Жексенбі, 6 Қазан 2024
Анық 8408 34 пікір 1 Қараша, 2019 сағат 14:19

Кереку – Коряков емес!

Ресейдің іргесінде жатқан бірнеше қалалардың атауын қазақшалау жайлы көптен бері айтылып келеді. Әсіресе, Павлодар мен Петропавл сынды ірі қалалардың әлі күнге Павел мен Петрдің атымен аталып жүргені өкінішті. 

Қазақстанның байырғы тұрғындары Павлодар қаласын «Кереку» деп атағанды жөн көреді. Алайда соңғы кездері Кереку сөзіне көрші елдің күпісін кигізіп, өз ойларынша бұрмалайтын тарихшылар пайда болды. Олардың ойынша, Кереку сөзі Н. Коряков деген адам атынан шыққан сөз.

Жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтардың және патшалық-кеңестік кезеңнің деректерін басшылыққа алған тарихшылардың пікірінше, XVIII ғасырдың бас кезінде Н. Коряков деген біреу Ресейдің Тара қаласынан қазіргі Павлодар қаласы орналасқан жерге келіп қоныс салған көрінеді. Сол елдімекенге кейін, 1720 жылы орыс әскерлері тұрғызған форпост Коряковтың құрметіне Коряковский аталып кетіпті.

Ол кезде қазақтар Қазақстанның оңтүстік өңірлерін ғана мекендепті, тек 1723-1725 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде қалмақтардың тықсыруымен Сыр бойынан Ертістің Кереку-Баянауыл өңіріне ауып келіп, тұрақтай бастапты. Демек, қазіргі Павлодар облысының аумағы – қазақтардың тарихи мекені емес, ежелгі орыс жері-міс.

Біз бұл мәлеметтерді беріп, ресейшіл тарихшылардың шашбауын көтергелі отырған жоқпыз. Айтпағымыз, журналист Арман Қани Facebook-тегі парақшасында осы "жалған тарихқа" тұшымды тойтарыс берді. Ол кісі тарихшы Жамбыл Артықбаевтың дәлелдерін негізге ала отырып, Коряков деген адамның қазақ жеріне мүлде келмегенін айтады.

Мұндай тұжырым жасауға негіз де жоқ емес. Сонау ертеде Сібір хандығы жерін жаулаған атаман Ермактың (1532-1585) өмірбаянын жатқа білетін әлгі тарихшылар, Ермактан екі ғасыр кейін "өмір сүрген" Коряков жайлы түк білмейді. Оның өмір сүрген жылдары, отбасы, ұрпақтары, әріптестері жөнінде бірде-бір дерек келтіре алмайды. Тіпті кәсібін де нақты айта алмайды, саудагер, жүзбасы (сотник), тұз өндіруші, қала салушы деп түрліше атайды. Осыдан-ақ, Коряковтың қазақ даласына келген-келмегені түкіл, бұндай адам тарихта болған ба деген күмән туады.

Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев келтірген деректер Коряковтің тек аңыз кейіпкері ғана екенін дәлелдеп берді. Ғалым орыс картографы, географы және Сібір тарихшысы әрі жылнамашысы Семен Ремезов 1699-1701 жылдары құрастырған «Сібірдің сызба картасын» («Чертёжная книга Сибири») Омбыдан алдыртып, талдау жасаған. Ол картада қазіргі Павлодар қаласы орналасқан жер «Коряков Яр» деп түсірілген.

Оның үстіне тарихшы Артықбаев Коряковский форпосының Коряков Яр деген жерге салынғанын айғақтайтын деректерді де тапқан. Ал карта түсірілген кезде бұл өңірде орыстар болмаған. Демек, «Коряков Яр» орысша атау емес,  қайта «Кереку жар» деген сөз екенін пайымдауға болады. Махмұд Қашқаридың (1029-1101) «Түркі тілдерінің сөздігіне» «Кереку» сөзінің «үй», «кереге» деген мағына беретін көне түркі сөзі екені жазылған. Ендеше, «Кереку жар» Павлодар өңірінің көне атауы деген сөзі. Қазақта қазірдің өзінде «Кереге тас» деген жер аттары көптеп кездеседі.

Біз айтып отырған картада қандай да бір орыс адамының құрметіне қойылған географиялық атау ұшыраспайды екен. Барлығы да қазақ тіліндегі немесе көне түркі тіліндегі топонимдер екені және олардың орысша бұрмаланып немесе сөзбе-сөз аударылып берілгені байқалады: «Ямыш» (Жәміш), «Урочище 9-ти бугров» (Тоғыз бұйрат), «Качир» (Қашыр), «Шиган» (Шыған), «Баталы» (Боталы), «Урочище восьми рыжих жеребцов» (Сегіз жирен (айғыр), «Ирлытюп» (Үйірлітүп), «Сайгачий яр» (Сайғақ жар), «Верблюжий яр» (Түйе жар), «Белое соленое» (Ақсор), «Долгое соленое» (Ұзын сор), «Белые воды» (Ақсу), «Яр Аллабердыев» (Алдаберді жары), «озеро Енкуль» (Енкөл, Енекөл), «р. Тюлка» (Түлкі), т.б.

Жамбыл Артықбаевтың өңір тарихына байланысты соны тұжырымдарын тарих ғылымдарының докторы Қайырболат Нұрбаев, география ғылымдарының докторы Қуат Сапаров, т.б. ғалымдар ғылыми зерттеулерімен растаған. Отаршылдық саясат салдарынан өңірдегі байырғы атаулардың жаппай өзгертілгенін нақты дәйектермен негіздеген осы ғалымдар екенін еркеше айта кетуіміз керек.

Аталған ғалымдар жергілікті қазақтар ертеден бері Құрманкөл, Құрмантұз атаған көл мен ауылдың атауы да Коряковка делініп өзгертілгенін дәлелдеп берген болатын.

Баста айтқанымыздай, жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтардың ойынша, қазіргі Павлодар облысының аумағы – қазақтардың тарихи мекені емес, ежелгі орыс жері. Олар Ертістің Кереку өңірі қазақтардың әлімсақтан бергі ата-мекені екендігін, қазіргі Павлодар облысының аумағы бір замандарда Түркі қағанаты, Батыс Түркі қағанаты, Қимақ қағанаты, Қыпшақ хандығы, Алтын орда мен Ақ орда мемлекеттері, бертін Қазақ хандығы аумағының құрамына кіргенін мүлде мойындамайды.

Оларға салсаңыз өңір тарихын Коряковский форпосының іргетасы қаланған 1720 жылдан бастайды. Дәл осы кеңесшіл топтар 2020 жылы әскери бекеттің 300 жылдығын, басқаша айтсақ, қазақ жерін Ресей империясының жаулап алғанына 3 ғасыр толуын түрлі мәдени, саяси шаралармен дүркіретіп атап өтуді жоспарлап жүрген көрінеді...

Патшалық Ресейдің және Кеңес одағының күшімен қазақ жеріне орнығып алған кейбіреулер қазақтың өз жерін өзінен қызғанып отыр. Озбыр ойларын дәлелдеу үшін ойдан тарих құрастырып, білгендерін жасауда. "Павлодарды Коряков деген бабамыз салған" деген аңыз соның делелі. Әйтпесе, Коряков – Кереку атауының орысша бұрмаланған нұсқасы екені анық. Ал Кереку – орта ғасырларда қазіргі Павлодар қаласының орнында салынған байырғы қоныстың атауы. Ендеше, егемен елдің атқа мінерлері ешкімге жалтақтамай, Павелдің аты қойылған қалаға тарихи атауын қайтарып берсе, қанеки!

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

34 пікір