Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 5110 24 пікір 11 Қазан, 2019 сағат 16:41

Президент Тоқаев өз партиясын құру керек пе? (Сауалнама)

Күні кеше ғана экс-президент,  қазіргі билік партиясы саналатын "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев "Хабар" арнасына сұхбат беріп, "ел билігі екі кісінің қолында" деген ел-халықтың сөзіне жауап беріпті.

Сұхбат эфирден бүгін кешке беріледі екен. Экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай "Твиттерде" солай деп хабарлады.

"Елбасы "Хабар" арнасына сұхбат берді. Әңгіме барысында елдегі қосарлы билік пен өзінің президенттік мандатын тапсыруының себебін түсіндірді", деп жазды Ол.

Қосарлы билік демекші, қазір ел ішінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси рөлі туралы әртүрлі әңгімелер айтылады. Қазақстанның бір билігі екі кісінің қолында дегенге экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де пікір білдірді, кеше. Тіпті, Тоқаев өзінің партиясын құру керек пе деген сауалдар да қойыла бастады.

Саяси тартыста партияның рөлі басым екенін ескерсек, Қасым-Жомарт Тоқаев үшін Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесі жеткіліксіз болатыны бек түсінікті. Сонымен, президент Тоқаевқа партия құру керек пе?

Біз осы сауал төңірегінде сарапшылар пікірін білген едік.

Партиялық алаңға жаңа бір күштердің келуі қажет

Ерлан Сайыров, саясаттанушы: 

-Бізде билік партиясы бар ғой. Бұл көптеген факторларға байланысты болады. Болашақтағы саяси модернизация қалай жүреді, қоғамдық бағыттар қай жаққа жылжиды? Бұл мәселенің ар жағында факторлар көп. Бірақ, дегенмен, менің ойымша, партиялық алаңға жаңа бір күштердің келуі қажет. Ол күштер біздің еліміздегі прогоресс, демократия, либерализация мәселелерін ұлықтауы ықтимал. 

Егер Президенттің бағыт-бағдары мен әр түрлі партиялардың бағыт-бағдары бірге болып жатса, онда, әрине бұл белгілі бір одақтастық, ықпалдастық болуы мүмкін. Бірақ, дегенмен, қоғамның өзгеріп жатқанына байланысты, жаңа әлеуметтік қоғамдық трендтердің пайда болуына байланысты, партиялық алаңға жаңа бір күштердің келуі заңдылық. 

Мәселе, бір адамның шешімінде емес. Қазіргі таңда Президент Тоқаев саяси жүйеден, саяси процестерден жоғарырақ тұр. Сондықтан, менің ойымша, Президент бір партияның мүшесі болу немесе бір партияға күш салу бүгінгі таңда өзекті емес. Сондықтан, Президент осылай саяси процестерден кішкене жоғары тұру керек.

"Нұр Отанның" тармағы боп кетуі оңай

Дина Елгезек, тәуелсіз журналист: 

-Жалпы, мен президент Тоқаевқа аса сенбеймін. Егер өзі құрып жатса, ол тәуелсіз болса құба-құп. Бірақ, қазірТоқаевтан жеке партия құратындай жігер көріп тұрған жоқпын. Егер оның шынымен жігері жетсе, қаншама ақша кетіп жатқан экс-президенттің канцеляриясын алып тастар еді.

Оның қызын сенатта отырғызбас еді. Сосын оның туыстары араласқан діни мәселе ушығып тұр, одан да басқа мәселелер бар. Соларды ретке келтіре алмай отырғанда, жеке партия құруға күш жігері жетеді деп айта алмаймын. Бірақ, жүйені сақтап қалу үшін, бәлкім, көзбояу қылып, өзінің партиясын ашуы мүмкін. Алайда, ол да "Нұр Отанның" тармағы боп кетуі оңай.

Егер, ол партиясын құрса оған өзінің шын мәніндегі жақтастары жиналуы да мүмкін. Қазірдің өзінде Назарбаевтан үміт үзіп, Тоқаевқа сенім ұялатып жатқан аудитория жоқ емес қой. Ол алты айдан астам уақыт ішінде өзінің саяси беделін қалыптастыруға тырысып жатыр. Сондықтан, Тоқаевқа халықтың сенімінен айырылған партиямен одан әрі жұмыс істеу қиын болады. Осы тұрғыдан алғанда, оған өзінің партиясын құрғаны жөн сияқты.

Иә, билігі бірте-бірте нығаюы мүмкін деген де болжам бар. Бірақ, кезінде Немцов та Путин және Медведовтың ықпалынан шығып, өзіне жақтас адамдарды жинайды. Халық мүлде екіге жарылып кетеді деген болжамдар болып еді. Ондай болмады ғой. Бәрі Путиннің қарамағынан шыға алмады...

Тоқаев партия құрса, олигархтардың көбін тартып алады

Әзімбай Ғали, саясаттанушы: 

-Тоқаевтың қазіргі жағдайда партия құруға мүмкіндігі бар. Онда ол жұмсақ қарсылыққа түседі. Кезінде Тоқаев келгенде "қолынан түк келмейді", "тым жұмсақ" деді. Ал, мен "бұл билікті сорып алады" деп айтқанмын...

Егер ол өзінің партиясын құрса, олигархтардың көбін тартып алады және партия оған тәп-тәуір көмекші болады. Сөйтіп өзінің саяси билігінің әлеуметтік саяси базасын кеңейтеді. Оны жақтаушылар болады. Өйткені Қазақстанда бәрі керемет емес. Наразы топтар да жетеді. Сондықтан, Тоқаевқа қосыла кететін саяси күштер жоқ бар. Ол оппозиция емес, бірақ белгілі бір деңгейдегі басқа курс болады.

Оған Тоқаевтың ерік-жігері, мінезі жетеді деп ойлаймын. Жалпы, билікке оңай адам келмейді ғой. Әйтпесе, кез-келген адам барар еді. Сондықтан, қазір оның белгілі бір амбициясы бар, жүрегі бар, қолдаушылары бар. Саяси финанстық аванс беретін олигархтар да табылады.

Егер Тоқаев мұндай қадамға бара қалса, онда елімізде екі партиялық жүйе болады. Бір жағында "НұрОтан", екінші жағында Қасым-Жомарттың партиясы. Бұл жалпы, демократиялық қадамға сәйкес келеді.

Саяси партиялар қаржыны қайдан алады?

Қазақ қоғамы саясаттағы ескі есімдерден шаршады дейміз ғой. Иә, рас, шаршады. Шаршатты. Саяси қызметтегі зейнеткерлер армиясы шаршатты.  Осы айтып отырған ескі есімдер категориясына саяси тұлғаларды ғана емес, олардың штабтарын жатқызуға болады десек, Жоғарғы билік, Үкімет пен Парламенттегі саяси штабтардың қазіргі ахуалы кісі қуантарлық дей алмайтынымыз тағы рас.

Бізде қолданыстағы Заң бар. Ол бойынша мемлекетті басқарушы тұлғаны тек саяси партиялар мен республикалық масщтабтағы қоғамдық ұйымдар ғана ұсына алады. Оның дәлелі, арысын айтпағанда, биылғы президенттік сайлау болды.

Ал парламентке сайлау сайын бірлі-жарым саяси партиялар мен Ассамблея дейтін "өлі ұйымның" өкілдері ғана сайлана алады. Оны да қазіргі Парламент құрамынан анық байқауға болады.

Ал жаңағы айтылған Ақорда, Үкімет пен Парламенттегі негізгі фигуралар - сол саяси партиялардың өкілдері.

Бүгінде әлемде саяси партиялардың қызметін қаржыландыру бірнеше жолмен іске асырылады. Кейбір елдер (Қытай, Солтүстік Корея) Кеңес одағының ізін қуып, елде тек бір ғана партияны қанатының астына алған. Оның қаржыландырылуы толығымен мемлекеттің мойынында. Бұл елдегі билікті уыста ұстап тұруға мүмкіндік бергенімен, бірпартиялы жүйемен алға жылжу түптің түбінде оңай болмайтынын әлем елдерінің тәжірибесінен көрдік емес пе.

Саяси партияларды қаржыландыруға бақылау жасамайтын елдер бар. Мәселен, Тунис елінде партиялар қаржыландыру көздері туралы есеп бермейді. Сондай-ақ, соңғы жылдары Араб елдерінің көпшілігінде партиялар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, мемлекет олардың ақшаны қайдан алып жатқанын бақылай алмайтын дәрежеге жетті. Соның салдарынан бұл елдерде ерінбегеннің барлығы партия ашып, сырттан оларға оңды-солды қаржы ағылуда. Әрине, қаражат тегін берілмейді, сол арқылы сыртқы күштер өз мүдделерін іске асырып, көп елдің іргесін бұзып, шаңырағын ортасына түсірді.

Сонымен қатар, саяси ұйымдарды қолдаудың әлемде алдыңғы қатарлы елдерде қолданылатын тағы бір тәсілі бар. Ол - сайлаушылар сеніміне ие болған партияларды мемлекеттің толықтай болмаса да, белгілі бір шарттармен қаржылай қолдауы.

Партияларға мемлекет қоржынынан қаржы бөлу 60-70 жылдары Батыстың дамыған елдерінен бастау алған. Ең бірінші оны Германия жүзеге асырып, артынша Франция, Австрия, Швеция, Финляндия, Дания қолға алды 70-ші жылдары Италия, Норвегия, Канада және АҚШ осындай тәсілге көшті.

Сол дамыған елдер қатарынан табылғыш біздің еліміз де осы тәсілді қолданысқа енгізуге ұмтылған.

Ия, Қазақстанда қазір партиялар бюджеттен қаражат алып отыр және бұл демократиялық үрдіс болып саналады-мыс.

2009 жылдың 3 қыркүйегінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының «Саяси партияларды қаржыландыру ережесін бекіту туралы» №166/314  қаулысы қабылданған. Соған сай бөлінетін бюджет қаржысы соңғы сайлауда жеткілікті дауысты жинап, Парламентке өткен партияларға ғана тиісілі. Ал, қаржының көлемі әрбір сайлаушы дауысы үшін ең аз жалақы мөлшерінің үш пайызы ескеріле отырып айқындалады. Яғни, қайсысы дауысты көп алды, майлы жіліктің басы сол партияға бұйырады.

Бюджет асырайтын үш партия һәм қалғандарының күнкөрісі

Қазақстанда ондай бақытқа үш партия ие. Олар: «Нұр Отан», «Ақ Жол» және «Қазақстан коммунистері». Мәжілісте осы үш партия. Соңғы екі сайлауда жеңгендер осылар.

Әлгі ережеге қарасақ, күлшенің көлемдігі бөлігі қай партияға берілгені айтпаса да түсінікті.Бұлардан бөлек Орталық сайлау комиссиясына тіркелген және бірлі-жарым партия бар. Олар:

"Бірлік" саяси партиясы,

"Ауыл" ХДПП,

"ЖСДП".

Енді осы 6 саяси партия, 6 саяси штаб туралы аз-кем сөз шығарайық...

"Нұр Отан" биліктегі доминант партия. Екі бірдей президент мүше партия. Оның төрағасы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Қазақстанның "запастағы президенті" Дариға Назарбаева дәл осы партияның өкілі.

"Ақ жол" Демократиялық партиясы бұрыннан белсенді партия. Мәжіліске депутат кіргізген партия. Төрағасы - Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. Сайлаудың санын көрген. Бір емес, бірнеше мәрте Мәжіліске барған партия.

"Коммунистер" партиясы да Мәжілістен өз орнын алған партия. Президенттік додаға да қатысқан. 2011-2019 жылдары осы партияның өкілі, қазіргі Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков президенттікке таласқан. 2015 жылғы сайлаудағы тағы бір коммунист, қазір депутат Тұрғын Сыздықов тақ таласына түсті.

"Ауыл" партиясы де белсенді партиялар қатарында. Сайлауларда бақ сынап көрді. Парламентке кісі кіргізе алмаса да, төрағасы қазір Сенатта жүр.

ЖСДП Қазақстандағы жалғыз оппозициялық партия деп саналады. Сайлауға сан рет түскен. Бірде-біреуінде жолы болмаған. Қазір өз ішінде төрағалық таласы қызып тұр.

"Бірлік" партиясы да сайлау көрді. Бұрынғы "Руханият" партиясы мен "Әділет" партиясының бірлесіп құрғаны. 2013 жылдың сәуірінде ресми тіркелген. 2016 жылы Мәжіліс сайлауына түскен. Экологиялық мәселелерді көтерген. Сөйтіп, алты партияның ішінде алтыншы орын алған.

Біз білетін партиялар осылар. Басқаларын естіп-білмептік. Бұдан бөлек ұлтшыл азаматтардан құралған "Жаңа Қазақстан" форумы болған. Қазір тарап кетті. Бұрынғы "нұр отандық" Сырым Әбдірахманов "Алаш" партиясын құрмақ болып жүрген. Бірақ, бұлардың құжаттары әлі тексеріліп, тіркелген жоқ. Азаматхан Әміртай бастаған экологтар да партия құратынын айтқан. Олар бұл жолы тіпті сьездерін өткізіп үлгермеді. Үлгермейтіндердің ішінде эколог Мелс Елеусізовтің де құрмақшы боп жүрген "Табиғат" дейтін партиясы бар. Осылардан өзге тағы бірнеше белсендінің партия құру қамына кіріскені ақпаратта жария болды. Болды. Бітті. Біз білетін партиялар осылар.

Біз жоғарыда бірлі-жарым саяси партияларды тізімдеп шықтық. Бұл партиялар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа саяси штаб бола ала ма? Әлде бұл партиялардың ендігі рөлі биліктегі коалициялық топ ішінде қолдау көрсету ғана ма? Сонымен, президент Тоқаев партия құра ма? Сарапшылардың азды-кем пікірімен таныстыңыз. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Біздің бұл сауалнамамызға пікір қосып, ой бөлісіңіз...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498