Жұма, 22 Қараша 2024
Талқы 7232 32 пікір 27 Қыркүйек, 2019 сағат 15:39

Заң әуелі мемлекеттік тілде жазылуы керек!

Бүгінгі парламенттік тыңдау өте көкейтесті заң дайындау үдерісін жетілдіру мәселесіне арналып отыр.

Өткен сессияның 26 маусымдағы отырысында бір топ Сенат депутаттары атынан заң жобаларының мемлекеттік тілдегі дайындау сапасына қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметіне сауал жолдаған болатынбыз.

Осы депутаттық сауалды жолдауымызға Парламентке ратификациялауға келіп жатқан заң жобаларының, олардың қосымшаларындағы халықаралық құжаттардың мемлекеттік тілдегі нұсқаларының сапасыздығы мәселелері негіз болған еді. Алайда Үкіметтен берілген жауаптың мазмұны бізді қанағаттандырмады. Сауалда жолданған сұрақтарға әдеттегідей үстірт жауап берілген.

Осы уақыт ішінде мемлекеттік органдар мамандарының терминдік қолданыстар мен стильді меңгеретін уақыты болды. Бірақ мемлекеттік
органдар қызметкерлерінің қазақ тіліндегі халықаралық құжаттарды
Парламентке қатесіз жіберуге шамасы да, ынтасы да жоқ сияқты.

Өйткені уақытша лингвистикалық топтың қарауына, алдын ала лингвистикалық сараптамаға келіп түсетін халықаралық құжаттардың сапасы
ешқандай сын көтермейді. Министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері топтың жұмысына әбден сеніп алғаны соншалық, пысықталмаған, тексерілмеген материал жібереді, олар өз жұмысына
немқұрайды қарап, лауазымдық міндеттерін тиісінше, сапалы атқармайды.

Тіпті кейбір жағдайларда құжат жобаларының қазақ тіліндегі мәтіні мен орыс
тіліндегі мәтіні мазмұны жағынан бір-біріне сәйкес келмей жатады, қазақ
тілінің грамматикалық және стилистикалық нормалары сақталмайды. Кейде
топ ұсынған түзетулер де дұрыс әрі сапалы енгізілмейді, сонда бір құжатты
бірнеше рет қарауға тура келеді.

Мысалы, қазіргі Сенат қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасында тіпті нотаның аударылған мәтінінің өзінде қате жіберіліп, «мүмкіндікті пайдалана отырып» деп жазылуға тиісті тіркес «мүмкіндікті отырып» деген нұсқада беріліп, тұтастай бір сөз түсіп қалған (Заң жобасы бойынша құжаттар топтамасының 8-беті).

Мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілді қолдануға, мемлекеттік тілде заң жобаларын дайындаудағы жауапкершілігі төмен. Топ мүшелерінің айтуынша, тіпті, құжат жобаларына өзгеріс енгізілген жағдайда оларды қайта сараптамаға енгізу, олардың қазақ тіліндегі мәтіндерін өзгертпей Парламент
жанындағы топтың дайындап беруіне, қарап беруіне жібере салу, топ
жұмысына жуық уақытта қол қойылатындығын сылтау етіп қысқа уақытта
қарауды тапсыру, әкімшілік ресурстарды қоса отырып, қалай да аз уақытта
қарауды мәжбүрлеу сияқты сорақы фактілер орын алып отырады екен.

Осылайша, Парламент қызметкерлері орталық атқарушы органдар қызметін
толығымен атқарып отыр. Біздіңше, бұл халықаралық құжаттарды, заң
жобаларын мемлекеттік тілде дайындауға деген Үкімет құрамының құлықсыздығын, ниетінің жоқтығын байқататын айқын дәйектер.

Орталық атқарушы органдар заңдардың, халықаралық құжаттардың
мемлекеттік тілдегі жобаларын әзірлеуді дұрыс, сапалы, маңыздылығын
сезіне отырып ұйымдастырған жағдайда, уақытша лингвистикалық сараптама тобына деген қажеттілік туындамаған, өздеріңіз атап көрсеткен нота алмасу орын алмаған болар еді.

Сонымен бірге сауалымызға берілген жауапта заң жобаларының
сапасына қатысты «... қазіргі уақытта құзыретті мемлекеттік органдардың түрлі сипаттағы объективтік және субъективтік себептерге байланысты заң жобаларын орыс тілінде әзірлеу тәжірибесі қалыптасқан» деген сөйлем бар. Осы сөйлем арқылы не айтқыларыңыз келгенін, оның қандай объективті және субъективті себептер екенін түсіне алмадық. Басы ашып жазылмаған, бұрмаланған жауап ұсынылған.

Жауапты одан әрі оқысақ: «Бұл ретте, заң шығару процесінің аталған
субъектілері заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеуге ниет білдірген
жағдайда ҚР Әділет министрлігінің «Заңнама және құқықтық ақпарат
институты» заңнамалық актілердің жобаларын мемлекеттік тілде
әзірлеу бойынша құқықтық, ғылыми-әдістемелік жәрдем көрсетуге әзір екенін хабарлаймыз» деп жазылыпты.

Сонда Үкіметтің заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеуіне, Үкіметтің өзінің құрамындағы Әділет министрлігінің жанындағы «Заңнама және құқықтық ақпарат институтының» жәрдемін алуына Парламент рұқсат бермей отырған болып шығады ма?! Бұл қалай?!

Шындап келсек, мемлекеттегі заңдар алдымен сол мемлекеттің өз тілінде дайындалып, содан кейін ғана қажет болса орыс тіліне аударылуы тиісті. Бұрынғы Кеңес республикаларының ішінде Қазақстан мен Беларуссиядан басқа елдің барлығы да әлдеқашан осылай істейді.

Ұлы Абайдың тілін қалыптастырған, «Абай жолы» сынды баға жетпес туындыны өмірге әкелген, талай ғаламат көркем шығармаларды тудырған, тамсана оқылатын фольклорлық шығармаларға арқау болған қазақтың тілі
заң жазуға икемсіз дегенге кім сенеді?!

Билер сотын қалыптастырған бай да көркем қазақ тілі – нағыз заң тілін қалыптастырып, норма жасауға, жазуға өте қолайлы тіл. Мемлекеттің басты нышаны тіл десек, заңдардың мемлекеттік тілде жазылмауы – біздің мемлекеттімізге де, ұлт ретінде ар-намысымызға да үлкен сын. Президент Қ.К.Тоқаев «қазақ тілін халықаралық қатынас тілі ретінде қалыптастыруды» қолға алып жатқанда, бұл мәселені түпкілікті қолға алып, заңдар мен нормативтік құжаттарды алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуге көшетін уақыт жетті.

Баяндалғандардың негізінде, мемлекеттік деңгейде маңызды және нақты шараларды қабылдай отырып, Орталық атқарушы органдарға халықаралық құжаттарды мемлекеттік тілде сапалы дайындаудың жауапкершілігін жүктеуге, заң жобаларын алдымен мемлекеттік тілде дайындауды қолға алу керек. Ол үшін Сенат қабырғасында, белгілі білікті заңгер Рамазан Сәрпеков басқаратын Әділет министрлігінің жанындағы «Заңнама және құқықтық ақпарат институтымен» бірлесіп, заңдарды мемлекеттік тілде дайындауға байланысты мүдделі ұйымдар, заңгерлер, ғалымдар, тіл мамандарымен бірлесіп дөңгелек үстел өткізуді ұсынамын.

Мұрат Бақтиярұлы, Сенат депутаты,

(ҚР Парламенті Сенатында «Заң шығару процесін одан әрі жетілдіру» тақырыбында өткен Парламенттік тыңдаудағы сөйлеген сөзі).

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322