«Діннің атынан дін маманы ғана ой-пікір айтуға құқылы»
Елге уағыз айтатын діндәрлар өте көбейіп кетті. Ашық әлеуметтік желілерді пайдаланып, ауыздарынан ақ көбік ағып қазаққа ақыл соғып отырған сол "шешендердің" қайсысы шын діндәр, қайсысы дінбұзар екенін біліп болмайсыз. Олардың әлеуметтік желіде тараған видеожазбаларын електен өткізіп жатқан ешкім жоқ, ғаламторды қосып қалсаң қаптап жүр. Кім екені белгісіз осы уағызшылардың "тегін ақылын" тыңдаған қазақ жастарының басы қатып жүргені шындық.
Күні кеше әлемжеліде бұрынғы айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабектің полицияға ақыл айтып отырған видеосы тарады. Тіпті Мұхамеджан мырза зал толы ІІМ қызметкерлеріне "уағыз" айтып отыр деуге де болады. Бұрынғы айтыскердің екілене сөйлеген сөзіне ел амандығын күзетушілер ессіз иланғандай, үнсіз тыңдап отыр.
Бізді таңғалдырғаны ешқандай идеологияға ермей, тек Заң бойынша қызмет етуі керек полицияға діни "уағыз" тыңдау не үшін керек болды?! Мұхамеджан Тазабек саясаткер немесе саясаттанушы емес, заңгер емес, дипломат емес, тіпті жалпы халық жаппай мойындаған қоғам қайраткері де емес. Ендеше, қатардағы телеарна басшысының ауыл-үйдің арасында айтатын әңгімесін тыңдауға полицейлерді міндеттеген кім?
Әлде ІІМ Президент тапсырмасына орай полиция жұмысына реформа жасауды олардың діни сауатын ашудан бастауды жөн көрді ме? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында қазақ полициясының қызметіне реформа керек екенін айтқан.
«Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты», - деген еді мемлекет басшысы.
Мұхамеджан Тазабек жеке көзқарасына сүйеніп сөйлеген "уағызында" елдегі бірқатар күрделі мәселелерге өзінше баға берген. Экс-айтыскердің пікірінше, «Қазақ қытайдан емес, құдайдан қорққаны жөн» екен. Ал «митингі кезінде полицейлер берілген бұйрықты орындауы керек» дейді. Бұйырықты орындау үшін алаңға шыққан ата-әжелерге де еш аяушылық көрсетудің қажеті жоқ екен.
Тазабектің осы сөздеріне байланысты әлеуметтік желіде әртүрлі пікір айтылуда. Біз сайтымыздың тұрақты авторы, заңгер-дінтанушы Мұқан Исаханның Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазған жазбасын жариялап отырмыз.
Мұқан Исахан, дінтанушы ғалым:
Біріншіден, әрқайсымыз пікір айтуға қақылымыз. Десе де, діннің атынан дін маманы ғана ой-пікір айтуға құқылы. Әсіресе, уағыз-насихатты ислам оқу-орындарындағы "Дағуа" факультетін бітірген мамандар ғана айта алады. Олар иршад методологиясын жан-жақты меңгергендіктен, әртүрлі әлеуметтік топтың көңіл-күйіне қарай қалай уағыз айту керектігін жетік біледі. Атап айтар болсақ, уағызшы хикметут-ташриға (шариғат хикметі), сиясатул-шария (шариғаттың саясаты), қағидатул-шария (шариғат қағидаттары), хилайи-шария (даналық, тапқырлық), мақаситул-шария (шариғат мақсаттары), бәлаға (шешендік өнер) және т.б. шарттарды игеруі шарт. Яғни, жүз жерден аузыңмен құс тістеген сөзге ділмәр, қызыл сөздің кенішін қазып, құлашыңды жазып сөйлейтін шешен бол, дін маманы, оның ішінде дағуа маманы болмасаң уағыз айтуда қателікке бой алдырасың. Исламдағы осы дәстүрді ескерген ҚМДБ бірнеше жыл бұрын РАНТ-ны (республикалық ақпараттық насихат тобы) құрған болатын. РАНТ-ға мүше болу үшін дін уағызшылары арнайы аттестациядан өтеді. Және олар арнайы "Жадынама " бойынша жұмыс істейді. Егер, уағыз-насихат айту барысында бекітілген ережегеге сай емес ой-пікір айтылса, ол үшін жауапкершілікке тартылады. Осы себептен де бүгінге күнге дейін бірталай уағызшы РАНТ құрамынан шығарылды. Демек, адам өзіне беймәлім іспен шұғылданбағаны жөн. Қазақ "Дүмше молда дін бұзады" деп тегіннен тегін айтпаған.
Екіншіден, бұл мәселеге заңдық тұрғыдан қарайтын болсақ, ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңы бойынша уағыз-насихатты Әділет басқармасының тіркеуінен өткен Діни бірлестіктердің қызметкері және діни миссионер деген лицензиясы бар адам ғана айта алады. Егер, арнайы рұқсаты жоқ адам уағыз-насихат айтса, оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша айыппұл салынады. Білуімше елімізде пәтерге тығылып жиналып алып уағыз айтатын діни топтардың мүшелеріне бірнеше рет айыппұл салынды. Оның ішінде Дарын Мүбаров та бар. Яғни, бей-берекет уағыз айтудан сақтанған жөн.
Үшіншіден, қазіргі қазақ қоғамындағы күйіп тұрған тақырыптың бірі қытай қаупі десек асыра айтқандық емес. Себебі Қытай - әлемдегі алып державалардың бірі. Одан Қазақстан түгілі алпауыт ел АҚШ-тың өзі қауіптенеді. Қарыз беріп, артынан оның бодауына жер сұрайтын елден кім-кім болса да, қауіптенеді. Қала берді демографиямыз үшін де елімізден қытай зауыттарының ашылуы аса қатерлі. Осы тұрғыдан алғанда халықтың алаңдаушылығын дұрыс деп есептеймін. Бұл мәселеге эконмист, қаржыгер, саясаттанушы талдау жасаса құба-құп. Ал ақын адам халық жағында болу керек деп ойлаймын. Демек, әркім өз орнын білуі керек!
Abai.kz