға орыс тілді қазақ қыздары кет әрі емес екен. Отбасылық жағдайымызды бізден жақсы білетін солтүстіктегі көршіміздің сарапшылары орыстармен некеге тұруға бейіл қазақ қыздарының үш басты себебін алға тартады. Оның біріншісі – ана тілін тәрк еткен қалалық қазақтар арасындағы орыстану процесінің жоғары екендігі және орыстілді ақпаратты тұтынушылық басты орында тұру болса, екіншісі – елдегі экономикалық жағдайдың төмендеуі жағдайларын шешіп алуды қалаған бикештерге өзі білетін тілдегі орыс жігіттеріне үйленіп, РФ тұрақтап қалуға мүмкіндік береді екен.

Үшіншіден, қазақ қыздарының бұндай қадамға баруына ұлттық салт-дәстүріміздің өз күшіне ене бастауы мәжбүрлейді-міс. Егер олар орыс жігіттеріне үйленетін болса, салт-дәстүрдің темір ноқтасынан азат болады екен. Орысқа шыққан қазақ келіндері тамақ дайындау жағынан өзге ұлттарды артта қалдыратын басты қасиетін орыс сарапшылары көкке көтере отырып дәріптейді.

Осылайша тілі мен мәдени құндылықтары үйлескен жас отбасы жаңа өмірге нық сеніммен аяқ баса алады. Әрі көпбалалы болуға қазақ келіншектерінің қарсы болмайтындығын алға тартады. Тарихта орыс-қазақ некесінен дүниеге келген генерал Корнилов т.б. атақты тұлғаларды сөз етуді пиғылы жат жандар еш ұмытпапты.

Осылайша орыс тілді қазақ қыздарын РФ азаматтығын алуға неке арқылы шақырудың артында не бұғып жатқанын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз!?

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

10 пікір