Министрдің сөзінше, адамдар елдің 7-8 қаласында ұсталған. Тұрғымбаев адамдардың нақты қай қалаларда ұсталғанын ашып айтпады.
Өткен сенбі күні Қазақстанда полиция ондаған азаматты ұстаған. Ұсталғандардың арасында билік жүйесіне қарсы наразылық білдіргендер, "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткендер және "Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларына" қарсы шыққандар болды.
Ал 21 қыркүйектің алдында Қазақстан соты экстремистік ұйым деп танып, тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының лидері, 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын 21 қыркүйекте жаппай көшеге наразылық шеруіне шығуға шақырған. Қазақстан бас прокуратурасы "рұқсат етілмеген митингіге қатысу заңсыз" екенін ескертіп, оған қатысқан азаматтардың "жазаланатынын" ескерткен.
Қазақстан билігі ұсталғандардың көбі "прокуратураның ескертуіне қарамастан, заңсыз митингіге шыққанын" айтады.
Наурыз айында уақытша президент міндетін атқаруға кірісіп, 9 маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев батыс басылымдарына берген сұхбатында митингі туралы жаңа заң әзірлеу жоспары жайлы мәлімдеген. Президент қыркүйектің басында халыққа жолдауында "Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз еркін білдіруге құқылы. Егер бейбіт акциялар заңды және елдің шырқын бұзуды көздемесе, онда белгіленген заң шеңберінде митингілерге рұқсат беріп, арнайы орын бөлу керек" деген. Алайда Тоқаевты сынайтындар оның шетел басылымдарына "жаңалық" деп отырғаны қолданыстағы заңда бар ереже екенін айтады.
Abai.kz