Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 6407 11 пікір 22 Қазан, 2019 сағат 15:48

Ислам Әбішев: Мен террорист емеспін. Мен құтырған ит емеспін...

14 қазан 2019 жыл

Ауданаралық мамандандырылған сот. («Әскери сот» ғимараты)

Астана (Нұр-Сұлтан) қаласы

Сағат 11.00.

ҚР Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы, Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының бұрынғы президенті Ислам Әбішевтің және  федерацияның бұрынғы вице-президенті Серік Түкиевтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы ашық сот отырысы басталды.

Сот құрамы:

Судья – Қ.М.Мекемтас

Сот отырысының хатшысы – С.С.Мәлік

Мемлекеттік айыптаушы – С.Ш.Сүлейменов

Адвокаттар – А.Т.Құспан, Е.М.Макенов, А.А.Абдрахманов

Қоғамдық қорғаушылар – Е.А.Әбішев, Г.И.Әбішева, М.Ислам, Түкиев,

Сот приставы –

Ислам Алмаханұлы Әбішевке ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігі бойынша, ал Серік Адамұлы Түкиевке ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 5-бөлігі, 366-бабы 3-бөлігі 1,3 тармақтары бойынша, «пара алуға оқталды» деген айып тағылып отыр.

Екі азаматты қолдауға жиылған халықтың саны жүзге жуық. Залға 30-40 адам ғана сыйды. Қалғандары сыртта күтті.

Сонымен алғашқы сот отырысы басталды. Осы іс бойынша төрағалық етуші судья Мекемтас Қажымұқан Мекемтасұлы сот құрамын жариялаған соң, сотталушыларға – Ислам Әбішевке және Серік Түкиевке анкеталық сұрақтар қойып, қысқа-нұсқа жауап алды. Әрі қарай сот құрамындағы қатысушылармен танысты. Судьяның «сот құрамына сенесіздер ме?» деген сұрағына прокурор мен хатшы «сенеміз» деп жауап берді.

Кезек адвокаттарға келгенде, адвокат Ерлан Мәкенов судьяға қарсылық білдіретінін айтты.

– Нұр-Сұлтан қаласының Қылмыстық істер жөніндегі Мамандандырылған ауданаралық Сотының судьясы К.М.Мекемтас мырза 30 қыркүйек 2019 жылы И.А.Әбішевке және С.А.Түкиевке қатысты қылмыстық істі алдын ала тыңдау барысында қорғау тарапынан ұсынылған өтініш-хаттар мен мән-жайларға объективті мән бермеген және жан жақты қарамаған. Яғни қорғау тарапынан келесі мәнжайлар мен өтінішхаттар ұсынылған:

  1. Түкиевке қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау мерзімінің 4-ші айға ұзарту сот отырысы Конституциялық және ҚР ҚПК талаптарын бұза өткізілгені (сот ісін жүргізу тілі қазақ тілі болғанына қарамастан, сот орыс тілінде өтті);
  2. 2019 жылдың 5 тамызында Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бір күнде бір-біріне қарама-қайшы келетін екі Қаулы шығарғаны;
  3. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тергеу тобының тергеушісінің 18 мамыр 2019 жылы шығарған Қаулысының іс материалдарында болмауы;
  4. 2019 жылдың 30 қыркүйекте шығарылған сот қаулысын жариялау барысында, С.А.Түкиевке қатысты бұлтартпау шарасының өзгермеуі И.А.Әбішевпен бірдей себептерге сүйеніп, нақты себептерін көрсетпеген. Бірақ С.А.Түкиевке қатысты бұлтартпау шарасының өзгеруіне себеп ретінде ұсынылған дәлелдер, И.А.Әбішевтің себептерімен әртүрлі болғанына мән бермеген деп санаймыз.

Жоғарыда айтылған себептерді және ҚР ҚПК-нің 87 бабының 1-тармақ 6-тармақшасын басшылыққа ала отырып, Нұр-Сұлтан қаласының Қылмыстық істер жөніндегі Мамандандырылған ауданаралық Сотының судьясы К.М.Мекемтас мырзаға білдіріп жатқан қарсылығымызды қанағаттандыруын сұраймыз.

Ал адвокат Абзал Құспан әріптесінің өтінішімен келісетінін және өз тарапынан Ерлан Мәкеновтің дәлелдерін өз дәйектерімен  толықтыратынын айтты.

– 30 қыркүйек күні өткен алдын-ала тыңдау барысында менің тарапымнан алты өтініш жарияланды. Ол өтініштерде қаралған мән-жайлардың ауқымдылығы соншалық, оларды оқып шығуға бір сағаттан астам уақытым кеткен еді. Ол өтініштердің ешқайсысы объективті бағаланбағаны былай тұрсын, екеуі мүлде қаралмаған. Атап айтар болсақ, №6 Өтініш «Ұлттық бюроның арандатушылық іс-әрекеттері туралы» және №3 Өтініш «Сарапшы-маман қорытындысын қабылдау туралы» өтініштерім сіздің тарапыңыздан мәні бойынша мүлде қаралмаған. Екінші, мынау менің қолымдағы – сіздің сол өтініштеріме шығарған қаулыңыз. Небәрі екі-ақ беттен тұрады. Осы екі беттен сіз осыншама қате жіберіп отырсыз. Қазақ тілін сауатты түрде меңгере алмай тұрып, сіз қалайша бұл адамдардың тағдырын шешпексіз? Бұл принципті мәселе деп есептеймін. Оның принциптілігі сонда, сіз жаңа ғана сотқа қатысып отырған бәрімізден «қазақ тілін меңгердіңізбе, меңгермедіңіз бе?» деп сұрадыңыз, алайда өзіңіз адам тағдырын шешетін құжатты өте сауатсыз жазғансыз, деді.

Адвокат адам тағдыры сөз болып отырған, барлық заңдарға сілтемелер жасалып, орынды жасалған отыз үш беттік өз өтініштеріне судья Қ.Мекемтас жүрдім-бардым қарап, екі беттік қаулы шығара салғанын, ол қаулысы грамматикалық, орфографикалық, стилистикалық, пунтуациялық қателерге толы екенін мәлімдеді. Адвокаттың айтуынша, филолог мамандар 24 сөйлемнен тұратын сот қаулысынан 70-ке жуық қате тапқан. Абзал Құспан соттың сауатсыздығын дәлелдейтін құжат – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мамандарының сараптамалық қорытындысын қосымша ұсынатынын жеткізді.

– Сонымен қатар, менің №5 Өтінішім – «А.Шпекбаевты куә ретінде шақырту туралы» өтінішімді біржолата қанағаттандырусыз қалдырдыңыз. Сіз оған негізсіз екі түрлі себепті келтіресіз: бірінші себеп – «А.Шпекбаев тергеу кезінде куә деп танылмағанын», екінші себеп – «тергеу кезінде куә ретінде жауапталмағанын» алға тартасыз. Алайда, Қылмыстық істер кодексінің талаптарына сәйкес, адвокат ретінде менің де куә шақыруға толық құқығым бар. Қылмыстық істі қарау барысында сіз тек тергеу материалдарын ғана емес, сонымен қатар, қорғаушы тараптың ұсынған материалдарын да қарауға, біздің де шақыртқан куәлерімізді тыңдап, біздің де тапсырған құжаттарымызды зерттеп-зерделеуге, солайша мәселені жан-жақты таразылауға тиіссіз. Сол себепті де бұл – сот талқылауы. Тек тергеудің ғана материалдарымен шектеліп қалатын болсақ, онда сот жүргізудің қажеті не? Бұл – сіздің осы іске объективті баға беретініңізге күмән келтіреді, белгілі бір дәрежеде істі айыптау бағытында жүргізетіндігіңізді білдіреді. Осы себептерге байланысты судья ретінде осы істі ары қарай жүргізуіңізге мен де қарсымын...

Судья өзгелердің пікірін сұрады. Басқа қорғаушылардың бәрі де екі адвокатты қолдайтындарын жеткізді.

Ал Ислам Әбішев:

–  Құрметті сот, сіздің адам соттауға ешқандай құқыңыз жоқ. Неге? Себебі, біздің екі адвокатымыз сегіз өтініш берген еді, сол сегіз өтінішті оқып шығуға жетпейтін уақытта сіз оның бәрін оқып, саралап, түп-тамырына жетіп, шешім шығарып, оны компьютерде теріп үлгеріпсіз. Бірде-бір өтініштің байыбына барып, «дұрыс екен» демепсіз. Асыққаныңыз сонша, әр сөзіңізден бірнеше қате кеткен, қып-қызыл шимай. «Ет сасыса, тұз себесің, тұз сасыса, не себесің?» дейді. Яғни, сізге адам тағдыры түгілі, масаның тағдырын сеніп тапсыруға болмайды. Басталмай жатып осындай өрескел қателерге, заңсыздықтарға жол беріп отырсыз, тіпті, біздің шақыр деген куәмізді шақыртпай отырсыз. Бұл деген сөз – соттың ертеңгі шешімі де дайын деген сөз, максималды мерзім 10-15 жыл ма, сол шешім шығады. Онда сот өткізіп, спектакль жасаудың қажеті жоқ. Халықты алдап қажеті жоқ. Бұл – спектакльден де ары болып тұр. Мен сіздің бұл сот процесін жүргізгеніңізді қаламаймын, сізден бас тартамын. Ары қарай да істі сіз жүргізсеңіз, шешімі белгілі деген сөз. Одан да, 37 жылдағыдай, домалақ арызға үш адам қол қойса, бітті, протокол жасап, үкім шығара берген ғой, сол сияқты бірден үкім шығара салыңыз,  деді.

Сөз кезегі Серік Түкиевке берілді.

– Тергеу барысында менің толық кінәсіз екенім дәлелденді. Оны тергеушінің өзі де айтты. Сіз, тіпті, мені үйқамаққа жіберуден бас тарттыңыз. Сол себепті мен де сізге сенімсіздік білдіремін,  деп қысқа қайырды.

Ал прокурор «бұл келтірілген уәждер судьяға сенімсіздік білдіруге, судьядан бас тартуға негіз болып табылмайды» деді. Залда халық наразылығы байқалып, әр-әр жерден прокурорға «неге негіз болмайды?., қандай заңның негізінде айтып отырсың?., дұрыстап түсіндір!..» деген сөздер айтылып жатты.

Судья Қ.Мекемтас:

– Бұл өтініш басқа судьяға немесе сот төрағасына беріледі, ол сот залына шақырылады, бұл өтінішті сол қарайды, сол себепті қазір үзіліс жариялаймын, деді де, сот залынан шығып кетті...

* * *

Үзіліс кезінде:

Серік Түкиев, Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының бұрынғы вице-президенті:

– Бүгін бізге қолдау көрсетіп көптеген спортшы жолдастарымыз келіпті. Олардың ішінде Қазақстан чемпиондары, Азия чемпиондары бар. Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының өзге елдерден өкілдері, басшылары келіпті, Грециядан Феодор, Қытайдан мистер Сон... 2004 жылдан бері жұмыс істеп жүрміз. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі айтып еді, тапсырма беріп еді, «Қазақ күресін дзю-до сияқты, грек-рим күресі, еркін күрес сияқты олимпиадалық ойындар қатарына кіргізіңдер» деп. Осы бағытта жұмыс жасап жатқанбыз. Осы уақытқа дейін қаншама әлем чемпионаттарын – Еуропа, Азия, Африка, Америка чемпионаттарын өткіздік. Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясы бүгінгі таңда төрт құрлықта жұмыс жасап жатыр. Міне, тергеу аяқталып, сот басталды. Мен алған 10 млн теңгені Әбішевке берді деген айыптарын негізсіз екенін толық дәлелдедік, ол ақшаның бір тиынына дейін қайда жұмсалғанын құжат жүзінде түгел дәлелдедік. Голландияда Еуразия кубогын өткізгенбіз, ол ақша толығымен спортшылардың жолына, қонақүйге, тамағына кетті. Тергеушінің өзі айтты, «сені дұрыс отырғызбаған, сенің кінәң жоқ» деп. Сот әділ өтер деп ойлағанмын, бірақ сот барысына қарағанда, дұрыс өтпейтін сияқты. Бізді қолдап келіп отырған жігіттердің барлығына, спортшы әріптестеріме рахмет айтамын.

* * *

15-20 минуттық үзілістен соң судья Шаяхметова сот залына келіп, Әбішев пен Түкиевке қатысты істі қарау барысында адвокаттардан «судья Қ.Мекемтасқа сенімсіздік білдіріп, одан бас тарту туралы» өтініш түскеніне байланысты мәселенің мән-жайын, судьядан бас тарту себептерін сұрады. Адвокаттар Е.Мәкенов пен А.Құспан өз өтініштерінің себептерін толығымен қайта негіздеп, баяндап берді.

Прокурор С.Сүлейменов «қорғаушылардың өтініштерін қанағаттандырусыз қалдыруыңызды сұраймын, өйткені қорғаушылардың бұл уәждері судья Қ.Мекемтасты істен шеттетуге негіз болып табылмайды» деген жаттанды сөзін қайталап айтып берді.

«Өтінішті қарау үшін судья кеңесу бөлмесіне кетті...»

Көп ұзамай хатшы сағат 14.45-ке дейін үзіліс жарияланғанын хабарлады.

Түскі үзілістен соң сот отырысы айтылған уақыттан әлдеқайда кеш басталды. Оның себебі – Ислам Әбішев пен Серік Түкиевті жасауыл сот залына 40-50 минут кешіктіріп әкелді.

Сот залына кірген бойда Ислам Әбішев тосын мәлімдеме жасады.

– Ертеңнен бастап бізді осындай жағдайда әкелетін болса, біз сот процесіне келуден бас тартамыз. Біздің қолымызды кісендеп, құтырған иттерін алып жүретін, отырып-тұра алмайтын, не бұрыла алмайтын өте тар, 50х70 см темір тормен бөлінген шағын машинамен он адамды әкелді. Бұндай машинамен, тіпті, Сирияда болып келген террористерді алып жүруге болмайды, бұл – қайталап айтамын, құтырған иттерді алып жүретін көлік. Бұл мына жасауылдың да кінәсі емес, Ішкі істер министрінің адам құқығын таптауының белгісі. Мысалы, жақында ғана Алматыда Күдебаевтың баласының өліміне қатысты қамауға алынған дәрігерлердің шашын алып тастағаны қоғамда үлкен әңгіме болды. Біздің де шашымызды алған. Сонда осы уақытқа дейін адам құқығы тапталып келген. Сол мәселе Президент айтқаннан кейін, Ішкі істер министрінің бір-ақ бұйрығымен шешіле салды. Біздің процеске кешіккен себебіміз, бір жас жігіт «мені атсаңдар атып тастаңдар, мен мұндай машинамен бармаймын» деп, көлікке отырмай қойды. Онікі дұрыс. Біз мына жақта күтіп отырған халықты сыйлап, келдік. Ертең біз ақталып шықсақ, басқа азаптың барлығы ұмытылар, мына қорлықтары өмір бойы ұмытылмайды. Енді ондай көлікпен әкелетін болса, сотқа келмейміз деп ресми мәлімдейміз.

Норвегияда 74 баланы атып тастаған террорист Брейвик естеріңізде бар ма? Сол Брейвиктің қандай жағдайда түрмеде отырғанын білесіздер ме?.. (Осы сәтте хатшының «Встать!» деген өктем дауысын естідік... Әрине, үйге келе салысымен ол туралы ақпаратты ақтарып көрдік. Сіздерге де көруге кеңес беремін. Террорист Брейвик түрмеде емес, шипажайда жатқандай... Адам құқығы деген осы... Осыдан кейін «дамыған 30 ел қатарына кіретініміз туралы» ертегіні ұялмай жалғастыра беретініміз анық...)

Судья Шаяхметова сот залына кірген бойда тұра қалып, тілі жаңадан шығып келе жатқан бала сияқты шүлдірлеп өз қаулысын оқып берді. «Қорғаушы адвокаттардың судья Қ.Мекемтасқа қарсылық білдіру туралы өтініші негізсіз деп танылсын және қанағаттандырусыз қалдырылсын. Сот шешімі қайта қарауға жатпайды» деді де, тайып тұрды.

Залда отырғандар «гуу» ете қалды. Жиылған халық жан-жақтан наразылықтарын айтып жатты. Ақын, журналист Қазыбек Исаның «құдай біледі, бүкіл Астанадан содан басқа қазақша дұрыс білетін сот таппай, Мекемтасты қайта алып келетін шығар» деген болжамы дәл келгендей...

Осылайша, судья Қ.Мекемтас сот отырысын ары қарай жалғастырды. Сот құрамының және сотталушылардың барлық формальды құқықтарын жариялаған соң, тағы да «сот құрамына сенесіз бе?» деп жеке-жеке қайта сұрап шықты. Бәрі де, амал жоқ, «сенемін» деп жауап беруге мәжбүр болды. Мұны комедия десеңіз де, трагедия десеңіз де, фарс десеңіз де, өзіңіз біліңіз...

Судья Қ.Мекемтас прокурордан бастап, барлық қатысушылардан, сотталушылардан «сотқа өтініштеріңіз бар ма?» деп сұрады. Адвокат Ерлан Мәкенов өзінің қорғауындағы Серік Түкиевтің арызын жариялады. Ол арызда Серік Түкиев өзінің туған нағашысы Шынәлиев Оразды қорғаушы ретінде тағайындауды сұрайды.

Екінші өтініш Ислам Әбішев тарапынан болды. Ол түстен кейінгі сот отырысына жасауыл өздерін не себепті кешіктіріп әкелгендерін, көліктің жағдайын толық баяндай келе:

– Құрметті сот! Мен әзірше кінәм дәлелденбеген, сотталмаған адаммын. Мені Сириядан қайтқан террористермен осындай жағдайда алып келді. Адам ретінде менің құқығым тапталып жатыр. Мен бұл жөнінде Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа хат жаздым, әзірге жауап жоқ. Біздің құқықтарымыз заңмен емес, министрдің бір-ақ бұйрығымен шешілетін нәрсе. Мен террорист емеспін, мен құтырған ит емеспін, мен – Қазақстан Республикасының азаматымын, бірнеше аудан, қала, облыстардың құрметті азаматымын. Бізге ит сияқты қарым-қатынас жасауға үзілді-кесілді қарсымын. Сондықтан келесі сот процестеріне бізді құтырған ит таситын машинамен емес, адам таситын машинамен алып келсін. Олай болмаған жағдайда, мен сот отырысына қатысудан бас тартатынымды ресми мәлімдеймін.

Серік Түкиев те Ислам Әбішевті толық қолдайтынын айтты. «Егер дұрыс машинамен әкелмесе, сотқа қатысудан мен де бас тартамын» деді ол.

Судья:

– Мен түсінбеймін, дұрыс машина дейсіз, сонда сізге қандай машина керек?

Серік Түкиев:

– Қандай машинамен әкелгендерін Әбішев айтты ғой. Ит таситын торы бар машинамен әкелмесін. Біз әлі сотталған жоқпыз, қылмысымыз дәлелденген жоқ. Тергеуші де менің кінәм жоқ екенін айтты...

Судья:

– Түсінікті. Отырыңыз. Адвокаттар, қосымша өтініштеріңіз бар ма?

Осы кезде адвокат Абзал Құспан сөз сұрады.

– Біздің қорғауымыздағы Әбішев пен Түкиев сотқа не себепті кешігіп келгендерін айтып жатыр, эмоциямен толық жеткізе алмаған болуы мүмкін, мен түсіндіре кетейін. Автозак, оның ішінде отырып-тұра алмайтын өте тар бірнеше клетка, бұл кісілерді сол машинаға отырғызған. Сол кезде бұрын прокурор боп істеген Әсет деген сотталушы, өзі заңды жақсы білетіндіктен, «мен бұл машинаға отырмаймын, бұл менің конституциялық құқығымды таптау» деп, мінбей қойған. Сол себепті бұл кісілер кешігіп келген. Оған дейін бұл кісілер өздерінің құқығы тапталып жатқанын білмеген. Бұлар ойлаған, барлық автозактар осылай жабдықталған деп. Бірақ бұрынғы прокуратура қызметкері жаңағыдай қарсылық білдіргеннен кейін, бұл кісілер де өздерінің құқығы тапталып жатқанын түсініп, осындай өтініш жариялап отыр. Менің қорғауымдағы Ислам Әбішев қазір зейнет жасында, оның үстіне жүрек аурулары бойынша диспансерлік есепте тұрады, тергеу изоляторында бірнеше рет құлаған адам. Осыны жеткізгім келеді...

Адвокат Ерлан Мәкенов өз қорғауындағы Серік Түкиевтің әпкесі, сотқа куәгер ретінде шақырылған Ұлдықыз Түкиеваның ұшаққа алып қойған билеті болғандықтан одан алғашқылардың қатарында жауап алуды сұрады.

Ал қорғаушы Ералхан Әбішев соттың адами факторға көбірек мән беруін сұрады.

– Құрметті сот! Көріп отырсыз, осында отырған жұрттың бәрі ашу-ызада, эмоцияда отыр. Сондықтан болар-болмас нәрсе үшін бір-біріміздің ашуымызға тимейік, өтініш. Әлі сот қанша уақытқа созылатынын білмейміз, сондықтан бір-бірімізді шаршатпай, түсіністікпен қарайық. Осы отырған адамдардың бәрі де қылмыскер емес, Қазақстан Республикасының толық құқылы азаматтары, қарапайым адамдар. Адами тұрғыда қарайтын мәселеде «унижениеге» апармай, жұрттың қытығына тимей, дауға жеткізбей, адамша шешейік. Сізден өтінерім осы.

Судья осы өтініштерге қатысты прокурордың пікірін сұрады.

Прокурор алғашқы өтініш – Серік Түкиевтің нағашысы О.Шынәлиевті қорғаушы деп тану туралы өтінішіне орай, оның туыстық жақындығын дәлелдейтін құжаттарын сұрады. Құжаттарын тексеріп, көз жеткізгеннен кейін, қарсылық білдірмейтінін айтты.

Екінші өтініш – Ислам Әбішевтің өтінішінің сотқа қатысы жоқ екендігін, дегенмен, ол өтінішін Ішкі істер министріне жолдауға болатынын жеткізді.

Үшінші өтініш – Ұлдықыз Түкиевадан алғашқылардың қатарында жауап алуға қарсылық бідірмеді.

Соңында сот өз шешімін жариялады.

Куәгер Ұлдықыз Түкиевадан алғашқылардың қатарында жауап алу туралы өтініш қанағаттандырды.

Әбішев пен Түкиевтің «басқа автокөлікпен әкелу туралы» өтінішін, абақтыдағы басшылармен хабарласып, сот барысында шешетінін айтты.

Ал ең алғашқы өтініш – Серік Түкиевтің «нағашысы О.Шынәлиевті қоғамдық қорғаушы деп тану туралы» өтінішін қарау үшін кеңесу бөлмесіне шығып кетті.

Бір сағатқа жуық «кеңестен» соң, судья «О.Шынәлиев сотталушы Серік Түкиевтің жақын туысы емес, оның үстіне С.Түкиевтің кәсіби адвокаттары және жақын туыстары қорғаушы болып отыр, сол себепті сотталушы С.Түкиевтің арызын қанағаттандырусыз қалдыруға» қаулы шығарды.

Сонымен, «Айыптау актісін» оқуға да кезек келді. «Айыптау актісі» сотталушыларға жеке-жеке жазылатындықтан, прокурор көп жері қайталанып келетін бұл құжаттарды тым ұзақ оқыды.

Түсінгеніміз – тергеу органдары, атап айтқанда «ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес» Ұлттық бюросы И.А.Әбішев пен С.Түкиевке мынадай жағдайда пара алуға оқталды деп айып тағады:

1. Бұрын қаржы полициясында қызмет атқарған Азамат Шаймерденов, «Қазбайлық» мекемесіне қатысы бар адамды танитын Мәкішев есімді адамға жолығып, оған «Қазбайлық» мекемесінен И.Әбішевтың аса ірі көлемде (250 000 000 екі жүз елу миллион теңге) пара талап еткенін жеткізеді;

2. Мәкішев өз кезегінде, сол мекемеге іс жүзінде қатысы бар деп есептелетін, бірақ онысы құжат түрінде рәсімделмеген Төлегенов есімді азаматқа жолығады;

3. Төлегенов басында келіскендей сыңай танытып, қандай да бір болмасын ақша сомасын беруден бас тартады;

4. Соған қарамастан азамат Азамат Шаймерденов 21.12.2018 ж., «Қазбайлық» мекемесінен пара талап етіп жатыр деп И.А.Әбішевтың үстінен «ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес» Ұлттық Бюросына арызданады;

5. ҚР СЖҚК Ұлттық Бюросы Азамат Шаймерденовке өз есебінен 10 000 000 (он миллион) теңге береді;

6. Азамат Шаймерденов 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында екі бөліп 10 000 000 (он миллион) теңгені «Қазақ күресі» Федерациясының атқарушы директоры С.Түкиевке береді;

7. С.Түкиев ол ақшаны, демеушілік көмек ретінде спортшылардың қажетіне жаратады;

8. Азамат Шаймерденов 50 000 000 (елу миллион) теңгені (оның ішінде өзінің де, Ұлттық Бюроның да ақшалары бар) 14.03.2019 жылы Шындәулетов Құнанбай есімді азаматқа береді;

9. Тергеудің версиясы бойынша, Шындаулетов Құнанбай ол ақшаны Әбішев Қаныбекке беруі, ал ол өз кезегінде осы іс бойынша «пара алушы» статусына ие Ислам Әбішевке «беруі тиіс» болатын;

10. Алайда, тергеу органдары 14.03.2019 жылы операцияны тоқтатып, 50 000 000 (елу миллион) теңге алған Шындаулетов Құнанбайды және Ислам Әбішев пен Серік Түкиевті аса ірі көлемде пара алмақшы болды деген күдікпен ұстайды;

11. Қазіргі кезде 50 000 000 (елу миллион) теңге алған Шындаулетов Құнанбай және тергеудің версиясы бойынша, одан алып Ислам Әбішевке беру тиіс Әбішев Қаныбекке қатысты істер, олардың әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байланысты, тоқтатылған.

Тоқетері, Ислам Әбішевке ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігі бойынша «пара алуға оқталды» деген айып тағылды. Ал Серік Түкиевке ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 5-бөлігі, 366-бабы 3-бөлігі 1,3 тармақтары бойынша, «пара алуға көмектесті» деген айып тағылды. Арыз жазушы Азамат Шындәулетов деген «демеуші», айып тағушы және істі тергеуші орган – Алик Шпекбаев төрағалық ететін ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес ұлттық бюросы.

Судья Қ.Мекемтас:

– Сотталушы Әбішев, орныңыздан тұрыңыз. «Айыптау актісі» сізге түсінікті ме?

Ислам Әбішев:

– Өте түсініксіз. Менің прокурорға сұрақ қоюға құқым жоқ екен, Сізге, құрметті сот, не түсініксіз екенін айтуға бола ма?

Судья Қ.Мекемтас:

– Айтыңыз.

Ислам Әбішев:

– Біріншіден, мен «пара алушы» екенмін. Пара беруші кім? Шаймерденов пе, ортада жүрген Мәкішев пе, әлде «Қазбайлық» па? Прокурордың айтуы бойынша, пара беруші маған «тәуелді» екен. Пара беуші Шаймерденов деп түсінсек, ол дәл осы айтып отырған уақытта – былтыр қазан айында менің үстімнен арыз жазып, екеуміз қырылысып, төбелесіп жүрген кезіміз. Сөйтіп жүріп мен одан «пара алыппын». Керісінше, мен оған пара беруім керек қой, «арызыңды қайтып ал» деп. Жоқ, мен одан «пара алыппын». Ал ол пара беретін «Қазбайлық» дегенді мүлде танымайды екен. Содан мен ойладым, мүмкін «пара бергіш» Мәкішев шығар деп. Ал ол мені көрген емес, кездескен емеспіз. «Қазбайлық» айтады, «мен Әбішевті көрген жоқпын, пара беретін ойым да болған емес» дейді. Маған түсніксіз, сонда кім пара беруші? Менің үсітмнен арыз жазып, менімен соттасып жүрген Шаймерденовтің «СМП-610» фирмасымен былтыр тамыз айында 7 млрд теңгенің келісімшартын бұзғанбыз. Сол себепті ол менің «ең жақын туысым» боп кетті ме, маған пара әкеп беретін? Жаңа айыптау актісі өте ұзақ оқылды, байқасаңыздар, барлық жерде тек қана «Шаймерденов, Шаймерденов». Тек Шаймерденовтің сөзі, «өйтіп айтты, бүйтіп айтты». Прокурор айтады, «құжаттандырылған аудио, видео бар» дейді. Яғни Шаймерденов менімен кездескенде үстіне жасырын жазу аппаратын орнатып алып сөйлесіпті...

Судья Қ.Мекемтас сотталушы Әбішевтің сөзін бөліп, оған өз құқықтарын түсіндірді.

– Сіз өзіңізді осы тағылған айыптар бойынша кінәлімін деп танисыз ба?

Әбішев:

– Мен өзімді кінәлімін деп танымаймын.

Судья:

– Сіз прокурормен процессуалдық келісімшартқа отырғыңыз келе ме?

Әбішев:

– Жоқ. Келісімшартқа отыруға болады, егер менің шарттарымды қабылдаса.

Судья:

– Шарттарыңыз болса, прокурорға ұсына аласыз. Ары қарай... Сотталушы Түкиев, орныңыздан тұрыңызшы. Сізге прокурор оқып берген айыптау актісі түсінікті ме?

Түкиев:

– Түсініксіз.

Судья:

– Сұрақтарға жауап бересіз бе?

Түкиев:

– Иә.

Судья:

– Тағылған айыпты мойындайсыз ба?

Түкиев:

– Жоқ, мойындамаймын.

Судья сотталушыларға өз құқықтарын түсіндіріп өтті. Қорғаушылардың сотталушыларға сұрақтары болса, қоюына болатынын айтты.

Прокурор ұсынған «сотты жүргізу тәртібімен» келісе отырып, адвокат Абзал Құспан өз тарапынан мынадай өтініш білдірді.

– Құрметті сот! Өз тарапымнан мынадай қосымша бар: қазір іс бойынша байқағанымыз, не пара берушінің, не пара алушының статусы түсініксіз, кім кімге пара бергісі келді, кім кімнен пара алғысы келді, шым-шытырық. Сондықтан осы істі екі эпизод бойынша бөліп қарастырсақ. Негізі, іс бойынша үш эпизод – 85 млн теңге, 10 млн теңге, 50 млн теңге. Біз осыны екі бөлек қарастырсақ – 10 млн-ды бір бөлек, 50 млн-ды бір бөлек. Себебі, «10 млн теңге алды» деп айыпталып отырған Серік Түкиев сот залында отыр. Ал 50 млн теңгені алған Құнанбай Шындәулетовке қатысты іс «қылмыс құрамы жоқ» деп қысқартылған. Екеуін де алмаған менің қорғауымдағы Ислам Әбішев сотталушы ретінде сот залында отыр. Айтайын дегенім, 10 млн теңгені бөлек қарастыру неге маңызды? Бүкіл іс құжаттарында, стенограммалардың барлығында Түкиев тек 10 млн теңгені біледі. Ол 60 млн туралы өмірінде естімеген, бір жерде бір ауыз сөзі жоқ. Арыз жазушы Шаймерденов екеуі өте көп кездеседі, 10-20 рет кездескен, өзара әңгімелерін Шаймерденов жазып алған. Барлық жерде 10 млн теңгені «Қазақ күресі» федерациясына демеушілік көмек ретінде сұрайды. Ислам әбішев туралы бір ауыз сөз жоқ. Алғаннан кейін не Ислам Әбішевке хабарласпаған.

Судья:

– Іс бойынша айтыңыз.

Құспан:

–  Іс бойынша айтып отырмын. 10 млн-ды бір бөлек, 50 млн-ды бір бөлек қарастыру маңызды. Себебі, екеуін алған екі бөлек адам, екі сумма бойынша екі бөлек жұмыс жүрген. Егер 60 млн деп тұтас қарастырсақ, куәлер де, сотталушылар да бірі – 10 млн туралы айтады, 50 млн туралы білмейді, екіншісі 50 млн туралы айтады, 10 млн туралы білмейді, бәріміз әбден шатасамыз. Сот жүргізу тәртібін сақтай алмай қаламыз. Егер істі осы ұсыныс бойынша қарасақ, сот процесін өткізу әлдеқайда оңай, жеңіл әрі бәрімізге де түсінікті болар еді.

Судья:

– Тағы кімде қандай өтініш бар?

Адвокат Ерлан Мәкенов:

– Сот жүргізу тәртібі түсінікті. Менің қосарым, куә ретінде жауап алу барысында куәгерлер – Шаймерденов, Жампозов және Мәкішевті – осы үш куәні міндетті түрде бір күнге шақырып, бір күнде жауап алуды сұраймын.

– Адвокаттардың өтініштері орынды деп санаймын, – деген судья Қ.Мекемтас ары қарай сот талқылауын куәгерлерден жауап алудан бастады.

Бірінші болып куәгер ретінде Серік Түкиевтің әпкесі Ұлдықыз Түкиева шақыртылды. Аз-кем анкеталық сұрақ-жауаптан соң нақты іс бойынша сұрақтар қойылды.

Адвокат Ерлан Мәкенов:

– Ініңіз Серік Түкиев сізден қанша ақша қарызға алды? Қашан алды? Қандай жағдайда алды?

Ұлдықыз Түкиева:

– Тамыз айының басында (2018 жылы) 10 мың доллар қарыз алды. Қыркүйек айында 20 мың доллар қарыз алды. Себебі, жарысқа барардың алдында бұларда ақша бола бермейді, «ертерек ұшаққа билет алу үшін, қонақүй алу үшін қарыз бере тұршы» деді. Жалпы сома – 30 мың доллар бердім. Оған дәлел – АТФ банктегі шотымнан сол күндері өзім алып бердім. Ол кісі қайтарамын деген уақытында қайтара алмады, созып жүріп, биыл 5 наурызда 20 мың долларымды әкеп берді. Қазіргі таңда 10 мың доллар қарыз. «Түгел әкелмедің бе, маған да ақша керек боп жатыр» дегенімде, «Әзірше бары осы, осыны ала тұр» деді.

– Сол кезде қастарыңызда кім болды?

– Екеуміз ғана сөйлестік.

– Серік Адамұлы сіздің үйіңізге кіммен келгені белгілі ме?

– Жүргізушісі Нұрлыбекпен келген.

Адвокат Абзал Құспан:

– Ислам Әбішевті танисыз ба? Танысаңыз, қандай жағдайда танисыз, бұрын көрдіңіз бе?

– Теледидардан көргем. Мен 21 жыл Шымкентте мектеп директоры болдым, сол кезде бұл кісіні сырттай білетінмін, сол кезде де теледидардан көргенім болмаса, сөзбе-сөз, бетпе-бет көрген емеспін.

– Ініңіз сізден қарыз алу барысында – 10 мың доллар дедіңіз, 20 мың доллар дедіңіз – соның Ислам Әбішевке қандай да бір қатысы бар екені туралы әңгіме айтылды ма?

– Ондай әңгіме болған жоқ. Оның айтқаны мынау, «денсаулығың болмай өзің де шетелге шығып жүрсің ғой, өзің де жақсы білесің, ертерек билет алмасақ, қымбаттап кетеді» деді. Ислам Әбішев туралы әңгіме айтылған жоқ.

– Ініңіздің атқарған қызметі туралы, дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясы туралы қандайда бір ақпарат сізге белгілі ме? Неге жарысқа сізден ақша сұрайды? Бюджеттен ақша бөлінбей ме? Қайта-қайта сізден ақша сұрағанда, сізде осындай сұрақтар болмады ма?

– Менің білетінім, біздің әкеміз – өзі жалғыз өскен, балалар үйінде тәрбиеленген. Бізге «таза жүріңдер» дейтін. Інімнің айтатыны – «үлкен кісі маған сеніп, ел болып, халық болып тапсырды, алға дамыту үшін осы «Қазақ күресін» алдым» дейтін. «Өзіңнің үйің де жоқ қой» дегенімізде, «есесіне халқыма деген, еліме деген жүрегімде ыстық махаббатым бар. Қазақша күресті жандандыру үшін, дүниежүзіне таныту үшін еңбек сіңірсем, менің үйім әрбір мемлекетте болады» дейтін. «Ұлжан сәл сабыр етейікші, құдай қаласа, аяққа тұрсақ, үкімет тарапынан қолдау болады, қазір мемлекет қазақша күресті қаржыландыруға дайын емес, қазақша күресті әлемге танытқанда мемлекет те мойындайтын болады» дейтін.

Прокурор сұрақ қойды:

– Жаңа айттыңыз, «қарызымды қайтарып берді» деп. Қашан қайтарды? Қанша қайтарды?

– 5 наурыз күні түс уақытында 20 мың доллар қайтарды. «Толық қайтармадың ба, маған да ақша керек қой» дегенімде: «Сәл шыдай тұршы, «Қазақ күресі» менің мәпелеп өсірген балам сияқты ғой, аз ғана уақыт қалды, мемлекет бізді қолдайды, сол кезде бәрі де жақсы болады» деді. Мен өзім қатерлі ісік аурумен ауырдым, 4-ші кезеңінде едім, маған емделуге көп қаражат керек болды.

– Серік Адамұлының қызметі бәрімізге белгілі, «Қазақ күресі» федерациясының басшысы. Ол жерден жалақы ала ма, алмай ма, сол туралы мәлімет білесіз бе?

– Мен ол туралы сұраған емеспін, сұрамаймын да. «Демеушілік көмек болады» дейді, жан-жаққа барып жатады, спортшылардың бірі кетіп жатады, енді бірі өте алмай қалып қойып жатады, билеті күйіп жатады...

– 20 мың долларды сізге қалай қайтарып бергенін білесіз бе? Ол ақшаны қайдан алған?

– Мен қайдан білемін?

– Ініңіздің табыс көзі қандай?

– Інімнің табыс көзін ақшамен есептемеймін. Інімнің табысы – дүниежүзіне қазақша күресті дәріптеп, Африкаға дейін танытқанын мақтан тұтамын.

Судья:

– Сұраққа нақты жауап беріңіз. Ініңіздің табыс көзі қандай?

–  Қайдан табыс көзі болады? Ол қоғамдық жұмыста ғой, мемлекеттік қызметте емес.

Прокурор:

– Сізге қарызын қалай қайтарды ақшаны қайдан алды?

– «Демеушілік көмек болды» деді.

– Түсінікті. Басқа сұрағым жоқ.

Алғашқы сот-тергеу барысы бір куәгерден жауап алумен аяқталды. Басқа куәгерлерден жауап алу ертесі күнге, 15 қазан сағат 10.00-ге белгіленді.

(Жалғасы бар...)

Сәуле Әбединова

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420