Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2445 0 пікір 8 Тамыз, 2011 сағат 20:25

Мұхит ЖЕТІРУ. ОҢҒАР ҚАЖЫНЫҢ ОЙЫ НЕ?

Қазақ «Ердің екі сөйлегені - өлгені» дейді. «Уәдеге опа қылмау - мұнапықтың белгісі» деген Пайғамбарымыз Мұхаммед с. ғ.с.-нан қалған хадис те бар. Бұл - қарапайым адамға, қатардағы мұсылманға қойылатын талап. Ал екі сөйлеп отырған - білдей бір діни ұйымның өкілі, ұйым болғанда да қазақстандықтардың басым көпшілігінің басын қосып отырған ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы болса, не деуге болады?!

Қазақ «Ердің екі сөйлегені - өлгені» дейді. «Уәдеге опа қылмау - мұнапықтың белгісі» деген Пайғамбарымыз Мұхаммед с. ғ.с.-нан қалған хадис те бар. Бұл - қарапайым адамға, қатардағы мұсылманға қойылатын талап. Ал екі сөйлеп отырған - білдей бір діни ұйымның өкілі, ұйым болғанда да қазақстандықтардың басым көпшілігінің басын қосып отырған ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы болса, не деуге болады?!

Үстіміздегі жылдың 14 шілдесі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек «Салафия» - Қазақстандағы қауіпті діни ағым, бұл тыйым салуды қажет ететін ағымдардың бірі» деп мәлімдеген болатын («Tengrinews.kz», «Интерфакс-Казахстан»). Еліміздің батысында болып жатқан лаңкестік әрекеттерден абдырап, кім не айтады деп, жан-жағына қарап, жәутеңдеп отырған халық Оңғар қажының ойын оң бағалап, «әп-бәрекелде!» дескен. «Кеш те болса үн қатты-ау әйтеуір» деп, шүкіршілік жасаған. Елдің ішін емін-еркін жайлаған рухани дерттің емі енді табылар, құқық қорғау органдары, ҚМДБ болып бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, уаххабизм, салафизммен күресіп, кеспірсіз кесапаттың алдын алар, шаңырағымызды шайқалтпай, тыныштығымызды сақтар деп үміттенген. Үміттенбей қайтсін, Оңғар қажы «Қазақстанда салафиттер кеңінен етек жайып, емін-еркін ойқастады» деп, ондыққа тиетін ой айтып, «Бірақ біздің билік оған назар аудармады» деп тіпті билікті кінәлап жатса... Сөйткен хатшы-қажы арада ай өтпей жатып, құбылып, солқылдап, салафилердің сойылын соғады деп кім ойлаған?!

Тамыздың 3-і күні «Тengrinews.kz» сайтында ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Оңғар қажының сұхбатына негізделген жаңа хабар жарияланды. Онда кеше ғана «Салафия - қауіпті ағым» деп жар салған хатшы-қажы құбылып, салафиттердің ұстанымына сайма-сай уаххабиттік, салафиттік сарында сарнап, Құдайға ұнайтын жақсы амалдардың бірі - зияратты жоққа шығарып, оны білімсіздікке, надандыққа жатқызыпты. «Қазақтар үшін Түркістан қасиетті орын сияқты... Бірақ мен мұнымен келісе алмаймын. Мұсылмандық қасиетті тек үш-ақ орын бар» деп, Мекке қаласындағы Қағбаны, Мәдинадағы Пайғамбар мешітін, Иерусалимдегі әл-Ақса мешітін атапты. Бұл орындардың қасиетті екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Бірақ исі мұсылман үшін осы үш орыннан басқа қасиетті жер болмауы керек деген ұғым Оңғар қажының санасына қайдан сіңген? Бүкіл түркі жұртының Рухани Астанасы болған, қазіргі күні де Елбасымыздан бастап есі бүтін барша жан Рухани Астана деп есептейтін, қасиетін мойындап еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелден жылына жүз мыңдаған зияратшы келетін Түркістан, ондағы түркілердің Пірі, әулиелердің Сұлтаны - Қожа Ахмет Ясауидің Кесенесі қасиетті орын емес деп ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы қалай айтады? Түркістан қаласы және Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Оңғар қажы ойлағандай қасиетсіз болса, онда халқымыздың игі жақсылары, әулие, данышпандары, ел басқарған хандары мен билері, батырлары көзінің тірісінде өзінің әзіз сүйегін Әзірет Сұлтан кесенесіне қоюды аманаттар ма еді?! Ал ұрпақтары сол аманатты орындау үшін мәйітті арқалап, мыңдаған шақырым жер жүріп, Түркістанға келер ме еді?! Сол асыл бабаларымыздың бәрін ақымақ санап, ұлтымыздың ұлы тарихына түкіретіндей Оңғар Өмірбек кім екен?! Қайдан шыққан «данышпан» ол?

Өзін дін ғұламасы санайтын ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы мұнымен де шектелмей «Әрине, кім дін мәселесінде сауатсыз болса, оны Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата кесенелеріне барсаң, Құдайдың мейірім-шапағатын иеленесің, сауап болады деп сендіру оңай. Бірақ, бұл олай емес...» дейді. Ал оның ойынша Түркістан қазақ хандығының астанасы ғана, онда турист ретінде ғана баруға болады, әулиеге зиярат жасау - оған құлшылық еткенмен тең екен. Ал енді салафит кім, кеше ғана «Салафия - қауіпті ағым» деген Оңғар қажы кім, ажыратып көріңіз. Ажырағысыз, бір пікір, бір ұстаным.

Мұны «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» дегеннің кері демеске лаж жоқ. Кеше ғана түркістандық ақсақалдар «тегін қажы боламыз деп тегін сатып, Түркістанды тілдеген арсыз ақындарға шара қолданылсын» деп шырылдап, Елбасыға Ашық хат жазып еді, енді міне, ата сақалы аузына түскен қажекең, адасқан жұртқа тура жол көрсетуге тиісті ҚМДБ-ның білдей өкілі түркістандық ақсақалдарды қолдап, қуаттаудың орнына, жұртты одан бетер шатастырып, адастырып, сергелдеңге салып, салафитше сайрап отыр. Оңғардың ойынан қажетін тапқан уаххаби-салафилер ҚМДБ жауапты өкілінің сөзін алаулатып, жалаулатып, шибөрідей шулап жатыр.

Кеше «Салафия - қауіпті ағым, оған тиым салу керек» деп, бүгін сол өзі қауіпті ағым деп отырған салафияның ұстанымын ұстап, оңғарылмай қатып отырған Оңғар қажының бір-біріне қарама-қайшы екі пікірінің қайсысы өзіне, қайсысы ҚМДБ-ға тиесілі? Ұзақ жыл коммунистік партияның органы «Социалистік Қазақстанда» жұмыс істеп, атеистік ұстаным сүйексіңді болып қалған Оңғар қажыдан енді оңды жауап күту - жұмсартып айтқанда әбестеу болар. Сондықтан біз бас мүфтидің өзінен жауап күткенді жөн көріп отырмыз. Бас мүфти Ә.Дербісәлінің зиярат бағытындағы ұстанымы баспасөз хатшысының ұстанымымен бір ме, әлде бөлек пе? Бір болса, өзі салафилік ұстанымды ұстап отырып, салафилермен қалай күреспек? Жын-шайтан шынжырланған қасиетті Рамазан айында жұртты жын-шайтаннан бетер шатастыра бермей, бас мүфти шұғыл түрде ашық жауап беруі тиіс деп білеміз. Өйткені, бір адамды адастыру - барша адамды адастырғанмен тең қылмыс. Ал қазір бір адамның емес, бір ұлттың, өз ұлтымыздың тағдыры таразыға салынуда. Халқымызды «қасиетсіз мүшірік» деп қорлаушылардың қатарына бас мүфтидің баспасөз хатшысы да қосылды. Ал бас мүфти қай жақта? Халық жағында ма, әлде... Бұл сұрақтың жауабы елдегі діни ахуалға, әсіресе, уахабилердің елге салған лаңына уайым жеп, Елбасыға ашық хат жолдаған қарағандылық, түркістандық, маңғыстаулық елге танымал азаматтар үшін де керекті ақпарат болар еді. Өйткені аталған өңір азаматтарының ашық хаттары БАҚ бетінде жарияланып, жұрттың қолдауына ие болып отырғанын көріп отырмыз. Сонымен осы сауалға жауапты Ә.Дербісәлі хәзіреттің өзінен күтеміз.

 

Мұхит ЖЕТІРУ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5499