Дулат АМАНЖОЛ. Қазаққа рэп қажет пе?
Жетпісінші жылдары Нью-Йорк көшелерінде пайда болған рэп (ағылшын тілінен rap - тарсыл, дүрсіл, соққы) тұтас хип-хоп мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, дүниежүзілік деңгейге дейін көтерілді. Кейін рэптің маңдайы жарқырап, дәрежесі өскені соншалық, қаншама жастарды артынан ертті, тыңдаушылар тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Кезінде Франция Президенті Николя Саркозидің «Мен Франция жастарының проблемаларын рэп арқылы дер кезінде біліп отырамын» дегенде жағамызды ұстаған едік. Ал 2009 жылдың соңында РФ Премьер-министрі Владимир Путин хип-хоперлердің бағдарламасына қатысып, «Бүгінгі рэпті - бейресми жастар қозғалысы деп бағалаймын. Ресейдегі рэпті жастар халықаралық деңгейге дейін көтерсе екен. Өйткені Ресей дегенде әлем әлі де арақ, уылдырық және ағаш қуыршақты (матрешка) ғана еске алады...» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Алайда, бізді Францияның да, Ресейдің де рэпі (хип-хопы) мүлде қызықтырмайды. Қызығы, қазақ рэпінің деңгейі һәм болашағы қандай? Бүгінгі таңда отандық рэперлер нені насихаттап жүр? Және аталмыш музыкалық бағыт қазақ жастарына қаншалықты қажет?
Жетпісінші жылдары Нью-Йорк көшелерінде пайда болған рэп (ағылшын тілінен rap - тарсыл, дүрсіл, соққы) тұтас хип-хоп мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, дүниежүзілік деңгейге дейін көтерілді. Кейін рэптің маңдайы жарқырап, дәрежесі өскені соншалық, қаншама жастарды артынан ертті, тыңдаушылар тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Кезінде Франция Президенті Николя Саркозидің «Мен Франция жастарының проблемаларын рэп арқылы дер кезінде біліп отырамын» дегенде жағамызды ұстаған едік. Ал 2009 жылдың соңында РФ Премьер-министрі Владимир Путин хип-хоперлердің бағдарламасына қатысып, «Бүгінгі рэпті - бейресми жастар қозғалысы деп бағалаймын. Ресейдегі рэпті жастар халықаралық деңгейге дейін көтерсе екен. Өйткені Ресей дегенде әлем әлі де арақ, уылдырық және ағаш қуыршақты (матрешка) ғана еске алады...» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Алайда, бізді Францияның да, Ресейдің де рэпі (хип-хопы) мүлде қызықтырмайды. Қызығы, қазақ рэпінің деңгейі һәм болашағы қандай? Бүгінгі таңда отандық рэперлер нені насихаттап жүр? Және аталмыш музыкалық бағыт қазақ жастарына қаншалықты қажет?
Жаңа мыңжылдықта жастармен қауышқан қазақша рэп қайдан шыққанын және оның алғашқы орындаушылары кімдер болғаны жайлы кесіп айту қиын. Сондықтан алғашында қазақ тілді рэп - ғасырлар қойнауынан тамыры үзілмеген текті өнеріміз бен мәдениетіміздің «жауы» болып есептелді. Ал бұқаралық ақпарат құралдары бұндай бағытты бәлсінбей, барынша ысырып тастауға тырысты. Өйткені 2000 жылдар басындағы сандырақ рэпті тыңдау мүмкін емес еді. Уақыт өте қазақ рэпінің көкжиегі кеңейіп, көсегесі көгергендей болды. Яғни, МС-лер (жүргізушілер, орындаушылар), рэперлер, хип-хоп жанашырлары, альбомдар, лейбл, рэп-порталдар, форумдар және батлдар (пікір талас) пайда болды. Атап айтсақ, бұның барлығы таза қазақ тілінде жүзеге асты. Демек, қазақ жастарының қызығушылығы біршама артты. Олар рэптен өздерінің аяқ алысын біліп, жүрек қағысын сезгісі келді.
Анығында, қазақша рэп ескі сарыннан арылды. Булыққан ой батыл айтыла бастады. Салмақты әрі мәнді жолдар, сүйекті ұсыныстар естілді. Сонда да, қазақ тілді хип-хоперлер өскелең ұрпаққа әсер етіп жатты ма? Олар неге үндеді? Мысал үшін, Тарлан рэперін тыңдап көрейік:
«Шығыс, Солтүстік,
Батыс, Оңтүстік -
Қайтеміз бөлініп,
Таста қане компасты!
Бағымызға білесің,
Қанша ауыр жол түсті,
Қанды Желтоқсан сонау
Ұмытпаспыз сол қысты!»
немесе:
«Батысқа білем көз тігілді,
Өзгертіпсің сарыныңды
Өзге елге еліктеп,
Жоғалтпақсың тамырыңды!
Мейлін маған қай жерден
Боласын қазақ картасында,
Егер жолымыз тоғысса
Қазақ тілінің арқасында!
Әлде артқа тартасың ба,
Өзіңді және өзгені?!
Сені қайдам, бауырым,
Бірақ мен алысты көздедім!»
Яғни, отандық хип-хоперлер (рэперлер) осылайша тіл мен ділді дамытуға құлшыныс танытты. Жастардың намысын қайрап, бабалар рухын жоғалтпауға үндеді. Қазақ жастары болып жұдырықтай жұмылуға шақырды. Сөзіміз жалаң болмас үшін мына жолдарға да үңіліп көрейік:
«Қазақ тілім - тірлігімнің тынысы, Абылайдың қылышы... Ел болуға тіл керек, Ал тілімнің болашағы, Жоғарыға жол ашады. Осыны түсініп алмай, Баз біреулер бал ашады» (орындайтын: B.F.D.), «Алаштың азат ұлдары тізені бүкпейді, Тәніміз өлсе де рухымыз өлмейді!» (орынд.: Е.Құдайберген), «...Халық болсақ, біздің елдігіміз қайда, Қазақ болсақ, біздің қазақтығымыз қайда? Ру-руға бөлініп, қырылысып, бақталасып, Бөрінің ұрпағы шибөріше қыңсыласып» (орынд.: Шыңғыс Әлкеев), «Бұл рэпім арналады ата-бабам заманына, Құрметпен бас иеміз, тізе бүгіп алдарыңда! Қайран бабам аңсаған елім менің көркеюде, Қайран бабам жетпеді тәуелсіз осы күнге. Жетпесе ұрпақтары көріп жатыр нәтижесін, Не болсын ұмытпаймыз нағыз қазақ Ережесін» (орынд.: Шоқан), «Алдарыңда хип-хоптың ізгі жауынгері, Алашордам деп соққан жүректері» (орынд.: Limit-Hanat), «Қазақтың жерін таптамайды қазақ жаулары, Сатылмайтын қазына - қазақтың жырлары. Көп сөз айтылар, көп сөз жазылар, Бірақ қазақ жерлері - сатылмайтын қазына» (орынд.:Lil'Sat), «Тарихым тасқа басыдғанда, сыр кітабы ашылғанда, тереңнен таны тарихыңды!» (орынд.: Жақау). Тіпті, 2008 жылы «ASH ҚaZaҚ Pro» тұңғыш лейблы (рэперлердің бірлестігі десек болады) дүниеге келгенде де, «Алаштың ұл мен қыздары! Біздің ұстанымымыз: «Баба тілін сәнді тілге айналдырайық!» » деп жарияға жар салды.
Сонымен қоса, отандық рэпте тыңнан түрен салған Ерболат Құдайбергеннің есімі бүгінде көптің аузында. Ұлттық бояуы қанық әндерімен еркшеленген Ерболат этно-рэп стилін дамытып келеді. Алғашында «Мен - Қазақпын» әнімен танылған әнші кейін Хакім Абайдың қара сөздерін, Махамбет пен Мұқағалидың отты жырларын «жаңғыртып», ұлттық нақышта һәм жастарға тән ырғақты дауыспен орындап жүр. Ерболат бұрынғыдай «Қызылорда жігіттері қыран болса, Оралымның жігіттері тұрақ екен...» деп емес, «Қазағымды дамытайық одан әрі, Тәуелсіз ел тарландары, ұландары» деп көсілгені тыңдаушыларға ерекше ұнады. Оның «Біздің жігіттер» әнінің жаңа нұсқасын тыңдап көріңіз:
«Қазағымның байтақ елі арман мекен,
Қазағымның жомарт елі дархан екен.
Ел басқарған Елбасымыз жайсаң болса,
Оған ерген халқымыз да қайсар екен!
Қазанасы кенге толы жерім барда,
Қазанасы әнге толы елім барда
Білім, ділім, ар, иманым, тілім барда,
Жер қаратар халқымызды жөнің бар ма?!»
Әлбетте, рэпті аспандай биік, теңіздей терең деуден аулақпыз. Ал барлық отандық хип-хоперлер өлең өлшеміне ден қойып, буынға, бунаққа, ұйқасқа (т.т.) ерекше мән беріп жүр деп айтуға ауыз бармайды. Мүмкін, музыкадағы рэп сияқты еркін бағытқа бұндай талаптар қойылмайтын да шығар. Сонымен, шектен шығып жүрген рэперлердің барын да айтуымыз керек. Және «сүйем, күйем» дейтіндер тағы бар. Десек те, ұлтым деп ұрандап, тілім деп тепсінген рэперлер басым сияқты. Қазақ хип-хоперлері американдық рэптің (тілді меңгергендіктен айтып отырмын) үлгісімен емес, бекзат болмысымызға сай домбыра, қобыз үнімен үндестіріп орындап жүргендері де құптарлық екен. Солай бола тұра, отандық телеарналар мен радиолар қазақ хип-хоперлеріне қолдау көрсете алмай жүргендері өкінішті.
Қазақша рэптің ықпалы бола тұра, жастардың қоғамдық мінберіне толыққанды айналды деп айта алмаймыз. Өз тректерінде жастардың іргелі мәселелерін іркілмей көтерген рэперлер некен-саяқ. Отандық хип-хоптың кемшілігі де осында. Сонда да, олардың арман-тілегін, үміті мен үрейін жеткізгісі кеп тұратын орындаушылар бар. Байқауымызша, кейбір рэперлер жастардың әлеуметтік проблемаларына, ауыл ахуалына, жемқорлыққа, суицидке, қыз тәрбиесіне байланысты орамды ойларын жеткізіп те жүр.
Әрине, жаңалыққа жаны құштар қазақ жігіттері - белсенділіктері арқасында бұл бағытқа ұлттық реңк бере алғанын мойындауымыз керек. Жалпы алғанда, әлемде пайда болған әр нәрсенің (жаңалықтың) тиімді жақтарын өзімізге алып, мұрат-мүддемізге, ұлттық табиғатымызға, мінезімізге сай ұштастыра алсақ игі. Алайда, сол тыйым сала бергеннен ұпайымыз түгенделмей жатқан сыңайлы. Олай болса, қазақ баласы Apple, Facebook сияқты дүниелерді қалай ойлап табады?
Орайы келгенде, қазақ тілді һәм қазақ жастарының белсенділігіне шүбә келтіретіндерге айтар базынамыз бар. Орыс тілді басылымдар мен интернет-ресурстардың жалған жанашырлық танытып, «қазақ тілді жастар өркениет ағымына ілесе алмай жүр, саяси сауатсыз-мыс» дегендеріне қалай шамданбауға болады? Олардың жастарымызды жүдетіп жүргендері аздай, жақында «Рух пен тіл» жастар клубының белсендісі Жанболат Мамай қазақ тілді жастарды жерден алып, жерге салды. И.Винявскийге берген сұхбатында Ж.Мамай: «На данный момент нужно признать что русскоязычная молодежь она активнее. Почему? Потому что она читает интернет, газеты, смотрит по интернету телевидение, могут читать на иностранных языках... В этом плане конечно, у них глаза более открыты» деп ағынан жарылды. Жастар жетекшісі осындай қисынсыз дәлелдер келтіріп, мемлекет құрушы ұлт жастарын ұйыстырмақ ниетте ме?! Солай айтып алған соң, Ж.Мамай сасқаннан «Қазақ тілді жастарға қарағанда, орыс тілді жастарды білімді деп тұрғаным жоқ. Қазақ тілді жастарды оятып, көзін ашу керек» деп ақталған несі? Бұны өзіңіз таразылап көріңіз, патша көңілді оқырман!
«Заманың қалай болса бөркің солай» деген тәмсіл бар қазақта. Әлқисса, тіліміз тұғырлы, жастарымыз жігерлі, бостандығымыз мәңгі болсын! Ой тәуелсiздiгi Азат Алашыма тұмар болғай!
Дулат АМАНЖОЛ.