21 қазан күні Қазақстандағы қайсыбір сайттарда президенттің "кейбір актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жарлығы жарияланып, соңынан алынып тасталды.
Президент Тоқаев биылғы 9 қазанда қол қойған жарлық сол күннен бастап күшіне енген. Жарлыққа сәйкес президенттің елдегі кейбір министрлер мен облыс әкімдерін бұрынғы президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қуаттауымен тағайындайтыны айтылған.
Президенттіктен кетер алдында Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құзіретіне ие болған Назарбаев келісімімен тағайындалатын лауазымның қатарында бас прокурор, ҰҚК төрағасы, ұлттық банк төрағасы, кейбір министрлер, облыс әкімдері, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімі, президентке бағынатын және есеп беретін орган басшылары бар.
Осы жарлық жайлы әлеуметтік желіде түсінік берген президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, жарлыққа былтыр қабылданған Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелеріне сәйкес қол қойылған. Лауазымды тұлғаларды тағайындаудағы келісім тәртібі президенттің барлық кадрлық мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді деп түсіндіреді президенттің баспасөз хатшысы.
Abai.kz