Биыл 2 мыңға жуық қызылордалық жас сарбаз әскери борышын өтейді
Қызылорда облысының әкімі Қ.Ысқақов ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне мерзімді әскери қызметке шақыртылған азаматтарды салтанатты шығарып салу рәсіміне қатысты.
Биыл көктемде ҚР Қарулы күштер қатарына 801 адамды жөнелту жоспарланса, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 811 адам жіберілген. Қызылорда облысы бойынша күзгі мерзімде азаматтарды әскери қызметке тапсырыс саны 788-ді құрап отыр. Оның ішінде: ҚР ҰҚК Шекара қызметіне - 180 адам, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне - 3 адам, ҚР Қарулы Күштеріне - 305 адам, ҚР Ұлттық ұланға - 300 адам.
Облыс әкімі әскерге шақыртылған жастарға сәттілік тілеп, отан алдындағы әскери борыштарын адал атқаруларына тілектес екенін жеткізді.
«Әскери міндетін өтеу - азаматтардың қасиетті борышы. Сол себепті, жастарымызды еліміздің Қарулы Күштерінің қатарына салтанатты түрде шығарып салуды біз ізгі дәстүрге айналдырдық. Тәуелсіз мемлекетіміздің айбынды әскерінің қатарына аймақтан жылына екі мыңға жуық азамат жөнелтіліп отырады. Қазіргі таңда жүргізілген реформаларға сай әскерге шақырылушыларға қойылар талап та күшті. Қарулы Күштерде қызмет ету құрыштай берік денсаулықты, білімді болуды талап етеді. Отан алдындағы әскери борыштарыңызды атқарып, елге аман-есен оралуларыңызды тілейміз», - деді аймақ басшысы.
Бүгінгі таңда барлық медициналық комиссиялар тиісті біліктілігі бар маман дәрігерлерден құралған және қажетті медициналық құралдармен қамтамасыз етілген. Аудандар мен қалалардағы әскерге шақыру пункттері, сондай-ақ, облыстық жиын пункті бөлек ғимараттарымен қамтылған.
Патриоттық сезімді ояту және әскерге шақырылушылардың белсенділігін арттыру мақсатында ардагерлердің, үкіметік емес ұйымдардың жетекшілері мен белсенді жастардың қатысуымен түсіндіру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Abai.kz