Министрі көп елдің мектебі мемлекеттік тілге көшуге неге құлықсыз?
Өткенде Латвия орыс тілінен түбегейлі бас тартты. Олар білім беру саласын мемлекеттік тілге көшіріп, балабақшадан ЖОО-на дейін тек латыш тілінде оқытуды қолға алды.
Латвия Ұлттық қауымдастығының Бас хатшысы Раивис Зелтиц дейтін адам осындай бастама көтерген. Раивистің бұл ұсынысын Латвия премьер-министрі Кришянис Каринш қолдаған. Сөйтіп, Латвия Үкіметі "халықтың салығынан білім беріп отырған барлық мекемелер (мектептер мен балабақшалар) латыш тіліне көшу керек" деген шешім шығарған.
"Басқарушы коалицияның барлық партиялары білім берудің тек мемлекеттік тілге көшуіне қарсы болған жоқ. Шындығында алғаш рет бірауыздан қолдау тауып отыр. Ұлттық қауымдастық мұны тезірек жүзеге асыру үшін барлық жұмысты жасайды", - депті қауымдастық жетекшісі Раивис Дзинтрас.
Латвия еуропаланған ел дейміз. Ол Ресей ықпалына тәуелді елдер сортына да жата бермейді. Географиялық жағынан біздің елмен салыстыруға да келмейді. Десек те, Латвияның бұл бастамасы Қазақстанға да үлгі болуы керек-ақ. Себебі қазір Қазақстанда ЖОО түгілі балабақшаның өзінде қазақ тіліне қосымша орыс, ағылшын тілдері қатар оқытылады.
Ал, мектептерге келсек, техникалық бағыттағы физика, химия, информатика сияқты пәндер ағылшын тілінде оқытылмақ. Оған бейімделу үшін қазір мектеп мұғалімдері 9 айлық курстан өтетін көрінеді. Ал, жуырда Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы елордадағы бірнеше мектепте дүние жүзі тарихы пәнін орыс тілінде оқыту туралы бұйрық шығарып елді шулатқан.
Сөйтіп, 2016-2022 жылдарға арналған атышулы "үштілділік бағдарламасы" енгізілді.
Сәрінжіпов кетіп, орнына Сағадиев келді. Академик Сағадиевтің министр ұлы Сәрінжіповтің жолын жалғады. Ол аталған бастаманы жүзеге асыру үшін мұғалімдерді тез арада ағылшын тілінде оқытуға күш салды. Сөйтіп "ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімді небәрі үш айда дайындап шығарамын" деп біраз әуреге түсті. Алайда, президент оның асығыс шешім екенін айтып, орнын Шәмшидиноваға берді.
Алайда, ол кісі көп отырмады. Министрлік тізгінін Аймағанбетов ұстады. Десек те, бұл министр әзірге орыс тілінен бас тарту туралы батыл қадам жасай қоймады.Әрине, ол үшін адамда тәуелсіз ерік-жігер болуы керек. Ал біздің қай шенеуніктен ондай ерік-жігерді көріп едіңіз. Бұл кісі де белгілеп берген биіктен асып секіре алмайтындардың сортынан екені тағы түсінікті.
Дегенмен, жақында Білім және Ғылым министрлігінің өкілі Ерболат Мұхамеджан дүние жүзі тарихы пәнін орыс тілінде оқыту туралы ел ішінде таралған ақпараттың жалған екенін айтты.
-Әлеуметтік желіде "Дүние жүзі тарихы" пәні оқу жылы басынан қазақ мектептерінде орыс тілінде оқытылады деген жалған ақпарат таратылуда.
Біріншіден, бұған дейін жазғанымдай, әлеуметтік желіде жарияланған «fake ақпаратқа» сенбеулеріңізді сұраймын. Бұның бәрін арандатушылық деп есептеймін.
Екіншіден, иә, расында, бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілген. Бірақ, сіздерге нақты сеніммен айта аламын, қазір жалпы білім беретін қазақ мектептерде Дүние жүзі тарихы пәні орыс тілінде оқытылып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептерде осы пән оқыту тіліне байланысты, яғни қазақ сыныптарында қазақ тілінде, ал орыс сыныптарында орысша жүргізіліп жатыр, бүгінгі күні басқа жоспар жоқ.
P.S. Барлық сұрақтарға БҒМ әрқашан жауап беруге дайын. Сондықтан алдын ала осындай сұрақтарыңызды анықтап алуларыңыз дұрыс, - деп жазды ол.
Айта кетейік, бүгінде қазақ тілді мектептердің саны көбейіп, мемлекеттік тілге деген сұраныс артқан. Мәселен, 2016 жылы қазақ тілді мектеп түлектері 68-70 пайызды құраған. Қазіргі уақытта елде мемлекеттік тілдегі 3,8 мың мектеп бар. Бұл жалпы мектептердің 60 пайызы.
Түйін. Жуырда ҚР Тіл туралы Заңының қабылданғанына 30 жыл толды. Алайда, осы уақыт ішінде қазақ тілі өз тұғырына қонған жоқ. Ал, КСРО құрамынан шыққан Украина, Грузия, Латвия сияқты мемлекеттер толығымен орыс тілінен бас тартып, мемлекеттік тілінің абыройын асырып отыр.
Ал бізде ше? Бізде министр көп. Әсіресе, осы білім саласында басшылық жиі ауысады. Санап көрейікші:
1987-1993 қазанына дейін - Шайсұлтан Шаяхметов (ҚР Білім министрі),
1993-1994 қарашасына дейін - Ережеп Мәмбетқазиев (ҚР Білім министрі),
1994-1997 наурызына дейін - Мұрат Жұрынов (ҚР Білім министрі, Алматы қ.),
1997-1997 қазанына дейін - Иманғали Тасмағанбетов (ҚР Білім және мәдениет вице-премьер-министрі),
1999 Владимир Школьник (ҚР Ғылым және жоғарғы білім беру министрі),
1997-1999 - Қырымбек Көшербаев (ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі),
2000-2002 қаңтарына дейін - Нұрәлі Бектұрғанов (ҚР Білім және ғылым министрі),
2002-2003 маусымына дейін - Шәмшә Беркімбаева (ҚР Білім және ғылым министрі),
2003-2004 желтоқсанына дейін -Жақсылық Күлекеев (ҚР Білім және ғылым министрі),
2004-2007 қаңтарына дейін - Бірғаным Әйтімова (ҚР Білім және ғылым министрі),
2007-2010 жылы - Жансейіт Түймебаев (ҚР Білім және ғылым министрі),
2010 – 2013 қыркүйекке дейін - Бақытжан Жұмағұлов (ҚР Білім және ғылым министрі),
2013-2016 ақпанына дейін - Аслан Сәрінжіпов (ҚР Білім және ғылым министрі),
2016-2019 - Ерлан Сағадиев (ҚР Білім және ғылым министрі),
2019 жылдың ақпанында - Күләш Шәмшиденова (ҚР Білім және ғылым министрі),
2019 жылдың қаңтарынан бастап - Асхат Аймағамбетов (ҚР Білім және ғылым министрі).
Қазіргі Асхат Аймағамбетов қазаққа, қазақ балаларына білім үйретуге келген 16-шы министр екен. Біздегі жалқы сұрақ мынау: Министрі көп елдің мектептері мемлекеттік тілге көшуге неге құлықсыз, ендеше?
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz