Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2890 0 пікір 6 Тамыз, 2011 сағат 09:05

Жорж С.Клейсон. Байлық кілті (жалғасы)

ТӨРТІНШІ  ДАУА

Жинақты жойылудан сақта

Алтынның жарқылы қайғы тартады.Әмияндағы алтынды жоғалудан сақтаған жөн.Сондықтан да, данагөй адам Жаратқанның бұйрығымен ірі салым қолға түскенше, әуелі аз ғана соманы іске салып, соны сақтауды үйренеді, - деп бастады дәрісін Арқат төртінші күні,- Әрбір алтыны бар адам, сенімді көрінген іске үлкен қаржысын салғысы келіп, қыпылдайды да тұрады. Ол көбіне достары мен туыстарының жолын қуып, солай істейді де.

Қаржы салудың бірінші әрі басты ұстанымы - негізгі дәулеттің сақталуын қамту. Басты жинағың жойылса, ол істен пайда іздеудің қандай мәні бар? Менің айтатыным - жоқ! Ондай тәуекелдің төлемі барыңнан айырылу болуы мүмкін. Іске салар қорыңмен қоштаспай тұрып, оның қайтып ораларына көз жеткізіп, зерделеген жөн. Тезірек баюды көксеген өзіңнің желбуаз тілегіңді басшылыққа алмағайсың.

Жинаған қорыңды біреуге өткізер бұрын, ол кісінің қайтарым қабылеті мен абыройының дұрыстығын тексерген дұрыс, әйтпесе, ебіл-себіл болып жинаған қорыңды оған өз қолыңмен сыйға тартқандай күй кешуің ықтимал.

Ақшаңды әлдебір іске салар бұрын, оның ықтимал қаупін ойластырып алған абзал.

ТӨРТІНШІ  ДАУА

Жинақты жойылудан сақта

Алтынның жарқылы қайғы тартады.Әмияндағы алтынды жоғалудан сақтаған жөн.Сондықтан да, данагөй адам Жаратқанның бұйрығымен ірі салым қолға түскенше, әуелі аз ғана соманы іске салып, соны сақтауды үйренеді, - деп бастады дәрісін Арқат төртінші күні,- Әрбір алтыны бар адам, сенімді көрінген іске үлкен қаржысын салғысы келіп, қыпылдайды да тұрады. Ол көбіне достары мен туыстарының жолын қуып, солай істейді де.

Қаржы салудың бірінші әрі басты ұстанымы - негізгі дәулеттің сақталуын қамту. Басты жинағың жойылса, ол істен пайда іздеудің қандай мәні бар? Менің айтатыным - жоқ! Ондай тәуекелдің төлемі барыңнан айырылу болуы мүмкін. Іске салар қорыңмен қоштаспай тұрып, оның қайтып ораларына көз жеткізіп, зерделеген жөн. Тезірек баюды көксеген өзіңнің желбуаз тілегіңді басшылыққа алмағайсың.

Жинаған қорыңды біреуге өткізер бұрын, ол кісінің қайтарым қабылеті мен абыройының дұрыстығын тексерген дұрыс, әйтпесе, ебіл-себіл болып жинаған қорыңды оған өз қолыңмен сыйға тартқандай күй кешуің ықтимал.

Ақшаңды әлдебір іске салар бұрын, оның ықтимал қаупін ойластырып алған абзал.

Менің де алғашқы ақша салымым уайымға душар етті. Бір жыл бойғы жыйған-тергенімді Азмұр есімді кірпішшіге бердім де жібердім, ал ол маған Тир қаласындағы финекейліктерден сирек асыл тас  сатып әкелуге тиіс болатын. Ол келгесін тастарды сатып, пайданы тең бөлуге келіскенбіз. Оған алаяқ финекейліктер жолығып, тастың орнына түрлі түсті шөлмек беріп жіберіпті.Сөйтіп, менің жинағым құрдымға кетті. Енді бүгінде мен кірпішшіге асыл тас саудасын тапсыру ақымақтық екенін білем.

Сондықтан сендерге өз тәжірибемді жеткіземін: алтыныңды тәуекел етіп, өз ақылыңа сенбе. Онан да, алтынмен істеуді меңгерген білікті адамнан кеңес алған дұрыс.Ондай кеңесті тегін алуға болар, бірақ құны сен іске салар алтынның құнымен парапар.Ол шынында да солай, егер сол кеңестің арқасында жинағың жойылудан аман қалса.

Қабысқан әмиян үшін төртінші дауа мынау: өз жинақтарыңды пайдамен қайтарып алатындай, сенімді іске салу арқылы сақтаңдар. Ақылгөй, білікті адамнан кеңес алыңдар.Біліктінің кеңесі алтынға парапар.Әрі оның ақылды кеңесі сендердің әмияндарыңа қойған күзет болып табылады.

 

БЕСІНШІ  ДАУА

 

Жинақты тұрғынжайға сал

 

- Егер де адам өз табысының тоғызыншы бөлігін жинай берсе және бұның белгілі бір бөлігі зиянсыз пайдалы іске салынып, игілікке айналса, онда соғұрлым байлық тезірек пайда болады, - деп бастады Арқат бесінші күнгі дәрісін шәкірттерге,- Бабылда көптеген адамдар жайсыз жағдайда тірлік етуде. Олар баспана үшін үлкен ақша төлеуде, бірақ ол орынжайларда әйелінің жанын семіртетіндей гүл егетін де бұрыш жоқ, ал балаларға қоқыстың маңынан басқа ойнайтын орын да табылмайды.

Балалары таза жерде еркін ойнайтын, әйелдері гүлмен бірге жанұяға пайдалы көкөніс егетіндей ауласы болмағанша, ешбір жанұя өмірдің рахатын көре алмас.

Еркектің көңілі көтеріле қоймас, өз ағашынан інжір мен өз бұтағынан жүзім жемей.Жеке тұрғынжай оның жанын семіртіп, келесі бастамаларға қуат берер еді.Сондықтан да, өзін де отбасын да қорғайтын әр кісіге баспана керек.

«Шын жыласа, соқыр көзден жас шығар» демекші, кез келген адам сонша тілесе, өз баспанасы болады да қояды. Патшамыз қала дуалын кеңіткені сонша, енді Бабылда қарапайым кісі сатып алардай бос жер бөлігі көбейген жоқ па?

Тағы айтарым, шәкірттер, молайтушылар үй мен жер сатып алуға ниетті адамдарға қуана келіседі.Егер өздеріңде құрылысшыға беретін ақша жеткіліксіз болса, олар оны қарызға беруге даяр.

Үйлерің салынып біткенде, молайтушыға тиесілі жарнаны бұрынғы үй жалдаушы қожайынға төлегендей, қиналыссыз беріп тұра аласыз.Осындай әрбір төлем сендердің берешектеріңді кемітеді де, бірнеше жылдан соң қарыздан ештеңе де қалмайды.

Сөйтіп, кеуделеріңді қуаныш кернейді, себебі, сендер, отағалар, құнды меншікке ие боласыңдар да, патшаға төлейтін салықтан басқа ештеңе қалмайды.

Ал, отана өзенге барып кір жуады да, қайтарда мес толы суды әкеліп,өсімдіктерін суарады.

Жеке баспанасы бар адамның артықшылығы жетеді. Ең бастысы, ол өмірдегі шығынды азайтып, сайран мен жеке бас қажеттіліктеріне молырақ жұмсайтын болады.Қабысқан әмиянның бесінші дауасы дегеніміз осы: жеке баспаналы бол.

 

 

АЛТЫНШЫ  ДАУА

Келешекке жетер табысты қамты

- Әр адамның ғұмырын оның балалық шағынан егде шағына дейін кезең қамтиды. Бәріміздің де өмір жолымыз осы, одан ауытқуға ешкімнің де қауқары жоқ, егер Жаратқан өзіне бұрынырақ қайтармаса.Сондықтан да, қауқары кетпей тұрып, артында қалатын әулеті үшін адам өзіне лайық табыс табуға әзірленуі керек деймін. Бұл сабақ сендерге болашақта ештеңе үйрене алмайтын егде кезде толық әмиян ұстап жүруге үйретеді.- деп бастады Арқат алтыншы дәрісін шәкірттерге.- Байлықтың өсу заңын біле тұра ақша жинаған адам, ылғи да келешек туралы ойлауы керек. Дер кезінде алдын ала ойластырылған жылдарға жететіндей кейбір салымды жоспарлаған абзал.

Мығым болашақты қамтудың жолдары көп. Лайықты да жасырын жер тауып, оған өз жинағыңды көміп тастауға болады. Алайда, қаншалықты жасырсаңыз да, ондай қазына ұрылардың табындысына айналуы қиын емес. Сондықтан бұл жолмен жүруге кеңес бермеймін.

Артығымен үй мен жер бөліктерін сатып алуға болады.Егер олар дұрыс таңдалып, болашақта өз құнын сақтай алса, онда одан түсетін табыс не сату түсімі аталмыш мақсатқа лайық қызмет етуі әбден мүмкін.  Шағын соманы молайтушыға тапсырып, оны тұрақты түрде толықтыра беруге де болады. Үстеме пайызын қосқанда, ол келешекте қомақты өсім бола алады.Мен Аңсан есімді етікшіні білем, ол маған сегіз жыл бойы молайтушыға апта сайын екі күміс теңге тапсырып тұрғанын айтты.Жуырда молайтушы салымды есептесе, айтарлықтай сома болыпты. Әрбір төрт жылдағы ширек сома өсімін қосқанда, оған мың қырық күміс бақыр қорланыпты. Мен оған енді он екі жыл бойы тағы да апта сайын екі күміс салуды ұсындым да, молайтушы оған төрт мың күміс төлейтіндігін айттым. Ол сома - қартайып өлгенше жететін қор.

Егер де ұсақ жарнаның өзі  осындай пайда келтірсе, ендеше әр адам өзінің егде күні мен жанұясын қорғауды игілікпен қамтуды, кәзіргі ісі қандай пайдалы болса да қолға алғаны абзал.

Бұл айтылғанға тағы бірдеңені қосқан жөн. Бір күні әлдебір дана кісінің адамзат үшін өлімге қарсы қамдану жолын ойлап табатынына іштей сенемін. Ол тәсіл бойынша адамдар өмір бойы ұсақ жарна төлей отырып, артындағы жанұясы үшін ол қомақты соманы қалдыратын болар. Мен осыны сонша тілеймін, бірақ ол кәзір мүмкін емес, өйткені, ондай мәміле молайтушы ғұмырынан да ұзақ мезімді қамтуы керек. Ондай мәміле патшаның тағындай ұзақ та сенімді болуы керек. Менімше, түбінде ондай жоспар өмірге енеді де, ол да көптеген адамның игілігіне айналады.Өйткені, қандай ұсақ жарнаның өзі, жанұядан біреу қайтыс болса, тиісті игілікті барлық жанұяның бөлісуіне құқық береді.

Алайда, біз болшақта емес, өз заманымызда ғұмыр кешкендіктен,  біз бүгін қолда бар саймандар мен жолдарға иек артуымыз керек.Сондықтан да бәріңе егде жасқа толғанда өз әмияндарыңды қай жолмен қамсыздандыруды ойластыруға кеңес берем.Себебі, адам нан таба алмайтын болса немесе жанұя асыраушысынан айырылса, үлкен қайғы басары анық.

Сонымен қабысқан әмиянға арналған алтыншы дауа: егде кезеңдегі өз қажетің мен жанұяңды қорғауға алдын ала қамдан.

 

 

ЖЕТІНШІ  ДАУА

 

Табыс табу мүмкіндігін кеңейте түс

- Мен бүгін, шәкірттер, әмиян қампайтудың ең басты саймандарының бірі туралы әңгімелеймін. Бірақ та, мен алтын туралы емес, алдымда алуан түсті киімге жасырынған сендер туралы айтпақпын. Сендердің саналарыңдағы өз жетістіктеріңе кедергі болар жайттар туралы айтамын,- деп аударды шәкірттерінің назарын жетінші күні Арқат,- Жуырда маған бір жас жігіт келді де, менен қарызға ақша сұрады,- Мен одан қарызды не үшін алатындығын сұрағанымда, ол табысының күнделікті қажетке жетпейтіндігін айтып, шағынды. Оған мұндай жағдайда молайтушы үшін оның нашар клиент екенін, қарызды қайтаруға артық ақшасының жоқтығын айттым.

- Қарағым,- дедім оған,- саған көбірек табыс табу керек. Табысты көбейту үшін не істеудесің?

- Қолдан келгеннің бәрін,- деді ол.- Қожайыныма екі айда алты рет барып маған жалақымды көбейтуді өтіндім, бірақ нәтиже болмады.Оған одан да жиірек бару мүмкін болмады.

Бұл жастың аңғалдығына күлуге болар, бірақ оның бойында табысты үстеуге деген бір маңызды шарт бар: оның тілегі - барынша молырақ табыс табу.  Бұл бағалы да, мақтауға тұрар тілек.

Алғышарт  ретінде табыс табуға деген адамда аса күшті де айқын тілек болуы қажет. Айқындалмаған тілек - ол бар болғаны арман ғана.Баюға ұмтылатын адам үшін оның пайдасыз жоқ. Егер адам бес алтын ақша тапқысы келсе, ондай тілек орындалады.Егер оған ол қол жеткізсе, онда ол дәл солайша он да, жиырма да, мың да ақша таба алады да, ақырында байып кетеді.Ұсақ тілекті орындау арқылы ол өзін ұлы тілектерге әзірлейді.Байлық осындай жолдармен ғана құралады. Әуелі ол ұсақ-түйектен жиналады да, артынан адамның білік пен тәжірибе жинақтауына орай, бұл сома ұлғая береді, ұлғая береді.

Тілек қарапайым да, анық болуы керек. Ол аса көп және күрделі болса, егер де ол бұлдыр әрі адамның өз мүмкіндігінен тыс болса,   күшін жояды.

Адамның өз кәсібі бойынша кемелденуіне орай, оның табыс табу қабылеті де шыңдала түседі.Мен қарапайым жазғыш кезімде күніге тиесілі қос бақыр тиын үшін саз кірпішшеге бүкіреюмен болсам да, өзге жазғыштардың көбірек жазып, сәйкесінше көп ақша тапқанын байқадым.Сондықтан да мен алдыма жан салмай жазуды үйрендім. Маған әлгілердің жетістіктерін ұғуға көп уақыт кеткен жоқ. Жұмысқа деген молырақ мүдде мен ынта, көбірек қайсарлық - міне, өзгелерді менен де көп сазжазба өндіруге жеткізген себептер осылар еді. Менің бұл тырысуым ақыры марапатталды, сөйтіп, маған қожайынға алты рет жалақы көбейту жөнінде барудың қажеті болмады.

Неғұрлым көбірек білсек, соғұрлым көп табысқа кенелеміз.Өз ісі жөнінде көп білуге ұмтылатын адам міндетті түрде марапатталады.Егер ол суретші болса, дарынды өз әріптестерінен әдістер мен тәсілдерді үйренуі керек. Егер ол заңмен шұғылданса немесе дәрігер болса, сол кәсіппен айналысатын біліктілерден кеңес алып, білім бөліскені жөн. Егер ол саудагер болса, онда ылғи да сапалы арзан тауарды іздеп табуы қажет.

Табыс үшін кімге тәуелді болсаңыз, соған жақсы қызмет ету жолында тұрақты түрде кемелденіп, білігіңді қолдану керек.Сондықтан да сендерді ылғи да ізденіп, өзгенің артында шаң қауып қалмауды қарастыруға шақырамын.

Көптеген нәрсе адам өмірін құнды тәжірибемен байыта түседі.Егер адам өзін өзі құрметтесе, мынаған ұмтылғаны жөн:

- ол қарызын мерзімінде өтеп, шамасы жетпейтін қарыз алмағаны дұрыс;

- от басындағылар жақсы ойлап, мақтаулы сөз айтуы үшін, ол өз жанұясына қамқор болуы тиіс;

- одүниеге абыроймен кетуі үшін, мүлкі әділетпен бөлінуі үшін ол бәрін өсиетпен қалдырғаны абзал;

- ол сәтсіздікке душар болғанға жаны ашып, қолынан келер жәрдемін тигізгені жөн;

- ол өзіне қымбатты жандарға қол ұшын беруі қажет;

Сонымен, қабысқан әмиянға керек жетінші дауа мынау: даналық пен білікке қол жеткізу үшін ізден,оқы және өзіңді өзің құрметтейтіндей қылықты таңда.Сонда ғана өзіңе деген сенім зорайып, өзің аңсаған тілектерге жете аласың.

Өзімнің ұзақ та,жемісті ғұмырымда ашқан қабысқан әмиянға арналған жеті дауа осы еді, бұларды байлықты аңсағандардың бәріне пайдалануға кеңес берем.

Бабылдағы алтын сендер ойлағаннан да мол, шәкірттерім. Ол бәрімізге де жетеді.

Барыңдар да, осы айтылған ақиқатты өздеріңнің гүлденулеріңе қолданыңдар.

Барыңдар да, осы білімді ұлы патшамыздың қарауындағы әр адамға беріңдер, олар да бата дарыған қаламыздың игілігінен өз үлестерін алсын.

 

 

аударған – Серік Әбдірешұлы

Жалғасы бар..

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434