Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5812 0 пікір 3 Тамыз, 2011 сағат 22:34

1991 жылғы «Орал көтерілісінің» қауіпті тұстары

Биыл 2011 жылғы қыркүйек айында республикамыздың дербестігі мен аумақтық тұтастығына дау айтушы, Орал облысынан автономия жариялап, териториямызды бөліп әкетпекші казак-орыстарының арандату әрекетіне қарсы болған 1991 жылғы «Орал оқиғасына» 20 жыл толды. Орал қалалық және облыстық кеңестерінің қос қаулысынан басталған ой-пікірлер бұлжымас саяси қағидаға айналып, «казактардың патшалық Ресейге қызмет еткеніне 400 жылдық мерейтой» деген шарасы жергілікті билік тарапынан ресми қолдауға ие болды. Той (съезд) қыркүйек айының 15-не белгіленді. 08.07.1991 жылы Орталық басшылық Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы штабы Конституция ережелерін басшылыққа ала отырып республика Президенті Н.Назарбаевтың атына ашық хатпен шықты. Хатта казак-орыстардың жетегінде кеткен Орал облыстық (05.06.91ж) және қалалық (28.05.91ж) Кеңестері атқару комитеттері шешімдерінің күшінің жойылуын, мұның Қазақстанның біртұтастығына нұқсан келтіретін қадам болғалы тұрғанын, казактар мерекесінің тойлануына тиым салыну қажеттігін айта келіп, өзінің тарапынан белгілі бір шараларға бару керектігі, егер бұл талаптар орындалмайтын болса, Қазақстанның азаматтық «Азат» қоғалысы республика төңірегінде барша халықты өзін-өзі қорғауға және КСРО құрамынан шығуға шақыратынын ескертті. Бұл хатқа да елең еткен республика басшылары болмады ...

Биыл 2011 жылғы қыркүйек айында республикамыздың дербестігі мен аумақтық тұтастығына дау айтушы, Орал облысынан автономия жариялап, териториямызды бөліп әкетпекші казак-орыстарының арандату әрекетіне қарсы болған 1991 жылғы «Орал оқиғасына» 20 жыл толды. Орал қалалық және облыстық кеңестерінің қос қаулысынан басталған ой-пікірлер бұлжымас саяси қағидаға айналып, «казактардың патшалық Ресейге қызмет еткеніне 400 жылдық мерейтой» деген шарасы жергілікті билік тарапынан ресми қолдауға ие болды. Той (съезд) қыркүйек айының 15-не белгіленді. 08.07.1991 жылы Орталық басшылық Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы штабы Конституция ережелерін басшылыққа ала отырып республика Президенті Н.Назарбаевтың атына ашық хатпен шықты. Хатта казак-орыстардың жетегінде кеткен Орал облыстық (05.06.91ж) және қалалық (28.05.91ж) Кеңестері атқару комитеттері шешімдерінің күшінің жойылуын, мұның Қазақстанның біртұтастығына нұқсан келтіретін қадам болғалы тұрғанын, казактар мерекесінің тойлануына тиым салыну қажеттігін айта келіп, өзінің тарапынан белгілі бір шараларға бару керектігі, егер бұл талаптар орындалмайтын болса, Қазақстанның азаматтық «Азат» қоғалысы республика төңірегінде барша халықты өзін-өзі қорғауға және КСРО құрамынан шығуға шақыратынын ескертті. Бұл хатқа да елең еткен республика басшылары болмады ...

Казактар одағы өздерінің мақсаты - автономия құру, Орал облысын саяси - құқықтық жолмен бөліп әкету екендігін, тіптен ойлары орындалмаса қарулы күреске де әзір екендіктерін талай жерде ашық айтты. Сол күндері өзінің алаңдаушылығын білдірген С.Кисельев «Литературная газетада»: «Жағдай осылай. Мәдениет пен экономиканы қайта жаңғырту үшін күрес ұлттық қозғалыспен құйылып, саясатқа ауысқан жерде қантөгіс болады. Ол қазір төгілді де - Солтүстік Кавказдағы казактар мен таулықтар қаны. Келесі кезек - Орал казактары, Орал облысын Ресейге қосамыз деп жатқан Қазақстандікі ме деп те ойлайсың» - деп үрейленетінін жазған еді. Оралда қантөгіс болуы мүмкіндігін оралдық атаман А. Качалиннің өзі де ресми кездесулерде әлденеше рет қайталаған болатын (Қараңыз: «1991, қыркүйек - Орал оқиғасы» 2001,  83; 248 бет, С.Н.Қ).

Кейбір деректер бойынша сол жылдары Кеңес Одағының әр аймақтарында шақырғанда жедел жететін казак әскери құрамалары мен топтары құрылды. Наталья Зенова деген журналист қарулы қақтығыстар туындаған аймақтарға жіберілетін «жедел топтың» болғанын жазды. («Литературная газета», 07.1991). Мұндай жедел топ мүшелерінің Орал казактары әскери одағының арасында болғандығын құжаттар айғақтағандай. Кейіннен, «Ведомости» газетінде жарияланған «Что такое УГИКО? - деген мақалада сол 1991 жылдарға қатысты бір деректі келтіреді. Онда: «За какие качества избрали Иртекеева. Может быть, повлияла его честность в финансовых делах. Может быть и то, что он участвовал, как и Сурганов, Марков, Суэтин в военных действиях против православных грузин за абхазцев» (01.10.2000) - дейді. Осы аталған сабаздарыңның барлығы 1990 -1991 жылдары Орал казактары одағының белсенділері болғаны белгілі. Тіптен, Оралдық «жедел топ» мүшелерінің бірі православты армяндар жағында таулы Қарабақ соғысына қатысып қаза болды. Казактар өздерінің көпшілік қатысқан жиындарынан соң қала шетіндегі оның зиратының басына барып, гүл шоқтарын қоюды дәстүрге айналдырып жүрді.

Казактардың Днестр бойындағы соғысқа, Абхазия мен Грузияда, бұрынғы Югославия жеріндегі қарулы шайқастарға қатысқаны Петропавловск казактарының құрылтайында да жария етілді. «Барлық жерде олар Ресей мен православие үшін соғысып жатыр» - деді казак атаманы В.Попов («Халық кеңесі» газеті, 04.08.1993). Сол бір қыркүйек күндері мұндай жедел топтардың Оралға да келіп жетуі әбден мүмкін жай еді. Сөйтіп, олар өздерінің мемлекеттер арсындағы келісілген іс-қимылдарын үйлестіруді, ұжымдық көмектерін жүзеге асыруды, қарулы күштерінің құрамындағы жоғарыдағыдай  «жедел топтарды» түсіру арқылы қолдау көрсетіп отырды. Бұған Орал казак-орыстары одағының жарғысындағы: «Укреплять связи с армией, военкоматами по организаций военно-патриотической и общевизической подготовке казачьей призывной молодежи» - деген жолдар толық дәлел болады. Осының өзі сол кездерде кеңес казактарының арасында кеңес қарулы күштерімен байланысын қамтамасыз етуші өз-ара белгілі бір ұжымдық қауіпсіздік шарты болғандығын айғақтағандай...

1991 жылы 13 қыркүйек күні атаман Мартынов басқарған Ресей казактарының әскери жасақтары Оралға келіп жетті. Орал қаласындағы оқиға кезінде православиелік дін басыларының қызметін айту керек. Шіркеу басшылары ұлтаралық ахуалды ушықтыруда ерекше рол ойнады. Олар осы күні іс жүзінде казачествоның саяси шарасын ұйымдастыру орталығына айналды. Казактардың тарихын, ерлігін, ерекшелігін уағыздады. Кезінде славянофилдік бағыт ұстанған белгілі орыс философы Николай Бердяевтың: «В русском миссионизме столь свойственному русскому народу, чистая миссианская идея Царства Божьего, Царства правды была затуманена идеей импералистической волей к могуществу» деп өзі айтқандай, шара кезінде шіркеу архиепископы сөз сөйлеп, ол орыс-казактары православиелік халық ретінде Ресей империясын құтқарушы, құдай таңдаған (избранный) ерекше тарихи және мәдени миссияға ие ұлт деген тұжырым жасауға дейін барды.

15 қыркүйекте казактар тұрғылықты халықтың наразылығын ескермей қаладағы шіркеуде құдайға құлшылық етумен қатар, казак мерекесінің тұсауын кескен ресми шараларын өткізді. Шіркеу үстінде Ресей империясының үш түсті жалауы желбіреді. Мұның соңы казактар тарапынан ұлтаралық алауыздыққа ашық арандатқан антиконституциялық қимылдарға ұласты.  Шіркеуден соң әскери жасақ  қала көшелерімен әскери шеру жасап, Зенит мәдениет үйне қарай жүрді. Еш кедергісіз мәдениет үйіне өткен олар мерекелік шара деген желеумен «Орал казак әскери Одағының құрылтайын» (съезін) бастады. Себебі, казак автономиясы туралы мәселені шешуді осы құрылтайда түпкілікті ресмилендіріп, бекітіп алмақшы болды.

Билік проблеманың моральдық - адамгершілік жағын ескермеді. Екінші жақ бұл күнді  «қазақ жерін отарлаудың жалғасы, қазақ халқының тарихындағы қаралы күн» деп жариялады. Наразылық акциясына қатысушылардың 113 адамы мәдениет үйіне жіберілмей милиция күшімен тоқтатылды. Жергілікті биліктің мұндай «әрекетсіздігіне» ашуланған наразылық акциясына жиналған халық мәдениет үйін күшпен босатпақшы болып лап қойды. Тіптен, келіп жеткен қарақұрым халықтың арасында қаладағы №11-ші С.Сейфуллин атындағы жалғыз қазақ орта мектеп-интернатының жоғарғы класс оқушылары мен мұғалімдеріне дейін жүрді. Шешуші қарбалас сәтте қалың халық нөпірі 113 жігіттің күшімен, ақ жаулық тасталып, жергілікті имамның араласуымен тоқтатылды. Ашулы халық мәдениет үйіне қарай тас-кесектер лақтырып, бірнеше қайтара милиция мен ОМОН жасақтарын бұзып кетердей әрекетке барды. Жағдайдың ушыға беруінен қорыққан құқық қорғау органдары казак жасақтарын мәдениет үйінен шығаруға мәжбүр болды. Казактар құрылтайы тоқтатылып, клубты тастап шықты. Клубтың артқы есігінен шығып, әскери сап түзеп кетіп бара жатқан жергілікті казактардың шағын тобын ашулы халық қуып жетіп, итке талатып, погондарын жұлып, сол жерде шаңын шығарып ұрып, теуіп тастады.

«Азат» газетінің биылғы 11.01.2007 жылғы санында «Арал-Эко» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құлмағанбет Махан есімді азамат 1991 жылы Орал казактары автономия құрамыз деп даурыққан кездері қалаға жиналып, мерекесін тойлатпай, казактарды сабап, Ресейге қайтарғанын, өзінің алаңда сол күндері бір казакты ұрып құлатқанын айтса, бұл туралы А.Свиридов өзінің кейінгі жазған бір кітабында: «Празднование юбилея было отчасти сорвано приездом в Уральск больших групп национал - радикалов из Алматы и южных регионов Казахстана во главе с «азатовцами». К счастью, мелкие потасовки не переросли в горячий межнациональный конфликт» - деп жазыпты («Современный Казахстан: 20 лет общественной мысли» Алматы, 2006).

Алаңға жиналған халық қарусыз болды, ешкімге қауіп төндірген жоқ. Түсірілген бейне құжаттар мен фотосуреттерден, ұрандардың мазмұны, акцияның мемлекеттік құрылымға, басқа ұлттарға қарсы шығу бағыты болмағанын айғақтайды. Олар қазақ жерінің тұтастығын, мемлекетіміздің толық тәуелсіздігін, қабылданған мемлекеттік заңдарын, қазақ халқының тарихын, бүгіні мен болашағын қорғады. Сол бір қиын күндердің өзінде ұлттық идеология аясында қимылдаған демократиялық күштер азаматтық келісімге келуге, пікірі әр-түрлі саяси және қоғамдық күштерді топтастыруға, ұлтаралық жағдайды тұрақтандыруға ұмтылды. «Казахстанская правда» газеті 1991 жылғы 21 қыркүйектегі санында: «Азаматтық «Азат» қозғалысының жетекші өкілдері қысылтаяң қиын сәтте салмақтылық таныта білді, соның салдарында үлкен арандатуға жол берілмеді» - деп жазды. Қолданылған біріккен шаралар нәтижесінде қоғамдық-саяси ахуалды ушықтыратындай тосын оқиғаларға жол берілмеді. Наразылық шерулері белгілі бір заңдылықтардың бұзылуымен өткеніне қарамастан, облыстық сот кейіннен оның негізді екенін мойындап, демократиялық күштер әрекеті Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған деп бағаланды.

Сол қыркүйек күндері «Азат» қозғалысының облыстардағы барлық бөлімшелері ұйымшылдық көрсетті. Елдің де, жердің де иесі барын танытып, жеріміздің тұтастығының тігісін сөкпек болған арандатушылардың істеріне батыл тойтарыс берді. Сол күндері «Басқару Штабының» мүшелері, бүкілхалықтық қарсылық акциясын ұйымдастырушы жергілікті азаматтар: А.Зинуллин, А.Қадырбаева, О.Жәкібаев, Н.Сисенбаев, Д.Өтегенов, Ж.Қуанышәлин, Н.Қонарбаев, Д.Сатыбалдиев, О.Сәулебаев, М.Балмолдин, С.Ерғалиев, Е.Жайлыбаев, Б.Әділов, Т.Сәтқұлиев, А.Зейнуллин, Х.Тельман, Қ.Сүлейменов, Б.Тәженов, Р.Мұханбетқалиева, С.Мұдатов, М.Ықсанғалиев, Н.Қонарбаев, Ж.Өтеғалиев, Р.Қалиев, С.Ғиниятов және т.б азаматтар елін, жерін қорғап қалған ерлік істер атқарды. Аты аталған азаматтар Қазақ елінің саяси және экономикалық тәуелсіздігі жолында қоғамдық ой-сананы оятуда өздерінің тарих алдындағы адамдық, азаматтық парызын абыроймен орындады.

Араға 15 жыл салып барып 2006 жылы «Экспресс» газетінің тілшісіне берген сұхбатында Н.Есқалиев 100 шақырым жерде Привольжск әскери округін басқарған генерал Макашовтың бітімгершілік қарулы күшінің (танкілердің) Оралға «марш бросок» жасауға даяр тұрғанын айтты. Ол оқиғадан бұрын Мәскеуде болған бір кездесу кезінде Горбачевке қалыптасқан жағдайды жеткізбекші болып: «Осылай да осылай Михаил Сергеевич, әрине бұл мерекеден үрейленетіндей ештеңе жоқ, дегенмен де текетірес ауаны ушығып кетпесе...» дегенімде мән-жайды түсінудің орнына сондағы оның маған төккен зілін көрсең етті. Сонда ғана мен тек қана өз сезімің мен әріптестерімнің тәжірибесіне сүйену қажеттігін түсіндім. Кейін адамдардың салқынқандылығы бәрінен де жоғары болған болуы керек Орал мен Гурьевке бағытталған Самара облысы шекарасында тұрған танкілер бұған бармады. ТЖМК-дан кейінгі Мәскеудегі қалыптасқан түсінбестік жағдайдың салдарынан сірә Макашов дербес шешім қабылдауға тәуекел ете алмаған болуы керек» - депті. Сөйтіп, кезінде В.Б.Водолазовтың бізбен болған бір әңгімесінде оқиға күндері шекарада Оралға бағытталған арнайы күштердің болғаны туралы айтқаны расқа айналды.

Оралдағы текетірес туралы және бітімгершілік күштері кірген жағдайда не болатыны туралы Орал облыстық ҰҚК-нің төрағасының сол кездегі орынбасары Анатолий Дружинин өзінің естелік кітабында: «1991 жылғы Орал оқиғасын жазып үлгеруіміз қажет. Бұл жаңа құрыла бастаған мемлекет тарихындағы бірден-бір маңызды оқиға болды. Егер біз ашық қақтығысқа, қан төгіске жол бергенде ешқандай тәуелсіз Қазақстанның, оны БҰҰ - ның тануы да екіталай еді. Ондай кезде республика территориясына бітімгершілік күштері кіріп, жағдай одан сайын күрделенген болар еді» - деп жазыпты. Демек, Молдоводағыдай «Днестр бойы республикасы» сценариі жолымен қуыршақ «Орал казак республикасының» құрылуы бізде де қайталануы мүмкін еді. Водолазовтың өзі: «Мұның барлығын Қорғаныс Министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік  комитетіндегілер ұйымдастырған еді. Солар барлығын жасаған. Мен өз каналым бойынша  арнайы жоспар барын білдім. Олар өз  алдына, ал біздер өздерімізше қимылға көштік. Қалаға оқиға күндері «арнаулы топтарды» кіргізіп те, жасырып та үлгерген болатын. Сендер митингімен әуре болып жүргенде қалада  жай киінген жергілікті емес жастар көп жүрді» - деген болатын. Оның бұл сөзін кезінде біздер толығымен диктофон таспасына жазып алдық.

2004 жылы елбасы тікелей эфирге шыққан кезде 1991 жылғы «Орал оқиғасына» қашан саяси баға берілетіні туралы қойылған сұраққа, Президент әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі Д.Кәлетаев: «Орал казактарының өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы әрекеттерін бүгінгі күн тәртібіне қойып, қолдан саяси дау жасағаннан ештеңе ұтпайтын секілдіміз. Оның үстіне соңғы жылдары Орал казактарының іс-әрекеттерінде бұрынғыдай басбұзарлық байқалмайды. Сырттан жасалатын ықпалдар азайып келеді. Әрине, мұндай жағдай өзінен өзі орнай қалған жоқ. Қазір олармен жергілікті атқарушы органдар мен Кіші ассамблея хатшылығы тығыз жұмыс жүргізуде. Саясатта қашанда сабырлылық қажет. Еліміздегі тыныштық пен жарасымдылық ең алдымен қазақтарға қымбат екенін өзіңіз жақсы білесіз. Ендігі қол жеткен жетістіктерден айырылып қалмай, осы бағытта жұмысты жетілдіре беру деп ойлаймыз» - деп жауап беріпті (01.06. 2004 жыл, № Ж-5848). Билік адамынан басқаша жауап болуы мүмкін емес. Өзге тыныш болса Қазақстан да тыныш, сенің несібең өзгенің есебінен, Орал мәселесін дабыра ете бермейік дегендей шығарып салма жауап беріпті. Оның сөзінде әйтеуір қазақты өткенімен қорқыту, қайдағы бір «жауапкершілікпен» тежеп, «шыдамдылыққа» шақыру бар. Осындай күңгірт айтылған сөздерінің иіріміне орап, елітіп отыру, қарапайым халықтың мінезінде ойнау биліктің қашанғы әдеті. Оларға салса оқиға туралы айтылмауы, жазылмауы да керек. Бұлай кете берер болса Орал оқиғасы және бір ширек ғасырдан соң тарихтан да мүлдем ұмытылары сөзсіз. Бұдан президенттің де, тарихшыларымыздың да Орал мәселесіне әлі де талай уақыт қайтып келмейтінін байқауға болады. Біз мұны халқымыздың өткен өмірі тарихын мақсатты түрде санадан ұмыттыруға тырысу деп қабылдаймыз. Өкінішке орай, бүгінгі билік тарапынан тәуелсіздік жолында болған «Жаңа Өзен толқуына» да әлі күнге дейін көңіл бөлінбей келеді.

2003 жылы «Үш Қиян» баспасынан шыққан «История Казахстана с древнейших времен до наших дней» кітабында Орал оқиғасы туралы былай дейді: «В период 1989-1990г. В республике происходит обострение политической ситуации. В разных местах страны фиксируется вспышки локальных конфликтов. Дестабилизируется обстановка в Уральске из-за заявлений территориального сепаратизма вновь возникшего казачьего движения» - деп жазыпты. Ештеңе түсіне алмайсың, бар болғаны осы-ақ. Бұдан соңғы жылдары тарихшыларымыз бен ғалымдарымыз Оралда болған оқиғаға тарихи тұрғыдан әлі де бойлап бармай жүргендігі байқалады. Осыдан келіп республика тұрғындарына осындай тарихи кезеңдерді жария ету қажеттігі туындайды. Біздер Орал оқиғасының түбегейлі тарихын біліп қана қоймай оның бүгінімізге бедер-бітім, келешек күндерімізге сабақ-арқау болатын тағылымдарын да тиянақтап, одан дұрыс қорытынды шығаруымыз шарт. ...

Орал оқиғасы жөнінде әр жылдары орталық және облыстық басылымдарда бірталай материалдар жарық көрді. Сол мақалаларды тарихы қызықтырған көзі қарақты оқырманның назарына ұсынамын. 1. «Азат» болып, казак болып тірескендерді тәуелсіздік табыстырып отыр» («Егемен Қазақсатан» газ., 20.02.2001,Т.Құсайын); 2. «Орал желтоқсанның жалғасы» («Егемен Қазақстан» газ., 30.05.2001, Н.Қ.Сисенбаев); 3. «Желтоқсан мен қыркүйек тәуелсіздік атты қарлығаштың қос қанаты» («Еділ-Жайық» газ, 01.06.2001, Н.Қ.Сисенбаев); 4. «Оралдағы 1991 ж. қыркүйек көтерілісі саяси бағасын алуға тиіс» («Еділ-Жайық» газ., 15.06.2001, Т.Жолманов); 5. «На пороге десятилетия независимости» («Еділ-Жайық» газ., Е.Қобланов); 6. «Оралдағы дүрбелең» («Алтын Орда», 28.09.2001, С.Ерғали); 7. «Қатерлі күндер» («Алтын Орда» газ., 26.10.2001, Н.Қ.Сисенбай); 8. «Алаш пен Азат» («Алтын Орда» газ., 02.11.2001, С.Ерғали); 9. «Салауатты халқы бар ел-жетім емес» («Жас Алаш» газ., 15.12.2001, О.Жәкібаев); 10. «Желтоқсан-Орал оқиғаларына себеп болған жер мәселесі» («Ақтөбе» газеті» газ., 14.12.2000, Ж.Қуанышәлі); 11. «Дүрбелең» («Ақ жол Қазақстан» газ., 31.10.2003, Н.Қ.Сисенбай); 12. «Дүрбелең» («Ақ жол Қазақстан» газ., 07.11.2003, Н.Қ.Сисенбай); 13. «Азаттың күйреуі» («Жас Алаш» газеті, 20.06.2006, Н.Қ.Сисенбай), 14. «Благоразумие сильнее танков» («Экспресс К» газ., 18.08.2006, Н.Искалиев); 15. «Олар Оралды бөліп әкетпек болып еді» («Алтын Орда» газеті, 08-14.09.2006, Н.Қ.Сисенбай; 16. «Тәуелсіздік жолындағы тағы бір бұлқыныс» («Алтын Орда» газеті, 08-14.12.2006, Ж.Шамұратова).

Біздің айтарымыз, болашақ ұрпақ Қазақ мемлекетін құру жолында болған тарихтың бұл тұстарын анық, нақты білуі тиіс. Бұл алдымен тоталитарлық идеологияның кесірінен шын тарихты білу мүмкіндігінен айырылған орыс халқына, оның этникалық бір бөлігі болып табылатын казактар тарихына да қатысы бар. 2001 жылы, Орал оқиғасы туралы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты Ұ.Ж.Ысмағұлов: «...жиырмасыншы ғасырдың аяғында еліміздің батысынан автономия жариялап, жеріміздің тұтастығына дау айтып, ұлтаралық бірлігімізді бұзуға әрекеттенген қауіпті оқиға болды. Олар ұлыдержавалық шовинизммен уланған казактар қозғалысы еді. Міне осыған қарсы 1991 жылы 13-16 қыркүйек аралығында Орал қаласында бүкілалаштық халық толқуы өтті. Сол оқиғаға байланысты нақты құжаттарға сүйенген деректі кітап жазылды. Кітап болған оқиғаның халқымызға белгісіз беттерін, шығу себептерін талдап ұсынады. Еңбек халқымыздың тарихына қажетті дүние деп түсінеміз» - деген өз ойын білдірген болатын. Бұл тарихи оқиғаға қатысты Қазақстан тарихшылары арасынан айтылған алғашқы жылы пікір. Сондықтан 1991 жылғы Орал оқиғасының қазақ елінің саяси тәуелсіздікке ұмтылысының көрінісі болғандығын, сол себепті де Қазақстан тарихының бір беті ретінде зерттеліп, мектеп оқулықтарына кіруі қажеттігін мойындайтын уақыт келді. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, болашақта «қыркүйек оқиғасы» Қазақстанның мектеп бағдарламасына кіретініне де сенгіміз келеді.

Сисенбай Нұрлыбай Қошаманұлы -

сол жылдардағы Орал облыстық «Азат» азаматтық қозғалысының тең төрағаларының бірі.

03.07.2011 жыл.

Ақтөбе қаласы

 

"Абай ақпарат"

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371